ТАҒЫЛЫМЫ МОЛ ТАРЫДАЙ КІТАП PDF Басып шығару E-mail
22.11.2011 14:33

Жазата туралы көп жазылды. Жазған­дар­дың да, жазылған дүиелердің де жасығын бай­­қа­ған емеспіз. Алматыдан ат сабылтып кел­гендердің ішінде халқымыздың мүйізі қа­ра­ғайдай қаламгерлері де болды. Көл­тауысар сын­ды сарқа жазатын сол сырбаз ағалардан тақырыбыңа талғажау боларлық бірдеңе қалса жақсы. Бірақ “ел іші – кеніш” деген рас. Ерінбегенге саф алтынның өзі болмаса да, күміс пен мысы табылып қалады. Барды ұқсата білетін ұсынақты жанға бұл да кәдімгідей байлық.

 

Жазатаның даңқы дүркіреп тұрғанда Бат­тал Жаңабаев деген ағамыз Жамбыл өңірін­дегі облыстық газетте көп жыл қызмет атқар­ды. Былтыр сол Бәкең талабы таудай бір немересіне Еңбек Ері атағын екі мәрте алған Жазылбек Қуанышбаевтың “Қайнар” баспасынан ширек ғасыр бұрын жарық көрген “Ұрпаққа ұлағат” деген кітабын аса ыжда­һаттықпен сыйға тартты. Тарыдай ғана кітапшаның мұқабасына “Өмір - бәсеке. Әмісе бәйгеден келе беруіңе тілектеспін. Бір Алла жар болсын! Атаң Баттал”, деп жа­зып­ты. Ой-санасы озған, сөзі мен ісі түзелген, керек-жарағы жаңарған қазіргі уақытта не көп — сыйлық көп. Қол созым жердегі ба­зарда кез келген адамның қалтасы көтеретін заттар толып тұрғанда, Баттал ағаның тала­бы таудай немересіне жайлауы берекеге, ша­ңы­рағы мерекеге мелдектеп өткен Жазата­ның “қоян жылғы” кітабын сыйлауында не гәп бар? Кітапқұмарларға тән әуестікпен кітаптың соңғы парағына үңілсем, “әдеби өңдеген журналист Қасықбай Асаубаев” деп жазылыпты. Қасықбай ағаны жақсы білемін. Жазатамен жасаған “шығармашылық одағының” жай-жапсарын білу үшін дереу телефон шалдым.

— 1968-1969 жылдары қар қалың жауып, қыс аяғы ұзап кетті. Қоғамдық мал қорадан шыға алмай қалды. Көптеген малшылар төрт түлігінен айырылып, таяғын ұстап қалды. Мен ол кезде облыстық радионың редак­ция­сында қызмет істеймін. Обкомның тапсырмасы бойынша Жазекеңнен сұхбат алатын болдым. “Жамбыл” қонақ­үйіне орналасқан Жазатаның бөлмесінің есігін қақтым. Ар жақтан “кел, кіре бер” де­ген дауыс естілді. Бұрын Жазатаның суретін көргенім болмаса, жүзбе-жүз кездескен емеспін. Орта бойлы, қызыл шырайлы, балуан денелі, тығыншықтай кісі екен.

Менің сол кездегі бір пұттық ре­пор­терімді ыңғайлай бастағанымды көріп:

– Сәл сабыр ет, шырағым. Алдымен дәм тат, – деп жаюлы дастарханға шақырды.

Сол жолы Жазатаның ақыл-кеңеске толы сөздерін радио арқылы қыстан қы­сы­лып отырған халыққа жедел таратып жі­бердім. Кейін тағы да дастарқандас болдым. Жазатаның 80 жылдығы тойланар тұста осы кездесулер кәдеге жарады. “Қайнар” баспа­сының тапсырмасымен “Ұрпаққа ұлағатты” бір деммен жазып шықтым, – деді Қасағаң.

Ақылға жүгініп, арғы-бергіге ой жү­гірт­сек – Жазатаның өміріндегі қуаныш атаулы домбыраның ішегіндей жұптаса күй төгіп отырыпты. Егізден өрген төлдері мен екі дүркін алған Еңбек Ері атағын айтпағанда, қылышынан қан тамған Кеңес өкіметінің тұсын­да Жазатаның отбасы, ошақ қасының ұйытқысы – апаларымыздың өзі екеу бол­ған. Пайғамбар жасына келгенде көрген пер­зенттері Қойшыбай мен Тойшыбай да егіз. Баттал аға, бәлкім, немересіне дүркін-дүркін батыр бол деген ниетін Жазатаның тарыдай кітабындағы өсиеттері арқылы білдірген шығар...



АҚЫЛ АУЫСАДЫ, ЫРЫС ЖҰҒЫСАДЫ


Жақсыдан жол тілеп, батырдан ырым ету жақсы дәстүр. Мойынқұмға келген халқы­мыздың біртуар перзенті Нұрғиса Тілендиев ағаның ырымы да қырын кетпепті.

– Шанағына қасиет ұялаған қара дом­бы­раның құлағында ойнайтын дәулескер күйші, композитор, дирижер, КСРО халық әртісі Нұрғиса Тілендиев Мойынқұмдағы өнер сапары аяқталған соң Алматыдан құдай қосқан қосағы Дариға жеңгейді шақыртып, Жазатаның үйіне кісілік құрметпен, кішілік ізетпен сәлемдесе барады. Қонақтары дастар­қан басына алқа-қотан жайғасқан соң Жазата:

– Жеті атасын білмеген жігіт жетесіз деген. Қай тек, қай рудан боласыңдар? Айта отырыңдар, – деп әңгіме бастайды.

Дариға жеңгеміздің аузынан:

– Жалайыр боламын, ата, – деген сөз шығуы мұң, атамыз Дариғаның маңдайынан сүйіп, Нұрағаңа бұрылады.

– Сен қанша мықты күйші болсаң да, маған күйеу бала болып шықтың. Пайғамбар да күйеу баласын сыйлаған, сәлемнен басқа не шаруаң бар, айта отыр, – деп, қазақы мәселені қабырғадан қойып қалады.

Қолы ашық Жазатаның мұнысы “айран сұрай келіп, шелегіңді жасырма”, дегенді қалжыңға бұрғандағысы болса керек. Нұрағаң саспайды.

– Жазеке, шаруаның үлкені мынау, – деп, Жазатаның иығына шапан жауып, от­ба­сындағы ақ жаулықты аналарымыз бен бала-шағаға деп Алматының базарынан ал­дыр­ған бір шабадан сый-сияпатын ортаға үйе салады.

“Сыйға – сый, сыраға – бал”. Жаны жаз, қолы ашық Жазата Нұрағаңды шыға­рып салып тұрып:

– Қалауыңды айт, күйеу бала, – дейді тағы да. Сонда қарағайға қарсы біткен бұтақ сынды Нұраға:

– Жазеке, жұбайым екеуміз құдайдан бір жаман неме тілеп жүр едік, өзіңнің терің сіңген бір іш киіміңді ырым ғып берсең бол­ды, басқа ешнәрсе қаламаймын, – деп ақта­ры­ла кетеді. Ағаш уықты, киіз туырлықты елдің отымен кіріп, күлімен шыққан, қазақы салт-дәстүрге қанық басшы Айтбай Назар­бе­ков әңгімені созбай Жазатаның дамбалын алдырып, оратып береді. Түндігі мен кінді­гіне құт дарыған шалдан аттай ғып қалап алған ырымын құдай хош көрді ме, Нұрғиса ағамыз бен Дариға жеңгеміз көп ұзамай перзентті болады. Кісіліктің жолын кесіп өтпей­тін ақылман басшы Айтекең бұл қуа­ныш­­ты хабарды естіп, қазақтың күйі шал­қы­­ған қара шаңырағына нәрестелеріңнің бауы берік болсын деп айта барып, Жазата­ның сәле­мін жеткізеді. Халқымыздың бө­ріктілері сәбиді көпсінбеген, келіндері “бала-шаға көбейіп кетті деп” тепсінбеген. Перзент үшін Нұрағаң батыр Баукеңнің де іш киі­міне “құда түскен” екен. Оны кейін оқыдық қой.

Мойынқұм ауданындағы ардагерлер ке­ңе­­сінің төрағасы Жиенқұл Кемелқұлов аға­мыз осылай деп әңгімесін ары қарай жал­ғас­тырған.

– Жазатаның құтты қойнынан ырым ете­тін­дер жанында да жүріпті. 1970 жылдың сәуір айы. Қар еріп, жер аяғы кеңіген. Бір малым екеу болсын деген Қарабөгет, Байтал, Мойын­құм, Шу және Құмөзектің шопандары көктемгі төлдің қамымен Болат тауына қоныс тепкен. Мен аудандық оқу бөлімінің аға инспекторы едім. Ол кезде 9-сынып оқушы­лары көктемгі өн­дірістік тәжірибесін шопандар ауылында өткізетін.

Қыстан қысылып шыққан шопандар көктеуіне жайғасып, көңілдері әбден жай­лан­ды-ау деген кезде ауданның бірінші хатшысы А.Назарбеков, аудандық атқару кеңесінің төрағасы Ә.Досымбаев және “малшылар маршалы” атанған Жазата бар – Арқадағы Болат тауының баурайында той өткізді. Жазата ортаға шығып, малшы бауырларына төл алу науқаны кезінде түнде ұйқыны, күндіз күлкіні қойып, бел шешпей еңбек етуге шақырды.

Жиын аяқталып, той дүрмегі басылған соң Жаза­та мен аудан басшылары Мойынқұм кең­шары­ның аға шопаны, КСРО Жоғарғы Кеңесі­нің депутаты болған Мешітбай Қойшыбековтың үйіне түсті. Ертесіне қонақтар қайтуға жиналды. Дәл осы сәтте Жазата басынан тастамайтын тақиясын таппай, шәт-шәлекей болды да қалды. Жазатаның шашбауын көтерушілер де әлек-шәлек. Басшылар болса иіріліп, Жазатаны күтіп тұр. Сөйтсек, Мешітбайдың үйіндегі Тоқтар жеңгеміз көтерген құрсағы шетіней берген соң Жазатаның тақиясын ырым ғып, тығып қойыпты. Абырой болғанда, жеңгеміз көп кешікпей құрсақ көтеріп, дүниеге Сәкен атты қошқардай ұл әкелді. Қазір сол бауырымыз үш мүшелді артқа тастап, Мешітбай ағамыздың түтінін түзу ұшырып отыр. Үлкен шаңырақтың иесі. Жеңгеміз Тоқтар әже атанып, немерелерінің қызығына кенеліп отыр.


ҚОЙМЕН БІРГЕ ОЙ БАҚҚАН ШЕЖІРЕ ШАЛ


Әр дәуірдің өз үні, өз түсінігі бар. Кеңес өкіметінің тұсындағы “бесжылдықтар” саясаты­ның жарапазаншылары Жазатаны қойдан басқа ойы жоқ, күйкі тірліктің күйкентайы ретінде көрсеткісі келгені де жасырын емес. Бәлен бас қозы, түген дана елтірі деп келетін ақпарлар Жазекеңнің алып тұлғасын, ақылман бет-бейнесін құжынаған цифрлардың астына салып, қасаң сөзбен көміп тастайтын. “Жазекең айтыпты” деп, қора-қопсының төңірегінен ұзамайтын әңгімелер тудыратын. Жазата бірде былай деп күліпті.

– Ел іші мен шығарған деп мынандай әңгіме құрап алыпты. Олардың шатпағынша “ол да барды тойға, мен де бардым тойға, оның ойы тойда, менің ойым қойда” дейді екем. Мен бұлай деп ешуақта айтқан емеспін...

Мұны неге айтып отырмыз? Жазата әлемде болып жатқан жақсыға сүйініп, жаманға күйіне білетін, адамзаттық әуенді әуезе ғып жүретін жаны ізгі адамдардың бірі болған. Бірде ол отбасына жиналып қалған қаламгерлерге:

– Әй, қарақтарым, сендер менен жас­сыңдар, әрқайсыңның таңдаған мамандықтарың бар. Енді ешқайсың шопан болмайсыңдар. Ол – ақиқат. Сондықтан мен сендерге малдың жай-күйін, қора-қопсының жағдайын, тоқты-торымның жақсы-жаманын ежіктеп, бастарың­ды қатырмайын. Одан да мына әңгімені айтайын, – деп, қызыл шырайлы жүзін төмен салып біраз ойланып отырады да:

– Осыдан бірер жыл бұрын Алматыда алқалы жиын болды. Оған “секенің” (ЦК – К.С.) хатшылары, міністірлер, облыс, аудан басшылары қатысты. Маңдайлары жарқырап академик-жазушылар да келді. Мен құдай бұйыртып, Мұхтар Әуезовпен қатар отырып қалыппын. Баяндама біткен соң сөз облыс басшыларына тиді. Біздің өңірден Асанбай Асқаров мінбеге шығып, сөздің тиегін ағытқан кезде Мұхаң қозғалақтап:

– Бәлі, мынау қай бала? Өзі болайын деп тұрған азамат қой, – деп қалды.

– Біздің облисполкомның бастығы ғой, – деп мен марқайып қалдым. Мұхаң:

– Жұлқынып тұр екен. Біздің жаққа не күйеу, не жиен болып келетін шығар-ау, – деп күлді.

Сол кемеңгер жазушы біліп айтты ма, жоқ әзілдеп айтты ма, кейін сұрастырсам Асанбай Семей жаққа күйеу бала болып келеді екен. Менің жасаған түйінім – дарынды дарын ғана таниды екен. Жабылардың өмірі күңкіл мен күн­шілдікпен зая өтсе, тұлпардан тұлпар жары­сып қана озады екен. Мен қой бағып жүргем жоқ, қазақтың болашағы үшін туған жайсаңдар туралы ой да бағып жүремін, қарақтарым, – депті.

Асанбай Асқаров, шынында, кейін атқару ко­митетінің төрағасынан облыс басшысы дәре­же­сіне көтеріліп, Жамбыл, Алматы және Оң­түстік Қазақстан облыстарын басқарды. Әсіресе, Оңтүстік Қазақстан облысында қалған іздері нағыз жасампаздықтың, жаңашылдықтың үлгісі болды. Оны керек болса Кеңес өкіметінің сыңаржақ саясаты да жоққа шығара алмады.

Жазатаның ойы үнемі халқы үшін туған батыр мен бағыландарда болғанын мына жәйттен де аңғаруға болады.

Ресей отаршылдары қазақ жерінің ту-талақайын шығарып бөліп алып жатқан тұс болса керек. Ағыбай батыр жер дауымен Батыс Сібір генерал-губернаторы болған Гасфортқа барып, елі мен жерінің тағдыры үшін неден болса да аянбайтынын білдіреді. Батырдың екпінінен жер дауы шешіліп, ушыққан мәселе дұрысталады. Батырдың көңіл-күйі орнына түскен шақта генерал-губернатор суретшісін ша­қыр­тып, Ағыбай батырдың қайталанбас кел­бетін сыздыртып алады. Кейін батыр бейнесі тү­зем­діктердің көсемі ретінде Эрмитажға жөнел­тіледі.

Жазата құдай берген бақ пен дәулеттің арқа­сында Ленинградқа барған сапарында сол суретті көріп, батыр бейнесінің қасынан айнал­соқ­тап шықпай қояды. Арыдағы Ағыбай тұр­мақ, берідегі Ахмет Байтұрсыновтың суретін көруге зар болған заманда алдынан шыққан мына сурет Жазатаға керемет олжа болып көрі­неді. Халқына Еңбек Ері деген дап-дардай атағы­ның абырой-беделін осындайда көрсет­пегенде, қай уақытта көрсетеді? Жазатаның қол­қа­лауымен Ағыбай батырдың суретінің көшір­месі жасалады. Елге жеткен “тойдан тобықтай­дың” ең үлкен олжасы да осы құнды мұра болады.

Бұны – Жазатаның арқасында Эрмитаждан елге оралған алғашқы жәдігер десек те болады. Қазақ елінің сол кездегі басшысы Дінмұхамед Қонаев қазақ батырының шын кескін-келбеті табылғанына қуанып, сүйіншіге Жазатаға автокөлік бергізеді.

“Әруақ риза болмай, тірі байымайды”. Осы жыл Жазата үшін құтты жыл болады. Жамбыл жәкеміз жырға қосқан Ленинградта өткен бүкіл­одақтық жастар слетінен Алтын медальмен ма­ра­патталып келсе, аудан орталығына бюсті ор­на­тылыпты. Аты-жөні еліміздің Құрмет кітабына жазылған.


ЖАЗҒАН СӨЗІҢ, АТҚАН ОҒЫҢ МҮЛТ КЕТПЕСІН


Жазата туралы толғанғанда абыз ақсақалдың өзі жер жаннатына балап кеткен Мойынқұмды мақтай отырғанның айыбы жоқ. Адамдары – мінезге, жері – аңға бай өңір бұл қошеметке әбден лайық. Сексеуіл-жыңғылы бүр жарған Мойынқұм, әсіресе, көктемде құлпырып кетеді.

Сөз өнерінің хас шебері, классик-жазушы Ғабит Мүсірепов Мойынқұмға анда-санда ке­ліп-кетіп тұрған. Мойынқұм – ежелден ұшқан құс, жүгірген аңға бай. Ғабең мылтығын сайлап алып аң-құс аулайды, одан жалықса қаламын ұштап, жазуын жазады. Жазу – ол кісі үшін шын зергердің қолынан шыққан бұйымдай мінсіз келуі керек. Атқан оғы да, жазған ойы да нысанасынан лағып кетпейді. Екі өнердің екеуіне де шебер. Дос пен дұшпанға сыр алғызбайтын сырбаз қаламгердің осы қасиетін байқап жүрген Жазата:

– Бұл інім қаламын үшкірлеп алып, қағаз жазудан қолы босамайтын Алматының жалаң­аяқ жазғышы ма десем, құралайды көзге атқан үлкен мерген екен. Жазған сөзің де, атқан оғың да мүлт кетпесін, інім! – деп, ақ батасын беріпті.

 

БІРІ – ТАУ, БІРІ – ТЕҢІЗ


– Бірде Жазатаны Шымкент облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Асанбай Асқаров оңтүстікке шақырды. Көп ұзамай сонда аттандық. Жазата Асекеңе Шым­кенттегі қызметіне табыс тіледі. Асекеңнің ойы қазақтың біртуар ұл-қыздарының басын қосып, өзі ұйымдастырған дендропаркке шынар отыр­ғызу екен. Шынар егіліп, мерекелік дастархан рәсімі біткен соң Жазата Арыстан бабқа, одан ары Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесе­н­е­сі­не барып, мұсылманшылық жолмен құран оқытпақ болды. Құдай сәтін салса Шиеліге барып, атақты замандасы Ыбырай Жақаевқа сәлем беріп, ол кісінің дүниеден қайтқан зайыбына бата жасамақ.

Жазата Арыстан баб пен Қожа Ахмет Ясауи мазарына тәу етті. Әулиенің шығыс үлгісінде салынған моншасының әрбір тасы мен қышын ұстап көрді. Мазардағы қолтаңба қалдыратын кітапқа “Қуа...” деген үш әріптен ғана тұратын қолтаңбасын қалдырды. Бәрі біткен соң мені шақырып алып:

– Балам, мен өмірден әліпті таяқ деп біл­мей өтіп барамын. Алла маған қос жар берді, қос жұлдыз берді, қос перзент берді. Ал мен бол­сам намаз оқу түгілі, ораза тұтқан емеспін. Мына мазарды арала­тып жүрген қызға құдай жолында берген зекет ретінде елу сом ақша ұстатсам, қалай қарайсың? – дегенде, өзімді қоярға жер таппай, жанынан қалай жылыстап кеткенімді білмей қалдым. Кейін естідім, қыз балаға елу сомдықты алмасына қоймай беріп тұрып:

– Балам, өркенің өссін, бағың ашылсын! Мынаған ата-анаңа қант-шай сатып әпер, Жаза­таңнан дұғай сәлем айт! – депті жарықтық.

Кеңес өкіметінің сыңаржақ саясаты бір жағынан жарылқап жатса, екінші жағынан жегідей жеп жатқанын Жазата білген сияқты.

Сапар одан ары жалғасып, Қызылорда облы­сының Шиелі ауданына келдік. Ыбырай Жақаевтың ауласы лық толы адам. Барлығының ойы – қос батырдың қуанышының куәсі болу. Бір байқағаным – мұнда Еңбек Ерлері көп екен. Бір ғана “Қызыл Ту” колхозының өзінен 15 Еңбек Ері шығыпты. Кешкі ас үстінде Ыбырай Жақаев пен Жазата сөйлеп отырды. Жазатаның үлкен парасат иесі ғана емес, соны­мен бірге бітім-болмысымен, отырыс-тұры­сы­мен, тіпті ас ішіп, аяқ босатуымен де шиелілік­тердің ілтипатына бөленді.

Ас-су демекші, Ыбырай қарияның үйінде 15 Еңбек Ері жағалай асқа отырды. Дастарқан мәзірі мол. Көбісі майлы тағамдар. Шай үстінде жеңіл болсын деп тұшпара әкелді. Мен тамағына астың дәмін келтіретін қоспаларды салуға ыңғайлана беріп едім, Жазата:

– Әй, сары май тұрғанда басқа тамақ тамақ па? – деп, шағын ыдысқа салынған тұшы­тыл­ған сарымайды үлкен қасықпен көсіп алып, тұш­параның үстіне салды. Табақтағы сары май­дың бір жағы опырылып, ортадан төмен түсіп қалды. Тұшпара майға жүзіп шыға келді. Сосын Жазата аспай-саспай тұшпараны теріп жеп алды да, сары майы кілкіген сорпаны табақтың ернеуінен бір-ақ сімірді. Жазата ауырып қала ма деп ауданнан ере шыққан дәрігер Тұрар Айдынбековтің мазасы кете бастады. Жазата болса жан қалтасынан көлдей орамалын шығарып, аузын сүртті де:

– Пау, шіркіннің дәмдісін-ай, – деп қойды.

Ыбырай атамыз Жазатаға бұрылып:

– Осы сенің екі қатының бар, менде біреу еді, о да қалмады. Енді бір қатының­ды маған бермейсің ба? – деп әзіл тастап еді Жазата:

– Сенен аяғанды ит жесін. Алсаң ал, бірақ қалың малын төлемеген қатын қатын болып тұра ма, ертең-ақ қайтып келеді ғой, – деп қарымта әзілмен жұртты ду күлдірді.

Дастарқанға бата берілген соң Жазата Ыбырай ағасының иығына шапан жауып, ақ батасын алып, елге оралды.

Жиенқұлдың осы естелігіндегі Жазыл­бек пен Ыбырайдың жарастығын Ахметәлі Жанғозиев ағамыз да айтып кетіпті.

Жетпісінші жылдардың басында Алма­тыда ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің республикалық кеңесі болады. Кеңесте Жазылбек Қуанышбаев пен Ыбырай Жақаев бір-бірімен сағынышпен кездеседі. Суретшілер осы сәтті тосыннан түсіріп алып, ақындар олардың таудай асқақтап, теңіздей шалқып тұрған кезін:

Міне, осылай бас қосты екі батыр,

Боп қалды қосылғандай екі ғасыр.

Бірі – тау, бірі – теңіз секілденіп,

Екеуі жұбын жазбай келе жатыр, – деп, өлеңмен өрнектеп қойыпты.


ЖАЗАТА АУЫЛЫ ДЕСЕК


жарасып-ақ кетпей ме?!

Жазата өмір сүрген Мойынқұм ауда­нын­да бүгінде Оңдасын Жиенқұлов әкім болып отыр. Осы мақаланы жазарда Оңдасынмен бірнеше рет сөйлестік.

– Құдай сәтін салса, биыл Жазатаның 110 жылдық мерейтойын малшылардың ме­ре­ке­сіне айналдырып, аудан халқына үлкен той-думан жасап беруге дайындалып жа­тыр­мыз, – деп қалды ол бір әңгімесінде. Жаза­таның әруағы алдында Оңдасын да қарыздар...

– Жазата сүйікті сусыны — шұбат бол­ған­­дық­тан, түйе ұстайды екен. Түйеге қора шақ келе ме, жарамсыз болып қалған қо­ра­ны жөн­деуді аудан басшысы сол кездегі жылжымалы механикаландырылған құры­лыс мекемесінің бас инженері маған тап­сыр­ды. Жазатаның көңілінен шыққым келіп:

– Ата, түйенің қорасы қандай болады? – деп едім:

– Түйенің өзі қандай болса, қорасы да сондай болады, – деп қария бұрылып жүре берді. Бүгін ойлап қарасам, Жаза­таның сол бір ауыз сөзінің өзі сабақ екен ғой, – дейді аудан әкімі Оңдасын.

Жазата 1896 жылы 29 наурызда Мой­ын­­құм ауданындағы қазіргі Жамбыл ауы­лының аумағында дүниеге келген. Әкесі орта шаруа болған. Бірақ азамат соғысы кезінде кедейшілікке ұшырап, Жа­зе­кең амал жоқ жалшылыққа жалданады. Ұжымдық шаруашылықтар ұйымдастырыла бастаған жылдары Кеңес колхозына (кейін Айдарлы кеңшары болып өзгерді) мүше­лік­ке өтіп, шопан болып, ақ таяқты қо­лына ала­ды. Міне, осыдан бастап Жазекеңнің жаңа өмірі басталып, 1936 жылы Алматыда өткен ауыл шаруашылығы көрмесіне қа­тысады. 1941 жылы Шымкент облысынан әкелінген 20 бас қаракөл қойын жергілікті саулықтармен будандастырып, жаңа тұқым өсіреді. Әр 100 сау­лықтан 130-дан төл алып, мемлекетке елтірі­нің 85 пайызын 1-сортпен өткізгені үшін 1948 жылы Еңбек Ері атағын алды. Жазата өндірген қаракөл елтірілері Дели, Бухарест, Познань, Нью-Йорк қала­ларында өткен халық­аралық жәрмеңке­лер­де өте жоғары бағаланды.

1958 жылы Жазата омырауына екінші Алтын Жұлдыз тақты. “Қазақ КСР-нің мал ша­руашылығына еңбегі сіңген шебері” ата­ғын алды. Көп жыл Қазақ КСР Жоғарғы Кеңе­сі­нің депутаты болып сайланды. Колхозшы­лар­дың бүкілодақтық ІІІ съезіне және Қазақ КСР-і мен Қазақстан Ком­пар­тиясының 40 жылдығына арналған салтанатты мәжілісіне қатысты.

Жазата 1963 жылы еңбек демалысына шықты. Бірақ шаруа баққан адам 1966 жылы атакәсібіне қайта оралып, әр 100 саулықтан 141-ден қозы алып, әр қойдан 4,8 кг. жүн қырықты. Қаракөлдің бірінші сорттылығын 85 пайызға жеткізіп, мал басын аман сақтады. 1966 жылы облыста жазылбекшілер мектебі құрылды. Соңына ерген шәкірттері Шоман Шәріпбаев, Ділдәш Итбасова, Зарлық Қоғамбаев, Нұр­жамал Туғанбаева, Әлтай Төлеп­бергенов, Дүрдімұрат Нұрғалиев, Құдай­берген Біртаев, Гүлзада Төлеубаева, Бөгенбай Би­дасбеков, Мешітбай Қойшыбеков, Әбітай Бектеміров, Күләш Елубаева, Рымқұл Әбжанов, Манаткүл Мұсатаева, Дүйсенбай Айранбаев, Орынбасар Бопышев, Дәулет Шыныбаев, Айтжан Көпбергенов табыс биігіне көтерілді.

1967 жылы Жазатаның шаңырағын шат­тыққа бөлеп Қойшыбай мен Тойшыбай дүние­ге келді. Жазата осы жылы өзін атақ-даңққа бөлеген атакәсібімен біржола қош­тасып, ақ таяғын шәкірті Бөгенбай Бидасбаевқа тапсырды.

1986 жылы Жазата 90 жасқа толды. Қазақстан осы айтулы күнді ерекше атап өтті. Бәйге, көкпар, қазақша күрес тойдың көрігін қыздырды. Той үстінде Жазатаның “Халықтар достығы” орденімен марапат­тал­ғаны жария­ланды. Бірақ орденді тап­сы­ру рәсімі кешеуілдей берді. Сөйтіп, көп күттірген орден 24 тамызда мұғалімдер мәслихаты үстінде табыс етілді. Осы марапаттан кейін бір жұма өткенде, яғни 1 қыркүйек күні екі дүркін Еңбек Ері болған Жазата дүниеден өтті.

Бабамыз Мұхаммед Хайдар Дулати “Тарих-и Рашиди” атты еңбегінде қазақ хандығының туы алғаш рет Қозыбасы биігінде көтерілген депті. Сол Қозыбасы Мойынқұмға барсаң қозыкөш жерден көрініп тұрады. Мойынқұмның одан кейін тұмары да, жыр-әні де – Тұлпарсаз. Тұл­пар­дың тұяғы сүрінбейтін осы сазда Керей мен Жәнібек қазақ хандығын ұлықтаған деп тұжырады абыз тарих. Осы қазақ хан­дығының туы тігіліп, алаштың ардақты­лары­на айналған Жамбыл Жабаев, Жа­зылбек Қуанышбаев, Қайрат Рысқұлбеков дүниеге келген өңірдегі атакәсіптің абыройын асқақтатып, табысын арттырған, сөйтіп елі-жұртының шексіз құрметіне бө­ленген Жазатаның ерен еңбегін насихат­тауды сұйылтпау керек сияқты. Неге?

Жетпісінші жылдан бастап дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан қазақша күрес­тің бәсекесі тоқтап қалды. Осы ұлттық спорт түрін республикалық біріншілік дәре­жесінде қайта жандандыру керек. Кезінде бұл дәстүрлі жарысты ұйымдастыруға атақ­ты спортшы, белгілі бапкер М.Жа­қитов, Т.Әпсаматов, Р.Шаңлақбаев көп еңбек сіңірген. Алғашқы турнирде аудан түлегі Әшімхан Сатыбалдиев жеңімпаз атанған. Жазата атындағы осы республикалық турнирді неге жандандырмасқа?!

Одан кейін... Мойынқұм – тарихи атау. Оған дау жоқ. Бірақ Мойынқұм ауданы, Мойынқұм ауылы деген қайталаулар бар. Сондықтан Мойынқұм ауданы деген атты қалдырып, ал оның Мойынқұм ауылы деп екінші рет қайталанатын атын Жазылбек ауылы десе, Жазатаның қос жұлдызындай жарқырап, жарасып кетер еді. Бұл мәселе Мойынқұм аудандық мәслихатта екі рет қаралып, облыстық мәслихатында бекітіліпті. Бірақ жоғарғы жақтағы тиісті комиссиялардан “Мойынқұм тарихи атау, сондықтан оны өзгертуге болмайды” деген жауап келген. Жазатаның 110 жылдық мерейтойына орай осы мәселе тағы бір рет ой елегінен өткізіліп, оң шешімін тапса, облыс, аудан тұрғындары үшін үлкен рухани сыйлық болар еді.

 

Авторы: Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ.

"Егемен Қазақстан"

Жаңартылды 09.08.2012 12:54
 
, Powered by Joomla! and designed by SiteGround web hosting