Шайқастар - Көнеден көркем кестеленген PDF Басып шығару E-mail
30.09.2011 06:31
Материал индексі
Шайқастар
Көнеден көркем кестеленген
Хан Кененiң қамалдары
Барлық беттер

 

КӨНЕДЕН КӨРКЕМ КЕСТЕЛЕНГЕН


Келісті көркем кесте! Және қандай, сиқырлы сөз кестесі ғой. Ежелден, сонау көне кезеңнен бермен төгілген төкпе күй тәрізді сезім қылын тербеп жібереді. Үздіксіз тебірентіп келеді. Бойды балқытады, әуезді әуенді шалқытады. Қанды лекітеді, жанды серпілтеді. Ата-баба арманы болған Тәуелсіз­дік­тің бал үніндей, келешектің бақ-бағамды алтын күніндей көкірек ашады, желпінтеді, сергітеді. Бұғаудан босану мың арман! Сол мезет шығыпты, міне, алдан. Тілекке-тілек, білекке-білек қосылған. Дұшпанның өзі жүзі сынып, тосылған. Ненің күші, бәтір-ау! Тілге тәтті оралары тағы да тегеурінді Тәуелсіздік! Тәуелсіздіктің маңдайы ашық, ажарлы орда­сы Астана да жүректе жүйелі жаңғырығып жатады. Сәт сайын, күнделетіп, айлап-жыл­дап. Әлбетте, мәңгілік жырдың түгесілмес қайнары ғой, ол шалқыма! Иә, солай! Астананың бүгінгі мерейі мен мәртебесі бұған дейін де сан ғасыр бойы тарихтың терең шыңырауынан шырқалып жеткен әнұран іспеттес. Бүгінгі Әнұран төбеден түскен жоқ, көненің көмбесінен күмбірлеп жеткен кенен де керім үн.

Иә, қазіргі Астананың тым-тым көнеден тартылған, көркем­сөз­де келісті кескінделген кел­бетін бірауық көңіл айнасынан көлбең­дете өткізудің өзі бір ға­ни­бет. Ал Астана туралы тол­ғақты әуеннен әу бастан-ақ оның ор­на­ласқан Ақмола аймағы, Қара­өткел иін-қабағы, әрине, ерке толқынды Есілдің мөлдір суы мен жасыл бұрымды жаға-жайы мың құбылған сурет-келбетімен сөз сиқырынан сыр ашып, бал таттыра исіндіріп, емірентетіні сөзсіз-ау! Ендеше, бүгінгі Аста­наны бүткіл атырап-аймағымен қосып, көнелі көркемсөзде қалай кесте­ленгені хақында толғанып көрелікші бір!

... Бабалардың, даналардың бебеулеген үндері құлаққа сайын даланың күміс қоңырауын күм­бірлеткен жел ызыңымен же­тетіндей.

“...Бетегелі Сарыарқаның бойында, соғысып өлген өкін­бес!” – деп сонау ХҮІ ғасырда талай әскери жорыққа қатысып, асқан жауынгерлігімен де даралана білген Доспам­бет жырау жасы отызға да толмаған қыршын кезінде-ақ түбі, Сарыарқада Кенесарыдай кертөбел атты ханның елдің еркіндігі жолын­да ормандай отарлаушылар­дың жалаңтөс­терімен жан алысып-жан берісетінін сәуегей­лікпен сезіп, бір ауыз сөзбен тұжырымдап кеткендей екен. Көркемсөздің қуаты-ай! Неткен наркес­кендей тасшабар едің. Жүзің алмас, ел қамын жеген, жерде қалмас. Сары­арқада соғысып өлген Кене­сары­ны өмірін қиғанына өкінді деуге ешкімнің тілі бармас, жүрегі дауаламас. Сол бетегелі жиделібайсын жердің бір пұшпаған­да, өзі қарыс сүйемін қанымен қорғап қалған Қараөткелдің бунақ мойынының Есіл өзенімен дариядай далиып кететін мойнақтау тұсында Кенесары ба­тыр­дың жауына арыстандай атылғалы тұр­ғандай кескін-сипатты бейнесі ескерткішпен сом­далған. Паһ шіркін, қалай айбарлы, айбын­ды, жүрек жұтқан кейіпте кемел сомдалған дерсің! Кенесары әлі күнге сол азаттық жорығының жортуылынан тізгінін тартып, айылын жимаған секілді. “Сақтық керек, сабырлым!” – дейтіндей ме, қазақтың әр азаматына. Түксиген қабағынан, ызғарлы жанарынан сондай бір ел ертеңіне елегзу­шілік аңғарылады. Хан Кенеге әрдайым ойлы көзбен қарай жүрелікші, жамағат!

Кенесарының ойы тас-түйін. “Жоқ, жоқ, қайткен күнде де Ақмола бекінісін алу абзал. Бірақ бес жүзге таяу жасағы, зеңбірек, кара­бин, іштесер қаруы бар, биіктігі бес сажын қорғанды, жан-жағын қоршай қазған терең орлы бекіністі Қоңырқұлжа мен Қарапұшық Иван оп-оңай бере сала ма? Айлаң жетсе, бермеймін дегеніне қоясың ба, аласың!..” (І. Есенберлин, “Көшпенділер”, үшін­ші кітап, 136-б., Алматы, “Жазушы”, 1976).

Жас буын, өсер ұрпақ, ел сенімін арқала­ған елгезек буын, есіңде жүрсін мына бір азаттық үшін болған қанды қырғынның елесі. Алдымен Кенесары атаңның атты ескерткі­шіне келіп тағзым ет те, жадыңа жатта мына көркемсөздің нұсқасын. Сонда ғана қадірін түсінерсің Тәуелсіздік сөзінің. Сонда ғана өзің бақытты ғұмыр кешіп жатқан Астанаң­ның айдыны мен айбарына тәнті бола түсерсің. “Кенесары Ақмола бекі­нісіне шабуылды осы тамыздың жетісі күні таңсәріден бастады. Ең алдымен бекініс оңтүстіктен солтүстікке дейін иілген тағадай үш шақырымдай жерден қоршалды. Бекі­ніс­тің күншығыс жағы бос – жарты шақырым­дай жерде Есіл өзені. Содан кейін барып қол­дың сегіз тұсында сегіз батыр тұрып алған. Оң жағында Кенесарының өзі, одан кейін Ағыбай, Ағыбаймен үзеңгілес Бұқар­бай. Қолдың шаңқай ортасында Басықара. Басықарамен қатарлас Төлебай. Төлебаймен үзеңгілес Құдайменді. Құдаймендіден солырақ Жанайдар. Сол қанатта Наурызбай. Таң құланиектеніп келе жатқанда бес мың атты әскер “Абылайлап” бекініске лап берді.” (Сонда, 155-бет.). Бұл қырғын Кенесарының жеңісімен, Ақмола бекінісінің алынуымен тек таң ата ғана толастапты.

Ерке Есілдің бүгінгі тұрпаты елге аян. Ал сол аласапыран тұста, күзге салым қандай болды екен? “Есіл өзенінің жағасында ой­дым-ойдым болып бітетін тал, шетен, сарыағаш, қайың, аршалардың жазғытұрым­ғы жасыл жапырақтары сарғылттанып, ал кейбіреулері үнемі соққан желдің екпініне шыдай алмай сидия қалған... Оның үстіне Есіл өзені жазғытұрым тасығанда кішігірім көл болып қалатын қамысты қарасулардың беті мен жағасы құсқа толы. Бұл арада кішкентай көкторғай, бөдене, көксерке, жағалтай кекілік, балатұмсық, шілден бастап, үлкендігі анау-мынау қозы-лақтан кем емес, қарақаз, бірқазан, дуадақ, қарабай, қырғауыл мол болатын” (Сонда, 163-бет.).

Ал түйсікке салып саралап көріңізші. Нет­­­кен сұлу көрініс. Табиғи тазалықтың таңға­ларлық таңбасы емес пе? Бүгін ше?.. Бүге-шігесін бағамдап отырсыз ғой... Тіпті бұл Есілдің жағасы мен әріректегі айдынын, одан арғы жылға-жылға бойынан қазақ да­ласының өзге жерінде сирек кездесетін жай­ра, тағанақ, сақалта, алақұмай, көк қарға, қо­дас қоңылтырды да іздеген адам табатын бо­лыпты. Жанамалап жатқан айна көлдерін­де қаз-үйрек, аққу, қарақу еркіндік пен ер­ке­ліктің әуеніне толассыз басып, әудем жер­ден сұлулық әнін әуелетіп жатады екен... Сол құс базарының тарқағаны ма қазір, қалқам-ау!

Таңданысымызды тарқата түссек, бұл араның қалың жотасынан әне кетті ағараң­дап ақкіс, қылт ете қалды-ау қарағанның қара түлкісі, қынаға боялғандай қырдың қызыл түлкісін қарашы, қылымси қалып, құлағын қулана түрген. Көл, өзеннің ну талынан тұмсықтары әрегідік ауа қарпып қалатын сусар, құндыз, бұлғынды елестетіп көріңізші... Алдыңыздан абайсызда жем іздеп тіміскіленіп келе жатқан сілеусін мен шие­бөрі шыға келсе, жүрегіңіз ұстап қалмасыншы...

Қайран да қайран қайырылмайтын сол ақ шүберектей үлбіреген қоспасыз таза табиғатым-ай! Келмеске кеттің бе? Ораласың ба, әлде бір замандарда... Адамдардың ақы­лы кіргенде, ұрпақ саналы болғанда табиғат біткен гүл-сезім өсімдігімен, жыртып айы­рылатын аң-құсымен қайта бір таңырқатар ма екен десейші, сол! Әзірге көңілге демеуі – осы өзіміз куә жүдеулеу, жадаңдау, жұтаңдау жайттар ғой...

Осы бір иін түсетін тұста Сегіз серінің отар­шылардың жазалау отрядынан қашып жүріп Есіл өзенінің тоғайына тоқтайтыны, мұнда да сүзе торауылдап, зықысын шығар­ған соң мұң-зарын “Көк Есіл” қоштасу термесімен былайша төгіп-төгіп жіберіп тайып тұратыны еске оралады (Н. Әбуталиев, “Сегіз сері”, Алматы, “Жалын”, 1991, 84-85-бет­тер): “Көк иірім Есілім, Жағаңда аяқ көсіл­дім. Шомылмақ болып суыңа, Балқа­шыңда шешіндім”. Балқашыңда деп, өзеннің жасыл жағасын меңзеп тұрғаны хақ. Неткен көрікті көкорай десеңізші. Одан әрі егіліп, езіліп кеткен Сегіз сері: “Көкшалғынды аралым, Көркем болып Есіл жаралдың. Жазығыңда ойнаған, Елік, киік, маралың”, – деп буырқанған сезімін сұлу жаратылыс иелерімен-ақ сабасына түсіргендей болады екен. Осыны оқып отырып-ақ ордалы ойға ке­не­лесің, өткеннің өрік гүліндей үлбіреген, тұнба да тұма тылсымына терең бата түсе­сің... Дәл осы тұста Шал ақынның: “Есілді өрлей қалың тал шығатын”, – деген суретті сөзі сананы еріксіз билеп, Күдеріқожа Көшек­ұлының (1820-1858): “Есіл, Нұра – екі су, Еңкейіп онан бетің жу. Біріңде шекер, бірің бал, Қайсыбірін айтайын, Бетеге көде жарылса, Шулап тұрған бәрің бал... Қайран Есіл, Нұрамыз, Қайда барып сиямыз... Есіл, Нұра сазымыз, Қаңқылдайды қазымыз...”, – деген сиқырлы қызықтыруымен-ақ қимастай қиял­ға батыратын балдай тәтті һәм маржан мәйекті өрнектері баурайтыны бар бойы­мызды.

Әлгі термеде “Көк Есіл” делініпті. Сонда біздің бүгінде тәнтілікпен таңдай қағып тақылдайтын “ерке Есіл, сылқым да сұлу Есіл...” – деп шұбыртпалатып әкететін түйсігі­мізге “Көк Есіл” жатырқанбай кіріге қояр ма екен? Соның жөні қалай? Қожа­берген жырау: “Көшпеуге Көк Есілден белді буған, Аббас керей жұрты да қырғын тапты”, – деп қалмақтар шабуылынан ащы зар төксе, енді бірде ол: “Көлденең көк Есілдің жарқабағын”, – дейді қазір тілдік қоры­мыздан жырылып қалған “көк” анықтауы­шын айқын мәнмен әрлендіріп. Мейлі ғой, ұзын аққан Есілдің жылғалы сағаларына сан атау жарасып тұрары кәдік. Әйтсе де “Көк Есілдей” көркем атаудан жөпелдемеде же­рініп не көрініпті?! Көк Есіл көк байра­ғымызды еске салуымен де әр жүректі желпінтіп, жарылқатпай ма!

Ауызын айға білеген небір күміс көмей шайырлардың ширығысынан шым-шымдап сыр тартып көрсек, тек бір Үмбетей жырау­дың мына бір көрегендігіне тәнті болмасқа және шараң жоқтай. “Елге лайық ер болады, Сарыарқа деп таңданып, Өзге жұрт аңсар жай болады, Ұмыттың ба соны, Абылай!”, – деп, Бөгембай өлімін Абылай ханға естірту қаралы сәтінде ханның ойына елдік мүддеге орайлас түрлі-түрлі аманат тастай сөйлепті. Бір жағынан Сарыарқаға ертеңгі, яғни бүгінгі таңданыстың да сырына меңзеп үлгергендей екен. Қазір де Сарыарқа деп таңданып, оның төсіне қонған Астанадай шаһарға тәнті болмайтын пенде кем де кем емес пе?

Күніне сан мәрте Қазақ радиосының әсем сазымен сезім тербей әуелей естілетін “Бағаналы орда, басты орда”, – деп жүрек шымырлатып жіберетін сөз әркімнің жанына жақын шығар. Бұл сөз де тарихи үндестік үдерісінен алыс қонбапты. Бұхар жырау бабамызға жүгінсек: “Бағаналы орда, басты орда, Байсал орда қонған жұрт...” – деп екінші буынын мүлде жұтындырып жіберіпті. Шіркін, осыны бөле-жармай қосақтап айтса ғой... Байсал ордаңыз қазіргі Ақорда – елорда емес пе?

Есіл бойын, бүгінгі елорда аймағын Қара­өткелсіз әсте елестете алмайсыз. “Қараөткел таныс едім екі араға”, – деп көңілін сұрай келген Әсетке Кемпірбай ақын ақырғы сөзін арнағанын да жақсы білеміз. Жарықтық Арқадағы хан-қараға, Қара Ертіс, Қарқара­лыдағы жандарға сәлем айтып, Семейде топырағы бұйырарын емексітіп, кеудесінен көкала үйректі “хош” деп ұшқызған қайран ақын соңғы демі бітерде Қараөткелді тегіннен-тегін есіне алып, медет етті дейсіз бе? Ал Балуан Шолақтың “Мен Шолақ он жасымнан болдым баяу, Қаңғырып Қараөт­келде жүрдім жаяу...” – деп жаласы сексен өгіз өзіне ауса да көзделген жалғыз оқтан именбей алған бетінен қайтпаған ғой. Сонда да Қараөткелдегі орыс-казак қаумалауынан кері тайқып, шімірікпеген ғой сабазың. Оның “Ғалия” дастанында да Қараөткелге қатысты өрбіген оқиғалар да жеткілікті. Мысалы, “Ойлап тұрсам, дүние, жалғаның-ай, Өгіз сатып Қараөткел барғаным-ай”, – деп өз қармағына ойда-жоқта ілінген Ғалияға деген іңкәрлігін сәл баса қойып, іле: “Қара­өт­келде, Ғалия, сен емес пе ең, Бұл Арқаның шор­таны мен емес пе ем?” – дейді өркеш­тене түсіп. Ғашықтық дертіне малынған ақынның бүгінгі ұрпақтары да Қараөткелдің қалтарысты қабағында тек атасынан бір айырмашылығы – қайғысыз-шерсіз ғұмыр кешіп жатқандай. Көшесін бойлап бара жатқан ғашықтардың дем-лебінен-ақ бір-біріне деген ынтықтық табы сезіледі. Саябақтардағы сүйіспеншілік сезім шалқыған мүсін-бейнелердің жөні бір басқа секілді... Көз арбайды, көңіл тояттайды...

Ал Мәдидей композитор, әнші, ақын: “Міндім де қаракөкпен жылыстадым, Бардым да Қараөткелге жыл қыстадым”,– деп науқасы жанына батып жатқанда да сол қасиетті мекеннен шапағат, медет күткендей іздеп барып, паналағанынан-ақ біраз сырдың ұштығын аңғаруға болар... Қараөткел жер жәннаты болмаса, оны Мәди іздеп келер ме? Сол Қараөткелде қазір Астананың шағын бір ауданы орналасқан. Тұрғындары терең тарихқа дендеп енбегенімен, Астананың абыройы үшін маңдайтерлерін сығып хал-қадерінше еңбек етіп жатқандай. Өткел бермес баяғы Қараөткелдің табанына тұрғы­зылған тұрақ-жайлардың бойында көктемгі лайсаңда қара батпақтан аяқ алғысыз күй кешетіндер біртіндеп енді тас төселген жол­дарға кенелуде. Тұрмыстары сөйтіп реттеліп келеді. Кешегінің бүгінге салынған өткел-көпірі ғой Қараөткел! Жай өткел емес, алтын өткелі ғой, тарих тәубә дегізіп, Тәуелсіздік үшін таңбалаған!

Құнарлы көркемсөз құйқасының дәмі әлі күнге таңдайдан кете қоймапты. Қосыла оқып көрелікші Сәкен Сейфуллинді: “...1918 жылдың жазы шыққалы қаладан бірінші ғана көкке шыққанымыз сол еді. Көкке аунап, Есіл жағасында жаттық. Алтыатармен нысана аттық. Есілдің жағасы көк жапыраққа оранған. Қалың, көкөрім тал. Біз жатқан жер талсыз жиек. Көк шалғын. Есілдің суы көкпеңбек (Көк Есілге тән сипаттама тағы алдан шығып отыр – Қ.Ә.) көк жібектей иреңдеп, шымырлап ағады. Аспан да жұп-жұмсақ көк торғындай. Алыстағы далалар да көкпеңбек”... Қайран қаймағы бұзылмаған сол табиғат! Сидаң тартып, сарғыштанып, сағымға айналып кеттің бе бүгін? Сілікпеленген сілемдері қалды-ау, бүгін!

“Тар жол, тайғақ кешуін” осыдан 82 жыл бұрын жазған Сәкеннің аңсарлы көңілінен Есіл бойы, оның жағасындағы Ақмоланың көтерілісшіл тыныс-тіршілігі түрліше ой салады адамға. Онда табиғаттың тылсым сыры шебер түйінделсе, түрмедегі өзінің бостандықты аңсаған көңіліне сап-сап тілеп, ішқұса болғаны да өзекті қариды екен. Есіл жағасындағы бақшаға жұмысқа айдап салған түрмедегілердің бірі болған ол былайша армандайды: “Тұтқыннан қашып кетсем, анау қиырсыз кең еркін далаға сіңіп кетсем... анау түйелі қазақтармен бірге кетсем, не анау ағаш арбаға өгіз жеккен қазақпен бірге кетсем... бостандықты, елді енді бір көрсем!..”

Ой, дүние-ай! Қайғысыз көңілдің түсіне кірер ме, мұндай зар-нала. Ақмоладағы қапастан еркіндікке тіленген ерлік ой түбі тегеурінді күшпен теңдік алғаны, міне, алты алашқа аян! Есілдің бойынан небір елдік мінезге тән арман-үміттер көгершіндей көкке шарлапты-ау! Әне, байқайсыз ба, күнге шағылысып, аспан астында ойнақ салған кептерлердің шалт қимылынан шадыман-шаттықтың шұғылалы күйі сорғалап жатқан­дай... Қазір сене ме екен, жағада анау қармақ салып, алаңсыз тұрған жасөспірімге Сәкен атаң ХХ ғасырдың жиырмасыншы жылдары Ақмоланың күйкі көрінісін былайша суреттеп жазып еді, десеңіз. “Қала – қараң­ғы, күңгірт, тұманның ішінде. Қала тынысын тоқтатып, өліп қалған бір зор мақұлық тәрізді. Көше жым-жырт, дыбыс жоқ... Айнала қоршап, мылтықтарын даярлап ұстап келе жатқан жаяу казак-орыстар. Олардың сыртынан қоршап, қылыштарын жалаңаш­тап, даярлап келе жатқан атты казак-орыс­тар...” Жан түршікпей қайтеді. Азатшыл Сәкен атаңды айдап барады ғой... Мына көшелерде Сәкеннің сұрғылт күндері де өткенін есте сақтай жүргейсің, қазақтың үміт артқан өскелең ұрпағы. Жадыңда тұт аталар іс-қимылын. Бал-маскарад думанына басың айналғанда немесе шетелдік түрлі ток-шоулардың шырқырынан тұла бойың тітіркенгенде, бір мезет осы қалаңда болған сондай қанқұйлы елестер есіңнен сырылып өте шықсыншы... Сен бүгінге қайдан, қалай келген екенсің? Саралап бақ, сабазым!

Көмбеден көселген көркемсөздің бір дәйе­гіне тағы бір мәрте жүгінелік. І. Есенбер­лин­нің “Көшпенділерінде” (Бірінші кітап, 123- бет): “Әбілқайыр Есіл, Нұра бойын өзіне қаратып, Орда-Базарда ат шаптырып, балуан күрестіріп, батырларына олжаны бөліп, ұлан-асыр той жасап жатқанда...”, – деп келетін мәнді тіркестер бар. Одан әрмен осы Ордада отырып Әбілқайырдың Самар­қантқа көз тігетіні баяндалады... Елордада сыртқа суық көз тігілмейді, сыйластық қа­рым-қатынастың ұшқыны жалындап атады... Осы кітаптың 290-бетінде: “...Ақылды, айлакер Мұхамед-Шайбани да соны қолданады. Егер қазақ жеріне шабуылға шық­са, ол әрине ең алдыменен Созақ пен Ұлы­тауды шабуға тырысады. Дешті Қыпшақ сандық болса, бұл екеуі соның кілті. Торғай, Ақжайық, Еділ, Есіл, Тобыл­да­рыңның бойы сол сандықтың түбінде жатқан қазына. Аузы ашылған сандықтың ішіндегі мүлікті біртіндеп ала беру кімнің болса да қолынан келеді. Сондықтан бізге қайткен күнде де Созақ пен Ұлытауды сақтап қалуымыз шарт”, – деген аймаңдай сөйлемдер кездеседі. Аймаңдай деп отырғанымыз, әлгі жіктел­ген өзендер бойының сандық­тың түбінде жатқан қазынаға баламаланып, теңелуі еді. Араға ғасырлар түскенде де Есілдің қос жағалауы қа­зы­наға бөгіп, бөктеріліп жатқаны қандай таң-тамаша қаларлық көрініс еді! Бір Елорданың өзі баға жетпейтін қатпарлы қазына емес пе?

Патшаның отаршыл әкімдері нендей сорақы қиянатқа да ба­ра­тын еді. Бұл жөнінде қалам­гер, ғалым Сапабек Әсіп “Қазақ қасіреті”, т.б. еңбек­терінде қабырғасын сөгіп дегендей, қақырата жазды. Жайықпен қоса Үй, Тобыл, Есіл, Ертіс өзендері­нің жағала­рын қыстап жүретін қазақ ру­ларының қырға қуып тасталып, сулы да, нулы жерлерге жол­атпауын нақты деректер­мен масқаралап түйреді. Осы аталған өзендер бойындағы казак әскерлері де қазақ байғұс­тың өзінің жерін өзіне жалға беріп, тұяғын қи­мылдатпай-ақ ақшадай, малдай табыс тауып отырыпты. Өздері шаш-етектен байып, жергілікті тұрғындар тақыр кедейге айналған. Міне, Есіл бойының қазақтарының көрген құқайы. Есілге сыр тоқып зердемен қараңыз­шы, оның мұңды да, шатты толқыннан сондай-сондай қиямет-қайым қорлықтың іздері де аңғарылып қалар еді-ау! Енді құдай ондай құқайдан сақтасын.

Ақмоланың күнгейлі келешегіне деген ақ перде сезім-сенім сонау көнеден бері айтылып келеді екен. Поляк революционері Адольф Янушкевич ХІХ ғасырдың бірінші жарты­сын­дағы қазақ даласы өмірінің көріністерін бейнелеген жазбаларында жаңа елді ме­кен­дер­дің саңырауқұлақша көбейе түскеніне таңдана келіп: “...Ақмола, мәселен, бүкіл даланың болашақ астанасы. Ақтау, Атбасар, Көкпекті, Құсмұрын – осының бәрі менің көз алдымда туып, өскен мекен­дер”,– деп болашаққа тамсана ой тастауын көрегендіктің кепілі де­меске еш амалыңыз жоқтай. Кесіп-пішіп сөз түюдің өзі дала мінезін, ондағы болып жатқан ілкім өзгерістердің бағасын жетік зерде­легендіктен туады десек, онша қателеспеспіз.

Түйсіктің алдамайтынына тағы бір дәлел бар болып шықты. Оған Әлихан Бөкейханов­тың “Григорий Николаевич Потанин” деген еңбегінде Қызылжар оязындағы Сібірдің атты казагының баласы, кейін үлкен ғалым болған Потаниннің елдің тұрмысын, тілін, мінезін білмеген кісінің көш басын алып жүре алмайтынын, олай болса көп ұлттан құралған Россияны бір орыстың билеймін дегенінде мағына жоқтығын, сол себепті де Россия өзге тілі, тұрмысы, қаны басқа жұртқа автономия беруі керектігі жөнінде байыпты ой тастай келіп, ол салмақты ойын былай қорытқан екен: “Қазақты автономия қылсақ, Қараөткел Алаштың ортасы, сонда универ­ситет салып қазақтың ұлын, қызын оқытсақ, “Қозы – Көрпеш – Баянды” шығарған, Шоқан, Абай, Ахмет, Міржақыпты тапқан қазақтың кім екенін европа сонда білер еді-ау”. Және де Потанин әлгіндей жыр жақұтын жүрегінен шығарған талантты халықтың “махабатты сынай, бағалай білетінін” ескер­тіп, “Мұндай жұрттың қатыны келешекте ұл тауып тұр, аты бәйгеден келіп тұр. Қазақ жұрты келешекте кіммен болса да қатар отыруға ұялмайды”, – деп ерте заманда сәуегейлік танытқанына қазір кім таңдана қояр дейсіз. Өйткені, әлгі жорамалдың бәрі шындыққа айналғалы қашан! Тұтас Елін әлемге әйгілеген Елбасы үнемі төменшікте­мей төрде отырып, төрелі сөздер айтып, тыңдаушысын ақылман ойымен ұйытып келеді емес пе! Н.На­зарбаевтың: “... Ерке Есіл жағасында бой көтерген, ерекше сәулет­тік ландшафты бар, бірегей мүсіндік нышан­дары сап түзеген, жоғары технологиялы болашаққа ұмтылған, өзгені сыйлап, өзінің жаңа астанасы мен өз елін шексіз мақтаныш тұтатын көп ұлтты және көп дінді халқы бар әсем де мейірлі астанамыз, міне осындай қала”, – деп махаббатпен, мархабатпен айтатынына халқы да соншалықты марқайып отырады. Қазақстанды түлеткен тәуелсізді­гіне тұғырлы бап тілейді әр таң сайын. Елба­сының елімен әманда бірге болуын тілейді.

...Көнеден тартылған көркем сөздердің киесі бар екен. Кестенің жүзіндей өріліп, Есіл бойы, Қараөткел атырабы, Ақмола бекі­нісінің бетегелі беті, кеңестік облыс орталы­ғының ортақол тіршілігі, бертіндегі назар­баев­тық-астаналық алтын қолтаңбаның мүм­кін боларлығы, жалпы Қазақ елінің жарқын болашағы – бәрі-бәрі әр қазақтың жүрегін дір еткізіп, көркемсөзде ежелден-ақ жырла­нып келіпті, мәңгілік жырлана да беретін шығар!

Лайым, солай болғай!

Қайсар ӘЛІМ, АСТАНА.

"Егемен Қазақстан"



Жаңартылды 05.09.2012 10:16
 
, Powered by Joomla! and designed by SiteGround web hosting