Шайқастар - Хан Кененiң қамалдары PDF Басып шығару E-mail
30.09.2011 06:31
Материал индексі
Шайқастар
Көнеден көркем кестеленген
Хан Кененiң қамалдары
Барлық беттер

Хан Кененiң қамалдары

 

 

Кетемiн деген есте жоқ,

Кетiрдi дұшпан жауларым

(Нысанбай жырау) <

Кетемiн деген есте жоқ,

Кетiрдi дұшпан жауларым

(Нысанбай жырау)

Елiнiң тәуелсiздiгi үшiн басын бәйгеге тiгiп құрбан болған қазақтың ең соңғы ханы – Кенесарының өкiнiш­­тi қазасы екi ғасырға жуық уақыт өтсе де ел-жұртын күңiрентiп келедi. Нысанбай жырау зарында Хан Кененiң бытыраған халқының басын қоса алмай кеткен арманы, қорғансыз қалған ел-жұр­ты­ның тағдыры, жаншылған рухтың күйзелiсi бар. Арпалыста өткен өмiрi, оған қорған бола алмаған бейшара халқы...

Нысанбай жыраудың жоқтауы бүкiл қазақтың даласына жайылды, киiз үйдiң iшiндегi қараша халық патша кезiнде ашық жыласа, кеңес заманында тығылып үнсiз егiлдi. Бұл – жеңiлген халықтың соңғы жоқтауы едi. Көшпендi өркениеттiң жеңiлiсi. Орыстың жабайы да жауыз отаршылдығының жеңiсi.

Батыр өлдi, соңына ерген шоғырдың да көзi жойылды. “Бунтарьдың” көзi жойылған соң орыс­тан шен тағып, шекпен киген жағымпаздардың күнi туды. Төренiң көңiлi тынышталды. ХIХ ғасырдың соңында тойымсыз тонаушы губернаторлар мен орыс-түрiк соғысынан қашып, Азияны бағындыруға ғана шамасы жеткен орыстың қатыгез, дарынсыз әскербасылары жеңiске жеттi.

Ердiң көзi құрыды. Қорқақ бұғып қалды, ер майданда өлдi. Ез көбейдi. Хан Кененiң жанына ерген серiктерi мен артына ерген жұртының естiлерi қаза тапқанда, тыныш ұйықтаған маубас қазақтар ұрпағын көбейттi. Маубастан – мау­бас, құлдан құл туды. Тәуелсiз­дiктен соң да бiздiң тобырлық санадан шырмалып, елдiк санаға жете алмай жатқанымыз, мойындауымыз керек, ерден емес, езден туғанымыздың кесiрiнен. Мұны отарлық сана не басқаның езгiсiнiң кесiрi деп жуып-шаюдың қажетi жоқ. Қортық санасы күнделiктi күйбеңнен аса алмайтын, нан тапқанға мәз, бейшара халiмiздiң себебi бұл.

Батыр көмусiз қалды. Әлi де көмусiз жатыр. Тәуелсiздiктен соң да оларды дұрыстап көме алмай жатқанымыз, қазақты сырттан бақылаушыларға тиiмдi болар. Себебi, батырдың денесiндегi рух ғасырлар өтсе де сақталады. Батырдың басы мен денесi табыстырылса, қазақтың рухы көтерiледi. Халықтық рух оянса, құлдан туған билiк­тi үрей басады. Исатай мен Ма­хам­­беттiң де, Сырым батырдың да, тiптi хан Кененiң де денесi мен басын түгендемеуiмiздiң сыры осы. Жазушы Ғаббас Қабышұлы айт­қан “Кенесарының денесi мен басы қосылмай, қазақтың күнi оңбайды” деуiнiң мәнi терең.

ХIХ ғасырдың соңында отарлау­шылардың қолдарына су құйып, қазақтың руларын бағындыруға бар күштерiн жұмсаған, даланың байлығын солардың тонауына атсалысқан байшыкештер мен билердi қайта дәрiптеу сәнге айналды. Солардың ұрпағы атам мыңдап жыл­қы айдады. Орынборға, Омбыға барып, губернатордың қолын жалаған, әрiсi Петерборға барып патша ағзамның етегiне жармасқан деген мазмұнда бай бабаларының атын дәрiптеп, ас берудi сәнге айналдырды. Олардың ХIХ ғасырдың соңында қарағайдай қылып салдырған мазарлары биiк те сәндi. Отарлаушылар құлатпаған. Отарлаушы билiк кiмдi, қай жерде құлатуды бiледi. Мазарларды бүгiнгi ұрпақтары қайта сылап-сипап сықитып жатыр. Керiсiнше Хан Кененiң ба­сы қайда қалғанын әлi бiлмеймiз, Исатайдың ақтық шайқасы өткен Ақыраптың даласы баяғы алқам-салқам. Исатай әлi көмусiз. Сырым қай жерде ажал құшты, кiм өлтiрдi, қайда қалды? Әрiсiн айтқанда, Тоқтамыстың балалары қапыда өлтiрген, таспен бастырылған ер Едiгенiң сүйегi Ұлытаудың үңгi­рiн­де әлi ағарады. Марқұм Әлкей Марғұлан ғана жақындап барды. Басқа ешкiм ат iзiн салған емес. Сарайшықта қазақтың шаһид кеткен хандарының бастары күн астында қақталып жатыр. Жайықтың суы оларды шайып, су түбiне батырып барады. Жер басып жүргендердiң жоқты түгендеуге парасаты аз. Бұлардың бәрi түгенделмей, қазақтың рухы көтерiлмейдi, қазақтың мемлекеттiгi шартты түрде ғана. Шын тәуелсiздiк бағамы – сол тұлғалардың жанкеш­тiлiгiнде.

Хан Кененiң жанында қазақтың бұқара халқы, қандыкөйлек жолдастары – батырлары. Олардың қырғын шайқас болған жерлерде қалдырған бейiттерiнен көруге болады. Елi үшiн құрбандық бола бiлетiнiн алдын ала сезген аруақты хан жүрген жерiнде әйтеуiр ғасырлардан асатын белгiлер қалдырды. Қасымдағы батырларды елi ұмытпасын, ел есiн жинар, естi ұрпақ та келер деген ой болғандай. Хан Кененiң қолымен қаланған бекiнiстер орны, шайқаста өлген батырларын өз қолымен жерлеген тас бейiттер, жер жағдайымен мұқият жасырылған атыс ұялары әлi де Арқа мен Мұғалжар тауы, Жем бойы, Торғай мен Ырғыз өзендерiнiң бойында. Сол белгiлердi тани бiлген, көре бiлген жөн.

Хан Кененiң қалдырған iздерi – шайқас болған жерлер, жер атаулары, жырлар. Парықсыз жалдамалы қырғыздардың қолынан ажалы жеткенде, өкiнiш өзегiн өртеген хал­қы астарлап көп нәрсенi сақтады. Қолдан келгенше Кенесарының жорық жолдарымен қайта жүрiп, жер жағдайын бақылап, соңғы ханның қалдырған iздерiн табуға болады.


БЕКIНIСТЕР

 

Хан Кененiң әскерi жүрген жерлерiнен патша қамал сала бас­тады. 1820 жылдары Көкшетау, Қарқаралы, 1830 жылы Ақмола, 1846 жылы Атбасар қорғандары салынды.

Ел әлi күнге дейiн Арқадан келiп, қоныстанғанда хан Кененi қошеметтеп қарсы алған жердiң атауын сақтаған. Көкшеден ерiксiз кетiп, Арқадан ауған соңғы қонысы Торғай-Ырғыз алқабы, Мұғалжар, Жем бойы едi. Себебi, губернаторға өте алыс, оның үстiне жергiлiктi рулар ханға тiлектестiк танытты. Әскерiн азық-түлiкпен, жылқымен қамтамасыз еттi, батырларын қосты. Ең бастысы – жазалаушы отрядтардан сақтандырып отырды. “Қазақстан ХIХ ғасырдың 20-40 жылдарында” еңбегiнде Е.Бекмаханов Кенесарының ең көп күш жинаған жерi Ырғыз, Тор­ғай даласы екенiн айтады: “1838 жылы Кенесары бастаған Орта Жүз қазақтары Кiшi Жүз жерiне – Ырғыз бен Торғай ауданына, Орынбор әкiмшiлiгiнiң шығыс бөлiгiне өте бастады. Бұл аудандар Батыс Сiбiр губернаторлығынан да, Орынбор губернаторлығынан да бiршама алыс жатқандықтан, олардың Кенесары үшiн стратегиялық маңызы зор болды. Сондықтан осы аудандардың көп уақыт ұлт-азаттық қозғалыстың орталығына айналуы кездейсоқтық емес”.

Хан Кене Ырғыз, Торғай алқабына қоныс ауыстырып едi. 1845 жылы Ырғыз және Торғай бекiнiс­терiн салуға кiрiстi. Қазақтың байлығын тонап, Орталық Азияға сау­да мұраты үшiн жол ашуды көздеп отырған Ресей қорықпаса, ақша ша­шып, қаһарлы хан жолынан бекiнiстер тұр­ғыз­бас едi. “Ақтөбе облысының қазiргi Әйтеке би ауданында Кенесары көтерiлiсiнiң iздерi сақталған жер атаулары көп, – дейдi жергiлiктi өлкетанушы Рысжан Iлиясова – “Наурызбайдың қарауыл төбесi”, “Қойлыбай қыр­ғыны”, “Басықара қопасы”. Осы өңiр тұрғындары Мираш Мырзағұлов, Шайхы Сәтiм­ұлы, Тұратай Шамауовтардан бұл жөнiнде талай әңгiмелерге қаныққанмын. Барлығы да Кенесарының негiзгi жорық жолдары Ырғыз-Торғай даласында, Мұғалжар тауы, Талдық, Шетырғыз, Темiрастауда, әсiресе, Мәнi әулие қорымы маңында болғанынан хабар бередi”. Осы ауданның Қарашатау елдiмекенi төңiрегiнде Кенесарының тас қамалы атанған жер атауы бар. Ақтастардан қаланған қамал орны 1950 жылдарға дейiн сақталып келгенi­мен, тың игеру жылдарында тастары тасып әкетiл­ген. Бұл да бiр дерек.

Ахмет Кенесарыұлының “Кенесары және Сыздық сұлтандар” атты өмiрбаяндық жазбасында хан Ташкент билеушiсi жауыздықпен өлтiрген екi ағасы Саржан мен Есенкелдiге, Әзiрет сұлтанға зиярат етуге келгенде Қоқан әкiмдерi өлтiрген әкесi Қасымға арнап Торғай өзенi бойында ас бердi. Аста Орта Жүз бен Кiшi Жүздiң жақсылары Кенесарыны ақ киiзге салып хан көтердi деген дерек бар. Осы тарихи орынды анықтаған дұрыс. “Сол жерде Орта Жүз бен Кiшi Жүздiң жаужүрек батырларының бәрi Кенесарыға қосылып, ылғи онымен бiрге көшiп жүрдi. Кейiнгi қосылған елдiң бәрi де орыс әкiм­дерiне бағынып, бұрынғы жерлерiн­де көшiп-қонып жүргенiмен де, орыс­тарға бiлдiрмей ханға зекет төлеп, орыс жағынан естiп-бiлген хабарларын жеткiзiп тұрды... Ол: патша қазақтарды өздерiне билетер, Абылай ханмен жасасқан шартты өзiмен де жасасар. Сонан соң Русияға арқа сүйеп алып, әкесi мен екi ағасын өлтiрген қоқандықтардан өшiмдi алармын, олардың қоластында қалған Ұлы Жүздi өзiме қаратармын, бәлкiм Қоқан хандығын жеңiп алармын деп ойлаған едi. Осы оймен алдымен орыстармен байланыс жасау үшiн Орынборға таман жақындап, Ырғыз өзенiнiң сағасына көшiп барды. Бiрақ ойлағанынан ештеңе шықпады. Орынбор мен Омбы генерал-губернаторларының бұйрығымен Кенесарыны ұстау үшiн екi жақтан да әскер шықты. Кенесары амалсыздан Русияға қарсы соғысуға мәжбүр болды”.

40 мың шаңырағын соңына ерт­кен хан Кененiң өзiне қараған жұртына қатер төндiре алмас. Шың­ғыс хан тәсiлiмен оң қанат, ортаңғы қанат, сол қанат боп жасақталған әскерi тұтқиылдан шабуылдау тәсiлiн меңгергенiмен ерек­шелендi. Мұндай тәсiл Исатай мен Сырымның соғыс өнерiнен де байқалды.

Кенесары мен Наурызбай бейнесi Жүсiпбек Шайқыисламұлының “Наурызбай-Ханшайым” дастанында анық сомдалды. Оқиға Кiшi Жүздiң алтын-жаппас руларының көшi-қон жолында, Батпақты көлiнiң жанында өтедi. Дас­тандағы жер атаулары Үшбурыл көлi, Тоқырауын, Тоғыз арал өткелi. Бұлар Торғай өзенi сағалары болуы мүмкiн. Оқиға 17 жастағы Наурызбайдың алтын-жаппастармен бiрге қоныстас Тiлеу­қабақ аталығының қызы Ханша­йыммен үйленуi, қыздың келiн болып түскен бойы Кенсарының көзi өтiп қайтыс болғаны жөнiнде. Ханшайым өлiмiнен соң Наурызбай ағалары Ержан төре, Ағыбай батыр, Кенесарымен бiрге Қоқанды шабуға аттанды. Бұл жоғарыда келтiрген Ахмет сұлтанның дерегiмен ұштас.


МӘНI ӘУЛИЕ ҚОРЫМЫ

 

Ханның жорық жолдарының бiр iзi қалса, Мәнi әулие қорымында қалуы мүмкiн деген оймен осы оқшау жатқан өңiрге арнайы бар­ғанбыз. Мәнi әулие қорымы – Ыр­ғыз ауданының Шеңбертал елдiме­кенiнен 9 шақырым жерде оқшау жатқан төбе. Бұл – ескi Мұғалжар тауының сiлемдерiнiң жалғасы, шөгiп кеткен таудың бiр тұсы. Тас қорымдар биiк төбеде орналасқанына қармастан, арнайы бармаса бiрден көзге түспейдi. Ел аузындағы деректерге қарағанда, Мәнi әулие тарихы жоңғар-қазақ тарихымен сабақтас. Қалмақ тұтқынындағы қазақтың бiр батырымен қашып шыққан қызды әкесi қуып жетiп қайтара алмайды. Әкесiне қарамай кеткен қыз жiгiтiмен бiрге осы Ырғыз өзенiнiң жағасына жетiп дамылдайды. Төбенiң етегiндегi суға шомылып, алып бәйтеректiң түбiне келiп тыныстаған қызды жылан шағып өлтiрген. “Қалмақтың қарғысы жаман деген рас екен, мен саған жоқпын, осы жерге жерле. Бiрақ ешқашан атымды атаушы бола” деп көз жұмған қызды осы жерге қалдырған батыр әрi қарай жалғыз кеткен. Бiр аңызда ол әйгiлi Жәнiбек батыр, қыздың есiмi – Ақбiлек дейдi. Оқиға XVIII ғасырдың ортасы не соңына келiңкiрей­дi. Осы төбенiң екi жағынан да өзен ағып жатыр. Бұл – далалықтағы Шетырғыз өзенiнiң Ырғыз өзенi­мен тоғысатын тұсы. Қазiр жiңiш­керiп, сараң ағып жатқан өзеннiң төбемен ұштасатын аралығында ну қамыс өскен, қалың тоғай болғанға ұқсайды. Дала жолбарыстары да кезген дейдi. Осы төбенiң батысымен тiке жүре бергенде, Жем бойы­на жақындайсың. Ал Жем бойы Ақтабан шұбырындының кезiнде қалмақ тайпаларының қонысы болды. Әлi күнге дейiн Жемнiң жер атауларында қалмақ байларының есiмдерi сақталған.

Төбе биiгiне көтерiлгенше тас қорғандарды жасырып тұр. Тас қорғандар арасы бiр-бiрiнен оқ­шау. Екi түрлi тарих, бiрнеше кезең оқиғалары бөлiнiп-ақ қалған. Шеткерi орналасқан қалақ тастардан қаланған, ерекше құпияны бойына жасыра бiлген бiрнеше қатарлық қорғандар сап түзеп тұрған әскер секiлдi. Осы тас қамалдың аумағы үлкен, сұсты, қатар-қатар бейiттер. Қырғын соғыс­тың iздерi. Оң қатар, сол қатар әскерi секiлдi, бұл жерде 60-тан астам тас бейiттер мызғымай тұр. Шебер қаланған. Әрқайсысының алдында ру таңбалары бiр үлкен жалпақ тасқа басылып қойылған. Бұл жерден арғын-тарақты, шеркеш, ысық, әлiмнiң қарасақал руларының таңбаларын ажыраттық. Кенесары сарбаздары болуы мүмкiн.

Арман-өкiнiш, шаһид кеткен батырлардың “әттеңi” әлi күнге дейiн сезiледi. Бейжай қарау мүмкiн емес. Тас қорғандарды тұрғызған шебердiң қолтаңбасынан “бiздiң тағдырымыз шешiлiп қойылған. Бiз таңдаған жол – осы” деген байламды сезесiң. Әскери сап тәрiздi бейiт-қорғандар қалап, тек ру атауларын ғана қалдыруы Кенесарының сақтығынан болуы мүм­кiн. Мұнда сүйегi жатқан әр батырдың отбасы, бала-шағасы, туыстары артта қалып барады. Олардың алдыңғы тағдырына кепiлдiк аз. Хан iзiне түскен жазалаушы отряд осы төбенi талай тiмiскiлемедi дейсiз бе? Ендеше батырдың аты-жөнi таспен жазылса, соның ұрпағын қырып тастар едi. Ақылды хан осы жағының бәрiн ойластырған. Бiздiң осы төбеге келе салысымен, Кенесарының сарбаздары деп жабыса кетуiмiздiң бiр себебi, Шеңбертал өңiрiнiң қариялары 1990-жылдарға дейiн Кенесарының Ырғыз өзенiнен өтiп, Жемге барар жолда шайқаста өлген сарбаздарын қойған орны Мәнi әулие қорымы деп айтқандары негiз. Жергiлiктi қариялар әкелерiнен естiген аманатты жеткiзiп кеткенiмен, Кенесары бейнесi жабық тақырып бол­ғандықтан, мән берiлмедi. Мәселен, Шеңбертал ауылының тұрғыны марқұм Сұлтан Әжмағамбетов ақсақал 1993 жылдың ақпанында өз аталарынан естiген деректi жергiлiктi “Ақтөбе” газетiнде жариялады: “Кенесары Ырғыз өзенiнен өтiп, Мұғалжар, Жем бойы­на дейiн барып соғыса жүрiп, қаза болған сарбаздарына, әр рудың ерлерiне осы қорым басында бiр-бiр оба жасап, таңбасын ойып, жақпар тастармен бастарын қарайтыпты”.

Сұсты обалардан әрiрек жатқан тастары көнерген, ертерек дәуiрдiң қолтаңбасын аңғартып тұрған орын баяғы аңыздың кейiп­керi – арманда кеткен, жыланнан ажалы жеткен ару болуы мүмкiн. Тастың қалануы мүлдем басқа. Үйiлiп салынған. Буддалардың тас үю тәсiлiне ұқсас. Бiрiнiң үстiне бiрiн биiктете қаланған. Не болса да шеше аманатымен қалмақтан қашқан сұлудың бейiтi. Жоңғар шапқыншылығынан кейiн­гi кезең­нiң белгiсi десек, жанындағы шөгiп кеткен тас бейiттер де қалмақ-қазақ жаугершiлiгiнiң куәлерi болуы мүмкiн. Бұл бейiт­тердiң орналасуы Кенесары сарбаздарынан мүлдем бөлек. Кезең­дерi мүлдем басқа екенiн тастарынан, күйiнен аңғаруға болады. Екi дәуiрдiң, екi жаугершiлiктiң оқиғалары осылайша бөлiнiп жатыр.

...Кенесары қолының iзi қал­ған қорғандардан батыр рухы 150 жыл өтсе де сезiлгендей. Сездiрiп тұрғандай. Қазақтың арманда кеткен соңғы шаһид ханының аяғы тиген жерлердi қайта анықтаған дұрыс. Тас қамалдары мен қиратылған қорғандарындағы сенiмдi серiктерi ұрпағының ұмытпағанын қалайды.

 

Баян СӘРСЕМБИНА

Ақтөбе облысы.

"Жас Алаш"



Жаңартылды 05.09.2012 10:16
 
, Powered by Joomla! and designed by SiteGround web hosting