Ағыбай батыр жыры PDF Басып шығару E-mail
06.04.2012 14:40

Ағыбай батыр» – тарихи жыр. Кенесары Қасымов бастаған ұлт-азаттық қозғалысына белсене қатысқан белгілі батыр Ағыбай Қоңырбайұлының (1802–85) ерлік істерін баяндайды. Жырдың екі нұсқасы сақталған. Қарағандылық жыршы Тәужи Айнатасов жинаған «Ағыбай батыр» жырында Кенесарының түрікмен елінен бір тұлпар әкеп беру туралы өтінішін орындауға аттанған Ағыбай батырдың сапар кезіндегі ерліктері баяндалады. Нұсқа толық емес, он бір буынды, қара өлеңмен жазылған. Жыр оқиға желісі, құрылысы, суреттеу тәсілі жағынан өте қызғылықты. Романтикалық сарын басым.

Ақын, халық ауыз әдебиетін жинаушы Нұрғали Бейсеновтен 1949 ж. жазып алынған «Ағыбай батыр» жырының 2-нұсқасы көркемдігі мен мазмұны жағынан құндырақ. Ағыбай нақтылы өмірде Ресей отаршыларына қарсы күрес жүргізсе, жырда қалмақпен соғысып, ерлік көрсетеді, даңқы бүкіл елге жайылған қолбасшы атанады. Бұл жыр да он бір буынды қара өлеңмен жазылған. Батыр ерлігі тарихи жыр шеңберінен асып, ертегі сарынымен бейнеленген, осы арқылы жырдың тарихи-әлеуметтік идеясы айқын байқалады.

Ағыбай батырдың елін сыртқы жаудан қорғау жолындағы ерлік істері туралы осындай мазмұндағы басқа нұсқалар Қазақстан Ғылымдар Академиясының Орталық ғылыми кітапханасы мен Әдебиет және өнер институтының Қолжазбалар орталығында сақтаулы.

«Ағыбай батыр» жырының Т.Айнатасов жинаған нұсқасы «Ақжолтай Ағыбай батыр» жинағында (Жезқазған, 1992) жарияланған.

Жаңартылды 05.09.2012 10:27
 
, Powered by Joomla! and designed by SiteGround web hosting