Ақжолтай Ағыбай батыр - ұлт-азаттық қозғалысының қаһарманы PDF Басып шығару E-mail
16.05.2012 19:57

Елімізде соңғы жылдары іске асқан оң өзгерістер – жариялылық пен демократия, республиканың ұлттық тәуелсіздік алуы қазақ халқының тарихи даму жолына жаңа көзқарасттар туғызды. Бұл жаңа көзқарастарыдың негізі – жалпы халықтар мен мемлекеттер қалыптасуының ортақ сыпаттарына біздің қазақ қоғамы дамуының жолы да байланысты екендігінде. Қандай да болмасын мемлекет сыртқы басқыншылыққа қарсы күрес пен ұлттық тәуелсіздік үшін, әлеуметтік теңдік үшін күрес үстінде қалыптасады, туып жетіледі. Бұрынғы үйреншікті ұғымдар осы бір әлемдік тарихи шындықты мойындамайтын еді. Халықтың ұлттық тәуелсіздік үшін күресін, сыртқы басқыншылыққа қарсы наразылықтың бәрін ұлтшылдықтың тар шеңберіне сыйғызып, тарихи фактілер жайында теріс қорытындылар жасауға үйрендік.

 

 

Өз еркімізбен отар болуға құлшынған ел болып көріндік. Ресейге қосылғанға шейін бұратана, надан, В. И. Ленин сөзімен айтқанда, «жабайы, жартылай жабайы» қазақ халқы «ұлы орыс халқының көмегімен ғана ел болды, көшпеліліктен отырықшылыққа көшті, бұрын екі проценті ғана хат танитын халық «Ұлы октябрьден соң ғана жазу мәдениетіне ие болды» дейтін жалған тұжырымдардың құны неге тұрғанын бүгін әркім-ақ көріп отыр. Қазақтардың осы күні өмір сүріп отырған тарихи мекенінде көптеген ғасырлар бойы мемлекет құрғанын, отырықшы қалалары болып, «Жібек жолы», тағы басқа жолдар арқылы Азия мен Еуропаның көптеген елдерімен байланыс жасағанын бүгін тарихтың өзі дәлелдеді. Содан бергі дәуірлердің бәрінде басқа халықтар сияқты қазақтар да дүниеден оқшауланып қалмай, қатар елдермен иық сүйесе отырып дамыпты, күштілердің табанында қалмай, тәуелсіздігі үшін күресіпті, сыртқы жауға беріспей, Отанын, елін қорғапты. Жеңілісіне қайғырыпты. Сөйтіп тарихтың жалпыға ортақ, бұралаң, қайшылықты жолын өтіпті. «Ел болса, ер туғызбай тұра алмайды» деп ақын айтқандай, осындай жолдарда елін бастар, оған ұйытқы болар қазақ халқының да дана, көсем ұлдары, ел басшылары, жау жүрек батырлары, ақылгөй билері болған. Олардың бәрін бір кезде феодалдық-көшпелі өмірдің идеологтары деп қара сызықпен бір-ақ тартсақ, бүгін халық тағдырының өткелең шақтарында олар атқарған үлкен істерді көріп, танып отырған жайымыз бар. Соңғы жылдары көп мерекелер, мүшел тойлар – бүгінгі қауымның ардагер ел басшыларына, батырлары мен билеріне деген құрметі, олардың аруағы алдында өткендегі қателіктері үшін сұраған кешірімі мен иілген басы. Абылай ханның, Қабанбай, Бөгенбай, Сырым, Исатай сияқты батырлардың туған күндерін атап өту, екінші жағынан, бүгінгі ұрпаққа жаңа тарих сабағын өтумен бірдей. «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламадан» кейін бытырап, тозып кеткен елін жиып, оны сыртқы жауға қарсы күреске ұйымдастырған, сол күресте талай жеңістерге ие болып, өз басының батырлығына қоса ұлы қолбасшы, ұйымдастырушы бола білген, сөйтіп Бұқар жыраудың сөзімен айтқанда, «Үш жүздің атының басын бір кезеңге теңеген» Абылайды қалай біз ұмытқанбыз. Ақ пен қарадан басқа бояуды танымайтын заманда оны тек хан болғаны үшін жек көрдік. Оның атақты сарбаздары халық ұғымына Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шапырашты Наурызбай, Шақшақ Жәнібек деген сияқты аталарының атымен келіп кірген батырлары халқына емес, хан үстемдігін нығайтуға үлес қосты деп ұқтық.

Халық өзінің ел бірлігі мен тәуелсіздігі жолындағы күресінде қаншама ақылгөй аналар мен ержүрек батырлар туғызған. Төле, Қазыбек, Әйтеке билер ел бірлігінің сөзін сөйлеп, сыртқы жаулармен демократиялық тартыстарға қатысса, басқыншылыққа, отаршылыққа қарсы күресте қол бастаған әйгілі батырлар қазақ қоғамы даумының барлық кезеңінде көп шыққан. Қытай мен Жоңғар, Қоқан мен Ресей отаршылдарына қарсы ұлт бостандығы жолындағы көтерілістердің қаһармандары мұны анық дәлелдейді. Сырым, Исатай-Махамбет бастаған көтерілістер кейінгі Қасым балалары ұйымдастырған ұлт-азаттық қозғалысына ұласты. Арал, Сыр, Жетісу бойында Жанқожа, Бекет, Сұраншы есімдерімен байланысты бас көтерулер болды. Адай Досан батыр көтерілісі де Ресей отаршылдарына қарсы ұйымдасты.

Республика жұртшылығы Кенесары Қасымұлының 190 жылдығын атап өтті. Кенесары бастаған ұлт-азаттық қозғалысы – қазақ халқы тарихындағы аса бір маңызды, іргелі оқиғалардың бірі. Ол жайдан-жай, кездейсоқ туа салмаған, Абылай бастаған қазақ елін дербес, тәуелсіз мемлекет ету идеясының заңды жалғасы, саясаттың соғыспен, күреспен жалғасқан көрінісі. Кенесары да атасы Абылай сияқты сыртқы жайға, отаршылдық езгіге қарсы күресті. ХVІІІ – ХІХ ғасырларда қазақ жерін Ресейдің әртүрлі әдіс, амал қолдана отырып жаушылыққа кіріскенін, жергілікті халықты аяусыз езгенін, шұрайлы жерлерін тартып алып, қазақтарды қырға айдап тастағанын, халықтың әлеуметтік хұқын тежегенін білетін адам Кенесары қозғалысының тарихи себептерін де түсіне алады. Сонымен бірге Кенесары қозалысын таза орысқа қарсылық деп бағалау да қате. Ол басқыншылық, отаршылық атаулының бәріне де қарсы болған. Қазақстанның оңтүстік аудандарын бағындырып, аямай езген Орта Азия хандықтарына да қарсы саясат ұстанды. Олар Кенесары көтерілісінен сескенді. Әкесі Қасым төре мен ағалары Есенгелді, Саржанның қоқандықтардың қолынан қаза табуы осыны аңғартады.

Кенесары қозғалысының халықтық сипаты мен қайшылықтары жайлы тарихи зерттеулер аз емес. Оларда жерінен айырылған шаруалардың патша әкімшілігі мен ел билеушілер тарапынан зорлық көрген, әлеуметтік теңдіктен айырылған халықтың басым көпшілігінің, олардың мүддесіне ортақ елім деп еңіреген талай ерлердің қозғалыстың негізгі күші болғандығы жайлы айтылған. Кене хан тобындағы халық батырларының көбі – Ағыбай, Бұқарбай, Иман, Жәуке, Шәкір, Бұғыбай, Төлебай, Жанайдар, тағы басқалар өз басының тіршілігін күйттемеген, ел қамын жеген ерлер болған. Осыдардың көш басында, Кененің оң қолы боп, Ағыбай батыр жүрген.

Тарихи деректер Ағыбайдың қазақ халқының тәуелсіздігі жолындағы күреске араласуын тым ерте бастайды. 1824-1826 жылдары ол патша өкіметі орыс шаруаларына жерін тартып алып берген Қарқаралы округі қазақтарының көтерілісін басқарған. 1832 жылдан Кенесарының ағалары Есенкелді мен Саржан бастаған көтеріліске қатысқан. Ол Саржан мен Есенкелдінің Қоқан хандығы мен Ресей империясына қарсы бірігіп күресу үшін жүргізген келіссөзінің ішінде болған. Қазақ хандарының батыр ұрпақтарының ел тәуелсіздігі жолындағы күресінен сескенген, өздері билеп отырған оңтүстік қазақтарынан айырылып қалу қаупінен секем алған қоқандықтар қазақ өкілдерін Ташкенде қырып салғанда, олардың ішінен тек Ағыбай мен Ержан ғана аман құтылған. Мұнан кейін Ағыбай Кенесары бастаған халықтың ұлт-азаттық көтерілісіне басына аяғына дейін қатысып, неше қилы ерлік күрестерді бастан кешкен. Оның даңқының қалың елге жетуі, халықтың сүйікті батырларының біріне айналуы - осы тұс. Тарихи аңыздар Ағыбайды Кенесарыға серік етіп берген Қасым ханның өзі дейді. Бірде Қасым қасына ерген сарбаздарын сайысқа шығарып сынағанда, Кенені Ағыбай жеңіп кетеді. Содан Қасым оны батыр ұлының қасына қосқан. Кенесарымен ол құрдас болған. Өзіне ең дос, жақын тұтқан құрдасын Кене хан «Көсе» деп атаған. Тарихи мәліметтер бұл сөзді Кенеханның жақын тұтып, айрықша жылылықпен айтатынын растайды. Ағыбай Кенесары әскерінің шабуылға шығатын тобын басқарып қана қоймай, хандық кеңестің мүшесі болған. Ханның жақын, сырлас, ақылгөй кеңесшісі қызметін қатар атқарған. Ағыбайдың батырлығын, аруақтылығын білген Кене одан сескенген де. Халық аңыздарының бірінде, «Ағыбайлап» ат қойған кездегі жеңісті мойындап, «тегінде көсе сақтанарлық адам», - дегені айтылады.

Соңғы мәліметтер Ағыбайдың Кенесары баласы Сыздық төре басқарған көтеріліске де қатысқанын, Түркістанды қорғаушылар ішінде болғанын көрсетіп отыр. Тарих пен әдебиет - егіз. Олар бірін-бірі толықтырып, тарих сабағын кейінгі ұрпаққа қатар жеткізіп отырады. Тарих деректерге сүйенсе, әдебиет сол тарихи оқиғаларды суреттеп, бейнелеп жеткізеді. Сондықтан қазақ халқы басынан кешкен оқиғалардың көбі тарихи мәліметтерде ғана емес, халықтың ауызша шығарған әдебиеті үлгілері мен тарихи дастандарда, аңыз әңгімелерінде, жырларында сақталған. Әдебиетін, жырын халықтың рухани серігі етіп сақтап келген қазақтар ең алдымен тарихи жырларға ерекше мән берген. Бұл тұрғыда «Бұл халықтың ертеден өзіне тән тұрмысында есте қалдырмаған бірде-бір тарихи оқиғасы, бірде-бір тамаша адамы жоқ деуге болады. Олардың бірін суырыпсалма ақындар мен жыршылар жыр етсе, екінші біреулердің атын кейінгі ұрпақ естерінде ұмытылмастай етіп белгілі бір сыбызғышы не қобызшы музыканттар тастап кеткен», - деген Шоқан сөзінің шындығына мойын ұсынуға болады. Жоғарыда аталған қазақ батырлары, тағы басқа тарихи тұлғалар жайлы тарихи жырлар, аңыздар мен дастандар – бұған нақты дәлел. Мұндай жырларда тарихи адамдар тек өмірде болған күйінде емес, өмір шындығына сиымды түрде қоспалармен әрленіп, қиялмен толықтырылып, жаңа «таныс-бейтаныс» бейнеге айналады. Өмірде болған батырды халық қиялындағы батырдың бейнесімен араластырып, жаңа образ жасайды. Бұл сыпат Ағыбай туралы жырлардан анық байқалады. Сонымен бірге оларда көптеген тарихи мәліметтер сақталады.

Тарихи деректерде де, халық жырларда да Ағыбай қайтпас, қайсар, ержүрек, көтерілістің ең ауыр, азапты жүгін арқалап жүрген батыр болып көрінеді. Ол үнемі қиын-қыстау шақта, ерлердің тосылып, жаудан жүрегі шайлыққан тұста сахнаға шығады. Қайратпен жол тауып, ерлік пен қаһармандық рухтың туын биік ұстайды. Сол үшін де көтерілісшілер оны аруақты санаған, «жолы болғыш Ақжолтай» атаған. Халық қиялында Ағыбай жеңбейтін жау, ала алмайтын қамал болмаған. Оның есімі ұранға, ісі үлгіге айналған.

Ағыбай бар жерде – жеңіс бар. Ағыбай жоқ жерде – қапысыз жеңіліс. «Ер Ағыбай» атты халық жыры осы концепцяны жырлайды. Дұшпанын бұрын жеңе алмай кеңесте Науанды тоқтату үшін айтқан сөзінде Дулаттың көп әскерінің жау шебінен кетіп қалуынан секем алған Ағыбайдың ой-толғауын әдемі жеткізген.

Айналайын, Науанжан,

Ақылға диқан зерегім,

Салса да тастан қайтпайтын

Жетесі құрыш беренім.

Бақытың баста жүргенде,

Асқар таумен тең едің.

Неше күндей ізденіп,

Білмедім Кене ханның дерегін.

Айналайын, сұлтаным,

Жолдас болып жасымнан,

Көзімнің майын жеп едім.

Хақ ісіне амал жоқ

Қазам жетіп өлгенше,

Айырылмаспын деп едім.

Алатауға барғанда

Жер шарасын көздедім.

Көмек қылған көп Дулат

Қайда екен деп іздедім.

Байзақ барда Дулаттың

Тілегі бөтен болмас деп

Күдерімді үзбедім.

Көрген соң анық көзбенен

Қалмастан тегіс кетіпті

Байқадым оны ізбенен, -

дейді Ағыбай. Мұнда батырдың Кенемен достығы, достыққа беріктігі, Дулат қолынан айырылған соңғы соғыс қаупі, жас батыр Науанға айтқан басуы – бәрі де шешен, ойлы суреттелген.

Халық аңыздарына қарағанда, Ағыбай – батырлығына, байсалдылығына қоса, артына ұлағатты сөз қалдырған, қисынын тауып сөйлейтін шешен. Бір аңызда атағы жер жарып тұрған батырды күндеген елінің бай адамдарының жау шапқанда әрекетсіз қалғаны әңгімеленеді. Жауды қуған Ағыбайға олар кейін келіп рахмет айтқанда, батыр олардың күншілдігін бетіне басып:

Мал да кісі, бай да кісі,

Соның бәрі жайда кісі.

Есін білмес ерді күнде

Жау келгенде қайда кісі? –

депті.

Әлихан Бөкейхановтың үш сұрағына берген жауаптарында да Ағыбайдың ойлылығы аңғарылады. Бұлардың бәрі Ағыбайдың әдебиеттегі бейнесін толықтыра түседі.

Ағыбай туралы жыр-аңыздар Кенесары, Саржан, Наурызбай бастаған халықтық көтерілістің идеясын тереңдете жырлайды. Сөйтіп ол тарихи адамдар мен тарихи оқиғалар жайлы ауыз әдебиеті үлгілерін толықтырады, тарих шындығын көркем бейнелейді.

Өмірі мұндай аңызға, ерлікке толы адам есімі ешқашан өлмейді, халық жадында ұзақ сақталады. Ағыбай – қазақ тарихындағы осындай ұлттық батырлардың бірі.

Серік Қирабаев «Тәуелсіздік өрісі (әдеби зерттеулер мен сыни мақалалар)». Алматы, ҚАЗақпарат, 2008. 296-305 беттер

Жаңартылды 05.09.2012 10:32
 
, Powered by Joomla! and designed by SiteGround web hosting