Жанқұттының Ағыбай батырды құтқаруы (Ел аузынан) PDF Басып шығару E-mail
19.05.2012 20:01

Есімі алты алашқа мәлім, әйгілі шұбыртпалы Ағыбай батырды Омбы генерал-губернаторы кезінде Кенесары әскерінің қолбасшысы болғаны үшін жауапқы тартуды аға сұлтан Ыбырайға тапсырады. Ыбырай қолшоқпарларын жинап, Ағыбайды алдыртады. Мұны естіген халық Ағыбайға араша түсу үшін Ыбырайға сөзі өтеді-ау деген қадірлі адамдарды жібереді. Оларды салқын қабылдаған Ыбырай оң қабақ таныта қоймайды. Сөз сұраған Көпбайды меңзеп:

Мынау кім? Көпбай ма, боқбай ма? Аузына келгенін оттай ма, бұл да ел намысын жоқтай ма? – деп тыйып тастайды.

Аға сұлтанның озбырлығына күйінген ел ағалары келесі жолы Ыбырайға атақты Жанқұтты биді жұмсайды. Жанқұтты Ыбырайдың үйіне кіріп келеді. Сұлтан оған да «отыр» демей жатып:

- Мынауың қандай пошым? Басы жалпақ, бұты талтақ екен.

Қазақ па, әлде қалмақ па? – деп астамсиды.

Сонда Жанқұтты дуанбасыға тік қарап:

- Тантыма, аға сұлтан! Мен қалмақ емес, қазақпын. Осында отырғандардың бәрінен таза, ақпын. Жар жығылса, суға сүйенеді. Су тасыса жарға сүйенеді. Мен жығылсам бес атаға сүйенемін, сен жығылсаң, жалғыз үй Естек, кімге сүйенесің? Ағыбайдың ісі арам болса, айдат! Қара тобыр халқы бар, іздеп алар арты бар, не болмаса мақтан үшін ел жинамай тарқат. Мизамның да мөлшері бар, нарқы бар, - депті.

Шешеннің дуалы аузынан сескенген қыпшақ Ыбырай сұлтан сонда: «Жанқұтты бес атаны аузына алды, енді болмас», - деп Ағыбай батырды азат етіпті.

Шілікбай Көкентегі

Қарағанды қаласы

Парасат №11, 2002. Қараша. 26-бет

Жаңартылды 05.09.2012 10:31
 
, Powered by Joomla! and designed by SiteGround web hosting