Ағыбай батыр ауыз әдебиетінде PDF Басып шығару E-mail
22.05.2012 19:11

Ағыбай батыр ауыз әдебиетінде

Айбынды қазақ халқының тарихында аты аңызға айналған талай дарабоз батырлар өткен. Ел үшін атқа мінген сол батырлар образы әдебиет тарихында үлкен орын алады. Әріге бармағанның өзінде ХVIII – XIX ғасырларда өмір сүрген батыр тұлғаларымыз жайындағы әдеби мұраларымыз да жетерлік.

Қазақ әдебиетінде батырлар тұлғасы қалыптасқан ауқымды тақырыптардың бірі болатын болса, осы тақырыптың ішінде Кенесары әскерінің қолбасшы батыр ақжолтай Ағыбай батыр бейнесі – өзінше бір төбе. Бір өкініштісі, кешегі соқыр саясаттың кесірінен ел тарихындағы қаһарман батырларымыз қарақшы шапқыншылар бейнесінде ғана танылып келген. Міне, бүгін ел тәуелсіздігінің, демократиялық оң көзқарастың тууына орай халық батырлары өздерінің дұрыс бағасын алуда. Олардың ақиқат та айқын тұлғалары ғылыми зерттеу еңбектерінде, баспасөз беттерінде жазылып та жатыр. Батырлар көшінің көлемді тұлғасының бірі Ағыбай Қоңырбайұлы жөнінде ой өрбіткенімізде біз оның қолбасшылық қасиетін және ардақты халық батыры болғандығын ашып айтуымыз керек.

 

Атақты ер Ағыбай шұбыртпалы,

Белгілі батырларын шұбыртқаны.

Ағыбай, Қошқарбай мен Бұхарбай,

Бұларды соңына ерткен Кене ханы.

Мал үшін бұлар ерлік құрған емес,

Салғаны жанды ортаға елдің қамы, - деген жыр жолдары да Ағыбай тұлғасын айқындап тұрғандай.

Ағыбайдың халық қастерлеген, есімі ұмытылмас, аруақты батыр болғандығын әдеби мұраларымыз да, ғылыми зерттеу еңбектер де дәлелдей түседі.

Академик С. Қирабаев Ағыбай туралы ғылыми мақаласында батыр тұлғасын былай түйіндейді: «Өмірі аңызға, ерлікке толы адам есімі ешқашан өлмейді, халық жадында ұзақ сақталады. Ағыбай - қазақ тарихындағы осындай ұлттық батырлардың бірі» (Әдебиеттің ақтаңдақ беттері).

Сол секілді Иса Байзақовтың «Қойшының ертегісі» атты жырында батырдың халық арасындағы атақ-даңқын былай көрсетеді:

«Білмеген Ағыбайды ел болмаған,

Тегі келіп қарсыласар ер болмаған.

Ағыбайдың үш жүзге даңқы кетіп,

Ол кезіп, ол бармаған жер болмаған».

(«Ақжолтай Ағыбай батыр» жинағы, Жезқазған, 1992. 28-бет).

Расында да, Ағыбай жөніндегі әдеби мұраларға қарап отырсақ, батыр есімінің аңызға айналып, зор құрметке ие болғанын көреміз, тіпті, оның халық арасында Ақжолтай Ағыбай деп аталуының өзі осыдан. Батыр жорықтарының үнемі сәтті болуы, ол қатысқан шайқастардың жеңіспен аяқталуы елдің осылай атап кетуіне себеп болса керек.

Ағыбай аруағына жалпақ қана емес, сол кездегі жаужүрек батырлар да сиынатын болған, ерлігін, ақжолтайлығын ерекше құрметтеген. Мысалы, «Ағыбай батырдың бір жорығы» атты тарихи аңыз әңгімедегі киіз үй ішінде Адай батыры мен түркімен елінің батыры алысып жатқанда жеңіліп бара жатқан Адай батырының Ағыбай ауағына сиынуы – жоғарыдағы ойымыздың дәлелі. (ҚРҰҒАҚ 1296. №2 дәптер)

Сондай-ақ «Ағыбайдай ер өткен» халық дастанында қаражүрек туысқанынан қорлық көрген батыр жігітке әкесінің аян беруі, Ағыбайдың қанжарын сұрап алып дұшпанына аттануы, сөйтіп ойлаған мақсатына жетуі, Ақжолтай Ағыбай батырдың әруақты әрі даңқты адам болғандығын аңғартады. Мысалы:

Жүр, балам, осы араның жолыменен,

Олар да жүріп келді түніменен.

Ақжолтай жол құтты батыр еді,

Жолдас бол, тез бар балам соныменен.

Ағыбай душарласса болып несіп,

Екеуің жолдас болсаң желдей есіп.

Қанжарын екі жүзді қару қылсаң,

Аласың дұшпаныңның басын кесіп, -

деп келетін дастан жолдарына үңілсек, әкесінің аян беруімен жас батырды Ағыбай аруағы қолдайды, соның арқасында дұшпанын мерт қылады (Ж. Қашқынов «Ақжолтай Ағыбай батыр» кітапша. Алматы. 1996 ж. 60-бет).

Белгілі зерттеуші Е. Бекмаханов өз еңбегінде «Ағыбай – Кенесарының құрдасы, әрі оның әскери кеңесшісі болды» - деп даралай көрсетуі Ағыбайдың ақылды, ірі қолбасшы болғандығының айғағы (Е. Бекмаханов. «Қазақстан ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарында». Алматы. 1994 ж. 190-бет).

И. Байзақовтың жырында да батырдың қолбасшылық бейнесін айқын танытып білген. Мысалы:

Батырда бес жүз кісі нөкер болған,

Соғысқа шеттерінен шебер болған.

Шықпайтын нояндары айтқанынан,

Ағыбай не қыл десе соны қылған, -

деп келетін жолдар да жоғарыдағы ойымызды шегелей түседі. («Ақжолтай Ағыбай батыр». Жезқазған. 1992 ж. 28-бет).

Тілге тиек ететін нақты дәлелдеріміздің бірі тарихи жыр, дастандарға аға батыр, бас батыр деген секілді сөздер Ағыбай есіміне бағышталып айтылған. Мысалы: «Ақжолтай Ағыбай батыр» атты халық жырының бастапқы шумақтары былай басталады:

Жау шауып мирас қалған Ағыбайдан,

Бұл әдет Кенесары - Наурызбайдан.

Кененің жауға шапқан бас батыры,

Бастайын әз әңгіме Ағыбайдан.

(«Ақжолтай Ағыбай батыр». Жезқазған. 1992 ж. 35-бет).

Тағы да тоқталатын жай – Ағыбайдың жеке тұлғасы басқа батырларға қарағанда оның іс-қимылдарынан, мінген аты, қару-жарағы, жүріс-тұрысынан да ерекшеленіп тұрған. Тарихи жыр-дастандардағы бұл тәсіл батыр бейнесін өзгеше даралап көрсету мақсатынан туса керек. Қалай дегенде де бұлай бейнелеу нанымсыз қиял образына емес, тарихи батыр образының астарын аша түсетіндей. Мысалы:

Іріктеп сексен кісі нөкер алып,

Аттанды қолабаға содан былай.

Күреңше жер тебініп астындағы,

Оқ бойы алдында отыр ер Ағыбай.

Көк найзасы көлденең, белде садақ,

Сауыты үстіндегі күміс жарақ.

Өзгелердің бәрінде қос-қос аттан,

Ішінде дара мінген Ағыбай-ақ, -

деген секілді жыр жолдары жоғарыдағы ойымызды дәлелдейді. (И. Байзақов. Поэмалар жинағы. Алматы. 1950 ж.)

Ағыбайдың ел тарихындағы ардақты батыр болғандығын зерттеуші ғалымдар С. Қирабаев, Е. Бекмаханов, М. Әбсемет т.б. ағаларымыздың еңбектерінде ашып айтып өткен.

Белгілі ғалым З. Ахметовтың ғылыми мақаласында «Ағыбай батыр тарихымыздағы аты әйгілі ірі тұлғалардың бірі» - деп бағалауы оның тарихымыздан үлкен орын алғанын дәлелдей түседі.

Ағыбай бойындағы батырлық, ақылдылық қасиеттерді Кенесары хан да қатты бағалаған. Сондықтан да ол маңызды ойларын бірге бөлісіп, жауапты, үлкен жұмыстарды Ағыбайға сеніп тапсырып отырған. Расында да Ағыбай Кенесарының ақылшы досы, қолбасшы батыры, айырылмас жан серігі бола білді. Доскей ақынның әңгімелерінде айтылғандай Кенесары ханның «Ағыбай батыр, қамал бұзар ерсің, екеуіңе екі дүниенің байлығын берсін» - деп ризалықпен ақтарыла сөйлеуі де шындықтың бетін ашатындай (ҚРҰҒАК 1339 папка 3 дәптер). Сондай-ақ айта кететін бір жайт: Кенесары тұсында батырлардың атақ-абыройы шыққан тегіне, байлығына қарай емес, батырлық күш-қуатына, ақыл-парасатына қарай бағаланған. Бұл тұрғыдан Кенесары батырларының шығу тегі жайында, олардың өзіндік қасиеттеріне тарихшы ғалым Е. Бекмаханов та өз еңбегінде тоқталып өткен (Қазақстан ХІХ ғасырдың 20-30 жылдарында. 104-106 беттер).

Жалпы алғанда, Ағыбайдың әдебиеттегі образы нанымды тұрғыда ашылып отырады. Әрине, тарихи жыр-дастандарда, аңыз-әңгімелердегі образдарды әсерлеп үлкейтіп көрсету - оларға тән элементтер. Дегенмен кейіпкерлердің тарихи қырының айқын көрініс табуы шарт. Бұл тұрғыдан келгенде тарихтағы Ағыбай бейнесі мен оның әдеби мұралардағы сомдалуы үлкен үндестік тапқан. Яғни, Ағыбайдың тарихтағы бейнесі мен әдебиеттегі тұлғасы онша алшақтықты байқатпайды.

Әдебиеттегі Ағыбай отқа жанбайтын, суға батпайтын қиялдық образ емес, керісінше батырлық күш-қуаты біреуден асып, біреуден кем түсіп жататын, әруақтана да, қорқа да білетін шынайы тұлға.

Мысалы, «Ағыбай батырдың бір жорығы» деп аталатын тарихи аңыз-әңгімеде Адай елінің батырының күші Ағыбайдан басым түседі. Адай батырының қауқарының басым екенін сезген Ағыбай оны соққыға жығуға сескенеді. Бірақ әңгіме желісінде Адай батыр өзінің күші басым бола тұрса да, Ағыбайдың халық арасында үлкен құрметке ие болған даңқын сыйлап, аруағына сиынып, оның алдында бас иеді (ҚРҰҒАК. 1294. №2 дәптер). Сол секілді «Наурызбай-Қаншайым» жырында да жекпе-жек шайқасқа түскен Ағыбай мен Байет шалдың батырлық қуаты бір-бірімен тең түседі. Екеуінің де мықты екенін сезген Наурызбай оларды арашалап алып, достастырады («Ақжолтай Ағыбай батыр». Жезқазған. 1992. 49-бет). Міне, осы секілді көптеген мысалдарды тілге тиек етуге болады.

Бұл жерде Ағыбай батырдың әдебиет пен тарихтағы тұлғасы еш өзгеріссіз деуге болмас. Әдеби образдарға тән әсерлеп көрсету, түрлендіре сипаттау, тағы басқа тәсілдерді мейлінше қолданыла да білген. Барлығында да өзіндік романтикалық сарын бар екендігі айқын.

Ағыбайдың батырлық образы – оның жекпе-жектерінен, басқа батырларымен шайқасу қимылдарынан даралана ашылып отырады. Мысалға: бұл ойымызға дәлел боларлықтай элементтердің бірін «Наурызбай – Қаншайым» жырындағы Ағыбай мен Байет шалдың жекпе-жегінен байқауымызға болады.

Қарсыласып қалғанда,

Найзалары қағысты.

Ағыбай қылды хайласын,

Балтамен ұрып сындырды.

Шанышқанда шалдың найзасын

Ағыбай салды найзасын

Байет шалдың ұртынан

Түйреп жырып кетіпті.

Езуінің сыртынан

Ұртынан тартып алғанша,

Ағыбайдың найзасын

Ұстай алды Байет шал

Бұл дағы қылып хайласын.

Сол арада бір көрді

Шапшаңдықтың найзасын.

(ҚРАОҒК. Қолжазбалар қоры. 698 папка).

Бұл жырда ақын Ағыбайдың батырлық образын шайқас үстінде аша білген. Қарсыласы Байет шалды да мықты батыр тұрғысында көрсету арқылы Ағыбайдың батырлық қуатын айқындай түскен. Екіншіден, күші мен екі батырдың беріспей ұзақ шайқасуы арқылы жыр сюжеті күрделене түскен. Жыр қызықты болу үшін жырлаушы ақын екі батырдың әрбір қимылын жеке-жеке образдық тұрғыда әсерлей суреттейді. Ағыбай жөніндегі әдеби мұралардан тек батырдың ғана образы ашылып қоймайды, сол кездегі қазақ халқының жағдайы, ат үстіндегі алаңдаулы өмірі бейнеленеді. Жалпы Кенесары заманындағы ұлт-азаттық қозғалыстардың, үлкен қақтығыстардың қыр-сыры ашылады.

Зерттеуші ғалым Е. Ысмайловтың «Ағыбай туралы әңгімелердің қандайы болсын Кенесары – Наурызбай заманының тарихи күрес бейнесін айқын елестетіп отырады», - деп түйіндеуі де осы ойымызды толықтыра түседі (Қазақ әдебиеті тарихы. 1948.).

«Ер жігіт – ел қорғаны» дегендей батыр мұраты ел мұратымен үндесіп жатады.

Сол арқылы Ағыбай батырдың халықтық тұлғасы дараланып, ауқымдала түскендігін аңғарамыз. Мысалы, «Батырдың үш өкініші» деп аталатын халық дастанында Ағыбай батырдың өмірлік ұстанған мақсатын аңғаруымызға болады.

Қорғауға ел намысын, кегін елдің,

Найза ұстап он жетімде атқа міндім.

Атақты қол бастаған батырлардың,

Бірі боп Кене ханның соңына ердім.

Ұрысты қиян-кескі талай көрдім,

Жарты кез пұшпағы үшін туған жердің.

Көрсеттім сан ұрыста қайрат, айбын.

Отындай жарқылдадым найзағайдың

Әрқашан әруақ қолдап, жолым болып,

Дейтін ел «Әруақты Ақжолтайым», -

деп келетін монолог түрінде берілетін жыр үзіндісінде Ағыбайдың ой-арманы өз атынан айтылады. Батыр өзінің өткен күндеріне мақтанышпен көз жүгіртеді. Ел тағдыры, жер тағдыры үшін егеулі найза қолға алып, саналы өмірін ат үстінде өткізгенін айтады. Осындай жыр үзінділерден батырдың тарихи шынайы тұлғасы мейлінше айқын аңғарылады. Шындығында, сол кезеңде Кенесары ханның да оның соңындағы айбынды батырларының да арман-мақсаты біреу болды – ел мен жер тағдыры. Атамекенін қорғау – олардың өмірлік парызы болған тарихи шындық.

Бұл жөнінде тарихшы ғалым Е. Бекмаханов өзінің Кенесары қозғалысы жөніндегі бағалы еңбегінде былай деп келтірген болатын: «Кенесары қазақ жерлерінің тартып алуына күйініп қана қойған жоқ, атамекенді кері қайтару үшін де халықты батыл күреске шақырды», - деп жазады (Хан Кене. Алматы., 1993- 271-бет).

Тарихи шындық пен әдеби мұралардағы шындықтың қиюласу келбетін осындай тұстар анық аңғартады. Жырдың осы бір үзіндісінде автор батырдың шынайы өмір позициясын халықтық сипатын шама-шарқынша аша түскенін көреміз. Ағыбайдың шын мәніндегі жұртының қамын ойлаған халық батыры болғандығын айқындайтын тарихи, сондай-ақ әдеби мұралардағы дәлелдер аз емес.

Батырдың қолбасшылық қызметін сөз еткенде Кенесары әскерінің қолбасшы тек Ағыбай ғана болды деу артық айтқандық болар. Өйткені Кенесары хан әр жорықта жер жағдайына, қақтығыстың беталысына қарай қолбасшылық міндетті ауыстырып отырған. Және де Кенесары хан өз әскеріндегі батырлығы мен елге құрметті болған Ағыбай, Бұғыбай, Наурызбай, Бұқарбай, Жоламан секілді мықты батырларын бір-бірінен бөлектеп алаламаған. Олардың әрқайсысының ерекшеліктерін танып біліп, зор сеніммен қараған.

Мысалға Кене хан қырғызға жасаған ақырғы жорығында Бұғыбайды қолбасы етіп күшінің артықтығынан емес, баратын жердің жағдайын жақсы білетіндіктен сайлайды. Бірақ тарихи деректерді, әдеби дүниелерді зерделеп қарағанда бір аңғаратынымыз Кенесарымен сырлас басқа батырлардан гөрі ең жақыны Ағыбай болған. Сол секілді Кенесары – Наурызбай жөніндегі әдеби мұралардағы батырлар арасынан ең көлемді көрінетіні де Ағыбай образы.

Тағы бір дәлел Кенесары әскерінің басы Абылайлап, соңы Ағыбайлап шабуы хан жағындағы Ағыбай батырдың даңқының қаншалықты биік екендігін көрсетеді.

Батырлардың үнемі қолдап жүретін киесінің болуы, сол секілді халық арасында аталып кеткен екінші атаның болуы әдебиет тарихындағы қалыптасқан дәстүр.

Мысалға Қабанбайдың киесі қызыл түлкі болды десе, Байғазы батырдың киесі қара бүркіт, Ағыбайдың киесі бозторғай секілді кішкене ғана құс болыпты деседі. Тарихи аңыз әңгімелерде, жыр дастандарда батырлардың бұндай қасиеттері жөнінде аз айтылмаған. Сонымен қатар Қабанбайдың дарабоз атануы секілді Ағыбайдың Ақжолтай атануының басты себебі оның жорықтарының үнемі сәтті болуынан болса керек. Тіпті халық санасында «Ақжолтай Ағыбайдың жолын берсін» деген сияқты бата сөздердің орын алуы, ел көңіліндегі шынайы таным көрінісі деп ұғынуымыз қажет.

Ағыбай жөніндегі әдеби мұраларды зерттегенде байқағанымыз батырдың балалық шағы жөнінде жазылған туындылар жоқ. Бізге жеткен дүниелердің барлығы да Ағыбайдың Кенесары қасына қосылған кезеңнен бастап қана бейнелейді.

Тек Жүсіп Алтайбайұлының повестінде ғана Ағыбайдың елге танылмаған жас кезі кескінделеді.

Жалпы қазақ әдебиетіндегі Ағыбай бейнесі Кенесары – Наурызбай образдарымен тығыз байланысты тұрғыда зерттелуі қажет. Бұл образдар бірін-бірі толықтырып тұратын бір арнадан бастау алатын тұлғалар.

ХІХ ғасырдағы батырлар бейнесін сөз еткенде менмұндалап даралана көз тартатын Ағыбай батыр қазақ әдебиетіндегі ауқымды образдың бірі болмақ.

алана Аманжол Әлтай.

Қарағанды мемлекттік университетінің оқытушысы

«Сарыарқа», 1999, №1-2

Жаңартылды 05.09.2012 10:31
 
, Powered by Joomla! and designed by SiteGround web hosting