Қырғыз Алатауындағы соғыстың соңғы сәттері PDF Басып шығару E-mail
30.05.2012 14:57

Қырғыз Алатауындағы соғыстың соңғы сәттері

Кенесары хан Қырғыз Алатауындағы бір-екі соғыстан кейін «Жердің жайын білмейді» деп талай соғыста бас батыр болған Ағыбайды қолбасылықтан алып тастайды. Оның орнына Шапырашты Бұғыбайды сайлайды. Бұған дәлел Нысанбайдың жырында Ағыбай көп қайрат көрсеткенімен, жай батыр есебінде соғысып жүреді. Бірақ Қырғыз Алатауындағы соғыс сәтсіз болып, көтеріліс жеңіліске ұшырады.

 

 

Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы айтқандай, Алатауда Бұғыбай батырға сенген Кенесары қырғыз-қолдарына түскен соң, Ағыбай батыр бұрынғыдай бас билікті қолға алып, қалған әскерді құрап, майдан ашып, жеті қабат Алатауды айналған жауды жарып өтеді. Неміс ғалымы Радлов жинаған Кенесары туралы жырда былай делінген:

Кенеге тігілмеді торғын шатыр,

Топалаң тиген қойдай қазақ жатыр.

Басы екен Шұбыртпалы ер Ағыбай

Құтылды бұзып жарып сексен батыр.

Қалың қоршаудан шыққан қазақ батырлары арасында болған көтерілістің шежірешісі Нысанбай жырау да Бұхарбай батырмен еліне қайтып бара жатып:

«А-Құдайлап, Абылайлап,

Қалыңға тиіп қалдық андағайлап,

Басына түссе нәубет қиын екен,

Ақыры әрең құтылдық Ағыбайлап» - деп айтқан екен.

Ал Ағыбай болса, ол:

Кенесары құрдасым,

Бірге туған сырласым.

Арыздаспай айырылыстық,

Ақыретте қимасым.

Наурызбай беренім,

Қайратты туған ер едің,

Маңдайыңнан иіскеп,

Қош, Наурызжан, демедім, -

деп қайғырыпты.

Қырғыз Алатауынан қайтқан Ағыбайдың қолын Абакумов пен Черняевтің әскері қоршап алып, зеңбіректермен атады. Сөйтіп Америкадағы үндістерді қырған ағылшындардың қанды ісін қайталайды. Сол кезден бастап қазіргі Жамбыл облысының Мойынқұм ауданының «Айдарлы» совхозы мен «Көктерек» совхозының аралығында, Шу өзенінің оңтүстік жақ беткейін ел екі атпен атайды. Біреуі «Арғын қырылған» дейді, екіншііс «Арғын өткелі» дейді.

Көтеріліс біткен соң 1847 – 1849 жылдар аралығында Ағыбай батыр орыс отаршылдарымен қанды майданда тайсалмай соғысады. Бұл жылдары Абакумов пен Черняев және оларға ергендерді үш рет шабады. Кенесары – Наурызбай кегі үшін қырғыз манабы Кәрібоздың басын шауып, Жантай мен Жанқараштың алдына тастайды.

1849 жылы ақ патша Ағыбай батырды мойынұсынтуға әрекет жасайды. Бірақ 1855 жылы Қарқаралы шенеунігі Трусовтың рапортындағы дерегіне қарағанда Ағыбай батырға ерген ел: «бұл қырғыздар бағынуға әлі көндікпеген және басқаларға қарағанда жауынгер, барлық үйде дерлік найза, көбінде оқ-дәрімен атылатын қару бар» деп жазылған еді.

1850 – 60 жылдары Ағыбай батыр Кенесарыдан туған Сыздық, Тайшық, Жағыпар, Ахмет, Омар, Оспан, Әбубәкір, Жәкей деген балаларымен жақын қарым-қатынаста болады.

Жас кезінде Ақжолтай Ағыбайдың тәрбиесінде болған Сыздық төре батыр ағасына Кенесарының күмістелген тапаншасын сыйлыққа тартып, Түркістан соғысына шақырады.

Түркістан соғысында Ағыбай батыр оған ерген қоңыраттың батырлары Икан деген жерде орыс отаршылдарын ойсырата жеңеді. Кейін ақ патша қазақ батырларының қолынан өлген орыс солдаттарына ескерткіш орнатады. Соғыс біткен соң Ағыбай өз еліне қоңырат батырларымен бірге қайтады. Балқаш бойын мекендеген Қоңырат батырларының жері бұл күнде «Қоңырат кені» деп аталып жүр.

1865 жылы 15 мамыр күні Ағыбайдың баласы Аманжол батыр Благодатно-Стефановский рудник-қалашығын жағып жібереді. Ақтау қамалында отырған отаршылдар Ағыбайдың жасақтары Бетпақдаладан шабуыл жасай берген соң, бекіністі тастап, Солтүстікке көшіп кетеді.

Соңғы жылдары Ағыбай елі назарын егіншілік пен балықшылыққа аударады. Тоқырауын өзеніндегі «Ағыбай тоғаны» , Шу бойын, қазіргі Қарабөгет совхозынан елу шақырымдай жердегі қазылған арықтар Ағыбай батыр елінің егіншілікпен айналысқандығының белгілері.

1885 жылы Ағыбай Балқаш көлінде Тасарал қамалында қайтыс болады. Оның денесін халық бір жыл сүрелеп, ас беріп, Түркістан жағына «Қода Ахмет Иассауи кесенесіне қоямыз» деп апарады. Бірақ орыс отаршылдарыбұған қарсы болады. Сондықтан Ағыбайдың денесін Сарыарқа мен Бетпақдаланың шектескен жерінде, Тайатқан-Шұнақта жерлейді.

Тірі кезінде ісі аңызға, аты ұранға айналған батырдың өлгеннен кейінгі жатқан мазары қасиетті орынға айналып, тірілер үшін киелі, әрі әулие мекендедің бірі саналады.

Өткен ғасырдың аяғында алаш азаматы Әлихан Бөкеханов біраз зиялылармен Ағыбай күмбезінде, «өтіп бара жатқан, әдейі келген жолаушылардың ойлары, тілектері жазылып қалсын» деп, альбом ашқан екен. Бірақ 20 – 30 жылдардағы аласапыранда жиналған көп альбом жоқ болып кетті. Қырқыншы жылдары Қаныш Сәтбаев пен Әлкей Марғұлан ағаларымыз бұл еске алу альюомды қайтадан ашқан екен. Бірақ елуінші жылдары империяның шабуыл жасаған әрекеттерінен Ағыбай батыр құрметіне ашылған альбомдар екінші рет қуғын-сүргінге ұшырайды. Сексенінші жылдары батырға үшінші рет еске алу альбомдарын ашқан өз жерлестері, туыстары Серік Смақұлы, жазушы Кәмел Жүнісұлы, Зет Адамияұлы мен Зәркүл Тарғынқызы еді.

Төменде біз Қазақстанның түкпір-түкпірінен Ақжолтай Ағыбай батыр күмбезіне келіп, дұға оқып, оның құрметіне жазған мыңдаған адамның сөздерінің біразынан үзінді келтіріп отырмыз:

Біз қазақ деген ұлтымызды мақтан етеміз, сол ұлттан шыққан Ағыбай атамыздың әруағына сиынамыз, құрметтейміз және әрқашан да мақтан етеміз.

Ата! Әруағыңыз бізді қолдасын, біз сізді ұмытпаймыз!

Әділбай Шатырбаев, Алмабай Тоқтағұлов, Берік Ұзақбаев.

15.07.90 ж.

До следующей весны,

Ағыбай-Ата!

30.10.89.

(орыс геолог жігіттерінің жазғаны).

*******

Житкин Ваалерий, Жилеев Василий, Черемин Сергей и его сын Александр преклонил колен перед памятью сего Святого и благодарны за гостепримоство. Пусть в веках живет слава казахскому народу! Его человеколюбию и гостепримоству!

(орыс жолаушыларының жазғаны)

Ассалаумағалейкум!

Ардақты Арыстан Ата!

Топырағыңыз торқа болсын, иманыңыз бұйырсын. Біздей жеткіншектеріңізге әруағыңыз жар болсын!

Өзіңізге арналған дұғамды оқыдым!

Балаларыңыз: Жазылбек, Сәбит, Сейітқұл.

18.07.88 ж.

*********

Мен түсіме аян беріп «Ағыбай батыр» деген күй шығардым. Ол 1988 жылдың 6 қарашасы болатын. Міне, сол күннен бастап, өз өмірімде үлкен рухани өзгерістер болғанын сездім.

Халқымның тарихына, Ұлы адамдарына – мендегі перзенттік тартылыс күшә нығая түсіп, өнерлік Темірқазығым болып бекіді.

Міне, қазағымның Ақжолтай Ағыбай батырының әруағына бағыштап, шығарған күйімді қасиетті тұлғаның өз белгісі – киелі күмбезінің қасына келіп орындасам деп армандап жүретінмін. Сол ниетімнің орындалар сәті түсті. Ол 1989 жылдың 30 қазақ күні....

Құрметпен «Ақжолтай Ағыбай батыр» күйінің авторы Шәміл Әбілтеав.

30.10.89 ж.

Алматы - Ақадыр-Тайатқан-Шұнақ

*********

Әруағыңнан айналайын, Ағыбай батыр! Сенің рухыңа тәуап етіп, құран оқыдым. Сенің рухың қаймана қазақтың көз жасын көріп, алмағайып заманда жебеп, қолдап, қоршап жүрер деп келдім. Алла тағала қазақтың жебеушісі болсын. Аумин.

Оралхан Бөкеев.

4.10.91 ж.

******

Келешек ұрпағың үшін, болашақ қазақ тіршілігі үшін талай қан майданға түсіп, еліне жүрегін қалқан етіп, жанын шүберкке түйген Ағыбай атамызға бата етіп, басымызды июші, келер 200 жылдық торқалы тойыңа қаржы жинаушы ұрпағың біздер Сәкен Жүнісов, Дүйсен Қасейінов, Болат Жәмкенов, Қуат Ахметов, Ерік Асқаров, Тұрсын Дүйсенбаев, Ғазиз Ештанаев, Сағынбай Медеубаев, Дәурен Мұхатаев, Кәмел Жүнісов, Сағытай Медеубаев.

15 қазан 1990 жыл.

Алтайдан Ақжайыққа дейінгі аралықты алып жатқан қазақ даласында аңыз болған халық батыры Ақжолтай Ағыбайдың өмірі мен батырлығы ұрпаққа үлгі, өнеге. Алаш елінің бүгін он миллионға жетуге деген болашағы үшін күрескен Ақжолтай Ағыбайдың аты әр қазақтың көкірегінде жазылуы тиіс. Әлихан Бөкейхановты, Жақып Ақбаевты, Сәкен Сейфуллинді, Нартай Бекежановты, Әлімхан Ермеков пен Қаныш Сәтбаевты, Әлкей Марғұланды, Рахымжан Қошқарбаевты, Жазылбек Қуанышбаевты, Кәкімбек Салықовты, Жүсіп Алтайбаевты, Тоқтар Әубәкіровті қолдаған Ақжолтай Ағыбайдың әруағы бар қазақты қолдасын!

Жүсіп Алтайбай.

Азия Транзит №8(29) тамыз 2002

Жаңартылды 05.09.2012 10:31
 
, Powered by Joomla! and designed by SiteGround web hosting