Аты аңызға айналған Ақжолтай Ағыбай батыр PDF Басып шығару E-mail
07.06.2012 12:26

Аты аңызға айналған Ақжолтай Ағыбай батыр

Қазақ елі тарихында көзге түскен қаһарман тұлғалар аз болмаған. Өткенімізге көз жүгіртсек, ел бірлігін сақтаған кемеңгер билерді, ел қорғаған батырларды, халқын даналықпен басқарған хандарды тани түсеміз. Осыған орай халық аузында «Елді елге ер теңейді» деген сөз бар.

Кешегі өткен кеңестік заман идеологтары қазақтың тарихи тұлғаларының есімдерін айтқызбауға ұмтылды. Бұл түсінікті де. Өйткені, Абылай, Кенесары туралы аңыз-әңгімелердің көбінде ел тарихы, халықтың еркіндікке ұмтылысы, жер үшін соғысқан азаттық күресі – барлығы да ел тарихын баяндайды. Қазақты толық отарлап, «біртұтас Кеңес халқын» жасамақ болған Ресей тарихшыларына бұл бағыт аса қауіпті деп есептелді. Тарихи тұлғаларды жаңғырту арқылы қауіптен халықтың тарихи санасы да оянады деген қауіптен үрейленді.

 

Қазіргі кездің талабы бойынша ұлт тарихнамасына көптеген игі өзгерістер енді. Тарихымызда айғақталғандай кейбір тарихи тұлғаларамыз (Абылай, Кенесары) ел тарихына араласып қана қоймай, халқының тәуелсіздігін сақтап қалуға ұмтылды және келешек ұрпақ буынына мейлінше қолайлы жағдай жасап берді.

Бұл орайда ХІХ ғасырда көзге түскен Кенесары Қасымұлына ерекше тоқтала түскен жөн. К.Қасымұлын ХІХ ғасырдағы қазақ тарихында ел тәуелсіздігі үшін күрескен ерекше тұлға деп қарастыруымызға болады. Әрине, Кенесарытану саласында жазылған зерттеулер, басылып шыққан архив мәліметтері, шежіре деректері аз емес. Бірақ, сол 1837 – 1847 жылдарындағы көтеріліске кімдер қатысты, не үшін қозғалысты қолдады, Кенесарыны қоршаған жақтастары кімдер болды деген сұраққа әлі күнге дейін морфологиялық сипатта зерттеулер шыға қоймады.

Сондықтан біз қозғалысқа қатысқан қаһармандарды зерттеуге бет бұрдық. Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық көтеріліс барысында ерекше көзге түскен батырлардың бірі – Ағыбай Қоңырбайұлы.

Қаһарман туралы зерттеп, жинақтаған ақпаратты назарларыңызға ұсынамыз.

Шұбыртпалы руынан шыққан Ағыбай Қоңырбайұлы 1802 жылы Ұлытау өңірінде дүниеге келіп, 1885 жылы Балқаш көлінің жағасындағы Тасарал қамалында дүниеде өткен. Ол Саржан Қасымов және Сыздық сұлтандар бастаған көтерілістерге белсене қатысқан, ал Кенесары Қасымұлының ұлт-азаттық қозғалысында қолбасшы, сенімді кеңесші, әскери кеңес мүшесі болған. Әкесі Қоңырбайдан жастайынан жетім қалған, шешесі – тарақты руының атақты Байғазы батырының Қойсана деген қызы. Батырдың отбасылық-әлеуметтік жағдайы нашар болған. Бұған дәлелді Е.Бекмаханов өз монографиясында былай келтіреді: «Олардың бар байлығы тек «1 түйе, 1 ат» қана болған. Басқа малдары болмаған».

Ағыбай батырдың жастық шағы туралы мәліметті «Қазақстан тарихы» энциклопедиясынан» кездестіре аламыз. Алайда мұнда Ағыбай Қоңырбайұлының «13 жасынан бастап көтеріліске қатысты» деген дерек күмән тудырады. Ол әкесінен 13 жасында жетіс қалып, анасының жалғыз тірегі болды. Сонда ойлап көрсек, әкесінен айырылған, анасының жалғыз тірегі қалайша соғыс істеріне араласпақ?

Қаһарман туралы деректерді біз құжаттар жинағынан алдық; көптеген мәлімет белгілі тарихшы ғалымдардың зерттеулерінде; шежіре мәліметтерінде кездеседі.

«Ағыбай – иегінің астында ғана сирек сақалды, ұзын бойлы, кең иықты, шүңірек көз адам еді. Оның қолдары ұзын еді. Сүйікті қаруы тоғыз түйінді, сырғалармен әшекейленген найза болды. Найзасы құлан терісінен жасалған мықты қайыс белбеуінде ілуілі тұратын еді. Арқасында дөңгелек қалқаны, жанында күнге шағылысқан қылышы мен қысқа семсері болды».

Жастайынан жоқшылықта өскен, халқының орыс үкіметі тарапынан үнемі езгіде болуын көріп өскен Ағыбай Ресейдің озбырлық саясатына қарсы шықты. Оның патша өкіметіне қарсылығы 1824 жылы Ғұбайдолла Уәлихановтың Ресей қолына түскен соң басталды.

Ол 1830 жылдың аяғында Саржан мен Кенесары Қасымұлдары бастаған қозғалыстарында көзге түсті. Ағыбай 1836 жылы Саржан мен Есенгелдінің және Ержанның Ташкент құсбегіне барған елшілігіне қатысты. Сол кезде Саржан мен Есенгелді өзбектің құсбектерінің қолынан қастандықпен қаза табады. Ал Ағыбай болса бұл оқиғадан аман-есен құтылып кетеді. Оған қастандық жасалар түні өзбектерге келін болып жүрген рулас қазақ қызы құтқарылуды айтып, болатын қастандық туралы мәлімет береді.

1837 жылы Кенесары Қасымұлы бастаған көтеріліске батыр туыстарымен бірге қосылады. Оған дәлел ретінде Е. Бекмахановтың монографиясында: «Ол өзінің бауырлары Мынабай,Танабай, Мыңбаймен (оларың ағайындарын санағанда 62 үй болған) бірге көтеріліске алғашқы күннен бастап қатысқан. Бәрі де Кенесары хан әскері қатарында шайқасқан»,- делінеді.

Сонымен қоса, 1837 жылы Ағыбай Ақмола приказын өртеуге қатысқан. Ғалым Р.Бердібайдың «Аңыздың жалғасы» атты мақаласында осы оқиғаны толығырақ сипаттаған. «Сансыз қалың әскер Ақмоладағы жауыз патша Николайдың оң көздері мен казак-орыс сұмырайларға садақ тартты. Қамал соғып, берік бекінген жау мызғымады. Кененің ақылгөй қолбасшысының бірі, тапқыр білгіш, айлакер, жолшыл ері шұбыртпалы Ағыбай батыр еді: «осы қаланы, мына сарттар мен казак-орыстың шапандарын киіп алып, май жағып, от тұтатып, үйлердің үстіне тастайық, содан қала өртенеді, қамалдағылар еріксіз шығады, оларды сонда жасытармыз», - деді.... Қала алай-түлей өрт, айқай-ұйқай, у-шуға толды. Соғыс тынбастан бір жетідей болды.... Кененің қалың әскері Күйгенжардың басында шатыр тікті».

Қаһарман көтеріліске ең басынан бастап қатысып, Кенесарының алдында тек жағымды қырларымен көрінді. Солайша, ол Кенесары ханның сенімді кеңесшісі, жақын серігінің сыйлы орнына ие болды. Сондықтан 1837 – 1847 ж. аралығында құрылған Хан Кеңесінің мүшесі болып тағайындалған.

1844 жылы тамызда Кенесары жаңа жеңіске жетеді. 14 тамызда Наурызбай мен Ағыбай батырлар бастаған отрядтар тікелей шабуыл жасап, Екатеринск қаласын алады.

1845 – 1846 жылы Ұлы жүз жеріндегі Үйсін Бөлтірік батырымен қақтығысты. Бұған қарағанда Ұлы жүздің кейбір топтары өз билігін сақтап қалу үшін, көтерілісшілерге қарсы шықты.

1847 жылы Кенесары ханның Кекілік тауындағы қырғыздармен шайқасында Наурызбаймен бірге дұшпан шебін бұзып өтті.

Көптеген ғылыми еңбектерде Кенесары Қасымұлы көтерілісінен кейін Ағыбай батырдың не істегені айтылмайды. Шежіре деректеріне (М.Ж.Көпеев), И.Байзақовтың дастандарына қарағанда, 1847 жылғы Кенесары ханның өліміне байланысты Ағыбай батыр Ресей үкіметі қарсылығын тоқтатпай, Сыздық төремен бірге қырғыздарға, кейінірек 1849 жылға дейін Ресей патшалығының қамалдарына өз бетінше шабуылдар жасаған.

Батырдың соңғы кезеңі, яғни 1860 – 1864 ж.ж. Түркістан қаласын қорғаған шайқасқа қатысуымен аяқталады. Түркістан, Қоқан әскерін басқарушы Сыздық төреге көмектеседі. Ұрыс барысында қазақ әскері зор ерлік көрсеткенімен, патша үкіметінің күші басым болды. Олар қару-жарақтармен жақсы жабдықталған еді. Солайша, қаһарман соғыс кезінде жараланады. Жағдайы нашарланып, өлім мен өмір арасында жатқанда қасиетті түс көргені туралы дерек Р.Бердібайдың «Аңыздың жалғасы» атты мақаласында келтіріледі: «Түркістан, Иқан үшін соғыс – Ағыбай өмірбаянының ең қасиетті беттерінің бірі. Осы аңыздағы ғажап сұлу әпсана – Ағыбайдың көрген түсі. «Таң ата зеңбіректердің гүрсілі естілді. Қазақ әскері зор ерлік көрсеткенімен, көп шығынға ұшырайды. Себебі – зеңбіректердің аздығынан. Ағыбай жараланып, есінен танып құлаған екен. Құлаған жерде Ағыбай түс көреді. Түсінде Хазірет сұлтан аян беріп, «Ақжолтай батыр, келген жерің осы, батырлығыңның біткен жері осы. Найзаның орнына құран ұстайтын кезің келді. Осы жақын жерде Қощқар-Атаның суы бар, сол саған ем болады, жараларың жазылады» деп айтқан екен. Ағыбай есін жинап қараса, айнала тып-тыныш, әрлі-берлі жүрген жүрген шырақшыны шақырып алып, «Қошқар-Атаның қасиетті суын әкел» дейді. Ем алған соң, Ағыбай жергілікті қоңырат батырларын жинап, Иқан деген жерде орыс әскерімен майдан ашып, соғысқан екен».

1847 жылы Ағыбай батыр қоршауды бұзып өткен. Бұл оқиға М.Ж.Көпеевтің шежіре-қолжазбасында 2 түрлі нұсқада баяндалады.

«Естібай қудың айтуы бойынша: «Дулат қырғызға қарай қашты, Кене қолы Сарыарқаға қашты. Қазақтың көбі таудан құлап, аты бір жаққа домалап, өзі бір жаққа домаласып, өлгені өлді ме, өлмей тірі қалғаны қол терілері ойылып, табан терілері сойылып, ес кетті, жан шықты дегенде ел тапты.

Ағыбай батыр туын жықпай таң атқанша тұрған жерінде тұрып қалды. Таң атқан соң, оқ бойы өзі алда жүріп: «Ағыбай!» - дегізіп, жолдастарын шулатты да отырды. Қырғыз қақ жарылып жол бере берді. Бір қырғыз беттен бөгеуге бата алмады. Сол жүргеннен жүріп отырып, тайдай тал түсте аман-есен құтылып шықты.

Кенеге тігілмеді алтын шатыр,

Топалаң тиген қойдай қазақ жатыр,

Бас екен шұбыртпалы ер Ағыбай

Құтылған есен-аман сексен батыр.

Бұл сөздерді Естібай, Бестібайдың Естібайы сөйлеген. Естібай қу атанған. Өзі есалаң, жынды кісі болып, есебін тауып, қулықпен құтылған» (Мәшһүр қолж. 1 үлгі).

Ал енді екінші нұсқасында оқиға барысы керісінше берілген. Ағыбай 80 батырымен қоршауды бұзып жарып,қаша ұрыс салып құтылады: «Кенесары ханның қолы дулат дүркірей жөнелген соң, түн ішінде сатырлап қашты. Кене хан өзі тұрғанжерінде тұрып қала берді. Ағыбай, Жанайдар 3 қайырылып барды: «Жүріңіз, тақсырлап». Хан болмады.

Сонда қырғыз Суданбек деген ханға қылыш суырып дүрсе қоя бергенде, Жанайдар батыр Суданбекті жанаса беріп шауып қалғанда, Суданбектің басы допша домалап жерге түсті. Содан сол қылыш «Суданбекті шапқан көк қылыш» атанды. Жанайдар батырдыңүйінде әлі бар.

Ханның қашпасын білген соң, Арғынның 80 жігітімен Ағыбай, Жанайдар бірі алдынан кезеуілші болып, бірі артынан тосқауылшы болып, қуып кеткен қырғыздарды шаншып тастап, аман-есен құтылып елге келді» (Сәшһүр қолж. 2-нұсқа).

Ағыбай батыр өз елінің беделді, әрі атақты батыры болған. Оның даңқы, абыройы жайында Иса Байзақовтың «Қойшының ертегісі» поэмасында төмендегідей жолдармен беріледі:

Білмеген Ағыбайды ел болмаған,

Тең келіп қарсыласар ер болмаған.

Ағыбадың үш жүзге даңқы кетіп,

Ол кезіп, ол бармаған жер болмаған.

Сонымен қатар, батырдың аталып өткен ерліктерін жоғары бағалаған қазақтың ақын жазушылары да аз болмаған. С.Сейфуллин «Ақжолтай Ағыбай батыр» атты роман, Жүсіп Алтайбаев ол туралы повест жазып кеткен.

Халық арасында Ағыбайды «Ақжолтай» немесе «Көсе» деп атаған. Ол ханның бас батыры, кеңесшісі болған. Кенесары оған деген үлкен құрметін көрсетіп, оны «Көсе» дейтін. Бұл туралы Е.Бекмаханов өзінің ғылыми еңбегінде атап көрсетеді: «Ағыбайдың көтерілісшілер арасында қатты кұрметтелетінін Кенесарының әйелімен арасындағы мына бір әңгімеден аңғаруға болады: бірде ханым Кенесарыдан: «Сіз қол астыңыздағы кейбір батырларыңызға мың басы, бес жүз басы деген ат бересіз, ал осы аттардың біреуін Көсеге (Ағыбайға) неге бермейсіз?» деп сұрайды. Сонда Кенесары: «Менің әскерімнің бастапқы шебі жауға «Абылайлап» шапса, ал кейінгі қатары «Ағыбай» деп ұран салады. Міне, сондықтан оған әскери атақ бермеймін», - деп жауап қатады». 1841 жылы хан оған күмістелген қанжар тарту етеді, ол қанжар кейін 1896 жылы бүкілресейлік көрмеде көрсетіледі.

Ағыбай көтерілістің соңына дейін Кенесарыға деген адалдығынан айныған жоқ. Хан қаза тапқан соң, Ағыбай шұбыртпалы руымен қазіргі Ақмола облысының территориясына қоныс аударып, 83 жасында Қайрақты деген жерде қайтыс болады. Батырдың жанашыр халқы оның мәйітін Түркістандағы Қожа Ахмет Иассауи кесенесінде жерлемек болады. Алайда орыс мемлекетінің озбырлық отарлау саясаты бұған жол бермеді. Осылайша, Ағыбай батыр Сарыарқа мен Бетпақдаланың шектескен Тайатқан-Шұнақ деген жерінде жерленеді.

Өз елінің қамын ойлай отыра, белгілі бір ерлік әрекет жасауы арқылы халық арасынан ерекшеленіп шыққан адамды біз тұлға деп түсінеміз. Осылайша біз Кенесары ханның қозғалысына қатысқан Ағыбай Қоңырбайұлының жеке тарихи тұлға деп қарастыруды жөн көрдік.

Ағыбай – көтеріліс барысында Кенесары ханның әрдайым жанында болған сенімді кеңесшісі, әскери кеңестің мүшесі, ханның ерекше жасағының қолбасшысы. Батырлар арасында үлкен құрмет пен беделге ие болған, ал халық арасында аты аңызға айналған келешек ұрпаққа үлгі болар қаһарман.

Сан жылдар бойы ел тәуелсіздігі үшін күрескен Ағыбайдай батырларымыздың өмірі мен жасаған ерліктері жайлы мәліметтерді қазіргі таңда бейбіт өмір сүріп жатқан жұрт алдына насихаттау біздің ортақ парызымыз.

Естай Жүсіпов,

тарих ғылымдарының кандидаты,

Рауза Амангелді,

Пакизат Масғұтова,

Айдана Байкулова.

«Айбын», №1, 2009, 13-18 бет

Жаңартылды 05.09.2012 10:31
 
, Powered by Joomla! and designed by SiteGround web hosting