Кенесары, Ағыбайлар бастаған ұлт-азаттық қозғалыстың зерттелуі PDF Басып шығару E-mail
05.07.2012 06:31

Кенесары, Ағыбайлар бастаған ұлт-азаттық қозғалыстың зерттелуі

Ұлт азаттығы жолында болған ең ауқымды да маңызды қозғалыстардың бірі Кенесары, Ағыбайлар бастаған қозғалыстардың ел тарихында алатын орны ерекше. Десек те, ХIХ ғасырдағы қазақ халқы басынан кешкен ең ірі оқиға болып табылатын бұл қозғалыстың тарихтағы орнын толық бере алдық па? Әдебиет тарихындағы ауқымын ғылыми тұрғыда түбегейлі зерттеп болдық па? ХХ ғасырда бұл тарихи уақиға жөнінде әдебиет және ғылымда қандай қадамдар жасалды? Міне осы бағытта атаулы ғылыми мақадада ой қозғап, пікір білдірмекпіз.

 

Бүгінгі тәуелсіздігіміздін арқасында өткен тарихымызға оң көзқараспен қарап, кеңестік жүйе кезінде айтылған теріс пікірлердің қателігін түзеп жатқандаймыз. Осы тұрғыдан Кенесары, Ағыбайлар бастаған ұлт-азаттық қозғалыс жөнінде де кейінгі тәуелсіздік алғаннан бергі жылдарда оң пікірлер айтылып, зерттеле бастағандай. Әйтсе де бәрін айтып болдық деген ойдан аулақ болғанымыз абзал. Бұл тақырыпта алдымызда әлі зерттейтін, атқаратын қыруар жұмыстар бар екенін ұмытпауымыз қажет.

ХХ ғасырдың 90-жылдарына дейін Кенесары бастаған қозғалысқа тек теріс пікірлер айтылды деуге болмас, өйткені, 50-жылдарға дейінгі аралықтағы әдеби туындылар мен ғылыми еңбектерге үңілсек, ол жөнінде құнды оң пікірлердің болғанын байқаймыз. ХХ ғасырдың елуінші жылдарына дейінгі аралықта бұл тақырыптың зерттелуіне алғашқы сара жолдың дұрыс салына бастағанын көреміз. Өкінішке орай, одан бергі әдебиеттерде, ғылыми еңбектерде Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық қозғалысқа тек теріс баға беру етек алған. Бұл, әрине, сол кезеңдегі қоғамдық идеологияның әдебиетке, ғылымға, ел тарихына тигіген үлкен қиянаты деп білуіміз керек. Осы кезеңде Кенесары, Ағыбайлар туралы оң пікірлер айту түгілі, олардың атын атауға да тиым салынған болатын. Соның кесірінен Кенесары, Наурызбай, Ағыбайлар жөніндегі қыруар әдеби, тарихи мұрағаттар зерттелмей, жабулы қазан жабулы күйінде қала берді. Тіпті басқа еңбектерді былай қойғанда Қазақ ССР энциклопедиясының өзінде Кенесарыры қанқұмар, қарақшы бейнесінде ғана атап, ол бастаған ұлт-азаттық қозғалысқа теріс баға берілген.

«Кенесары Қасымұлы 1841 жылы хан болып жарияланғаннан кейін, өзінің нағыз қатал, мейірімсіз адам екенін көрсетті. Ел ішінде феодалдық алауыздыққа, барымтаға кеңінен жол ашты. Осы мақсатпен билер соты қалпына келтіріліп, олар даулы мәселелерді шариғат негізінде шешіп отырды. Кенесары Қасымұлының бұл әрекетіне наразы болған бұқара одан іргесін аулақ салды. Патриархалдық-феодалдық қатынастарды нығайтуға бағытталған Кенесары Қасымұлының саяси және экономикалық шаралары Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық өрлеуіне зиянын тигізіп, экономиканың алдыңғы қатарлы прогресшіл формаларына өтуге кедергі жасады».

Міне, энциклопедиядағы бағалаудың тұрпаты осындай болғаннан кейін, басқа еңбектердің де осының жетегінде болатындығы түсінікті. Қазақ халқының тәуелсіздігін аңсаған ұлт-азаттық қозғалысты феодалдық-монархиялық деп атауының өзінен кеңестік саясаттың теріс көзқарасын анық аңғаруымызға болады.

Әйтсе де, жоғарыда айтып өткеніміздей, ғасыр басында Кенесары хан бастаған ұлт-азаттық қозғалыс жөнінде дұрыс оң еңбектердің болғанын да жоққа шығармауымыз керек.

Бұл тұрғыдан келгенде біз тұлғалы ғалым, қоғам қайраткері Әлихан Бөкейхановтың еңбегіне ерекше тоқталғанымыз дұрыс. Өз аты-жөнін Степняк деген атпен берген 1923 жылы Түркістан мемлекеттік баспасынан жарық көрген «Материалы истории Султана Кенесары Касымова» атты еңбегінде Әлихан Бөкейханов шындық жолындағы құнарлы ойын айтады. Әлихан Бөкейхановтың осы еңбегінде Кенесары хан жөнінде сүйіспеншілікке толы мынадай шуақты сөздер жазылған:

«Различные труды по истории Туркестан уделили слишком мало внимания такой крупной величине, какой является истинный сын степей, как Султан Кенесары Касымов. Историки Туркестана только вскольз упоминают о Султане Кенесары Касымове, причем некоторые из них видят в нём стремление добиться ханского достоинства. В личности Султан Кенесары Касымова , по-моему, правильнее было бы видеть просто проявление протеста свободолюбивого степняка, стремящегося всеми средствами достичь объединения для борьбы с захватными действиями русского правительства. Выяснить настоящую физиономию Султана Кенесары Касымова – дело будущих историков»

Әділ ойын осылай тұжырымдай білген Әлихан Бөкейханов Кенесарыдай тарихи ірі тұлғаға деген көзқарасын өзінің мынау өлең жолдарымен де айқын білдіреді:

За годом год хромали годы

Прошло их много с той поры

Как вольный сын степной свободы

Казнен батыр Кенесары.

Но дух его бунтарской воли

Его борьбы кровавый след

Был маяком киргизской голи

До дней свободы, дней побед.

Аталған тақырыпқа байланысты 1947 жылғы орыс тілінде басып шығарылған, зерделі ғалым Е.Бекмахановтың «Қазақстан ХIХ ғасырдың 20-40 жылдарында» атты іргелі еңбегін ерекше атап айтқанымыз жөн. Ғалым өзінің бұл еңбегінде қазақтардың ХIХ ғасырдағы шаруашылығы, әлеуметтік жағдайы, Қазақстан мен патшалық Ресей арасындағы байланыс , Орта Азия хандықтарымен қарым-қатынас, Кенесары ханның он жыл бойы жүргізген ұлт азаттық күресін жан жақты аша отырып, ғылыми дәлелдермен терең жаза білген.

Кеңестік жүйенің қыспағына қарамастан Е.Бекмахановтың көптеген дүниелерді жасқанбай, шынайы айта білуінің өзі ғалым еңбегінің биіктігін көрсетеді.

Е.Бекмаханов ұлт азаттық қозғалыстың көсемдерінің негізгі мақсатын былай түйіндейді: «Кенесары қазақтардың ежелгі тәуелсіздігін қалпына келтіреміз, яғни тәуелсіз Қазақ мемлекетін құрамыз деген ұранмен күрес жүргізеді. Халық бұқарасының жанына жақын талаптар қазақ кедейлерінің де, сонымен қатар байғұстардың да, жатақтар мен егіншілердің де мүддесін қозғағандықтан олардың күреске белсене қатысуы табиғи еді.»

Ғалым Е.Бекмаханов атаулы еңбегінде Кенесары, Ағыбайлардың Ресеймен жауласуды көздемегендіктерін, тек қазақтың тәуелсіздігіне қол сұқпауларын талап еткенін, патшалық Ресейдің түпкі пиғылын сезгесін, елінің азаттығы үшін атқа мінгендігін айтып өтеді. Көптеген тарихи шындықты ашып айтуға кеңестік саясаттың мүмкіндік бермегеніне қарамастан ғалымның біраз дүниелерді айтып кеткендігіне көз жеткіземіз.

1948 жылы Қазақ ССР Ғылым Академиясы баспасынан жарық көрген Қазақ әдебиетінің тарихы атты оқулықта аталмыш тақырыпты сөз етеді. Онда ұлт азаттық көтеріліске дұрыс пікірлер айтылып, Кенесары хан, Наурызбай батыр, Ағыбай батыр, Жанқожа батыр, Бекет батырлар жөнінде жеке жеке тоқталып, біраз мағлұматтар берілген. Атаулы оқулықта бұл көтерілістің ел тарихындағы маңызды орнын былай түйіндейді: «ХIХ ғасырдың алғашқы жартысындағы қазақ халқының ұлт-азаттығы жолындағы күрестердің ең іргелісі – Кенесары Қасымұлы бастаған халық көтерілісі еді. Он жылға созылған (1837-1847) бұл көтеріліс қазақтың әлеуметтік тарихынан қандай зор алатын болса, ауыз әдебиеті тарихынан да ерекше орын алады» [5]

ХІХ ғасырдағы Кенесары бастаған қозғалыс туралы айтқанда мына ерекшелікті ескергеніміз абзал: Кенесары хан бастаған бүкілхалықтық қозғалыстың аса ірі тарихи қоғамдық, саяси оқиға ғана болып қоймай, соның негізінде бүкіл ұлттық ғасырлар бойы қанына сіңген адами, ұлттық болмыс-бітімін жарқырата көрсететін әдеби мұралардың дүниеге келуі және ол мұралардың сол кезеңнің шындығын бейнелейтін ең озық шығармалар екендігі. Ол шығармалар қыруар проблемаларға кешенді түрде баға беруімен де құнды. Бұл тарихи шындықты бұрмалаушылықты, тұтас халықтың рухани мұраларын кемсітушілікке тырысқан идеологияны, тұтас ұлтымыздың мақтан тұтар көсемдерін халық тарихында алатын орнын жоққа шығаруға бағытталған шараларды т.б. академик А.Панкратовтың шынайы ғылымға тән пікірінен, яғни 1949 жылдың 11 қазанында Ілияс Омаровқа жазған хатынан көруге болады: «Среди ряда источников существует непременное стремление ухудшить историю казахского народа, вопреки исторической правде. Я совершенно не понимаю, почему грузинские цари и узбекские ханы могут считаться при аналогичных исторических условиях прогрессивными деятелями, а казахи должны чернить Аблая и Кенесары Касымова? Я ни в коем случае не могу стать на антиисторический путь оценки этих виднейших деятелей казахской истории, тем более, что наши критики не подтверждают своих выводов решительно никаками документами и историческими фактами».

Кенесары, Ағыбайлар бастаған ХІХ ғасырдағы ұлт-азаттық қозғалысқа байланысты ғылыми зерттеу еңбектер енді ғана өз жалғасын тапқандай. Бүгінгі тәуелсізік алған шақта ғасыр басындағы Ә.Бөкейханов, Е.Бекмаханов, М.Әуезовтер салған жолмен бұл тақырыптағы ғылыми арнаны кеңейту түсу, тереңдете түсу бүгінгі ұрпақтың міндеті болмақ.

Аманжол Әлтай

 

Жаңартылды 05.09.2012 10:29
 
, Powered by Joomla! and designed by SiteGround web hosting