Абылай хан алаңындағы батырлар сайысы PDF Басып шығару E-mail
09.07.2012 09:29

Абылай хан алаңындағы батырлар сайысы

1822 жылы наурыз айында Қасым ханның тоқалы ұл тауып, Көкшетаудағы қоныстанған елге үлкен қуаныш әкеледі. Қасымханның кенже баласының шілдеханасына үш жүздің атақты билері, рубасылары, батырлары келген еді. Жиналған ел баланың атын Наурызбай деп қояды.

Ат жарыста жиырма жасар Кенесарының аты бірінші келгенде Қасым ханның қуанышы екі есе тасыды. Сонда баяғыда Абылай заманында ерлік көрсеткен қарт батырлар айтқан екен: «Ей, Қасым хан, нәрестең бізді бір қуантса, бір ұлың өзінің батырлық тұлғасымен көзге түсіп отыр. Осы жерде қазір үш жүздің ең мықты, қазақтың бетке ұстайтын, намыс жібермейтін жас батырлары жиналған екен. Баяғыдай Бурабай көлінің жағасында Абылай алаңында батырлар сайысын өткізіп, Кенесарыны сыннан өткізбейміз бе? Кезінде ұлы бабаң бізге, бесқарулы ержігітке он талап қоюшы еді, олар: «күресте жеңу, аударыспақта басым түсу, садақ тартқанда құралайдың көзіне тигізу, құрықпен, шоқпармен өнер көрсету, асау атты үйрету, бүркітпе түлкі алу, бәйгеде мәреге алғаш жету, қылыштасуда көзге түсу, найзаласуда жауын қаңбақтай ұшыру, найза атуда нысанаға дөп тигізу». Сонда Қасым: «Қадірлі халайық, қадірлі қарт батырлар: «Есіл ер ел үшін туады» деуші еді, сіздердің ақылдарыңыз ақыл екен. Орда бұзатын халқымызға қамал болатын жас батырларымызды сыннан өткізу ел алдында үлкен борыш», - дейді.

 

 

Бұл айтылған сөздерден кейін Абылай алаңына Ұлы, Орта, Кіші жүзден іріктеліп, ең жаужүрек, найзагер батырлар топтанады.

Қарт батырлар кеңесінен кейін, әр жүзден бір-бір батыр Кенесары батырмен сайысқа түсуге шығады.

Бірінші күні Кенесары «Абылайлап» Ұлы жүздің батырымен найзаласып, Қасым ханды қуанышқа бөлейді. Екінші күні топты жарып шыққан Кіші жүздің батырымен сайысқа түскенде, Кенесары Абылайдың аруағын шақырып жеңіске жетеді. Үшінші күні Орта жүзден қарт Бөгенбайдың, Қабанбайдың, Олжабайдың, Малайсарының, Шақшақ Жәнібектің, Қаздауысты Қазыбектің, Баянның, Байқозы батырлардың ұрпақтары шығады!» - дегенді естігеннен кейін халық есепсіз көп жиналып: «Әй, тоба!» - деп күтіседі.

Сайыс өтетін уақыт келеді. Кенесары мазаланып қарама-қарсы беттегі топтанып тұрған батырларға қарай береді. Бір кезде сол топтан қос жұдырықтай екі ақсақал шығып, Қасым ханның алдына келіп: «О, Алдияр! Кенесары батырмен сайысқа түсетін батырларымыз жоқ, баяғыда асыл бабаларымыздан тамырымыз үзілген деген осы» деп күңіреніп, бүгіліп отыра қалыпты. Қасым ханды ашу кернеп: «Бұл не дегендерің, алжыған шалдар, сенбеймін, үш күн беремін, менің Кенеме қарсыласын тауып беріңдер!» - деп әмір айтады.

Үшінші күні айтқандай, Абылай алаңына орта жүздің ақасақалдары бір батырды шығарған екен. Өткен үш күнде Қасым хан да жай жатпай, Ұлы жүздің, Кіші жүздің адамдарын шақырып айтқан екен: «Кенекең шапқанда «Абылай» деп қостап сендер де ұран салыңдар», - дейді.

Кенесары сайланып шығып, қарсыласына қараса, астында бір шұбар аты бар екен, аяғы салақтап жерге дейін жеткен, үстінде жалба-жұлба құлынның терісінен жасалған бір киімі бар, қолында найзаның орнына ұстағаны құрық дейді. Осыны көрген Кенесары мырс етіп, әкесінің алдына барып: «Әкежан, алдымда тұрған жын ба, пері ме, не дулығасы, не найзасы жоқ, аты тым қораш екен, соны батыр деп қалай сайысқа түсем» деген екен. Сонда Қасым: «Ей, балам, «ерді кебенек ішінен таны» деген, не болса да соны жайғап кел», - деп сайысқа жібереді.

Кенесары атын таудағы лақтай секіртіп-секіртіп алып, «Абылай, Абылай» деп ұран салып қарсыласына ұмтылады. Абылай алаңына жиналған ел «Абылай, Абылай» деп қостап, шыққан дауыстары Оқжетпестің қиясында отырған құстарды дүрліктіреді. Бұл кезде Кенесарының қарсыласы да желіп келе жатады. Қызыққан ел «ұраны қандай екен» деп құлағын салуда. Бір кезде жаңағы еңгезердей дәу «Ақжол, Ақжол» деп ұран салады. Батырдың «Ақжол» деп шақырған аруағынан Бурабайдың толқыны шымырлап кетіпті. Қарап отырған Қасым хан бармағын шайнап жіберіп: «Әттең, Кенесары құлады ғой, құлады», - дей беріпті. Қасында отырған үлкен шешей «Тәйт, бұл не сандырағың» дегенде, Қасым хан: «Кенекем Абылай деп ұран шақырса, анау бейтаныс жігіт Абылай бабамыздың «Ақжол» деген аруағын ұранға қосты ғой», - деген екен.

Қасым хан болжағандай бейтаныс батыр жақындағанда Кенесарыдан құрығын бұрын жұмсап, оны аттан төңкеріп кетеді. Осымен сайыс бітеді.

Қасым хан бейтаныс батырды шақырып жөнін сұраған екен. Сонда батыр: «Менің атым Ағыбай, арғын-қаракесек руының ішінде шұбыртпалы руынан боламын», - дейді. Қасым хан отырып: «Айтулы Кенесарыға жолдас болатын ер екенсің, не тілеуің бар?» - деп сұрайды. Ағыбай: «Біз алпыс үй шұбыртпалылар ағайынның алакөздігінен жәбір көріп, Арқаны тастап Сыр бойын паналап жүрміз», - депті. Сонда Қасымхан: «Осындай ер туғызған шұбыртпалы руына» деп, Бетпақдаланы қоныс етуге әмір беріпті.

Азия Транзит, №8(29) тамыз 2002, 40бет

 

Жаңартылды 05.09.2012 10:20
 
, Powered by Joomla! and designed by SiteGround web hosting