Аңыздың жалғасы PDF Басып шығару E-mail
16.07.2012 14:10

Аңыздың жалғасы

Қазіргі кезде елдің ескі өмірінен дерек беретін аңыз-әңгімелерді жинау, жариялау қарқын алып келеді. Мұның түпкі себебі тарихымыздың жабық жатқан беттерін, бұрын елеусіз қалып келген ұлт, тайпа, ру қайраткерлерін жұртшылыққа таныстыру ниетінен туса керек. Ұзақ ғасырлар бойында өзгеге тәуелді ел болғандығымыздан, өз тарихымызды зерттеуге мүмкіндік тумай келгендігі белгілі. Енді жариялылыққа жол ашылған кезде бұрын қалтарыста жатқан, көмескі тартқан көне деректерді қайта аршып алу қажеттігі кәміл. Ал осы тараптағы ізденістер мен жарияланымдар сипаты әрқилы екені маман тарихшы еместерге де айқын көрінеді.

Бұрыннан аты жазба деректерден белгілі адамдар, оқиғалар туралы қосымша мағлұмат беретін, түсініктерімізді байытатын, архивтік немесе ауызша айтылып келген аңыздарды  бірінші топта алып қарауға болады. Содай-ақ бұл уақытқа дейін аты-жөні көпшілікке бұлдыр, кейде мүлде белгісіз болып келгенімен, тарихқа берер дерегі мен керегі күмән туғызбайтын, нақтылығы, шындығы көңілге қонымды аңыздарды да осы топқа жатқызу ләзім. Бұлар бұған дейін қорытылған ойлар мен тұжырымдарға тың дәйектемелер қосады, тарихи ұғым аясын арттыра түседі. Ғылым өрісін кеңейтетін де, тың пікірлер ұсынуға негіз болатын да, бейнелеп айтсақ, осындай аз да болса, саз, қысқа да болса, нұсқа сөздер.

 

 

Соңғы жылдарда баспасөз бетінде, кейде кітап болып таралып жүрген аңыз әңгімелердің екінші тобы туралы «міне жаңалық» деп айту қиын. Жаңалық деген сөзді бұл арада қолдану тым ерсі болар еді, оларды жаңа былық деп атасақ, ақиқатқа жақынырақ келмек. Мұндай аңыздардың ерекшелігі – ішінде табан тірерлік бір де бір құжаттық тұғыры болмай, «пәленше екемнің жадында қалған» екен дегендей ауызша тараған сөздер болып келетіндігі. Ондай сөздерді жиып, жариялаушыларға он ғасырыңыз он-ақ аттамдай көрінеді, ғылыми принциптер шартымен мүлде ісі жоқ, шарықтаған қиялы қай жерге жетсе, сол жерге барып тоқтайды. Олар осыдан екі-үш ғасыр жасаған белгілі бір рубасыларды мың жыл бұрынғы бір-ақ апарады. Ауыл арасында шоқпар көтеруге жарағандарды бас батыр немесе хас батыр деп мінездеп, қазақ халқының ары мен намысы үшін күрескен ұлы батырлар қатарына апарып қояды. Бір тайпаның атасы боп саналатын белгілі бір байды асқан қолбасы, заманының данышпаны ете салады. Екі ауыз сөздің қисынын келтіріп, дау-дамайда төрелік айтқан, аулына, аумағына мәлім болған шешендерді аты аңызға айналған Жиреншенің қасына жақындатады. Төкпе ақындыққа қабілеті бар, өз өңірінде азды-көпті құрметке ие болған өлеңшілерді Шалкиіз жырау мен Бұқар жыраулар тізбегіне қоса қояды. Міне, осындай «тамашаларды» көріп, сезіп келе жатқанымызға  бірнеше жылдың жүзі болды.  Әлгіндей зерттеусымақтардың жаңсақтығын көрсетіп, сын жазып, дұрыстыққа шақырғандарға «тайпа тарихшылары» айылын да жимайды, белгілі бір ауыл, аймақтың «сұранымы» осы деп, кітаптан соң кітап шығарады. Анықтық үшін айта кетелік, аңыздарды жинау да, қадір тұту да керек. Бірақ ол тарих емес, ел қиялы әсірелеп әкеткен ауыз әдебиеті шығармасы деп қарасақ керек. Ал аңызды тарихи шындық деп ұсыну барлық жағынан да зиянды құбылыс. Бұл өз алдына үлкен әңгіменің тақырыбы.

Біздің сөз етпегіміз тарихи орны күмәнсіз, бірақ әлі де болса, шын тұлғасы жеткілікті танылмай жүрген, аңызы мен ақиқаты аралас келетін ұлы батырларымыздың бірі – Ағыбай жөнінде жиналып, хатқа түскен деректрдің мәні жөнінде. Рас, бір есептен былай тұжырым айтуымыз артықтау да болып естілуі мүмкін. Ағыбайдың қазақ халқының соңғы ханы, қолбасы, кемеңгері Кенесары бастаған азаттық күресінің ақырына дейін саптасы болғаны тәуелсіздік туын қолынан түсірмеген табанды батыр екені зерттеулер мен мақалаларда аталмай жүрген жоқ.

Аса көрнекті қазақ жазушысы І.Есенберлиннің «Қаһар» романында да Ағыбайды сипаттайтын тартымды беттер аз емес. Дегенмен Кенесары бастаған ұлт-азаттық қозғалыстың мән-жайы әлі де талай-талай зерттеу тақырыбы болуға лайық екені сияқты сол көтеріліске  саналы түрде жан-тәнімен беріліп, қызмет еткен, азаттық идеясымен жалындаған Ағыбайдың нұрлы тұлғасы халқымыз тәуелсіздік деген ұлы мұраттың қасиетін терең түсінетін болған сайын асқақтай беретіні күмәнсіз.

Ағыбай жөніндегі аңыз-әңгіме, өлең-жыр жинағы «Ақжолтай Ағыбай батыр» (Жезқазған, 1992) деп аталады. Жинақты құрастырған, алғысөзін, түсініктемелерін жазған филология ғылымдарының кандидаты Марат Әпсәметов. Кітапты оқып шыққанда ел бостандығы жолында жаным құрбан деп атқа қонған, мансапқа, байлыққа қызықпай, тура бетінен таймаған эпикалық батыр бейнесі көзге елестейді. Ел аузынан жазып алынған, кейде әсіреленген әңгіменің кез келгенін болып өткен істің көшірмесі, анық ізі деп қарамаймыз. Халық өзі сүйген қаһарманының басына дүниедегі ең жақсы қасиеттерді үйіп-төгіп беретіні белгілі. Өйткені шын батыр мен қара күш иесі, табанының бүрі жоқ пайдакүнемдердің айырмашылығын халықтың қырағы көзі қапысыз таниды, ер кім, «ершік» кім екенін ажыратады. Осы себептен Ағыбай батыр жайында айтылған қиялы аралас әңгіменің ерекшелігін де есепке ала отыру қажет. Сонда ел Ағыбайды қалай, не үшін дәріптейді? Мұны аңыздар мысалымен әңгімелесек, қызық-қызық ұғымдар шығады.

Эпикалық жырлардың дәстүрін аңыз сарынынан да көреміз. Бұл Ағыбай шыққан шұбыртпалы руын билеушілерді мадақтаулардан да байқалады. Бұл елдің бұрынғы әміршісі Хана би жасы сексенге келгенде өзінің орнын басқалы тұрған жас жігіт Бекежанға бата беріп, «мінезің қара жердей ауыр болсын, құлағың тебінгідей сауыр болсын,  арқаң қара нардай жауыр болсын» деп тілек-бата айтыпты-мыс.

Сол Бекежанның баласы Әйеке де жұрттың сөзін ұстаған айналасына әйгілі адам болады. Бұл арада аңыздың айтпағы тектіден текті туады деген ұғымға сайса керек. Енді бір әңгімеде Ағыбайдың анасы Қойсана Абылай ханның ту ұстаушысы Байғозы батырдың қызы екені айтылады. Қойсананың қайраттылығы былай сипатталады: «Ағыбайға екіқабат күнінде көшіп келе жатқанда алты қарақшы көшіне тиіп, жалғыз әйел ұрыс қып, қолындағы бақанмен алтауын ұрып түсіре береді. Жау бірін-бірі сүйеп, әйелден жеңілген соң біреуі тұрып, «Қояйық, бұл әйелдің күші емес, ішіндегі арыстанның күші ғой» деген екен». Осы аңыздың ақырында Қойсананың ешкімге бой бермеген асау атты жуасытып, жүгендеп мінгені айтылады. Осылай ел аңызы Абылайдың алыптығы анасынан дарыған дегенді меңзейді. Қара сөзбен айтылғаны болмаса, нағыз классикалық эпоспен үндес шығып тұр.

Эпикалық жырлардың құрылысында қаһарманның ерлігін сынау, жеңіске жеткізу күрделі орын алады. Ағыбай да осындай өнерімен ерте көзге түседі. Ол батыр үшін шарт болып саналатын, «күресте жығу, аударыспақта басым түсу, садақ тартқанда құралай көзіне тигізу, құрықпен, шоқпармен өнер көрсету,асау атты үйрету, бүркітпен түлкі алу,атжарыста мәреге алғаш жету, қылыштасуда көзге түсу, найзаласуда жауын қаңбақтай ұшыру, найза атуда нысанаға дәл тигізу» секілді сындардан мүдірмей өтүі тиіс болған. Ағыбай сайыста ешкімді шақ келтірмейді, тіпті Кенесарының өзін де жеңеді. Өзге мәнбелердің ешбірінде сақталмаған бұл «құпияны» аңыз ғана ұмыттырмаған. Ауыз әдебиеті, тіпті, ресми тарихқа түспеген мағлұматтарды бере алады дейтінге бұл да дәлел. Қоқан билеушісінің Қасымхан балаларын арамдық жолмен жоймақ ниеті, өздеріне елшілікпен келген Есенгелді, Саржандарды опасыздықпен өлтіргендері де аңыз түрінде айтылып келген. Қоқандықтардың кісәпір әрекетінен Ағыбайдың қалай құтылып шыққаны туралы аңыздама осы оқиғаға жаңа дерек қосады. Ресми тарихи құжаттарда Ағыбай Кенесарының қарауындағы батыр деген сөз ғана қайталана айтылады, ел арасында бұлардың өзара қат-қабат қайшылықтарын сипаттайтын аңыздар да сақталған. Бұл – аңыз түбінде тарихтан бетер тарих бар деген қағиданы дәлелдей түседі. Кенесарының мінез қырларын ашатын әңгімелер аз еместігі байқалады. Оның сабырлылығы, қандай қиын істің тұсында да әділдікке жығыла білетіндігі сездіріледі. Мәселен, Ағыбайдың інісі Шыңбай Қоқан батырын жекпе-жекте өлтіріп, жүйрік атын жетелеп алып келіп, Кенесарыға тарту етпек болғанда хан ол сыйлықты алмайды, «Жарайды, балам, өзің мін, ешкімге берме» дейді, «Ердің алғашқы олжасын өзіне берсең, екінші жолы бата қимылдайды» дегенді ойлайды. Наурызбайдың сан жоорықта мінген ақауыз атын Ағыбайға түрікпен батырының аты екен деген аңыз қалыпты. Бұл да Ағыбайнамаға қосылған бір тарау тәрізді. Ағыбайдың батыр ғана емес, кезі келгенде шешендігі бар адам екендігін де аңыз толықтырады. Бірде ол: «Мен де кісі, бай да кісі. Соның бәрі жай да кісі, Жау келгенде қайда кісі» депті дейді.

Кенесары, Наурызбай «ел шапты, кейбірлерге зәбір көрсетті» деген сөздер бір кезде олар бастаған ұлттық-азаттық қозғалысты қаралауға байшыл-феодалшыл әрекет деп жазғыруға сылтау болған. Қандай үлкен оқиғалардың да ішкі қайшылығы болатыны белгілі, досқа досша, дұшпанға дұшпанша қарау күрес-тартыс атауларының шарты.

Дүниені жалмауызша обып жатқан патшалық-басқыншылық саясатымен қатар қазақ арасынан алауыздық шығаруды да әдемі ұйымдастырған ғой. Қазақтың кейбір руларын Кенесарыға қарсы айдап салып немесе көтерілістің мүддесіне залал келтіретін іс жасап тұрып, олардың арасын ушықтыра түскен. Сондай бір оқиғаның ақиқатын да сөз болып отырған кітаптан табамыз. Халық ақыны Доскей Әлімбаевтің аузынан жазып алынған әңгіменің бір үзіндісін келтірейік: «Қазаққа Николай патша қорлық көрсетті, оған қарссы шығу үшін, біз елдің басын қосып, батырларын жинап, соғысқа дайындалып жатырмыз.

Сен де бізге қосыл, қаруланып, жарақтанып кел, қазақ ұранды елдің намысын жақтаған ұраннан сырт қалма» деді Кене. Әли Кененің бұл тілегіне көнбеді. Көмек бермеді. Қайта барған ел жігіттерінің бірнешеуін ұстап алды. Бұған ашуланған Кене он төрт мың қол, он төрт түмен Әлиге барып, оынң еліндегі патшаның сойылын соққандарды жапырып, жаншып, шауып алды. Кене хан «Әлінің елінен алған барша мал-мүлікті нөкерлердің өздері алсын, хане қазынасына салынбасын» деді». Бұл әңгіме бұрынғы кейбір еңбектерде Наурызбайдың бейбіт жатқан бір ауылдың адамын өлтіріп, жылқысын шауып алды делінетін тұжырымның біржақты екенін, мәселенің түбірі терңіректе екенін білдіреді.

Ағыбай атына байланысты әңгімелерде бұрын хатқа түспеген соны деректер кездеседі. «Кененің әскері Көкшетауға Бурабайға орнықты. Көкшетаудың Оқжетпес биігіне Кенекең шықты... Кенеің әскерлеріне азық тасыған жолды «Арпа жолы» деп атаған. Кенесары Бурабай тауында ит жүгіртіп, құс салып, аң аулап жүргенінде бір биік жартастың үңгіріне түнеп жүреді екен. Сонан ол үңгір «Кенесары үңгірі» аталып кетті. Тарихи құжаттардан Кенесары «Қазақ жеріне қамал салдырмаймыз» деп патша әкімдерінің бірнеше бекінісін қиратқаны белгілі. Әсіресе, Ақмола бекінісін алу кезінде Кенесарының және оның жаужүрек батырларының керемет ерлік көрсеткені ел есінде берік сақталған. Бұл жөнінде ел әңгімесі төмендегіше сабақталады. «Кененің қаптап келе жатқанын естіген Ақмоладағы Құдайменденің Қоңыр төре, дуанбасы Ыбырай, Шорманның Мұсасы, Жамантай Төре, т.б. қазақ-орыс бастаған Николайдың адамдары Кенеге қарсы Ақмоланың күнбатыс жақ (Жекей қаласы дейді) шетінен қорған соғып, өздері қорғанның ішінде паналамақшы болды. Қорған соғылды. ...Кененің әскерлері Ақмоланың күнбатыс жағынан келіп тиді. Кененің келуін тосып жатқан таяу елдегі Тілен батырдың 500 әскері Кенеге қосылды. Сансыз қалың әскер Ақмоладағы жауыз патша Николайдың оң көздер мен қазақ-орыс сұмырайларға садақ тартты. Қамал соғып, бпрік бекінген жау мызғымады. Кененің ақылгөй қолбасшысының бірі, тапқыр білгіш айлакер жолшыл ері Шұбыртпалы Ағыбай батыр еді: «осы қаланы мына сарттар казак-орыстың шапандарын киіп алып, май жағып, от тұтатып, үйлердің үстіне тастайық. Содан қала өртенеді. Қамалдағылар еріксіз шығады. Оларды сонда жасытармыз» -деді... қала алай-түлей өрт, айқай-үйқай, у-шуға толды. Соғыс тынбастан бір жетідей болды... кененің қалың әскері Күйгенжардың басында шатыр тікті».

Бұл әңгіме тарихи оқиғаның тізбегін дәлме-дәл бере алмауы мүмкін. Сонымен қатар бұл сөздер шындықтан жырақ та кетпегеніне күмән келтіру қиын.

Кенесарының қырғыз жеріндегі сәтсіз, қасіретті соғысының біз қайғыы ақырғы сәтін ғана білеміз. Ал сол данышпан ел көсемі Кенесарыны осындай алмағайып, қатерлі қадамға не итермеледі дегенді көп талдай бермейміз, салдарын айтып, себебіне бармаймыз. Мына бір үзінді айту Кенесарының сқырғызға жорығы басқа амал таучылғандықтан болған нәрсе екеніне сендіреді: «Сарыарқаға күн сайын қаптап келген солдаттар Кенеге тыныштық бермеді. Кене ешбір жерде түпкілікті қоныс теуіп, тұрақтай алмады. Кене Алатауға бет түзеп, қоныс аударды», қырғыз бен қазақ халқы бір туыс еді, қазақтың басына туған қаралы күн саған да келеді. қазақ халқын Николайың талау қысымынан босатуға жәрдем бер» деді. Бұған патшамен ауыз жаласып қойған қырғыздың Орман, Хантай деген манап-бектері көне қоймады. «Бізге орыс келіп тиген жоқ, қазақтың жер ауып, қаңғырып келген төресінің сөзі керегі жоқ» деп барған елшіні ұстап алып, қинап өлтірді. Кенесары бұл қорлыққа шыдамай, қырғызбен соғыс салды.

Кенесары, Наурызбай, Ағыбай туралы аңыздар олардың тұлғасын әр қыранан сипаттайды. Шындығына келгенде тарихшылар, жазушылар айта алмаған ақиқатты халық шығармашылығы талдап та, бағалап та қойғанын көреміз. Жасы 120-ға келген абыздың Ағыбай мен Наурызбай жөнінде сын сөздері нағыз сәуегейлік болып естіледі. «Ағыбайым , сенің ұраның артыңда қалады, - дейді қарт абыз, - өз ұраныңды өзің естірсің, Бағыңның тобы желкеңде екен. Наурызбай, менің жасым 120-ға келіп отыр, осы жастың ішінде сенен артық ер көрмедім, үш нәрсенің сырттаны бар еді: иттің, қасқырдың, жігіттің. Сен жігіттің сырттаны екенсің, бірақ адам баласына мейірімің жоқ екен, бағың маңдайында ғана екен, ғұмырың қысқа, 20-25 тен аспассың, дүниеден арманда қалма». Кенесарының көрген түсін Ағыбайға айтып, өзі жорыған жері де абыз сыншының айтқанымен үндесіп жатыр. «Осыған орай мен де бір түс көрдім, дейді ол Ағыбайға, Түсімде көсе, сен екеуміз арқаласайық, қайсымыздың бағымыз жеңер екен деймін. Әуелі кім арқалайды десем, «сіз ел ағасы хансыз, сіз арқалаңыз» дейсің.  Мен сені арқаламай алдыммен көтерем, кезек саған келгенде, мені сен қаптағы тезекше иіріп, арқаңа салып алдың, мен үш жүзге хан болмасам да, Орта жүзге хан атым бар ғой. Сенің бағың артыңда қалды. Сен мыңбасы адамсың, алдыммен көтеруім – біздің бағымыз маңдайымызда, артымызда қалатын бақ жоқ, өзімізбен бірге кетеді, болмаса сені де мен арқама салып алмас па едім». Ауыз әдебиеті шығармаларында небір кесек адам тұлғалары, боямасыз ақтық сырлар айтылады дегеннің тағы бір мысалы осы.

Халық тарихи қаһарманның тіліндегі сөзді ғана емес, көңіліндегі сырды да асқан көрегендікпен, бүкпесіз баяндайды, бұл сөздер әлдекімдерге ұнамай қалады екен-ау деп шындықты айналып өтпейді. Нағыз өмір ақиқаты ғана адамдарға адал тәрбие беруге қабілетті. Кенесарының Наурызбайға өмірінің ақтық сағаты алдында айтқан сөзі деген өлеңді ханның аузынан жазып алға ешкім жоқ секілді. Бірақ осы сөздердің Кенесарының аузымен айтылуға тиісті екені күмән туғызбайды, әрі тарихи шындықтың ұлы желісінен алыс кетпеген мұңды шер. Кенесарының  қыр соңына түсіп, Ресей отаршылдарының көңілінен шығуды, мансап иеленуді, көздегендер ол заманда тіпті көп еді, халық қаһарманын кең байтақ туған жеріне сыйғызбаған тек патшаның әскерлері емес, оның дұшпандарының қатарында Абылай әулетінің небір шынжыр балақ, шұбар төс өкілдері де болған. Басқаларын  айтпағанда Абылайдың ұлы Уәлиден тараған ұрпақ түгелдей дерлік Ресей патшасының сойылын соғушы болғаны мәлім. Оның үстіне көптеген мансапқор төрелерді, құл болсақ та ток жрейік дейтін дүниеқоңыз байларды қосыңыз. Осындай адамдар Кенесары «одақтасым, тілектесім болар-ау» деп сенген Жетісудан да табылды. Қарапайым халық ұлт-азаттық күресіне іш тартқанымен, бұл өлкенің атақты адамдары Рүстем төре мен Сыпатай батырлар мәселеге өз төбешігінің биігінен қарады, олар Ресей аждаһасымен ондаған жылдар арпалысып, күші азайған Кенесарылардың қисайған жүгін түзеуге емес, орға құлатуға атсалысты. Оллар өздерінің ойын қалайша жүзеге асырғанын тарихтың өзі көрсетті ғой. Сондықтан аты белгісіз ақынның аузынан шыққан, Ағыбай монологы секілденіп берілген сөздер шындықтың өзі болып естіледі.

Айналайын, Науанжан,

Ақылға дарқан зерегім,

Тасқа салса қайтпайтын,

Жетесі құрыш беренім,

Бақытың бастап жүргенде,

Асқар таумен тең едің

Неше күндей ізденіп,

Білмедім Кене ханның дерегін

Айналайын сұлтаным,

Жолдас болып жасымнан

Көзімнің майын жеп едім,

Хақ ісіне амал жоқ,

Қазам жетіп өлгенше,

Айырылмаспын деп едім.

Алатауға барғанда,

Жер шарысын көздедім,

Көмек қылған көп Дулат,

Қалмастан тегіс кетіпті,

Байқадым оны ізбенен.

Қоқиланған қырғыздан

Дулат қылған қауіпті.

Айналайын, Науанжан,

Дулаттың беті ауыпты.

Орыс пенен қоқанға

Құл болып, ұран беруге

Дулаттың жөнін тауыпты...

Кенесарыны  қырғыз жерінің бір түкпіріне, құрдымның аузына алдарқатып апарып, азғантай адамдармен тұтқында қалдырып, көңілі тынғандар дұшпан тұзағынан сытылып шыққан Ағыбайды ұстап алмақ болғанын да ел аңызы куәландырады. Азаттық деген арманы орындалмай әрі  қанды көйлек досынан, көсемінен айырылып, жүрегі жаралы, көңілі қапалы болған Ағыбайды аулына келген бетте Арқадағы ежелгі жаулары мұқатпақ болады. Алла жар болып, Ағыбай патшалықтың итаршысы Ыбырайдың да зұлымдығынан да аман қалады. Классикалық эпостағы жаудан жеңілмейтін батырдың бергі замандағы тұлғасын халық қиялы Ағыбай басынан тапқандай...

«Сыздық төренің айтқаны» деп аталған қарасөзі, өлең аралас аңыз-әңгіме азаттық үшыін күрес эпопеясының ақырғы тұсындағы бір көріністі, атап айтқанда, Наурызбай өмірінің соңғы сағаттарын аса терең, мәнді етіп баяндайды. Мұндағы өлең ғажайып сұлу баллада секілді. Қырғыз ақынның өлеңі деп берілген бұл шығармада Кәрібоз қолға өзі келіп түскен Наурызбайды айуандықпен азаптап өлтірмей, тұтқынға құрметпен қарайды, тіпті, «еліме қайтам десең, ерік беремін» дейді. Оған Наурызбайдың берген жауабы төмендегіше:

Сіздерменен жау болып,

Алатауға таластық.

Қосындап әскер шығарып,

Жығамыздан қарасатық.

Бір киеге ұрынып,

Жолымыздан адастық.

Қараңғы түнде дүбірлеп,

Алатаудан біз астық.

Өзімнің басым аман боп,

Кененің қолда қалғанын

Көре алмадым жарастық.

Он жеті жасқа келгенде

Алшиып атқа мініп ем,

Жақсылы, жаман дүниенің

Тамашасын көріп ем,

Басымнан бақ тайған күн,

Хан Кенені ізденіп,

Алдарыңа келіп ем.

Бастан ауды бағымыз,

Сөйледі тіл мен жағымыз.

Мәлім шығар тәңірге,

Қара менен ағымыз.

Кәрібоз, маған жауап бер,

Осы күнде аман ба,

Ержан менен ханымыз?

Хас батыр Наурызбайдың жанындай жақсы көретін Кенесары мен  Ержанды осылайша тебірене іздеуі мейлінше табиғи. Бірақ Кенесарының тағдыры аса қатал тағылық үкіммен шешіліп қойғанын, Кәрібоздың іркіліп бөгелгенінен-ақ сезген Наурызбай дүниенің теріс айналғанын ұғып, арманды шерін жалғай түседі:

Он жеті жаста ат міндім,

Жал-құйрығын сүздіріп,

Әуре қылды дүние

Жер дүниені кездіріп,

Атам Қасым айтқаны

«Жын салқыны – батырлық».

Ақыры болдым мінекей,

Туысқаннан бездіріп,

Ағаны іні көре алмай,

Күдерімді үздіріп...

Дүниенің білдім жалғанын,

Уа, дариға дүние

Көңілімде көп арманым

Бас-аяғы тоғыз жыл

От болып, лаулап жанғаным

Он екі мыңдай ауыр қол

Ертіп алып қасыма,

Алатауға таласып,

Қырғызға ойран салғаным.

Шығасыға себеп боп,

Болмашы жерден дақ түсіп,

Кенекемнің қолда қалғаны,

Кенені іздеп мен келдім,

Өзімнің мұндай болғаным.

Атқан оққа Тәшкендей,

Кенекем еді қорғаным.

Қайран сабаз Ержекем,

Ертіп алып қасыма,

Алатауға таласып,

Қырғызға ойран салғаным,

Шығасыға себеп боп,

Болмашы жерден дақ түсіп,

Кенекемнің қолда қалғаны,

Кенені іздеп мен келдім,

Өзімнің мұндай болғаным.

Атқан оққа Тәшкендей,

Кенекем еді қорғаным.

Қайран сабаз Ержекем,

Шырайы еді-ау орданың

Осылардан айырылып,

Мін емес пе Кәрібоз

Арқаға менің барғаным.

Алдыма түскен ханым жоқ,

Артыма ерген ханым жоқ.

Неде болса Кәрібоз

Енді мені қинама,

Ордаңда енді қалғаным.

Қолыңда жатып көремін,

Жаратқан хақтың салғанын.

Бұл сөздер қандай да болмасын драмалық шығарманың шырайын келтіретін арманды, асқақ толғаныстар. Ең ғажабы – бұл жырдың шығарушысы қырғыз ақыны делінуі. Бұл арады қырғыз халқының дана, мейірбан ойы, шын болмысы көрініс бергендей. Кенесары мен Наурызбай – қатал тағылық жазамен азапталып, өлтірілген деген, қазақ пен қырғыз арасына кең тарап кеткен әңгіменің есесіне адамшылық жаршысы – ақынның осылайша жыр таратуы құрметпен қарауға лайық.  Туыс халық ақынының өлең-толғау аяғын:

Асыл туған Наурызбай,

Өз иманын өзі айтып,

Ақырет сапар жеңеді.

Ұсталғаны болмаса,

Қырғыздан қаза тапқан жоқ

Өз бетінен өледі... –

деп бітіруі қырғыз елінің адамшылық биігін төмендетпей, әрі асқан батыр Наурызбайға өз тарапынан мадақ айтқысы келгендігенінен деп түсінуге болады. Қалай дегенде де мына жырды толғаған қырғыз ақынының өрісі қапыда алданып, адасып қолға түскен Кенесары, Наурызбайды, олардың батырларын азаптап өлтіргенін әлемді жапырып татағандай мақтаныш санап, өздерінің Ресей империясының құлдығына түскендігінің қорлық екенін сезбеген тар ойлы, «жалған патриоттардан» анағұрлым биік тұр. Мына өлеңде қырғыз жыршысы Наурызбайдың аузына «бір киеге ұрындық» деген сөздерді салып-ақ екі ағайын халық арасындағы татулыққа дақ түскеніне өкініш белдірген, трагедияның түп-төркінін адамшылық тұрғысынан айтқысы келген. Мұны қырғыз халқының шын лебізі деп қарауға болады. Ақын үлкен суреткерлік талантын танытқан, сыіл ерлер трагедиясын жаны ауыра отырып жырлаған...

Ағыбай тағдырының Кенесары,  Наурызбай бастаған қозғалыспен біте қайнасқаны соншалық – олар туралы әңгімені жеке дара айту қиын. Бұлардың қай-қайсысына да айтылған сөздер бір арнаға сарқып құя береді және ол аңыз ешқашан таусылмайды. Өйткені мұның бәрі қазақ халқының азаттығы туралы мәңгілік арманның  ұлы желісіне жалғасатын сырлар мен мұңдар.

Ағыбайдың үйсін Бөлтірік батырдан күші, айласы басым болса да, екі рет сайысқанда да өлтірмей, аман жібергені халық қамын кең ойлайтын парасаттылығын көрсетеді. Ағыбай «Қазақтың арын төгіп не қыламын» деп мәрттік танытады. Бұл аңыз да халық бірлігінің қажеттігін аңсаған арманның белгісіндей.

Аңыз әңгіменің тағы бірі – «Ағыбай батырдың Түркістан соғысына қатысуы» деп аталған екен. Бұл аңыз тарихи шындықпен үйлесе ме, жоқ па, ол жағын тарихшылар анықтай жатар. Бірақ бұл ақиқаттан зият аңыз. Қасиетті Түркістан шаһарын жау әскерлері қоршап тұрғанда ат тұяғы жетер жер болса, Ағыбайдың келетіні кәміл. Өйткені ұлттық-азаттық мұраты оның бүкіл өмірінің мазмұнына айналған ғой. Ол – қазақ елдігі үшін саналы түрде шайқасқан шыққан соңғы батырлардың бірі. Осындай қлы баһыдүрлер қатары дүниеден өткен соң ғана қазақ жұрты жаны шыққан денедей сұлқ түскен, намысын жойған, әр бұтаны паналаған қояндай «бәледен қашып» күн кешкен. Түркістан, Иқан үшін соғыс Ағыбай өмірбаянының ең қасиетті беттерінің бірі. Осы аңыздағы ғажап сұлу әпсана – Ағыбайдың көрген түсі. «Таң ата зеңбіректердің гүрсілі естілді. Қазақ әскері зор ерлік көрсеткенімен, көп шығынға ұшырайды. Себебі – зеңбіректердің аздығынан. Ағыбай жараланып, есінен танып құлаған екен. Құлаған жерде Ағыбай түс көреді. Түсінде хазірет сұлтан аян беріп, «Ақжолтай батыр, келген жерің осы, батырлығыңның біткен жері осы. Найзаның орнына құран ұстайтын кезің келді. Осы жақын жерде Қошқар атаның суы бар, сол саған ем болады, жараларың жазылады» деп айтқан екен. Ағыбай есін жинап қараса, айнала тып-тыныш, әрлі-берлі жүрген шырақшыны шақырып алып, «Қошқар-Атаның қасиетті суын әкел» дейді. Ем алған соң, Ағыбай жергілікті Қоңырат батырларын жинап, Иқан деген жерде орыс әскерімен майдан ашып, соғысқан екен.

Ағыбайдың даңққа бөленуі тек қара күштің молдығынан болып көрінбейді. Ол әрдайым әрбір ісін ақыл таразысына салып, парасатпен шешіп отырған. Барақ сұлтанмен сайыста жеңіске жеткен Ағыбай қарсыласын аулына қонақ болып қайтуға шақырады, ақыр-аяғында құдандалы болып туысады.

Кенже інісіне Ағыбайдың «көзі тиіп» қайтыс болғанда қайғылы батырға Балта ақынның көңіл айтуы эпикалық қаһарман тұлғасын көркейте түскендей болады. Жұбату өлең мәтіні мынау:

Алла ісінде бұзық жоқ,

Өлмесін деп әзелде

Жазып қойған сызық жоқ.

Ұлы өлмейтін Ұрымда жоқ,

Қызы өлмейтін Қырымда жоқ.

Қатыны өлмейтін халықта жоқ.

Әсте өлмейтін тарихта жоқ.

Қойын толы саф алтын

Сарқылмаған қайда жоқ,

Қабындап келген қайғыдан

Тіріге тиер пайда жоқ.

Елге пана Ағыбай,

Жерге пана Ағыбай,

Ердің ері емес пе едің,

Егеудің сынығы емес пе едің

Көтер бері басыңды,

Қайғы жейді жасыңды.

Ағыбайдың басына дәулет «құсы» қонған деген аңыз да қызық. Батыр қартайған кезінде ауыл сыртындағы төбеде отырғанда басына бір бозторғай келіп қонады. Сол кезде Ағыбай басынан өткен бұрынғы бір әңгімені  айтыпты. «Кенесары бәріміз сегіз мың қолмен келе жатқанда бір бозторғай айналып ұшып еді, сонда Кенесары: «тоқтаңдар, дәулет құсы деген болушы еді, біреуіңе қонайын деп жүрген шығар» деді. Сонда торғай ұшып-ұшып келіп, менің басыма қонып еді. Кенесары: «хан десе маған қонбай ма, төре десе, Наурызбай саған қонбай ма, көсеге келіп қонды ғой» - деп еді. Енді міне, тағы қонып отыр, орда бұзатын уақытым өтті, бәлкім дүниеден қош айтысатын уақыт таяп қалған шығар». Бұдан халық Ағыбайдың неше алуан сұрапыл оқиғалардан аман өтуін оның басына қонған «бақтан» деп білгені аңғарылады.

«Ақжолтай Ағыбай батыр» деген кітапта Кенесарының қырғызбен соғысының күрделі себептері кейде аңыз, өлең енді бірде баяндау түрінде берілген. Көп құжаттарда қырғыздың Кенеге өштесуі Наурызбай Қанайдың моласын бұздырғаннан кейін өршіп кеткен делінеді. Бұл рас мәселе. Бірақ «мола бұзуды» бастаған – қырғыздар жағы екенін де ескермеуге болмайды. Қырғыз жағы бірінші болып қазақ Андастың моласын қиратқан екен. Бұл оқиғаның тарихын Наурызбайдың Кәрібозға айтқан сөздерінен көруге болады:

- Жақсы айтасың, Кәрібоз.

Тату едім сенімен.

Қонысты орыс алған соң,

Кенекем кеткен жерінен...

Он екі кісі жібердік

Бекбатырдай еріммен

Бізге қоныс берсін деп,

Қоқидың салған көлінен...

Жаманқараны өлтірдім....

Өзіңнің салған жолыңмен...

Қанайыңа мен қылдым

Кекті болған шағымда,

Менің ақың бар ма еді,

Андасымның тамында?..

Зерттеушілер бұл тақырыпқа талай рет қайта оралатын болар. Сонда істің нағыз анығы айқындала түсер. Өткен оқиға қайтып оралмайды. Кенесары таргедиясына себепкер болған қазақ, қырғыз шонжарларының нақтылы «кінәсі» де айтылар. Бірақ мұның бәрі бәле басы болған Ресей басқыншылығының қылмысын көлегейлей алмайды. Түпкі жау – отаршыл Ресей империясы екенін қырғыз, қазақ елі түсініп жеткенге дейін мұндай «кінәласу» жалғаса бермек. «Пенделерім бір-бірін айыптайды, бірақ бәрін ұйымдастыратын өзім ғой» дейді екен шайтан. Міне сол шайтанның тоқсан тоғыз айлалы сұмдығын ескермей, туысқан халықтардан жау іздеу, шындыққа апармақ емес.

Ағыбайдың саптас серіктерінен айырылып, жан-жақтан құрылған тосқауылдан өткеннен кейінгі көңіл күйі оның:

Кенесары құрдасым,

Бірге туған сырласым,

Арыздаспай айырылыстық,

Ақыретте қимасым

Наурызбай беренім,

Қайратты туған ер едің.

Маңдайыңнан иіскеп

Қош, Наурызжан, демедім, -

деген сөздерінен анық аңғарылады.

«Қойшының ертегісі» деген тарихи поэмада Ағыбайдың асқан ерлігі аңыз сарынымен асқақ жырланады.

Білмеген Ағыбайды ел болмаған,

Тең келіп қарсыласар ер болмаған.

Ағыбайдың үш жүзге даңқы кетіп,

Ол кезіп, ол бармаған жер болмаған.

Ал «Наурызбай – Қаншайым» деген жырда Ағыбайдың жекпе-жек ұрыстағы ерлігі шебер бейнеленген.

Сол уақытта екеуі,

Қарсыласып барысты,

Аттарына қамшы ұрып,

Қолына найза алысты.

Қарсыласып қалғанда

Найзаларын қағысты

Ағыбай қылды хайласын,

Балтамен ұрып сындырды,

Шанышқан шалдың найзасын...

Ағыбай туралы аңыз әңгіме жалғасы жазба әдебиетте де ұласып келеді. батыр бабаға көптеген ақындар өлеңдерін арнаған. Соның бірі Сырбай Мәуленовтің «Ағыбай күмбезі» деген өлеңі. Осындағы:

Екпені тау селіндей сарқыраған,

Қас дұшпан үрейі ұшып қалтыраған.

Қолында шолақ найза қол бастады,

Астында Ақтангер ат арқыраған.

Тулаған талай жауы тақымында

Ерекше жаратылған батыр тұлға.

Алыстан менмұндалап шақырғандай

Мазары Ағыбайдың жатыр қырда.

Баяғы сарынындай қанды жорық,

Қаратал күркірейді жарды соғып.

Батырдың зәулім биік мұнарасын,

Тұрғандай торуылдап, жауды шолып.

деген жолдардан Ағыбайдың ұлы бейнесі елес бергендей.

Қазақ прозасында бұл тақырыпқа қалам тартқан көрнекті жазушы сатирашы Жүсіп Алтайбаев еді. Оның «Ағыбай батыр» повесі кейбір әсіре белсенді баспагерлердің қырсығынан ұзақ жылдар баспа жүзін көрмей, 1996 жылы ғана жарияланды. Баспасөз комитетін  басқарған Қ.Зікірияновтың және оның шаш ал десе, бас алатын жұлқынды орынбасары М. Мамажановтың тікелей қараулығы  салдарынан оқушы жұртшылыққа аса керек шығармаға қиянат жасалғанын білеміз. Көз майын тауысып жазған кітабының жарыққа көре алмай, Жүсекең, Ж.Алтайбаев бұл пәниден өтті. Оның ажалына сол кездегі баспасөз комитетіндегілер тікелей себепші болды десек, артық айтылғандық емес. Жүсекең бір кездескенде: «Ағыбай есімі елде аса даңқты, осы батыр туралы неге жазбайсыңдар» дегенді талай рет есіттім. Ақырында Ағыбай жөніндегі материалдармен танысып, оның үстіне елден естігендерімді қосып, бір шығарма жаздым» деген еді: Жазушылар одағының проза секциясы да, Қазақстан академиясындағы тарихшылар да «Ағыбай батырды» баспаға ұсынуды қанша қолдаса да, «көздің жасы, жүректің қанымен ішкі мұзын жібітуге болмайтын» болымсыз жандар шығарманың жарыққа шығуына кесір келтіріп-ақ бақты. Повестің қолжазбасын алғаш оқығандардың бірі мен едім. Қолжазба мен мына басылымның айырмасы үлкен. Заман өзгеріп, жариялылық кезеңі туса да, баспагерлер «Ағыбай – Ресейге қарсы азаттық үшін күрестің қаһарманы» деген сөзден үрей ұшып кеткені байқалады. Қолжазбаның алғашқы нұсқасы көп қысқарған. Қолымызға тиіп отырғаны шығарманың әуел бастағы варианттарының жұқанасы ғана деуге болады. Амал не, енді осыған да шүкіршілік етуге тура келеді.

Повестің ұнамды ерекшелігін айтатын болсақ, ең алдымен, оның шұрайлы, бай әдеби тілмен жазылғанын алдымен айтар едік. Шығарма былайша басталады: «Күз ортасы ауған мезгіл. Таятқан тауының оңтүстік бөктерінде үркердей болып, шағын-шағын екі ауыл отыр. Өріс толы төрт түлік малы да жоқ, дөңгелек қана дәулеті бар. Арқаның Бетбақ шөліне қараған осынау өңірінде ұшқан құс, жүгірген аңнан басқа қыбыр еткен жан иесі кездеспейді. Соған қарамастан екі ауыл жыл сайын бұл мезгілде осы арада отырады. Асқар таулы, кең өлкелі өрелі өзендердің өрісі кең Арқаға сыймағандай, жылма-жыл күзде шушақтың шөліне қарай шыға беретіні несі бұлардың? Не жетпейді? (Көрсетілген кітап, 5 кітап).

Осылайша байыпты, байсалды басталған әңгіме бізге шөлді қоныстағы аз үйлі Шұбыртпалы руының тарихы мен тағдырын, сол елден шыққан, кейіннен Кенесары хан бастаған азаттық қозғалысына қатысып, халық қаһарманы дәрежесіне көтерілгені Ағыбайдың өмір кешулерін баян етеді. Ілгеріде сөз еткен аңыз, әңгіме, өлеңдерде Ағыбай тұлғасы эпикалық ер сипатында көрсетілсе, «Ағыбай батыр» повесінде орталық кейіпкер бейнесі нақұтылы нанымдылыққа жетеді, батыр бейнесінің эволюциясы көрінеді. Ағыбай, оның анасы Қойсана, хан Кенесары, Наурызбай батыр тұлғасы да сенімді жасалған. Мұнда өмір қайшылықтары, әлеуметтік тартыстар терең талданады. Ағыбай ханның жортуылшысы деңгейінде қалып қоймай, өзіндік пікір, пайым-парасаты айқын, барлық оқиғалар тізбегінде өзгеше дараланған. Ол екінің бірінде-ақ ханның жалаң орындаушысы болмай, құбылыстарға өз бағасын бере алатын, азаттық үшін күрес жолына саналы түрде түскен  ер болып көрінеді. Ағыбай дәуірдің объективті шындығына орай әрі мінездік ерекшелігіне сай бейнеленген. Оның ел мүддесін бәрінен жоғары қоя білетін кәміл азаматтығы тартымды да сенімді суреттелген. Шығарма оқушы жұртшылықтың кәдесіне жарайтын, тарихымыздың ең шытырман кезеңінің ақиқатын жеке адамның өмірі арқылы сипаттай алуымен қадірлі. Марқұм Ж.Алтайбевтың бұл кітабын оқыған әрбір адал ниетті азамат әдебитімізге отаншылдық идеясымен нұрланған тартымды туынды қосылғанын мойындайды, шығарманың танытқыштық тәрбиелік және эстетикалық мәніне, тарихи тақырыпқа жазылған тамаша, тағылымды еңбектердің бірі екеніне ден қояды. Кенесары бастаған ұлт-азаттық қозғалыстың мүһұраты қандай биік, нұрлы болса, «Ағыбай батыр» сондай асқақ идеяға бғышталған ел, дәстүр, тарих, намыс, ерлік дегендерді қасиет тұтуға қабілетті жандардың сүйікті кітаптарының бірі болатынына сенеміз.

Рахманқұл Бердібай

 

«Жұлдыз»

Жаңартылды 05.09.2012 10:29
 
, Powered by Joomla! and designed by SiteGround web hosting