Ағыбай батыр (Сансызбай Қармысов нұсқасы) PDF Басып шығару E-mail
27.07.2012 10:04

(Сансызбай Қармысов нұсқасы)

 

 

Атақты ер Ағыбай шұбыртпалы,

Екеу ме сол күндегі ердің жаны.

Басынан солардың да өтіп кеткен

Опасыз баяны жоқ шіркін пәни.

 

 

Бұрынғы батырлардың бәрі тағы,

Бәрі де көрмесек те, бұтақтаңды.

Ағыбай, ер Бұқарбай, ер Қошқарбай

Атақты батыры еді Кене ханның.

 

Мал үшін олар ерлік қылған емес,

Салғаны жанын отқа елдің қамы.

Солардың біреуінен сөз сөйлейін,

Әлеумет, құлағың сал бұған тағы.

 

Мал алмақ мирас болған Абылайдан,

Таралған басқа жылға осы айдан.

Аузыма «а» дегенде тола түскен,

Азырақ сөз сөйлейін Ағыбайдан.

 

Сұйық жал, күміс құйрық, қамыс құлақ,

Кең кеуде, омыраулы иығы тік.

Бір ел бар деп естіпті күншығыста

Жылқысы аса тәуір, өзі жүйрік.

 

Жорғасы судай жылжып шаппайды екен,

Көрген жан тай-құнанын мақтайды екен.

Бір адам кеп айтады Ағыбайға:

«Биесі шыбын тоғыз жаппайды екен».

 

Ойлайды ер Ағыбай «барайын» деп,

«Сол елді іздеп, алыста болса, табайын деп.

Аттанып байтал менен сәйгүлік әкеп,

Жүйріктен өсім-тұқым алайын» деп.

 

Ағыбай сапарына ыңғайланды,

Қасына жеті кісі жолдас алды.

Жүйріктен өсім-тұқым алмақ үшін,

Бет алып күншығысқа кете барды.

 

Сол күнде ер ортасы келген жасқа,

Жан жоқ па сапар жүрген мұнан басқа.

Аз жүрді, көп-ау жүрді енді бұлар,

Келеді Қызылқайнар, Тектұрмасқа.

 

Тектұрмас самал салқын құрағы бар,

Атарлық арқар, бөкен, құланы бар.

Жолаушы, жолшы керуен түсетұғын

Бойында Қызылқайнар бұлағы бар.

 

Келеді ер Ағыбай өрге тартып,

Қорқады адамзаттан бұлар нағып.

Ұмтыла түн ішінде жүрді бұлар,

Жетеді қарауылға ерте барып.

 

Батырлар мінген атын бусандырды,

Тастамай батырлықтың салтанатын.

Таң асып, ат суытып жата кетті,

Келді де Қызылқайнарға таңға жақын.

 

Таң атып, оянады көзін ашып,

Жата ма жамандарша ұйқы басып.

Басына Тектұрмастың біреу кетті,

Басқасы ыстық қылды, бақыр асып.

 

Басқасы ыстық қылды, асып бақыр,

Отырды от басында өңшең батыр.

Әлгі адам қарауылда қарап тұрса,

Елсізде бір атты адам келе жатыр.

 

«Келед» деп Ағыбайға хабар айтты,

«Бұл адам неткен жан» деп таңырқасты.

Қолында ырғай шоқпар, сойылы бар

Кезеңнен шыға келді асып атты.

 

Айтқанша, ақ сұр атты шыға келді,

Өрімдей жап-жас жігіт бұлар көрді.

Келбеті ұзын бойлы, тіп-тік сида,

Отырған батырлаға сәлем берді.

 

Иіліп сәлем берді бұларға кеп,

Тұлғасы Ағыбайға ұнап кетті.

Адамша бұларменен амандасты:

– Ағыбай, амансыз ба, ағеке? – деп.

 

Сөйлесе аузы сондай сөзге епті,

Айтқан жоқ онан басқа ешбір кепті.

Жүгенін ат басына қаңтарды да,

Жеңін жастық қылды да, жата жетті.

 

Етегін төсек етіп жатты ұйқтап,

Именіп бұлар дағы қалды тоқтап.

Қорыққан бір кісіден сегіз батыр –

Бәрі де елден шыққан өңкей саңлақ.

 

Ағыбай ойлап отыр әрбір ойды,

Жас жігіт ұзын ғана сида бойлы.

Өздері асып етін жеп болғаннан соң,

Бұлар да қалған етін асып қойды.

 

Бұрылып етін жеді аспай-саспай,

Отырды бір-бірімен жөн сұраспай.

Етін жеп, атына мініп кетіп қалды,

Бір ауыз бұларменен ақыл қоспай.

 

Батыр айтар «мынау неғылған жан,

Мен мұның қылығына боламын таң.

Егерде жөн-жосығын білместен үйге барсам,

Онан да өлім артық болар маған».–

 

Деп айтып сөз сөйледі жауап етіп,

Айланбай бала жігіт қалды жетіп.

Анандай кетіп бара жатқанында,

Артынан қуып келді, шауып жетіп.

 

Міне бір Ағыбаймен жолықты кез,

Ежелден жолдас емес сыры мінез.

«Қош келдің, ағеке, қазірмін» деп,

Айтпады онан басқа бір ауыз сөз.

 

Келеді екі батыр, жан батпайды,

Сөйлесіп бір-бірімен тіл қатпайды.

Бурадай қаңтардағы иіндесіп,

Біреуі-біреуіне жөн айтпайды.

 

Ағыбай бусандырмас мінген атын,

«Құдай-ау, оңғар, – дейді, – істің артын».

Бір құлан жусап тұрған тұра қашты

Алдынан екеуінің кешке жақын.

 

Құланды екі батыр қуып кетті,

Атына қамшы басып екпіндетті.

Ағыбай тозаңына ере алмады,

Жібермей әлгі бала қуып жетті.

 

Құланға құрық салды ағындатып,

Қайтадан секіргенде қалды тартып.

Жығылып пәрменінше жерге құлап,

Үзіліп ауыз омыртқасы, қалды жатып.

 

Айтады Ағыбайға: «Тез түсе қал,

Арам өліп кетпесін, бауыздай сал.

Іре де жотасынан төмен қарай,

Оймалап қазысы мен терісін ал.

 

Басқа етін таста», – дейді, жүре берді,

Жағалап бір өзенге бұлар келді.

Атынан түсе қалып әлгі бала,

Маңайлап маңайынан тезек терді.

 

Ағыбай неге тұрсын о да қарап,

О дағы ет асарға қылды талап.

Қазыны қабырғадан бөліп алып,

Ағыбай бақыр асты, тезек қалап.

 

Тамағын ішіп алды күн батқанша,

Азғана демін алды ел жатқанша.

Аттарын тұсады да, қоя берді,

Өздері ұйықтап жатыр таң атқанша.

 

Ертерек оянады екі батыр,

Уайым ойламады болып қапыл.

Қамысы қалың сансыз шатырлаған

Жағалап бір өзенді келе жатыр.

 

Барар жер мағлұм емес, бұларға алыс,

Толқиды сүмбедей боп қалың қамыс.

Жағалап әлгі өзенді келе жатса,

Бақырып шыға келді бір жолбарыс.

 

Ағыбай қорқып, аттың басын қалды тартып,

Қайратты бала қылды жетіп барып.

Мысықша шоршып келіп қарғығанда,

Шоқпармен сыңар қолдап қалды салып.

 

Шоқпармен сыңар қолдап бірақ қақты,

Оны да өлген иттей домалантты.

Ұрғанда екі көзі шығып кетіп,

Тыпырлап төрт аяғы жата кетті.

 

Ағыбай мұны көріп қалды қорқып,

Атынан ол түскенше, қалды өліп.

– Іре де бауырынан өрге қарай,

Ал, – деді, – бауыр терісін екі бөліп.

 

Ағыбай не қыл десе, қылды бәрін,

Батырдың көбіне болды көңлі жарым.

Сол күні бірге жатып бір далада,

Таңертең тұрып кетті таңнан бұрын.

 

Тыныштық бұларда жоқ, ойын-күлкі,

Жатса да, таба алмады тыным ұйқы.

Жағалап әлгі өзенді келе жатса,

Жолықты екеуіне қалың жылқы.

 

Жылқының ортасына келіп тұрса,

Жайылған сегіз бірдей шабдар қасқа.

Бала айтты: «Мұндай болды менің күнім,

Болмаған сабаз едім ешбір мінім.

 

Жануар өңкей бірдей жамбыл қасқа,

Менікі болар ма екен сенің күнің».

Келеді ер Ағыбай. Не біледі,

Атына қамшы басып тебінеді.

 

Таң дағы елең-алаң болып еді,

Қалың ел екеуіне көрінеді.

Ағыбай: «Түстім – дейді – қандай жолға,

Құдай-ау, сапарымды өзің онда?!»

 

Ертерек елге келді екі батыр,

Уайым ойламады болып қапыл.

Арасы шақырымнан жақынырақ,

Тігілген екі ақ ордаға келе жатыр.

 

Жолдасы қасындағы жаңа талап,

Ағыбай келе жатыр қасын жанап.

Төменгі ақ ордадан шықты дағы,

Бір қатын қарсы жүрді бұған қарап.

 

Келеді зар-зар жылап қатын ғаріп:

Жалғызым, жалғыздықтан көрдім бейнет.

«Көзіме көп көрінсең, өлтірем» деп,

Қарайды-ау үйде отырсам әлгі жендет.

 

Жалғызым, бұл араға сен келесің,

Алладан қаза жетіп енді өлесің.

Жалғызым, ақіретте сабыр салып,

Жалғаннан сапар шегіп жөнелесің!

 

Осылай қатын жылап қалды тұрып,

Бала оған қарамады мойын бұрып.

Қатынның жауабына құлақ салмай,

Төменгі ақ ордаға кетті жүріп.

 

Атынан түсе қалды анадай кеп,

Байқаса келген екен ашуы бек.

Батырға сол арада бір сөз айтты:

– Ағеке, қаңжарыңды маған бер, – деп.

 

Тышқарда тілеулес боп сіз тұрарсыз,

Есен болсақ, кешікпей біз шығармыз.

Агарда мен кешігіп қалар болсам,

Мініп ап ақ сұр атпен жаның сақтарсыз.

 

Деп айтып сөз сөйледі жауап етіп,

Айланбай бала жүріп қалды кетіп.

Ішіне бала кірген әлгі ақ орда,

Тер шықты Ағыбайдан дір-дір етіп.

 

Атына мініп алып болды қашпақ,

Алқынған су жүректі немен баспақ.

Бел байлай тәуекелге тәуба қылды,

«Баланы кетем, – деп, – қайтып қиып тастап!».

 

Бурадай есінеді күшін жиып,

Өртеді іші-бауры оттай күйіп.

«Баладан менің жаным артық па?» деп,

Келген соң кете алмады іші қиып.

 

«Шыдайын не де болса осы жолға,

Енді қалдым, енді өлемін, түсем қолға».

Ішіне бала кірген әлгі ақ орда

Шиқылдап алты айналды оң мен солға.

 

Әрқашан ер Ағыбай болған жолы,

Қылғаны мұның сабыр – күштің молы.

Сыпсыңдап үйден бала шыға келді,

Қан болып қанжарменен екі қолы.

 

– Жолдасым, отырмысың, Ағыбайым,

Саған көп айтпаған менің жайым.

Жанымды сұм зәлімнен сақтады Алла,

Отырмай, атыңа мін, «Ақжолтайым».

 

Атына мініп төменгі үйге келді,

Тағы да сорлы қатын зар еңіреді.

Қатынға «қамықпа» деп тоқтау айтты,

«Зәлімнің шам-шырағы сондай» дейді.

 

Зәлім ғой жұртты жеген баяғыдан,

Шіріген талай дұшпан таяғынан.

«Жолы құтты батырмен жолдас болып,

Түсірдім іші-қарны аяғынан».

 

Жас бала соны айтады гүл-гүл жайнап,

Естіген ел қуанды «Ағыбайлап».

«Жолы құтты төсек сал батырыма,

Астын жұмсақ, жастығын жақсы жайлап».

 

Қуанып қатын байғұс қатар салды,

Ел естіп бір-бірінен хабарланды.

Төсегін жақсы жайлап салғаннан соң,

Батыры төсегінде ұйықтап қалды.

Елі естіп қуаныпты мұның жайын.

 

Таң атып, ұйқысы қанғаннан соң,

Баланың батыр сұрар енді жайын.

 

Батырға бала айтады: «Қара маған,

Жамандар еш нәрсеге жарамаған,

Неше күн жолдас болып жөн сұраспай,

Сұрасаң, менің жайым бір үлкен кеп.

Кебімді мен отырмын қозғайын деп.

 

Кісі екен өзі жалғыз менің әкем,

Мейлінше бай болыпты дәулеті көп.

 

Әкемнің жалғыз екен ғазиз басы,

Бала десе көзінен ағар жасы.

Өзінде аға да жоқ, іні де жоқ,

Бар екен бір туысқан қарындасы.

 

Әкемнің дәулеті мол, болды мықты,

Жанына ұл көрмеген туын тікті.

Жат жұрттық қып жаратқан Құдай оны,

Бір елге алыстағы ұзатыпты.

 

Әкемнің жиен жұрты баласы боп,

Арыстан, ал жүрегі қайраты көп.

Өз қатыны буаз боп, мені тапты,

Жиеннің жолы тағы ақжолтай боп.

 

Малы көп, жасырады жердің жүзін,

Жиенге көрсетпеді жиен жүзін.

Көп малды симай жатқан айдап беріп,

Жиенге алып берді бір бай қызын.

 

Өзіне енші бөліп берген тағы,

Бөлек ауыл қондырып қойған аны.

Бар шығар, ең кем болса, бес мың жарым,

Көп жылқы соныкі еді бағанағы.

 

Сұм жиен өзі мықты болды арыстан,

Қайтпаған төңіректе сан жарыстан.

Қызы сұлу, орыны одан артық

Маған бір қыз әперді тіпті алыстан.

 

Жиеннің діні қатты қара тастан,

Адамға икемі жоқ бала жастан.

Бетіне ешбір адам қарамайтын

Сұм жиен батыр болды жұрттан асқан.

 

Сұм жиен батыр болды жұрттан асып,

Мысалы Алакөлдей тұрды шалқып.

Өзінің қисабы жоқ, әрі, малы бар,

Менің де бар малымды алды тартып.

 

Қарашы сұм жиеннің ақылына,

Қас қылды өз інісі жақынына.

Қоймады, мал алғанмен, әлгі антұрған,

Қызықты менің алған қатыныма.

 

Бір күні қатыныма қолын салды,

Алмап еді, ол қатты ашуланды.

Еріксіз өз үйіне алып кетті,

«Кім келсе, көрсетем, – деп, – қызыл қанды».

 

Осындай мен жолықтым таза кепке,

Дауасыз ұшырадым бұл бейнетке.

«Қатыны байына алаң болады» деп,

Ниет қылды өзімде өлтірмекке.

 

Қатыным сол себептен хабар берген,

Бек махаббат қайырлы күшіне енген.

Шыбыным мал мен бастан артық болып,

Бір күн ақ сұр атпен шықтым елден.

 

Бір түн жан сауғалап кеттім қашып,

Өлтірер, ұстай алса, дараға асып.

Неше күн жол бейнетті тартып жүріп,

Бір жерге жата кеттім шаршап барып.

 

Бір жерге жата кеттім шаршап барып,

Аллаға жалбарындым өліп, налып.

Ұйықтап сол арада жатқанымда

Түсіме кірді менің әкем ғаріп.

 

Түсімде былай деді әкем пақыр:

– Әй, балам, қарап жүріп болма қапыл.

Қасында жеті кісі жолдасы бар

Ағыбай Тектұрмасқа келе жатыр.

 

Жүр, балам, осы жолдың жөніменен,

Келеді олар жүріп түніменен.

Ақжолтай жолы құтты батыр еді,

Жолдас бол, барып, балам, соныменен.

 

Ағыбай жолдас болсаң ұшырасып,

Қосылсаң, екеуіңе болар нәсіп.

Наркескен екі жүзді қолындағы,

Аларсың дұшпаныңның басын кесіп.

 

Оларды адам дейді жақсы жайдың,

Көрерсің азы қарын бар Құдайдың.

Наркескен екі жүзді қолындағы

Тегінде қаруы еді Абылайдың.

 

Орнымнан ертерек тұра келдім,

«Ей, Алла, нәзіріңнен көрсет» дедім.

«Ертерек батырларды табайын» деп,

Сонымен Тектұрмасқа жетіп келдім.

 

«Бұларға мен айтпаймын жол жайымды,

Соңымнан Құдай бастап ерер дедім.

Әйтеуір түс көргенім қуаныш боп,

Айтқаны әкем пақыр келер» дедім.

 

Ақжолтай Ағыбай ма сенің атың?

Жайылды мұсылманға салтанатың.

Ақ үйден зар илеп, зар жылаған

Көргенің бағанағы мына қатын.

 

Зәлімнен қорлық-зорлық көргенім көп,

Жұрт қорқады зарланып уайым жеп.

Көп жылқы бағанағы соныкі еді,

Төменгі менің жылқым онан да көп.

 

Мен сізден қанжар алдым ардан кешіп,

Мен барсам, ұйықтап жатыр көңлі өсіп.

Жүректің оймасынан қанжар тығып,

Жібердім төмен қарай бірақ есіп.

 

Ұйқысынан шошынып тұра келді,

Білегімнен ұстап ап қимыл қылды.

Білегімнен ұстап сіліккенде,

Керегеден ұстадым қорғап жанды.

 

 

Ұмтылғанда, ішек-қарны жерге түсіп,

Сұм зәлім осыменен дүние салды.

Түбінде арам ойлы оңбайды екен,

Ақ жүрген жау жапасы болмайды екен.

Өзімді арамдықпен өлтірмекші,

Осындай арамдықты ойлайды екен».

 

Көтерді бір аяғына Ағыбайын,

Білгенін бала батыр айтты жайын.

– Алдыңа алғаныңша жылқы айдап қайт,

Құланды сізден аяп не қылайын.

 

Ағыбай тосып отыр артын ойлап,

Білгенін бала батыр айтты:

– Тобынан он бір атты ұста да бер,

Қайтемін көп жылқыны бекер айдап.

 

Біреуі он бір аттың Ақауыз ат,

Порымы жануардың жылқыдан жат.

«Сауға» деп ер Наурызбай сұрай алған,

Бітпеген арғымаққа мұндай тұлға ат.

 

Сол кезде Қызылауыз бесті ат екен,

Қанатты, қабырғалы, есті ат екен.

Майысқан балдырғандай бір жануар,

Басқасы жасқа толған ескі ат екен.

 

Сол кезде Қызыл ауыз төрт-бес жаста,

Кез жарым, қырып ет жоқ кесер басы.

Алаштың иіп қойған түйініндей

Шіркіннің омыртқа мен қабырғасы.

 

Басқа аттан, жүріп кетсе, адымы алыс,

Қанаты қабырғадан кере қарыс.

Пысқырған дыбысымен үй жыққандай,

Танауы десе болар бейне талыс.

 

Аяғын осыменен тоқтатайын,

Шама жоқ көп айтарға мұнан алыс.

Баламен жолдас болған ер Ағыбай

Қайтуға өз еліне қылды намыс.

 

Олжасыз жеті жігіт о да келді,

Ағыбай келгеннен соң, олжа берді.

Қимылда, қызыл тілім, келсе шамаң,

Тегінде ерлік қылған ата-бабаң.

Отырған тыңдаушылар, айып етпе,

Аяғын осылайша еттім тамам.

 

Жаңартылды 05.09.2012 10:17
 
, Powered by Joomla! and designed by SiteGround web hosting