Өнегесi өмiршең PDF Басып шығару E-mail
29.08.2016 08:34

Өнегесi  өмiршең

Өнегесі өміршең

 

26.08.2016

Жаратқанның маңдайына жазып берген тіршілігінде сан қиындықты бастан өткерсе де мойымаған, қайта ауырлықтың зіл батпан салмағы артқан сайын ширығып ширайтын, ақылы мен еңбегі екі жақтап, табандылығын таныта отыра ұдайы алға ұмтыла түсетін жігерлі адамдардың түптің-түбінде, әйтеуір, бір үлкен жолға шығып, абырой биігіне де жеңіспен жететіні анық.

 

 

Мұндай кісілердің өмірдегі талмас күресі, жамандықпен таймас тіресі арқылы әулетіне үлкен үлгі, өрісті өнеге көрсетіп, ұрпағын адамдыққа, адалдыққа тәрбиелеуімен де, балаларының білімді болуы үшін бар күші мен бүкіл жиған-тергенін салып, оларды отбасының ғана емес, елдік істерді алға апарушы етіп өсіруімен де халықтың ризашылығына бөленгенін көпшілікке қалай кеңінен жеткізгің келмейді?! Осы айтқанымыздың бәрі де биыл туғанына жүз жыл толып отырған Әлкен Жапарұлы сияқты тұғырлы тұлғаға дәл келеді десек, артық кеткендік болмас деген ойдамыз.


…Арқа өңірінде де ақ пен қызыл­дың сойқан соғысының елге кес­апаты көп тиді. Жапар бабамыз, ба­ла-шаға­сын аман сақтау үшін, төбе­сі­нен ұшқан құстың қанаты, төсі­нен жорт­қан аңның тұяғы талат­ын беді­рей­ген Бетпақ шөлді жаяу­лап ке­сіп өт­іп, жолда сексеуілі серей­ген мой­­ны ұзақ Мойынқұм жерін де арт­­қа тас­тап, қырғыздың Қара­бал­та қа­­ла­­сына жетіпті. Сөйтіп, осын­да­­ғы орыс кулагына жалданып күн кеш­­кен. Сонда бала Әлкен 14 жаста екен.

Тағдырдың жолы сан тарау. Кей­де оның арынды ағысы әркімді әр қиы­рға ай-шайға қаратпай алыстатып ағызып әкетеді… Атамыздың әкесі­мен бірге ендігі орнықты орын тепкені Мойынқұм өңірі болып шығады. Сол тұста,1932 жылы әйгілі Ораз Жандосов басқаратын арнайы комиссияның әрекет жасауымен қырғызға ауып кеткен біраз қазақ елге оралған-ды.

Ол кезде Шу ауданы Алматы облысына қарайтын. Ал оның бір бөлігі Мойынқұм (Ол кезде – Гуляев, селоның негізін қалаған орыс көпесі). 1932 жылдың желтоқсан айынан бас­тап Қырғызстаннан осы жаққа көшіп келушілер көбейе түскен еді. Себебі, олар үшін азық-түлік көмегі (продпомощ) бөлінген. Алайда, азапты аштық жалғаса берді. Оның артында халықты қыруға ниеттенген зұлымдық саясаттың сұмдық сойылы созылып сорайып тұрған…

Жап-жас Әлкен осының бәрінен Қосқұдық леспромхозында жұмыс істеп жүріп қана аман қалғандай. 1938 жылы 22 жасында тура осы Мойынқұм жерінен әскерге алынып, Батыс Украинада темірдей тәртіптің тезіне түседі. Көзі ашық, көкірегі ояу, орысша жақсы сөйлейтін, пысық, епті, жалындап тұрған жас жігіт тез танылып, командирлері оны бай­ла­нысшылыққа бейімдейді. Көп уақыт өтпей-ақ, тіпті, партия қатарына қабыл­данады. Сөйтіп жүріп 1939-1940 жылдардағы фин соғысына қатысқан қазақтың бірі болды. Енді оны 1941 жылы маусымда басталған Ұлы Отан соғысының қанды қыр­ғыны күтіп тұр еді. Сонымен, 1945 жылғы мамырда жауыз жаудың ордасы – Рейхстаг төбесінде Жеңіс туы желбірегенше Екінші Украин майданы құрамында оқ пен оттың ортасында жүрді. Қараниетті қаскөй жау­мен арыстандай айқасып, кеудесіне екінші, үшінші дәрежелі «Даңқ» және «Қызыл Жұлдыз», сондай-ақ, екі рет «Отан соғысы» ордендері тағылды. Бұған қоса бірнеше жауынгерлік медальға ие болды. Ел қорғаны бол­ған Ағыбай мен Балта батыр ата­лары­­ның ерлік істерін жастайы­нан жадына түйіп өскен Әлекең қалайша қаһарман жауынгер, батыл да батыр майдангер атанбайды!

Байланысшылар взводы коман­дирінің орынбасары, старшина Әлкен 1945 жылы Польша жерінде Висла өзеніндегі жан беріп, жан алысқан сұрапыл шайқаста ауыр жараланады. Содан кейін бір жылдан аса Украина, Әзербайжан, Ресейдегі әскери гос­питальдарда жатып, жарақаты жазыл­ған соң 1946 жылы қайта сап­­қа оралған. Ол жақта да мықты жауын­гер, батыл байланысшы аса қажет болғандықтан шығар, әйтеуір, коман­дирлері оны еліне жіберуге асық­пайды. Әскерге алынғанына тек сегіз жыл өткеннен кейін ғана бір айлық демалыс беріліп, туған жеріне атбасын бұруына мүмкіндік туады. Ол тұста Көктерек (қазіргі Мойынқұм) ауданының әскери комиссары түсінігі мол, әділдікті жақтайтын орыс азаматы екен. Дәл сол кісі Әлекеңнің әкесі Жапар ақсақалдың осыдан біраз жыл бұрын қайтыс болып, үй іші­нің асыраушысынан айырылғанын ескеріп, әскерден мүлдем босауына көмектесіпті. Сөйтіп, қан кешіп келген майдангердің, Жеңіс жауынгерінің бейбіт өмірдегі берекелі еңбегі басталып жүре берген.

Белсенді жігітке басшылар сенді, ел үмітпен қарады. Әрі малдың жайын жақсы білетін қазақтың бірі емес пе?! Оның үстіне Талғар қаласындағы ауыл шаруашылық техникумының бір жылдық курсын бітіріп те алды. Содан Талдыөзек ауылының білдей мал дәрігері болып шыға келеді. Көп ұзамай колхоздың төрағалығына сайланып, сан-салалы жұмысын дөңгелетіп әкеткен. Кейіннен колхоз­дар­дың ірілендірілгені белгілі. Соған сәйкес Фурманов атындағы совхоз құрылғанда «Талдыөзек» бөлімше болып қалады. Әлекең бұл ауылшаруашылығы құрылымын табан аудармай 20 жыл басқарып, елге арналған еңбегімен ерекше көрінеді. Иә, иә, дәл осы жерде атамыздың басқару әдіс-тәсіліндегі екінші тынысы да ашылғандай еді. Жұмыстың жайын жетік білетін, бәрін де кеңінен ойлап, кең пішетін, әрдайым әскери тәртіппен жүретін, әрқашан әділдікті сүйетін, ісі алымды, шаруасы шалымды, адал, турашыл, талапшыл жетек­шінің бөлімшесі сол кездері құмды өңірдегі ең алдыңғы қатарлы шаруа­шылықтың сапынан табылып еді.

«Әлекеңнің ерен еңбегін айт, басқарсаң Әлекеңдей басқар!» деп жұрт жабыла риза болатын. Әлкен атамыз Ленин орденін алған 1966 жылы бөлімшенің шопандары Роман Байжиенов, Дүйсенбай Айранбаев, бақташы Иген Аяпов, механизатор Александр Вильгелм де мұндай марапатқа ие болған-ды. Қойды жылдам қырқудан бірнеше рет әлем бойынша алдына жан салмаған Шотай Тайбағаровтың да жұлдызы жарқырағаны осы кез еді. Олардың бәрі де осы жайсаң жанның артынан алаңсыз ерді, айтқанын бұлжытпай орындады. Шотай, тіпті, өз баласындай болып кетіп еді. Осыдан-ақ, бағамдай беріңіз, жемісті де жеңісті жетекшілік дегеннің не екенін! Айтқандай, осы бөлімше туралы сол кезде одақтық «Правда» газеті де жақсылап жазған. Ленин, «Октябрь революциясы» ордендерімен, бірнеше медальмен марапатталған, Республика Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасын, «Қазақ КСР ауылшаруашылығына еңбегі сіңген қызметкер» атағын иеленген, Бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктері көрмесіне бірнеше рет қатысып, оның алтын, күміс медальдарын алған атамыз, шын мәнінде, халқы қалаған, елі елеген ардақты азамат атанған-ды. Мойынқұм ауданы­ның орталығы – Мойынқұм ауылы­ның бір көшесіне есімінің берілуі де жерлестерінің ыстық ықыласын біл­дір­мей ме! Осылайша, Әлкен атамыз қазақтың қасиетті қара шалы­ның бірі – екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Жазылбек Қуанышбаев сияқ­ты Мойын­құмның атақ-даңқын асқақ­тат­қан халық мақтанышының бірі болды.

Еңбегімен елге ерекше таныл­ғ­ан Әлекең отбасылық өмірде де өзіндік өрнегін сала білді. 1950 жылы көруге көз керек көркем қыз Әсеммен бас қосып, шаңырақ көтерді. Екеуі бақытты ғұмыр кешті, ұл-қыз өсірді, оларға тәлімді тәрбие берді, адамдықтың үлгісін көрсетті, адалдықтың жолын нұсқады. Өнегелі отбасы атанып, ауыл-аймақтың, ағайынның құрметіне бөленді. Бүгінде 92 жастағы Әсем әжеміз балаларының ортасында аман-есен отыр. «Сырлы аяқтың сыры кетсе де, сыны кетпейді» дегендей, мейірім шуағы төгілген жылы жүзіне қарасаң, баяғы бал күндерінің баяны сезілгендей болады да тұрады. Ал ауылдық, аудандық, облыстық кеңестің бірнеше рет депутаты болып сайланған, аупартком мүшесі болған, республикалық дәрежедегі дербес зейнеткер атамыз 1987 жылы дүниеден өткен. Әжеміз шалын жиі-жиі есіне алып «Әй, Әлкен-ай, мені артыңа тастап ерте кетіп қалғаның не?!» деп күрсініп қояды. Бірақ, берекесі де, мерекесі де мол үлкен әулеттің асыл анасы әрдайым өскен-өнген ұрпағының тілеуін тілеп, елдің аман, жұрттың тыныш болуын қалайды. Қалайда қазіргі күніне шүкірана айтады.

Әлкен атамыз бен Әсем әжеміз сегіз ұл-қызды аялап өсірді. Барлығы да әкелік, аналық еңбектерін, сенімі мен үміттерін ақтады. Қазіргі кезде олардың бәрі де елге сыйлы, көпке қадірлі азаматтар. Тұңғыштары Берікбол Жапаров әке жолын қуып, көп жыл басшылық қызметте істеді. Қазақ ауылшаруашылығы институтының механика факультетін бітірген. Түрлі шаруашылықта бас инженер, білгір жетекші болған. Бекеңнің, әсіресе, «Хантау» совхозын басқарғандағы әдемі іс-әрекеттері әлі күнге жұрт есінде. «Әке көрген оқ жонар» дегендей, Берікбол да сөзге берік, жұмысқа мығым, іскер болды. Жалқауды аямайтын, еңбекке етене берілгенді аялайтын, қай мәселені болсын әріден ойлап, ақылмен шешетін, елдің де жай-күйін жақ­сы білетін, үне­мі ортақ шаруада жаңалық ашып жү­ре­тін. Шалғайдағы Мо­йын­­құмнан-ақ Ресей кәсіп­орын­дары­­­мен бай­ланыс жаса­­ды, сөй­тіп, темір құ­быр алдырып ауыл іші­не су құбырын жүргізу­ді бастап еді. Малы өнімді, егісі түсімді болды. Ауданда алғаш рет Наурыз тойын дүрілдетіп өткізді. Сөйтіп, совхозды алдыңғы қатарға шығарған. Қазақтың тамаша азаматы, мықты кинорежиссері, марқұм Аяған Шәжімбаевтың «Ауылым Хантауының баурайында» деген деректі фильм түсіргені де осы кез еді. Тұңғыш ұл артынан ерген қаралары – іні-қарындастарына әрдайым қамқор болып, бар білгенін үйретті, бәрін ұғуға, әділетті, әдепті жүруге баулыды. Мұны да ақылман әке тәрбиесінің әсері-ау деп түсінуге болар, тегінде!

Бүгінде тоқсан екі жастағы Әсем әжеміз осы үлкен баласы мен келіні – білікті экономист, өзі де аяулы әже атанған Бейшенкүлдің қолында. Ал­ғаш­қы келінін түсірген кездегі алыс­та сағымдай бұлдырап қалған әдемі әсерінен бе екен, айрықша жақсы көреді. «Бәрің де маған бірдейсіңдер ғой, бірақ, бәрібір Берікболым мен Бейшенкүліме жетпейсіңдер!» – деп үйдің берекесін кіргізіп отыр.

Әкесінің ерен еңбегін, ақ-адал жүріс-тұрысын, әділ іс-әрекетін жанымен ұғынып, тағылымды сөзін құлағына құйып өскен Бекеңнің спортшылығы да бар. Бар болғанда да кәдімгідей – институтта жүргенде самбодан спорт шебері атанған. Көңіл хошы келгенде әуелетіп ән айтып та жібереді.

– Мектеп бітірерде, – дейді Берік­бол Әлкенұлы, – аудан орталығы­на әс­кери училище мамандары келіп, әңгі­ме өткізді, яғни, өздеріне оқуға ша­қыр­ды. Менің офицер болуға ойым қатт­ы кетті. Мұнымды сонау Сочиде дем а­лып жатқан әкем естіп қойса керек, сол жақтан кідірмей ұшып кел­ді-ау! Айтқаны: «Ешқандай да әс­кери учили­щеге бармайсың, ауыл шаруа­шы­лығы институтына түсесің. Ел ішін­де жүресің, абыройың артады, қар­ның тоқ болады». Бұл тағдыры тар жол, тайғақ кешумен тартылған, оқ бора­ған, отқа оранған майдан даласында өмір мен өлімнің ортасында жүрген әкенің мұндай сұмдықты енді балаларымның басына бермесін, олар тек еңбекпен тыныш, жақсы ғұмыр кешсін дегені екен ғой, бүгінде ойлап қарасам!

Ал Барыс Әлкенұлы Жапаров есімі елімізге де, одан тысқары жерлерге де белгілі ғалым, ғылым докторы, профессор, кешегі кеңестік кезеңде одақ бойынша ең жас техника ғылымдары докторының бірі болған. Ғылыми атақты 32 жасында «Жүйелі талдау және автоматтық басқару» маман­дығы бойынша қорғады. Түркия­дағы Қазақ елшілігінде кеңесші қызметін атқарған дипломат. Мойынқұм ауданын­ың құрметті азаматы. Қазір Қазақ­стан Республикасы Президенті Архивінің директоры. Үшінші ұлы Айдар Алматыдағы ірі құрылыс фирмасының вице-президенті.

Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ поли­тех­никалық университетінің «Бас­қарудың автоматтандырылған жүйе­лері» факультетін үздік дипломмен бітір­ген Гүлжамал Әлкенқызы бол­са, ел жүрегі – арайлы да асқақ Астана­дағы «Тұран Астана» уни­вер­­ситетінің ректоры, экономика ғылым­дарының кандидаты, профес­сор. Ол да осы зама­науи үлгі­дегі жоғары оқу орнын байыпты бас­қарып келеді, яғни, қазақтың санаулы ректор қызының бірі. Реті келіп тұрғанда айтайық, қазіргі кезде атал­ған университет дүние жүзіндегі 50-ден аса жоғары оқу орындарымен серіктестік байланыс орнатып отыр.

Басқа қыздары туралы айтсақ, Күләш белгілі дәрігер, осы салада ұзақ уақыттан бері жемісті қызмет етуде. Сәуле қаржы жүйесінің білікті маманы, Лаура да дәрігер, Астана қала­сының денсаулық сақтау саласында жұ­мыс істейді, ең кішілері Ләйла Алма­тыдағы туристік агенттікке жетекшілік етеді.

Міне, алып бәйтеректей жапыра­ғын кеңге жайып мәуелеген, жақ­сы­­лығы жұрт жадында қалып әуеле­ген, ұл-қыздарына ұлағатты тәрбие бер­ген, олардың келешегіне сенген ардақты Әлкен атамыздың балалары­н­ың әрқайсысы қазақ елінің бір-бір үлгілі де орнықты отбасы атанып отыр. «Адам ұрпағымен мың жасайды» дегеніміздің өзі де осы шығар-ау!

Берікбай ҚАДЫҚОВ,

журналист

АЛМАТЫ

https://egemen.kz/2016/08/26/58685

 

Жаңартылды 01.09.2016 08:15
 
, Powered by Joomla! and designed by SiteGround web hosting