Кенесары хан және Ағыбай батыр
Кенесары хан және Ағыбай батыр PDF Басып шығару E-mail
30.09.2011 06:47

Кенесары Хан ауылы Жамантұз, Александровка – Ақмола облысының Щучье ауданынндағы ауыл, Кенесары ауылдық әкімшілік округінің орталығы. Аудан орталығы – Шучинск қаласынан солтүстік-батысқа қарай 35 км жерде, Қылшықты өзенінің сол жағалауындағы әр түрлі астық тұқымдас шөптер өскен қиыршық тасты қара топырақты дала белдемінде орналасқан. Тұрғыны 1,8 мың адам (1999). Іргесін 1879 жылы Хан ауылы орнына қаланған. 1957 жылдан “Жамантұз” астық шаруашылығы, 1976 жылдан “Жамантұз” ет өндіру бағытындағы кеңшардың орталығы болып келді. Оның негізінде ЖШС, шаруа қожалықтары құрылды. Орта мектеп, 2 клуб, кітапхана, фельдшер-акушерлік пункт, т.б. мекемелер бар. Тұрғындары көрші елді мекендермен т.ж. және автомобиль жолдары арқылы қатынасады.

 

 

 

Кенесары хан ұрпақтары

Кенесары хан ұрпақтары – Кенесары хан әулетінің шежіресі. Кенесары ханның бәйбішесі Күнімжан ханымнан (арғын руының қызы) үш ұл туады: Жапар, Тайшық, Ахмет. Екінші әйелі Жаңыл ханымнан бес ұл туады: Құмар (кейбір деректерде Омар), Әбубәкір, Құсман (Осман), Сыздық, Жақшы (Жегей) (бұл мәліметтер Әзімхан Кенесариннің отбасылық архивінен алынған). Кенесарының үлкен ұлы Жапар Ресей империясы әскерлерімен болған соғыста тұтқынға түсіп, көп жыл айдауда болады. Ақырында Бекет батырмен бірге тұтқыннан қашып келеді. Денсаулығы нашарлағандықтан көп кешікпей қайтыс болады. Кенесарының ұлы Сыздық сұлтан (1839 – 1910) әке жолын қуып, Ресей империясына қарсы күресті. Тайшық пен Ахмет сұлтандар амалсыз патша үкіметіне барып қызметке тұрады. Қоқандықтармен болған бір соғыста Тайшық сұлтан қатты жарақаттанып, қайтыс болады. Ахмет сұлтан алғашында Шу бойындағы қазақ, қырғыз елдерін Қоқан шапқыншылығынан қорғап тұрады. Шымкент уезі ашылған соң Ахмет сұлтан онда уезд басшысынан үшінші жәрдемшісі болып тағайындалып, осы жұмыста 20 жыл істейді. Қазақ руларымен патша әкімш. арасындағы қатынастарды реттеп тұрады. Ахмет сұлтан 46 жасында қайтыс болды. Ахмет сұлтанның ұлдары Смайыл, Ыбырай, Мұқан, Әзімжан, Шірінхан. Ахмет сұлтанның ұлдарының ішінде ең белгілісі Әзімхан Кенесарин (1878 – 37) Алашорда партиясын құрушылардың қатарында болған, саяси қуғын-сүргін құрбаны. 1996 ж. толығымен ақталды. Әзімханның ұлдары: Натай, Мұхамедхан, Мадияр, Тәуке, қыздары: Хамида, Напуса, Аян, Баян. КСРО-ға еңбек сіңірген геолог, геология-минерал ғылымдарының докторы, гидрогеолог, Өзбекстан ҒА-ның корреспондент мүшесі Натай Әзімханұлы Кенесарин кезінде бабасының атын алып жүргені үшін қуғындалып, Қазақстаннан қоныс аударуға мәжбүр болған. Кенесарының Әбубәкір атты ұлының шөбересі, ұстаз әрі домбырашы, өнер қайраткері Файзолла Үрімізов пен жиендері арасынан Кеңес Одағының Батыры <Александр Гаврилович Моисеевский сынды генерал шықты.

 

Кенесары Үңгірі

Кенесары үңгірі, Көкшетау үңгірі, Бурабай көлінен оңтүстік-батыста 0,5 км жерде, Ақмола облысының Бурабай ауданы жерінде орналасқан. Үңгір Көкшетау қыратының гранитті сілемінің үгілуінен пайда болған және ол аласа шоқының үстінде жатыр. Үңгірге кіре берістегі қуыстың биіктігі 3 метрдей. Ол екі бөліктен тұрады. Оларды бір-бірімен тар қуыс жалғастырады. Екінші бөліктен сыртқа шығатын ауыз бар. Негізгі үңгір дөңгелек пішінді диаметрі 5–6 м, биіктігі 1–3 м. Үңгір ішіндегі температураның сыртқы температурадан айырмашылығы 2–3°С. Кенесары үңгірі «Бурабай» курортындағы туристер көп баратын орындардың бірі.

Кенесары хан туралы не білеміз?

 

Тарихында азаттық сүйгiштiгiмен белгiлi Кенесары ханның атасы Абылай бүкiл өмiрiн қазақты бiртұтас мызғымас ел етуге арнаған аса дарынды хан едi. Әкесi Қасымның өмiрi де сол асыл iстi жалғастырумен және Ресей патшасының қазақ елiн отарлау саясатына қарсы соғысумен өттi. Бәрi де осымен бiтер ме едi?! Бiрақ ұлтымыздың бағына 1802 жылы Қасым ханның отбасында бiр ұл дүниеге келдi. Жаңа туған нәрестенiң кiшкентай болғаны соншалық Шоқай би оны қолына алып тұрып: «Өзi сондай кiшкентай екен, аты Кенесары болсын» деп ат қойыпты.

Кенесары бала ат құлағында ойнаған шабандоз, Көкшетаудың баурайы мен Бурабай көлiнiң маңында аң аулауға сондай ынтық болып өседi. Ертеңi туралы ерте ойланған болашақ хан жасөспiрiм кезiнде-ақ құрдастарына «Мен ешқашан батырлығымды тастамаймын, өлсем де қаһармандықтың шегiне жетемiн» дептi.

Әкесi Қасым қолбасшы болған, қарулы күрес жолына жас күнiнен қатысқан Кенесары 1824-1836 жылдар аралығында ағасы Саржан бастаған ұлт-азаттық көтерiлiстiң белдi мүшесi болады. Атасы Абылай, әкесi Қасым мен ағасы Саржанның жорық жолдарынан тәлiм-тәрбие алған Кенесары елге бас болған шағында қателiк жiберуден өзiн аман сақтап қалды.

Уәли ханның немересi, ғалым Шоқан Уәлиханов, яғни патша өкiметiне қарсы көтерiлген Қасым төре тұқымына жақын ақсүйек, Кенесарыны көтерiлiсшiлердiң iшiндегi ең ержүрегi деп сипаттай келе, қозғалыстың басты себептерiн былайша анықтайды: «Хандық билiктi жою, қазақтарды басқару үшiн сiбiрлiк әкiмшiлiктi кiргiздiру немесе жаңа тәртiптердi орнату толқуларсыз өтпедi».

Орыс өкiметi қазақтарды жан-жағынан қысып, құнарлы жер шаруашылығына тиiмдi аймақтарға Қарқаралы, Көкшетау, Баянауыл, Ақбұлақ, Құсмұрын, Ақмола, Аягөз, Көкпектi, Алатау және Қазақстанның ең суы мол, орманды, өзен-көлдi, табиғаты да өмiр сүруге қолайлы аудандарына орыс шаруаларының ауыз салуы жалғаса бердi.

Дегенмен, Кенесары ашық күреске шықпас бұрын патша өкiметiнiң қазақ жерiнде қорған салуларын тоқтатуын бейбiт түрде талап еттi. Бiрақ Кенесарының заңды талабына құлақ аспаған патшалық өкiметтiң басқыншылық әрекеттерi қарсы қозғалысқа әкеп соқты.

Ежелгi қазақ даласының халқы Кенесарыны хан сайлап, соның басшылығымен 1837 жылдан бастап туған елiнiң тәуелсiздiгi үшiн он жыл талмай соғысты. 1836 жылы ағасы Саржан қаза тапқанға дейiн өзiнiң нағыз батыр екенiн дәлелдеген Кенесары өзi бас болып шайқастарға қатысқан. Иығына полковниктiң эполеттерiн тағып, қасына ерген ту ұстаушылары бар әскерiнiң алдында жүрген.

Жауларының өздерi көзсiз батырлығын мойындаған. Кенесарыны көтерiлiсшiлердiң өздерi де хандардың арасынан шыққан ең қаһарманы әрi ақылдысы деп бiлген. Кенесары бастаған күрес шын мәнiнде ұлт-азаттық күреске айналды. Көтерiлiсшiлердiң өз әнұраны болғаны да белгiлi. Сол кездерi Кенесары үлкен көрегендiк танытып халқының бiрлiгiне кедергi келтiретiн жүзге, руға бөлiнушiлiктi тыюға көп әрекет жасайды.

Кенесарының Ресей өкiметiне қарсы бастаған көтерiлiсiн ең алдымен туыстары қолдады. Атап айтқанда, туған бауырлары — Көшек пен оның ұлы Әбiлпейiз, алты ұлымен келiп қосылған әпкесi Бопай, iнiлерi Наурызбай мен Мұса. Ағасы Саржанның балалары: Құдайменде, Ержан, Иса, Қошқарбай. Туысы Дайырдың ұлдары: сұлтандар Тәти, Әти, Сатыбалды және оның ұлы Қадырбай. Соғыс қиыншылығынан Кенесары ханның өз отбасы да шет қалған жоқ. Жұбайы Күнiмжан мен балалары жау қолына түстi.

Ел басына күн туған шақта Кенесарының қасынан табылғандар арасында ерлiктерiмен аты шыққан туған әпкесi Бопай күйеуi Сәмеке мен оның туыстары Сортек пен Досалы Әбiлхайырұлдарын көтерiлiске қатысуға үгiттедi. Кенесары ханның ордасында өткен барлық кеңестерге белсене қатысып отырған Бопай 600 сарбазы бар қарулы топты басқарып, үлкен шайқастарға қатысады. Жау тылына түрлi жорықтар жасап жүредi. Сонымен қатар зекет жинаумен және көтерiлiске қатысудан бас тартқан сұлтандарды жазалаумен де шұғылданады. Бопайдың ұлы жас батыр Нұрхан шайқастардың бiрiнде жарақаттанып жау қолына түседi. Кенесары ханның туған жиенi туралы жауларының «ең көп қарсыласқан Нұрхан болды» деп жазылған мәлiмдемесi сақталған.
Кенесары ханның ең жақын көрген iнiсi, 1822 жылы туған Наурызбай, өте денелi әрi биiк бойлы болған. Бет-әлпетi тегiс, басқа қазақтарға қарағанда iрi, сопақ келген қызылшырайлы, қап-қара көздерi от шашып тұратын. Меруерт тағылған айдарлы шашы болған. Мұрт пен сақал қоймаған. Ол ұрыс даласына әрдайым ақбозат мiнiп шыққан. Шайқаста оң қолын бiлегiне дейiн ашық қалдырып бос ұстайды екен. Ал, бос қалған жеңiн белдiгiне қыстыратын. Қандай жағдай болса да, ауыр найзасын бiр қолымен көтерген батыр басына төбесi қызыл құндыз тымақ киетiн. Жағасы бағалы жүндi тон киедi.

Кенесарының тағы бiр бауыры Әбiлғазы 1821 жылы туып, анасы қайтыс болған соң өгей шешесi Қожақ ханымның қолында тәрбиеленедi. Ол Кенесарының кеңесшiсi әрi барлық маңызды хат жазысу жұмысын жүргiзумен шұғылданған. Кенесары Перовскийге жазған хатында: «Әбiлғазы Қасымов Ресейдiң заңдары мен әдет-ғұрпын өте жақсы бiледi» дейдi. Әбiлғазының өзi: «Әкем төрт жыл бұрын Қоқан ханының шақыруымен татуласуға барғанда сол жерде тұтқындалып, сол жақта қаза тапты. Ал, мен Қожақ ханым екеумiз Хиуа ханы Жүсiп-бектiң өтiнiшiмен босатылдық. Содан соң мен Кенесары ханның қасында ұзақ уақыт хат жазысуына көмектестiм» деген.

Кенесарының қасында қазаққа белгiлi батырлар: Ағыбай Олжабайұлы, Ағыбайдың бауыры Мыңбай, Жанайдар, Иман Дулатұлы – Азамат соғысының батыры Аманкелдi Үдербайұлының атасы, Жоламан Тiленшiұлы, Бұғыбай, Аңғал, Басықара, Жеке батыр, Жәуке, Сұраншы, Байсейiт және басқа батырлар болады.

Халық арасында Шұбыртпалы Ағыбай деген атпен белгiлi батырды, ағасы Саржанның қарулас досы әрi өзiнiң құрдасы болғандықтан Кенесары жақын тартып, «Көсе» деп атайды екен. Ағыбай батыр шүңiрек көздi, биiк денелi, қолы ұзын болыпты. Жүзiктермен әшекейленген найзасын құланның терiсiнен жасалған белдiкпен байлап жүредi екен. Бiрде Кенесарыға: «Басқаларға мың басы, бес жүз басы деп лауазым берiп жатасыз, неге Ағыбайға мұндай шен бермедiңiз?» деп сұрағандарға Кенесары «Менiң алдыңғы сапымдағы сарбаздарым соғысқа «Абылайлап!» кiргенде, басқалары «Ағыбайлап!» шабады. Сондықтан батырға бұл шендер лайық деп ойламаймын» деп жауап берген.

Кенесарының тағы бiр өте сыйлы батыры — көтерiлiсшiлер қатарына 1839 жылы қосылған Иман Дулатұлы. Әскери кеңестiң беделдi мүшесi Иман батырды жасы үлкен болғандықтан Кенесары хан аға ретiнде сыйлап, Аяке деп атайтын болған. Иман батыр, әсiресе, Есiл өзенiнiң жағасына орналасқан Көк-Алажар қорғанына шабуыл кезiнде ерекше ерлiк көрсетедi. Қорған iшiндегi гарнизон ұзақ уақыт атысып берiспейдi, сол кезде Иман батыр айналып барып желке тұсынан шабуыл жасап қорғанға басып кiрiп, шабуылды шегiне жеткiзедi. Сонда Кенесары хан сарбаздарын сапқа тұрғызып: «Мен бүгiн қасымда жолбарыстай айбарлы, түлкiдей айлалы Аякеңнiң болғанына ризамын» деп өз бағасын берген.

Бiресе Созақтан, бiресе Ақмола түбiнен шабуыл жасайтын Кенесарының жанында әрдайым осындай сенiмдi серiктерi, батырлары болды.

Әрине, қай күрес болса да қантөгiссiз, құрбандықсыз болмайды. «Жеке батыр» деп атап, ерекше жақсы көретiн Байтабын батыр қаза тапқанда Кенесары үш күндiк қаралы күн жариялаған.
Кенесарының күресiн жақтаған қазақ ақындары сарбаздардың рухын көтеруге өз үлесiн қосты. Сондай ақындардың бiрi Алтай-Қалқаман руының өкiлi Досқожа Тоқбөрiұлы өзiнiң айтуы бойынша, Кенесары ханның қолына Ақмола аймағында қосылған. Кенесарының күресiн жақтаған ақындар қатарында белгiлi қазақ драматургы Қалтай Мұхамеджановтың бабасы Күдерiқожа ақын да болды. Күдерiқожаның «Қарқаралымен қоштасуы» мен Досқожаның шығарған «Қоштасу әнi» және басқа ақындардың сол кездi суреттеген шығармалары бүгiнгi күнге жеттi.

Қасымханның ұлы басшылық еткен көтерiлiс басқа халық өкiлдерi тарапынан лайықты бағасын алды. Кенесарының қол астында Ресейге қарсы басқа ұлт өкiлдерi: қырғыздар, қарақалпақтар, түркiмендер, өзбектер мен орыстар да болды. Башқұрлар келiп зеңбiрек құйысты. Әсiресе, Самарқан мен Бұқарада бiлiм алған өзбек Сайдаққожа Оспанов Кенесарының көмекшiсi ретiнде елшiлiк жұмысына көп еңбек сiңiрдi. Кенесарының жеке хатшысының орыс болғаны да белгiлi. Көтерiлiсшiлер қатарында басқа ұлт өкiлдерi көптеп саналатынын орыс полковнигi Аржанухин: Кенесарының қол астында Сiбiрден қашып келiп қосылған 100 поляк бар, олардың бiреуi майор. Және басқалары да жеткiлiктi, деп жазып кеткенi белгiлi.

Польшада ұлт-азаттық көтерiлiске қатысқаны үшiн жер аударылған поляктар көтерiлiсшiлер қатарына жайдан-жай қосыла қойған жоқ-ты. Олар қазақ халқымен азаттық алу жолында мақсаттас болды. Сарбаздардың рухын көтеру мақсатымен көтерiлiске қатысқан ұлты поляк Иосиф Герберт Кенесарыны мадақтап сарбаздар айтатын ән де шығарады.

Кенесары бастаған көтерiлiсшiлердiң өз әнұраны болғаны жайында қазақ өнерiнiң жанашыры, ән мен күйлердi жинаушы ғалым Александр Затаевич өзiнiң «Қазақ халқының мың әнi» атты кiтабында жазған.

Кенесары – Орыс патшасына қарсы соғысқанмен, орыс халқының қарапайым өкiлдерiнiң жағдайын жақсы түсiнген ел басшысы. Сондықтан ол орыс шаруалары мен қолға түскен орыс солдаттарынан кек алуды мақсат етпеген. Қолға түскен тұтқын орыс Андрей Ивановтың көрсеткен куәлiгi мынадай: «бiзге тұтқындарға ешқандай зорлық-зомбылық жасалған жоқ. Кенесары бiздi өкпелетпеудi және аш қалмауымызды қадағалап отырды.

Әдiлдiктi ту етiп, он жыл соғысып қаза тапқан Кенесарының даңқы алысқа кеттi. Елiнiң азаттығы жолындағы көтерiлiске қатысқаны үшiн қазақ даласына жер аударылған поляк Густав Зелинский Кенесары көтерiлiсi кезiнде қазақтардың ауыр жағдайы туралы «Қазақтар» деген поэма жазды. Ақын Нысанбайдың «Кенесары-Наурызбай» атты жырының орысша аудармасын 1875 жылы Орыс География қоғамы жарыққа шығарды. Бiрақ орысша нұсқасында Орыс патшасының жаулап алушылық саясатын әшкерелейтiн шумақтар қысқартылып тасталды. Нысанбай ақынның бұл тарихи жырын ақын Жүсiпбекқожа Шайхисламұлы 1912 жылы Қазан қаласында бастырып шығарды.

1861 жылы француздың атақты жазушысы Жюль Верннiң Кенесарыны бас кейiпкер етiп жазған кiтабы жарық көрдi. ХХ ғасырдың 30-жылдары Мұхтар Әуезовтiң «Хан Кене» пьесасы сахнаға қойылып, Кеңес өкiметiнiң көңiлiне жақпай, 1969 жылға шейiн шаң басып жатты.

1944 жылдың қаңтарында Алматы қаласына келiп төрт күн атақты ғалымдар мен қоғам қайраткерлерi алдында соғыс психологиясы туралы әңгiме жүргiзген Бауыржан Момышұлы сол жылдары атына қара күйе жағылып жатқан Кенесары хан мен басқа да елiм деген тарихи тұлғаларға ара түсiп: «Кенесары ханнан оның көзқарасының Карл Маркс көзқарасымен сәйкес болуын талап етуге болмайды. Бiздiң хандарымыз бен билерiмiз өз заманының мемлекет қайраткерлерi әрi жақсы адамдар болған. Бiз оларды мақтаныш етуiмiз керек – олар халықтың абыройы ғой» деп айтқан. Кейiнгi жылдары жазушы Iлияс Есенберлин «Қаһар» атты романын жазды.

 

Кенесары ханды тәуелсiз Қазақстан халқы ешқашан ұмытпауы тиiс.

 

Бердалы Оспан

"Алтын Орда" газеті

О, хан Кене.

Таптады жау ата жұрт, салтыңды да,

Жан қысылып кеудеде алқынды ма.

Күш жұмсадың жинауға біріктірер,

Шашыраған тарыдай халқынды да.

 

 

Басыңды алтын тіктің де күніне өлім,

Рахатын көрмедің дүниенің.

Қазағынды тәуелсіз ел етуге,

Ат үстінде өткіздің сүріп өмір.

 

 

Кәпірдің де негіз бар қорқуында.

Жолбарыстай жүрдің сен жортуылда.

 

Қорқау қасқыр сияқты бұкпантайлап,

Ездер тұрды патшаның қолтығында.

 

 

Бұлт қойылып еркіндік аспанында,

Алай-түлей болды әлем қас-қағымда.

Сәл осалдық танытсаң айбат қылмай,

Тұрды жауың құзғындай бас салуға.

 

 

Халкың үшін қажымай қайрат қылып,

Жауға шаптың атқа да жайдақ мініп.

Тіршілікте жаныңа тыным бермей,

Арыстандай мерт болдың айға атылып.

 

 

Қазағыңа қашанда берді ме ерік,

Қасиетті өртеді жерді келіп.

Бүгінгі күн ұл-қызың марқаяды,

Сен аңсаған тәуелсіз елді көріп.

 

 

Кешті халқың не сұмдық сұрқияны,

Мешеуліктің торлады бұлты ұяны.

Өз алдына ел болып, отау тіккен,

Тәуелсіздік көңілге нұр құяды.

 

* * *

Өміріңде жан емес бұғып көрген,

Ақыл, айла, сенім мен үмітке ерген.

Батырға тән ежелгі әдетпенен,

Бірде Ағыбай шолғынға шығып келген.

 

 

Батырлығы шығарсын төске мұны,

Толмай отыр ісіне еш көңілі.

Хан алдына бар сырын жайып салды,

Көкжал болып даланың өскен ұлы.

 

 

- Тыныштыққа маужырап аймақ тұнған,

Ай жап- жарық, жұлдыздар жайнап тұрған.

Таң алдында үнсіздік бұзылады да,

Бір қарайған көріңді жайлап қырдан

 

 

Жазық бетке түсті де құйындатты,

Ат тұяғын боз көде сүйіп жатты.

"Қайт, қайт кейін өлесін!" - деп айқалап,

Қарсы шаптым келді де жыным қатты.

 

 

Ағызып кеп найзамды қағып қалды,

Қолдан шығып көдені қауып қалды.

Денеме ұшын дарытпай ту сыртымнан,

Содан кейін ол найза салып қалды.

 

 

Атымды да кеуделеп ысырғаны,

Бірақ түйреп қанбақша ұшырғаны.

Боз көдеге топ еттім есім ауып,

Өкінішке өртеніп ішім жанды.

 

 

Батырлардай шыныққан жорықтағы,

Менен өзі именіп қорықпады.

Найзамды іздеп таппадым есеңгірен,

Түс көргендей аң-таңмын болып тағы.

 

 

Оңға басып жүрсе де ісім бұрын,

Сол салт атты көрсетті ісін мығым.

Өмірімде мұндайды көрмеп едім,

Шындыққа айналды түсім бүгін.

 

 

Жаумен жастай ұнаттым алысуды,

Шабуылды, жорықты жаным сүйді.

Тірі өлік боп оралсам дел-сал болып,

 

Ақ ордада найзам тұр шанышулы.

 

 

Пәс көңілі тұнжырап бүгіліпті,

Бас батыры Ағыбай сырын ұқты.

- Наурызбай шығар бұл ойнап жүрген, -

Деп хан Кене сәл ғана жымиыпты.

 

 

Ақжолтай Ағыбайдан шұбыртпалы,

Осы әңгіме қалды елі ұмытпады.

Ет-сүйектен жаралған батыр да аңғал,

Болатынын жұртшылық ұғып қалды.

 

* * *

Төңсе де аймағы мен басқа қауып,

Киіктей дүркіреп ел қашпады ауып.

Хан Кене мініп алған қаһарына,

Қылышын отыр өзі тасқа шауып.

 

- Көрсетпей батырға тән сом қылықты,

Таныттың табансыздық, олқылықты,

Аяқсыз қалдырмастан хан жарлығын,

Салмадың неге жөнге Бөлтірікті?!

 

 

- Хан ием, қазағымның баласы да ол,

Бар ма еді Бөлтіріктен аласын мол.

Сенді олар қорғайды деп Қоқандардан,

Алайық ажыратын арасын сол.

 

 

Адамның білемесін қанын желік,

 

Алмаймын елін шауып, малын бөліп.

Ескертіп Бөлтірікті қоя бердім,

Қазақтың не қылайын арын төгіп.

 

 

Батыр да, қара менен алып та адам,

Тандаса адал жолды тарықпаған.

"Нең сенің шауып алсаң кетеді" - деп,

Хан Кене жылы шырай танытпаған.

 

 

Қаһарын ашуланып шақырғаны,

Түк әсер етпегендей аһ ұрғаны.

Ісінің дұрыстығын Ағыбайдың,

Қоштаған Науан, басқа батырлары.

 

 

Болса да әрі батыр, айлалы адам,

Достары құшағын көп жайған оған.

Алатау жорығында Ағыбайды,

Бірақ та бас сардары сайламаған.

 

 

* * *

Жорық біткен алатын үрейін ел,

Кең даланы көделі сүйеді жел.

Ел ішінде тыныштық орнаған соң,

Жер қадірін Ағыбай біле білген.

 

 

Кеше өрде, бүгін тау етегінде,

Бос арманның кетті ме жетегінде.

Белден шешіп қаруын, тоған қазды,

Егін егіп тұрмысын көтеруге.

 

 

Жауға шапса айлакер, алғыр адам,

Дүние жиып жан емес мал құраған.

Азық іздеп Ағыбай елге кеткен,

Тамақ тапшы, ағайын қалжыраған.

 

 

Қиындықтан кетпеген жүнжіп тегі,

Өтті күннің тер төккен жылжып көбі.

Жәмші өзені бойында қауырт қимыл,

Тоған қазған ұнайды ел тірліктері.

 

 

Арқа жаққа жетелеп жүрегі ерді,

Бар екені тұстасы біле келді.

Тоған қазып шаршаған ағайынға,

Бөлтірік би ат басын тірегені.

 

 

Сырттан келген әуелі шолар маңын,

Танымаса ділдәгер бола алар кім.

Бөлтірік би сұрады сәл кідіріп:

- Қазып жатқан кімдікі тоғандарың?

 

- Біреуге жеке басы, малы қайғы,

Біреуге азаттықтың тағы ұнайды.

Қазып жатқан бұл тоған батырдікі,

Білетін шығарсыз сіз Ағыбайды.

 

 

Мамыражай қалжырап тұрған жұртқа,

Шығармастан сырын да бірден сыртқа.

"Ағыбайдың тоғаны" деген сәтте,

Атын шалған Бөлтірік құрбандыққа.

 

 

Бұл жайды естіп Ағыбай қайран қалған,

Қуанышын бүге алмай жайрандаған.

"Бөлтірік пен Ағыбай тоғаны" боп

аталсын! - деп аймаққа айқайлаған.

 

 

Қас дұшпаннан қорғады аймағын бай,

Ағайынға құшағын жайған ұдай.

Тоғаны Ағыбай мен Бөлтіріктің,

Қос батырдың достығы айғағындай.

 

 

Адалдықты, достықты таныпты ерден,

Жомарттығын, мәрттігін халық көреген.

Ағыбай мен Бөлтірік нақты ісімен,

Сара жолын ізгілік салып берген.

 

 

Ажырамай елінің ынтымағы,

Айы туып оңынан, күн шығады.

Қос батырдың тілегі қабыл болып,

Ұл-қызы өсіп, туған жер құлпырады.

 

 

* * *

Ағыбай бас батыры хан Кененің,

Жорықта күш-қайратын, салды өнерін.

Қызғыштай қорғай білді кең даласын,

Кемедей қайырылып қалған елін.

 

 

Арбасқан өмір, өлім қатал сынға,

Бел шешіп түсті батыл жата алсын ба.

- Ағыбай жолы болғыш бас батырым,

Ақжолтай, - депті Кене, - аталсын да.

 

 

Жанары қыран құстай шашқан жалын,

Жорықта көп сынады жастай бағын.

Айырылып хан Кенедей серігінен,

Өкініп тістей берген бас бармағын.

 

 

Батырдың қапаланар жөні барды.

Төтелеп төске салған жолы қалды.

Ұлтандай иеленер жер бұйырмай,

Ақ патша, жандайшаптар бөліп алды.

 

 

Көрсетті қаһар төгіп күш қаттыға,

Жауына тіршілікте ұстатты ма.

Шұбырмалы Ағыбай атанса да,

Көрді ғой шет қағу мен қыспақты да.

 

 

Кешегім сағымдай боп бұлдыр қағып,

Туды ғой аңсап күткен күн бір жарық.

Елтаңбам арайлана жарқырайды,

Әнұран көкті керней күмбір қағып.

 

 

Теңіздей ашық аспан мөлдірейді,

Болғанын ұзағынан ел тілейді.

Ағыбай батыр кеше арман еткен,

Тәуелсіз ел жалауы желбірейді.

 

 

* * *

Хан Кене, ер Ағыбай, батыр Науан,

Дұшпанын алқымға алып, тақымдаған.

Ерлігін арыстардың мәшһүр етіп,

Абыздай жыр төгеді ақын Далам.

 

 

Кең Далам, батыр Далам нар тұлғалы,

Төсінде қылыш, найза жарқылдады.

Кеудесін айқара ашып тыныстады,

Атқанда тәуелсіздік алтын таңы.

 

 

Далам Ер қайратына еміренген,

Кәпірлер айбатынан көріне енген.

Елінде ауыз бірлік болмаған соң,

Доңыздар емін-еркін төрінде өрген.

 

 

Тарихын-еткен жолын өшірмеді,

Жылжыды тәуелсіз ел көші ілгері.

Жұлдызы қайта тауып қаһармандар,

Ұрпаққа ұран болды есімдері.

 

 

Еліне ұлтарақ боп төселер кім,

Ерлігі ұмытылмас көшелі Ердің.

Қашанда ардақ тұтар арыстарын,

Ұланы ынтымақты өсер елдің.

 

 

Танытып бар әлемге қазақ атын,

Ел басында Нұрсұлтан азаматым.

Көкірегі ояу, көзі ашық өсті ұрпағың,

Тарихтың жаңа бетін жаза алатын.

 

 

Азия Транзит. - 2001. - N11.-19-20 б.

Жаңартылды 27.08.2012 12:50
 


, Powered by Joomla! and designed by SiteGround web hosting