Әлкен Жапарұлы Басып шығару
01.06.2012 14:58

Әлкен Жапарұлы

Әлкен Жапарұлы соғыс және еңбек ардагері, Қазақстан Республикасының ауыл-шаруашылығына еңбегі сіңірген қызметкер, 1916 жылы Сары-Арқа жерінде Қарқаралы округіне қарасты Алтеке-сырым болыстығында Тайатқан Шұнақ тауларының етегінде өмірге келді. Әлекеңнің әкесі Жапардың қыстауы аталас ағайыны, қазақ халқының соңғы ханы Кенесары Қасым ұлының бас сардары шұбыртпалы Ақжолтай Ағыбай батыр кесенесінен екі шақырым жерде орналасқан және күні бүгінге дейін қалаулы тастары сақталған.

Анасынан екі айлығында жетім қалған жас нәрестені алдынан жиырмасыншы ғасырдағы ұлтымыздың басына қара бұлттай төнген қасыретті жылдары тосып түрды.

Оның туған жылы бірінші дүние жүзі соғысына кіріскен Ресей патшасының сертінен тайып қазақтан қара жұмысқа әскер алу туралы жарлығымен тұспа тұс келді. Бір жыл өтпей артынан большевиктердің ұйымдастырған Октябрь төңкерісі басталды. 1919 жылы Арқа өңірін ашаршылық оты шарпыды. Оның артынша мал бағып бейбіт жатқан елді біресе ақ әскер, біресе негізі басқа үлт өкілдерінен тұратын қызыл әскер келіп шырқын бұзды, тонады, бас көтеретін азаматтарын аюандықпен өлтірді. Ел есін жаңа жинаған кезде асыра сілтеу саясатымен қатар келген екі жылдық жұт қазақ халқының жаппай қырылуына әкеліп соқты. Ағайынының көбінен айрылған Жапар ақсақал ұрпағын сақтап қалу үшін жалпы-жаяу Арқадан

Бетпақ дала үстімен, Мойынқүм асып қырғыздың Қара Балта қаласына жеткен. Осы жерде 14 жасар ұлы Әлкен екеуі орыс кулагына жалданып жан сақтаған.

1932 жылы Ораз Жандосов бастаған Қазақстан үкімет коммиссия мүшелерінің үгіттеуімен Қырғыз топырағында жер ауып журген қазақ азаматтарымен бірге елге оралып Шу өзенінің төменгі сағасында Мойынқұм жеріне қоныстанған. Келген бойда жаңадан құрылып жатқан колхоз шаруашылығына әкелі балалы болып қызу кіріскен.

Осы киелі Мойынқұм топырағынын 1938 жылы Әлкен Қызыл әскер қатарына шақырылады. Әскери борышын атқаруды ССРО қүрамына жаңадан енген Батыс Украина шекарасында солдаттық қызметтен бастайды. Көзі ашық, ісіне ұқыпты, орыс тілін жете меңгерген, елгезек солдатты командирлері бірден байқап Әлкен Жапарұлын байланысшы мамандығына баулиды және көп ұзамай ВКП(б) қатарына мүшелікке қабылдайды.

Әлкен Жапарұлы 1939-1940 жылдары Фин соғысына қатысқан, 1941 жылдың 22 маусымынан совет-герман соғысының бірінші күнінен бастап соғыстың аяғына дейін қанды шайқастарға қатысып, екі рет Данқ, Қызыл жұлдыз, екі рет Отан соғысы орденімен, бірнеше медалдармен марапатталады. Әлкен Жапарұлының әскери қызметі байланысшылар взвод командирінің орынбасары старшина дәрежесіне дейін көтерілген. 1945 жылдың ақпан айында совет әскері Польша жеріне кіріп, Висла өзенінен өту үшін болған кескілескен шайқаста Әлкен үшінші рет ауыр жараланып мұз астына батып бара жатқан жерінде қан көйлек жолдастарының көмегімен тірі қалады. Оның артынын бір жылдан астам Украина, Әзірбайжан, Ресей жеріндегі әскери госпиталдарда емделіп 1946 жылы қайтадан әскери сапқа тұрған. Соғыс аяқталғанына жылдай уақыт өтседе, әскери басшылық Әлкенді демобилизацияға жібермей бар болғаны сұрапыл 8 жылдан соңтек бір айлық демалыс беріп еліне барып қайтуға ұлықсат береді.

Әлкен Жапарұлының ерлікке толы өмірінің Ұлы отан соғысына байланысты бөлігі талай жазушылар мен журналисттердің мақалаларында жазылды.

1946–1952 жылдар аралығында Әлкен Жапарұлы Мойынқұм топырағындағы құрылған Семисозақ ұжымшарының мал дәрігері қызметінен бастап еңбек етті. 1953 жылдан Жамбыл атындағы ұжымшар төрағасының орынбасары, 1953- 1957 жылдары Карл Маркс атындағы ұжымшар төрағасы, 1957-1978 жылы Фурманов атындағы қой шаруашылығы кеңшарында ферма меңгерушісі болып еңбек етті. Әлкен Жапарұлы еңбектегі жетістіктері үшін Ленин, Октябрь революциясы орденімен марапатталды.

1976 жылы Әлкен Жапарұлы зейнетке шықты, оған Қазақ ССР-ның дербес зейнеткері атағын берген. Бірақ зейнетке шыққанына қарамастан Әлкен Жапарұлы еңбектен қол үзбеді, өзінің мол тәжірибесін жастарға үйретіп, өзінің қызметін жалғастырды.

Соғыста 3 рет алған ауыр жарақаты, Мойынқұмның климаттық қолайсыз жағдайында аямай еңбек еткен кездері босқа кетпеді, олар Әлкен Жапарұлының 71 жасында дүние салуының себептерінің бірі болды.

1947жылы Әлкен Жапарұлы Мойынқұм жерінде туып өсіп, мектеп бітіріп, жаңадан жұмысқа орналаса бастаған Әсемгүл Сыбанбайқызына үйленеді. Әкеміз Әлкен Жапарұлымен анамыз Әсемгүл Сыбанбайқызынан 8 ұлмен қыз өсіп өркендеп, бүгінгі күні өздері бір жағы ата, бір жағы ана болып отыр. Кезінде толық білім алуға қолы жетпеген Әлкен Жапарұлы балаларының барлығына толық орта білім және жоғары білім алуына тікелей қамқоршы болды. 3 ұл, 5 қыз, барлығы бүгін белгілі азаматтар.

Үлкен ұлы, Берікбол Әлкенұлы, Мойынқұм жерінде көп жыл адал қызмет етіп, әкесінің еңбегін жалғастырды.

Қызы, Күләш Әлкенқызы, денсаулық сақтау саласында еңбек етіп жүр. Қазіргі қызметі Астана қаласындағы денсаулық сақтау бөлімінде жауапты қызметкер.

Ұлы, Барыс Жапаров, ғалым, техникалық ғылымдардың докторы, профессор, дипломат, Қазақстанның ғылыми білім беру жүйесін пайдаланушылар қауымдастығының бас директоры.

Ұлы, Айдар Жапаров, құрылыс фирмасының вице-президент қызметін атқаруда.

Қызы, Гүлжамал Әлкенқызы, Тұран Астана университетінің ректоры, белгілі ғалым, профессор.

Қызы, Сауле Әлкенқызы, қаржы саласында қызмет етіп жүрген белгілі маман.

Қызы, Лаура Әлкенқызы, Астана қаласында денсаулық сақтау саласында қызмет атқарады.

Кенже қызы, Ләйлә Әлкенқызы, Алматы қаласындағы туристік агенттігінің басшы қызметін атқаруда.

Әлкен Жапарұлының күйеу балалары мен келіндеріде белгілі азаматтар, әр-қайсысы өз ісінің маманы, бәріде атадан көрген тәрбиесін бүгін өз кезегінде өз балаларына беріп, ұрпақты жалғастыруда.

Әлкен Жапарұлы өз өмірін өзінен бұрын өткен атақты аталарын құрметтеуменен, солардың атына кір келтірмеу мақсатында, намысты қолдан бермейтін ер азамат болып өмір кешті.

2003 жылы Балқаш қаласының төрінде Әлкен Жапарұлының үлкен атасы Ағыбай батырға арналған ескерткішті Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті Н.Ә.Назарбаев өз қолымен ашқан.

Атадан балаға ауысқан, еліне адал қызмет етуге тәрбиеленген, төңірегіне тек қана жақсылығымен көмегін шашқан, елін қорғауда, жан аямай еңбек еткен Әлкен Жапарұлының өзі өмірден ассада, ол кісінің бейнесі көз алдымызда. Қазіргі өмірге келіп, жаңадан ғана бірінші қадам басып жүрген Әлкен Жапарұлының шөберелеріде үлкен аталарын ардақтап өтетініне сенімдіміз.

 


Жаңартылды 06.04.2016 14:24