Қасиеттi Ұлытауға ескерткiш орнату қажет Басып шығару
13.01.2012 06:29

Ұлытау – қазақтың хандары мен билерiнiң, әулиелердiң, батырлардың ордасы болған киелi дала. Және қазақтың XIV-XVIII ғасыр аралығында үш жүздiң басын қосқан қасиеттi мекен. Қазақтың үш биiнiң – қаз дауысты Қазыбек би, Төле би, Әйтеке бидiң Ұлытауда бас қосып, қазақтың бiрлiгiн, рухын шақырған жер ешқашан тегiн болмайды. “Ендi неге “Ақ Орда” (хан ордасы) деп аталған мекенге үкiмет ескерткiш қоймайды? Оған Жезқазған жерiндегi Қазақмыс корпорация комбинатының шамасы жетедi ғой” деген ой ерiксiз мазалайды. Және Ұлытау ауданының орталығын дұрыстау қажет, ол үшiн көрнектi үйлер салып, көшесiн реттеп, Хан ордасы аталған жерге монумент-ескерткiш орнатып, туристiк мекемелер ашып, көлiк қатынасын жөндеу қажет. Келешекте Ұлытау өлкесi Қазақстандағы қасиеттi Түркiстан жерiндей аты шығып, халық мұрасына айналады деп ойлаймыз.

 

Өткен ғасырларға көз салсақ, “Ақ Орданың” билеушiсi Орыс ханның, Барақ ханның, Алтын Орда би­леушiлерi Едiге мен Тоқтамыстың, Әмiр Темiрдiң, Керей мен Жәнiбек, Қасым хан мен Тәуке, Абылай, Кенесары хандардың, Бөгенбай, Қабанбай, Қарасай, Таңыбай батыр, Шақшақ-Жәнiбек, Райымбек және тағы да басқа ұлы бабаларымыздың Ұлытауда болып, ел қамын ойластырғаны – тарихи дәлел. Хан ордасына салынған ескерткiшке Жәнiбектiң, Қасым ханның, Керей хан, (1426-1515жж), Тәуке хан (1586), Хақназар хан (1538), Есiм хан (1598), Салқам Жәңгiр хан (1652), Тәуекел хан (1680-1718жж), Абылай хан, Кенесары, Ағыбай батыр мен үш жүздiң әйгiлi билерi – Төле би, қаз дауысты Қазыбек би, Әйтеке бидiң аттары жазылуы тиiс.

Қазақ халқының бiрiншi хандығын құрған Әз Жәнiбек болса, оның ұлы Қасым хан (1445-1518ж.ж.) жалғастырып, қазақ хандығын XV ғасырдың басында сақтап қалу және дамытуда ерен еңбегi көп болған. Қасым хан сол уақытта Дештi қыпшаққа билiк жүргiзген, мiне, сол кезде Ұлытауды мекендеген. Осы қазақ халқының ежелден сақталып келе жатқан тарихи жағынан маңызы зор Ұлытау қасиеттi Түркiстандай халық мұрасына айналса екен...

 

Кеңес Жалмұханбетов, .

Жоғарғы Соттың отставкадағы судьясы,

Қарағанды облысы. .

 

Жаңартылды 05.09.2012 10:14