Өркені Өскен Өлке Басып шығару
22.11.2011 06:29

“Дабысына табысы сай” делінген ғой. Осы сөз отандық түсті метал­лургияның алыптары шоғырланған өндірісті өңір атақ-даң­қы алысқа жаңғырыққан сайын құлақ түбінде күмбірлеп тұр­ған­дай болады. Мыс өндіруден әлемдік әлеуетті шоғырдың алдыңғы ондығы сапына шыққан, алтыны, күмісі, мырышы жағынан да бәсекелесі шамалы “Қазақмыс” корпорациясының күш-қуатын асырған Балқаш пен Жезқазған соны қыз-қыз қайнатқан ортаны көзге елестетеді. Арқаның алқасы атанған бұл қарашаңы­рақ­тардың одан сайын кеңейген тынысы, серпінді өрлеуі еліміз экономикасының бірегей бетбұрысына берік тірек болып келеді.

Мемлекет басшысы мысты аймаққа жұмыс сапарын Балқаш­тан бастады. Ірге көтергеніне биылғы көктемде 70 жыл толған қаланың көркі кіріп қалған. Бұған дейінгі солғын өңі мүлдем өзгеріп, жайнап-жарқыраған келбеті қоңыр күздің осынау әдемі күндерімен ажарланған көшелері бойында иін тірескен жұрт Елбасының өз орталарына келуін қуанышпен қарсы алды.

Президент Нұрсұлтан Назар­баев алдымен “Балқаштүстіме­талл” ӨБ құрылысын аяқтаған кү­кірт ангидридін тұту зауытына кел­ді. Мұндай кәсіпорынның Бал­қашта салынуы себепсіз емес. Ша­ғын шаһардағы өндіріс ошақтары­ның мұржаларынан көтерілген түтін аспанын торлап, ауасынан газ иісі аңқып, тымық күндерде тар­қамай тынысты тарылтып тұра­тыны тұрғындар жанына көптен батып жүрген жәйт болатын. Сондықтан бұл мәселені біржола шешу бойынша Елбасының тап­сыр­масына сәйкес “Қазақмыс кор­порациясы” ЖШС Канаданың “Кеметикс” фирмасының жоба­сын таңдап, елімізде бұрын-соңды қолға алынбаған істі бастаған бо­латын. Оның салыну құны 34230,4 мың долларды құрайды. Бүгінде негізгі жұмыстары аяқталып қалған зауыт таяу арада толық қуатында жұмыс істеуге көшеді.

Елбасы цехтарды аралап, ор­на­тылған құрал-жабдықтарды көрді. Газдың сүзілуін, күкірттің тұтылып қалуын, түтіннің мөлшерден тыс жайылмауын қамтамасыз ететін озық технологияны таныстырған зауыт мамандары, сондай-ақ оның қалай қолданылатындығына түсін­дір­ме берді. Олар баяндағандай, күркірт диоксиді 99,5-99,7 пайызға дейін тұтылып, бұған қоса тиімді жағы — күкірт қышқылын өндіруге болады. Бағалы металдар өңдеуге аса қажетті бұл өнім шетелдерден сатып алынып жүр. Енді бірлестік алдағы уақытта оны өзі өндіріп, оған мұқтажын қамтамасыз ете алады. Өндірісті қоршаған ортаға залал-зияны тимейтіндей жаңаша құруға бағытталған осындай шара Жезқазғандағы мыс қорыту зауы­тында да жалғасып жатқандығы айтылды.

Елбасы ұжым мүшелерімен кездесуде:

– Маған металлург ретінде бал­қаштықтар еңбегі жақсы таныс. Бүгін қала өміріндегі үлкен оқиға­ның куәгері болып тұрмыз. Көп жылдан бері сіздердің көңілде­рі­ңізді мазалап келген өзекті мәсе­ле­ні шешуге мүмкіндік туды. “Қа­зақ­мыс” корпорациясы бұдан былай қарай ауаның ластануынсыз жұмыс істейтін өндірісті құрды. Бұл — іс осындай талапқа сай бейім­делген дүние жүзіндегі екінші кәсіпорын. Мұндай таза эко­ло­гия­лық жобаның іске асуының аймаққа ғана емес, еліміз үшін маңызы зор. Ол Қазақстанның өсе түскен әлеуетті мүмкіндігін көрсетеді, – деді.

Кездесуде сөз алған зауыт жұмысшысы Нұрғазы Жексенбаев, учаске бастығы Берік Әліпов және басқалары Мемлекет басшысының ел экономикасын одан әрі дамыту жолындағы саясатын қолдап, Балқаштың экологиялық жағдай­ын жақсартуға арналған тікелей қам­қорлығына ризалықтарын білдірді.

Осыдан соң Нұрсұлтан Назар­баевты қаланың төрінде орна­тыл­ған Ағыбай батырдың ескерткіші алдына жиналған қалың қауым кү­тіп тұрған еді. Биіктігі 5,5 метр тұ­ғырдағы қоладан құйылған әйгілі баһадүр тұлғасы асқақ көрінеді. Балқаш көлінің маңайындағы Тасаралдан Кенесары ханның қолына қосылып, азаттық күреске ақтық деміне дейін адал болған даңқты қолбасшы бейнесін қара­ған­дылық мүсінші Жаубасар Қалиев сомдапты.

Жаңа ескерткіш жанында жи­налған балқаштықтармен Нұрсұл­тан Әбішұлы емен-жарқын аман­дасып, халқымызға ортақ мақта­ныш батырдың ескерткіші ашы­луы­мен құттықтады.

Балқашта кейінгі жылдарда өз­герістер көп. Әсіресе, сәулетті ғимараттар қатары көбеюі шаһар шырайын аша түсіп отыр. Соның бірі қалалық сот үйі саналады. Осында болған Елбасы назарынан судьялардың жұмыс істеу жағдайы да тыс қалмады.

Мемлекет басшысы сонымен бірге қаладан шеткергі тұста, көл­дің әсем бір қолтығында орын теп­кен “Балқаштүстіметалл” ӨБ сауықтыру орнында болды. Бұдан 35 жыл бұрын салынған онда жыл сайын 3 мыңға жуық адам денсау­лықтарын түзей алады. Оның бір­лестік еңбеккерлеріне өте қолайлы жағы — өндірістен қол үзбей-ақ ем-дом қабылдауларына мүмкін­дігі бар. Мұның сыртында ем­де­лу­ге бол­машы ғана ақы төленетіндігі қай-қайсысының дер кезінде тексеріліп, денсаулық­та­рын қал­пына келтіруге әсер етеді.

Былтырдан бастап оны толық жөндеуден өткізу, жаңарту жұмыс­тары жүргізіліп жатыр. Ол кеңей­тіліп, көркейтілісімен осы заманғы озық үлгідегі санаторийлік орта­лық­қа айналмақ. Жаңа меди­ци­налық диагностикалық және реа­би­литациялық құралдармен жаб­дықталады. Өткен жылы бұл мақ­сатқа 4243,5 мың доллар жұмсалса, биыл қосымша 4976 мың доллар бөлінген.

Елбасы шипажайды аралап көру кезінде дәрігерлермен әңгі­мелесіп, емделушілерден медици­налық қызметке талап-тілектерін сұрап білді. Президент былай деді:

– Балқаштың өндірістік ошақ болуымен қатар, туризм орталығы­на айналуға мүмкіндігі бар, қала­ның және көлдің экологиялық жағдайы жылдан-жылға сауығып келеді. Бұл аймақта қазақстан­дық­тардың демалып тынығуына қо­лай­лы жағдайлар жасала түсуде. Елі­міздің көрікті аймақтарының бірі саналатын Балқаш аймағын­дағы туризмді дамытуға инвес­тор­лар тарту қажет. Ендігі міндет – бұл өңірді көпшіліктің сүйсіне демалатын орнына айналдыру керек.

Балқаштан кейін Президент Нұрсұлтан Назарбаев Сәтбаев қаласына келді. Кейбір жерлерге таңқалдырарлықтай құбылыстар бұл жақта бүгінде қалыпты көрі­ніске айналып барады. Мәселен, Сәтбаев шаһарындағы спорттық-сауықтыру кешенінің бір өзі сырт көзді тамсандырмай қоймайды. Экономикалық дамумен қатар, әлеуметтік сала әлеуетін көтеруді мақсат тұтқан “Қазақмыстың” жұмысшылары мен қызметшілері тыныс-тіршіліктерін қызғылықты етуге ештеңе аянбайтындығы аян. Соған аталған кешен айғақ. Алыс­тан төңкерілген алып шарды елес­тететін, ауа үрленіп көтерілген, аума­ғы атшаптырым жеңіл ша­тыр­лы үш ғимарат іші қысы-жазы спортты серік еткендерден арыл­майды.

Сәтбаевтықтардың үлкен-кі­ші­сінің сүйікті орны болып табы­ла­тын мұн­да футболмен де, жүгіру­мен де, жүзумен де, хоккеймен де шұғыл­дануға есік ашық. Ал дүбірлі жарыстарда 2500 жанкүйер сыйып кетеді.

Осындағы спорт кешенінде “Қазақмыс” корпорациясының құрылғанына 10 жыл толуына арналған салтанатты кеш өтті. Өт­пелі кезең қиындығында өндірісі тоқырап, мыңдаған адамдар жұмыссыз қалуға қауіп төнген бұрынғы “Жезқазғантүстіметалл” өндірістік бірлестігін дер кезінде қолтығынан демеп, алға дамуға тартқан “Самсунг Дойчланд Гмбх” фирмасы болатын. Осын­дай мықты инвестордың табылуы арқасында ол аз уақытта еңсесін қайта түзеп, түлеп-жаңаруға бет бұрды. Қазір “Қазақмыс” кор­пора­циясының қамқорлығындағы Жезқазған, Балқаш өңірлеріндегі өндіріс ошақтары еліміз экономи­ка­сының берік тірегіне айналды. Бүгінде аталған компания жылына 430 мың тонна жоғары сапалы шақ­пақ мыс, 70 мың тоннаға жуық мырыш, 750 тонна күміс және 4 кило алтын шығаратын әлемге әйгілі өндіріс алыбы.

– Қазақстан индустриясының бесігі әрі қарашаңырағы болып табылатын Жезқазған аймағының екінші тынысы ашылып, қайта өрлеуіне “Қазақмыс” корпорация­сы­ның қосып отырған үлесі үлкен. Бұдан 10 жыл бұрын бұл жақ қиын жағдайды бастан кешіргені ұмы­тыла қойған жоқ. Талай жыл­дар бойы өңір тыныс-тіршілігінің негізі болып келген мыс өндірісі­нің құлдырауы әлеуметтік-эконо­микалық жағдайдың тығырыққа тірелуіне әкеліп соққаны есте­рі­ңіз­де. Сондай күрделі шақта “Қазақ­мыс” компаниясы мемлекеттік мақ­сат-мүддеден шығып, аймақ­тағы өзгерістерге өркен жайдырды. Соның жақсы нышандарына жез­қазғандықтар мен балқаштық­тар­дың бүгінгі өмірдегі кең тыныс-тіршілігі айғақ.

Еліміз дамудың жаңа бағытына бет түзеп отыр. Кешегі алға қойған міндеттер қандай күрделі болса, келешек көкжиегін кеңейтуге көз­делген мақсаттар одан да биік. Әлемнің дамыған елдерінің ортан беліне қосылу, қай салада бол­ма­сын бәсекеге қабілетті мемлекет­тер қатарынан көріну – страте­гиялық бағыт.

Алдағы жылдарда ел эконо­микасы екі есеге өседі. Экономи­ка­ның жақсаруы өмірдің барлық саласын алға тартады. Демек, халқымыздың әл-ауқаты жақсара түсуіне жол ашылады деген сөз. Мұның бәрі еліміздің ертеңгі болашағы жастар үшін жасалып жатыр. Қазір бүкіл әлемге таныл­ған жаңа Қазақстанның келешегі солардың қолында, – деді Нұрсұлтан Назарбаев мере­келік салтанатқа қатысушыларға арнаған сөзінде.

Бұл мерекелік жиында сөз ал­ған “Қазақмыс” корпорация­сы­ның ұжымы мүшелері атынан Тұрсынбек Мақышев, Галина Смирна және басқалары Елбасы­ның мемлекетіміздің қуатын нығайтып, бедел-мерейін өсіру бағытындағы салиқалы саяса­тына, зор еңбегіне алғыстарын жеткізді.

Кеше өндірістік өңірге жұмыс сапары барысында Президент Н.Ә.Назарбаев Жезқазған мыс қорыту зауытында болды. Мұнда өндірісті технологияландырудағы, автоматтандырудағы, Балқаштағы сияқты қоршаған ортаны жақсарту мақсатындағы іс-шаралармен танысты.

Мемлекет басшысы Жезқазған қаласында жақында пайдалануға берілген “Нұр Отан” халықтық-демократиялық партиясының сәулетті ғимаратын аралап көрді. Оның алдында жиналған қауымға еліміздегі демократиялық жаңару­дың жарқын көрінісіне айналған Мә­жіліс пен мәслихаттар сайлау­ларында аймақ сайлаушыларының да үлкен белсенділік танытқан­дығын атап өтті.

Өркені өскен өлке үлкен өзге­ріс­тер үстінде. Жезқазған мен Бал­қаш отандық индустрияның көш­бас­шылық орнын нығайту жолын­да үлгілі үдерістерін өрістете түсуде.

Кәсіпорынды аралап шыққан­нан кейін Елбасы бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне сұхбат берді. Онда еліміз экономикасының жаңа серпінмен дамуында Қарағанды облысының жетекші орын алып отырған­дығына оң баға берілді.


Авторы: Айқын НЕСІПБАЙ, Қарағанды облысы. Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.

"Егемен Қазақстан"

Жаңартылды 09.08.2012 13:13