Кенесары хан әскерінің атақты қолбасшылары мен батырлары Басып шығару
12.09.2012 14:07

Кенесары әскерлерінің жеке отрядтарын басқарғандар арасында үш қазақ жүзінің халық арасында есімдері белгілі батырларын кездестіреміз: Наурызбай, Ағыбай, Иман, Жанайдар, Басықара, Жеке батыр (Төлеубай), Бұқарбай, Таймас, Мәнжі, Сұраншы, т.б.

Кенесары әскерінің даңқты қолбасшысы болған адам – Ақжолтай Ағыбай батыр. Ағыбай тағдырының Кенесары, Наурызбай бастаған қозғалыспен біте қайнасқаны соншалық – олар туралы әңгімені жеке дара айту қиын. Бұлардың қай-қайсына да айтылған сөздер бір арнаға сарқып құя береді және ол аңыз ешқашан таусылмайды. Өйткені мұның бәрі қазақ халқының азаттығы туралы мәңгілік арманның ұлы желісіне жалғасатын сырлар мен мұңдар.

Белгілі ақын Жеңіс Қашқыновтың «Ақжолтай Ағыбай батыр» атты тарихи очеркінде (Алматы, Балауса, 1996, 64 бет) мынадай қызық деректер келтірілген: «Алашорда партиясының көсемі Әлихан Бөкейханов «өтіп бара жатқан, әдейі келген жолаушылардың ойлары мен тілектері жазылып қалсын» деп, кезінде Ағыбай күмбезінің ішінде альбом ашыпты. Сол альбом да, кейін Қаныш Сатпаев пен Әлкей Марғұлан ашқан екінші альбом да жоғалып кеткен. Кейінгі ашылған альбомға зиялы қауымның ізгі тілектері жазылған. Ағыбайдың асында тойға барған қонақтармен бірге мен де «Хан Кене – Ер Ағыбай» деген өлеңімді сол альбомға жазып қалдырдым.


«О, Хан Кене!

Таптады жау ата жұрт, салтыңды да,

Жан қысылып, кеудеде алқынды ма.

Күш жұмсадың жинауға біріктіріп,

Шашыраған тарыдай халқыңды да.

 

Басыңды алтын тіктің де күніне өлім,

Рахатын көрмедің дүниенің,

Қазағыңды тәуелсіз ел етуге,

Ат үстінде өткіздің өмір сүріп.

 

Кәпірдің де негіз бар қорқуында,

Жолбарыстай жүрдің сен жортуылда.

Қорқау қасқыр сияқты бұқпантайлап,

Ездер тұрды патшаның қолтығында.

Бұлт қойылып еркіндік аспанында,

Алай-түлей болды әлем қас қағымда.

Сәл осалдық танытсаң айбат қылмай,

Тұрды жауын құзғындай бас салуға.

 

Халқың үшін қажымай қайрат қылып,

Жауға шаптың атқа да жайдақ мініп.

Тіршілікте жаныңа тыным бермей,

Арыстандай мерт болдың айға атылып.

 

Қазағыңа қашан да берді ме ерік,

Қасиетті өртеді жерді келіп.

Бүгінгі күн ұл-қызың марқаяды,

Сен аңсаған тәуелсіз елді көріп.

 

Кешті халқың не сұмдық, сұрқияны,

Мешеуліктің торлады бұлты ұяны.

Өз алдына ел болып, отау тіккен,

Тәуелсіздік көңілге нұр құяды.

...Ағыбай бас батыры хан Кененің,

Жорықта күш қайратын салды өнерін.

Қызғыштай қорғай білді кең даласын,

Кемедей қайрылып қалған елін.

 

Арбасқан өмір, өлім, қатал сынға,

Бел шешіп түсті батыл, жата алсын ба.

- Ағыбай жолы болғыш бас батырым,

Ақжолтай – депті Кене, - аталсын да!

 

Жанары қыран құстай шашқан жалын,

Жорықта көп сынады жастай бағын.

Айырылып хан Кенедей серігінен,

Өкініп тістей берген бас бармағын.

 

Батырдың қапаланар жөні бар-ды,

Төтелеп төске салған жолы қалды.

Ұлтандай иеленер жер бұйырмай,

Ақ патша, жандайшаптар бөліп алды.

 

Көрсетті қаһар төгіп күш қаттыға,

Жауына тіршілікте ұстатты ма.

Шұбыртпалы Ағыбай атанса да,

Көрді ғой қағы мен қыспақты да.

 

Кешегім сағымдай боп бұлдыр қалып,

Туды ғой аңсап күткен күн бір жарық.

Елтаңбам арайлана жарқырайды,

Әнұран көкті керней күмбір қағып.

 

Теңіздей ашық аспан мөлдірейді,

Қазағым тыныштықты мол тілейді.

Хан Кене, Ер Ағыбай арман еткен,

Тәуелсіздік жалауы желбірейді.

 

Танытып бар әлемге қазақ атын,

Ел басында Нұрсұлтан азаматым.

Көзі ашық, көңілі ояу өсті ұрпағың,

Тарихтың жаңа бетін жаза алатын».


Ақжолтай Ағыбай батыр 1885 жылы Балқаш көлінде Тасарал қамалында қайтыс болды. Аты аңызға айналған батырдың денесін Түркістан жағына Қожа Ахмет Иассауи кесенесіне қоюға орыс отаршылдары қарсылық білдірген.

 

Рәшит Кәренов «Ерлерде Кенекеме кім бар жеткен?!»

Азия Транзит №8(29) тамыз 2002

Жаңартылды 12.09.2012 15:01