Әдебиеттегі Ағыбай образы және оның Кенесары, Наурызбай тұлғаларымен тұтастығы Басып шығару
14.06.2012 15:23

Қазақ әдебиеті тарихында батырлар бейнесі қалыптасқан ауқымды тақырыптардың бірі. Сонау ауыз әдебиетіміздегі аңыз-әңгімелерден, ертегілерден, жыр-дастандардан бастау алатын батырлар тұлғасы жалғасқан ғасырлар тізбегінде көлемделіп, әдебиетте орныға түсетіндігін айқын аңғаруымызға болады. Арғысы Алпамыс, Қобыланды, Ер Тарғын жырларынан бастап, бергісі ХVІІІ ғасыр батырлары – Наурызбай, Ағыбай, Бұғыбай сияқты тұлаларға арналған әдеби мұраларымыз бұл тақырыптың өміршеңдігін және дамып, қалыптаса түсетіндігін көрсетеді. Сонымен қатар уақыт болжамы бізге жақындаған сайын аталмыш тақырыптың тарихи мәні айқындала түсетіндігі даусыз. Әдебиет тарихының қай кезеңінде болмасын батырлар образы өздері өмір сүрген ортадағы ірі оқиғаларға, басқа да айтулы тұлғаларға байланысты ашылып отырады. Айналасындағы тарихи тұлғалардан бөліп алып, кез келген жеке батырлар бейнесін ашып көрсету мүмкін емес. Сондықтан оларды байланыстыра зерттеуіміз заңдылықты қадам болып саналады. Бұл жөнінде Мұхтар Әуезов, Сәкен Сейфуллин бастаған қазақ ғалымдарының шұрайлы тұжырымдамасында айтылған болатын.

 

 

Мысалға: Абылай, Қабанбай, Бөгенбай тұлғаларының үндестігі немесе Кенесары, Наурызбай және Ағыбай образдарының тұтастығы жоғарыда айтылған ойымыздың жалтартпас дәлелі. Осындай мысалдарды басқа да тарихи тұлғалардың өзара үндестіктері арқылы келтіруімізге болады. Осы тұрғыдан келгенде әдебиетіміздегі басты мақсаттардың бірі – оларды өзара байланыстыра, салыстыра отырып, кез келген тарихи тұлғаның әдебиеттегі орнын, жекелеген бейнесін айқындап көрсету болып есептеледі.

Енді осы бір атаулы ғылыми мақалада қазақтың айбынды батыры Ағыбай тұлғасының Кенесары және Наурызбай образдарымен үндестігін дәлелдеп көрейік. Сондай-ақ Кенесары көтерілісіндегі Ағыбай батырдың алатын орнын таразылайық.

Қазақ даласындағы ХІХ ғасырда болған Ресей империясының отарлауына және Хиуа, Қоқан, Бұқара хандықтарының шапқыншылығына қарсы күрестегі Кенесары әскерінің ел ардақтаған батырларының басында Ағыбай атының аталатындығы ақиқат. Осы кезеңдегі азаттық жолындағы шайқастар Ағыбай Қоңырбайұлының батырлық және қолбасшылық қырларын ашып көрсетеді. Ағыбай жайындағы тарихи деректерге жүгінсек те, әдебиеттегі бейнесіне табан тіресек те оның батырлығы мен қолбасшылық қызметі қатар сомдалады. Жоғарыда айтылған Ағыбай батырдың екі қасиеті де оның Кенесары мен Наурызбай образдарындағы алатын орнын нығайта түспек. Бұл жөнінде тарихи тұжырымдарға көз жүгіртетін болсақ, көрнекті тарихшы-ғалым Е. Бекмаханов Кенесарының көтерілісі жайында жазған монографиялық еңбегінде «Ағыбай Кенесарының құрдасы әрі оның бірінші әскери көмекшісі болды» деп жазады. Сонымен қатар тарихи деректер Ағыбай есімінің тек Кенесары әскерінде ғана емес, исі қазақ арасында үлкен қүұрметке ие болғандығын айқындайды.

1949 жылы жарық көрген Қазақ ССР тарихы оқулығында Кенесары әскерінің батырлары жөнінде былай делінген: «Кенесары әскерлерінің ішінде қазақтың үш жүзінен де аса беделді, аты жұрта әйгілі батырлар болды. Шұбыртпалы руынан Ағыбай, қыпшақ руынан Иман, табын руынан шыққан Бұқарбай, дулат руынан шыққан Бұғыбай және басқа да батырлар Кенесарының үзеңгілес жолдастары болды» деп келтірілген (Қазақ ССР тарихы. 1949, 1-т. 289-б.)

Батыр жайындағы әдеби туындылар да дерлік осы ойымыздың арнасына келіп құйылады. Ағыбай батыр образы бейнеленетін әдеби мұраларды мынадай топтарға бөліп қарастыруға болады:

1. Ағыбай жайында халық арасында сақталып келген аңыз-әңгімелер, бұған «Ағыбай мен Наурызбай», «Бақ құсы», «Көтібардың асы», т.б. аңыз-әңгімелер тізбегін атауымызға болады. Бұл тұста аңыз-әңгімелердің сақталуына Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының, Доскей Әлімбаевтардың ықпалы зор.

Жоғарыда аталған халық мұрасын жинастырушылардың жеткізген дүниелері, т.б. көптеген аңыз-әңгімелер Қазақстан ҰҒА-ның Орталық кітапханасының қолжазбалар қорында сақтаулы. (1226, 1296, 1331, 1337. 1332-п.)

2. Жыр-дастандар, өлеңдер. Мысалы, «Наурызбай-Қаншайым», «Ақжолтай Ағыбай батыр», «Кенесары-Наурызбай» т.б. (ҰҒА ОКҚҚ 1330, 1331, 1332-п.)

Иса Байзақов «Қойшының ертегісі», Ж. Қашқынов «Ақжолтай Ағыбай», С. Мәуленов «Ағыбай күмбезі», т.б.

3. Драмалық және прозалық туындылар. Ж.Алтайбаев «Ер Ағыбай» повесі, Ж. Қашқынов «Ақжолтай Ағыбай батыр» очеркі, М.Әуезов «Хан Кене» пьесасы, т.б. туындылар.

Сонымен бірге жоғарыда айтылған әдеби мұралардан басқа да Кенесары, Наурызбай образдарына байланысты туындылардың барлығында да Ағыбай бейнесі жанама кейіпкер ретінде беріліп отырады. Ағыбай жөніндегі мұралардың зерттелу мәселесіне келетін болсақ, бұл тұрғыда Е. Бекмахановтың, Е. Ысмайловтың, І.Есенберлиннің еңбектерінде батыр тұлғасы зерттеле бастаған болатын. Өкінішке орай, саяси идеологияның кесірінен ұзақ жылдар бойы Кенесары, Наурызбай туралы мұралармен бірге Ағыбай жөніндегі дүниелер де ескерусіз жабулы қалды.

Мемлекетіміздің тәуелсіздігінің арқасында әдебиетке деген оң көзқарас Ағыбай жөніндегі мұралардың халықпен қауышып, зерттеушілер тарапынан әділ бағасын алуға жол ашты. Зерттеуші ғалымдар С. Қирабаевтың, З. Ахметовтың, М. Әбсеметтің ғылыми мақалалары әдебиеттегі Ағыбай тұлғасына қайта үңілудегі құтты қадамдар болып табылады. Дегенмен де Ағыбай Қоңырбайұлының әдебиеттегі тұлғасы толық зерттеліп, ғылыми жүйеге түсіріле қойған жоқ. Кенесары-Наурызбай және Ағыбай батырлардың әдебиеттегі тұлғаларының тұтастығын айқын аңғартатын туындылардың бірі – «Наурызбай-Қаншайым» жыры. Жыр сюжетінің тарихи қыры айқын байқалмағанымен, кейіпкерлер образын жасаудағы көркемдік сапасы биік дәрежесіне көтеріле білген. Бұл ойымызды «Тарихи жырлар» көптомдығының ІІІ томының алғысөзінде көрнекті ғалым Ш.Ыбыраев та атап өткен.

Ағыбай батыр жырда Кенесары ханның досы, Наурызбайдың ақылшысы, қамқор ағасы тұрғысында көрінеді. Бұл жөнінде зерттеуші ғалым З. Ахметов ғылыми мақаласында осы ойымызды мынадай тұжырыммен қуаттайды: «Бұл дастанда Ағыбай майданда талай сыннан өтіп, шыныққан Кенесары жасағының сенімді бір қолбасшысы, үлкен қозғалыс-күреске дайындық жасаудағы ақылшы-кеңесшісі, жас Наурызбайды ерлікке баулып жүрген аға батыр бейнесінде көрінеді» (ҚРҰҒА Хабарлары. Тіл, әдебиет сериясы. 1993. №2).

Жырдағы бейнелеуде Кенесары үшін ең жақын адамы, қамқоршысы – Ағыбай.

Шақырды сонда Кене Ағыбайын

Жасыңнан білуші едің жолдың жайын.

Тапсырдым іс көрмеген жас баланы

Бәріңе пана болсын бір құдайым, -

деп албырт бауырының үлкен сапардағы тағдырын Ағыбайға тапсырады. Халық арасында мәтелге айналып кеткен Кене ханның «Наурызбайды саған, сені құдайға тапсырдым» деген бата сөзі жыр эпизодымен үлкен үндестік тауып тұрғандай. Бұл сапарда Ағыбай қырық жігіттің басшысы, Наурызбайдың ақылшысы тұрғысынан көрінеді. Жырдағы уақиға желісінде Наурызбай ағасына айтар ұсыныстарын өзі жеткізуге бата алмаған жағдайда Ағыбай арқылы айтқызады. Мысалы:

Жүрелік Ер Ағыбай батыр дейді,

Болмайды жүрмей көңіл ақыр дейді.

Мәнісін Кенекеме білдіріңіз,

Не жауап айтады екен ақыл дейді.

Кенеге сонда Ағыбай жетіп келді,

Әдеппен қол қусырып сәлем берді.

Жол жүруге ініңіз талаптанды,

Әй, тақсыр, арызым сол деп жауап берді, -

деген секілді жолдардан Кенесары мен Ағыбай арасындағы түсіністік Наурызбайдан да жақынырақ болғандығын мегзейді. Жыр сюжетінің ақырына дейін Ағыбай өзінің деңгейінде ақылшы, қамқоршы батыр тұлғасында танылып отырады. Ағыбай жайындағы мұралардан біз оның тек Кенесары бұйрығын орындаушы ғана емес, өзіндік шешімі бар, керек жерінде ханды да райынан қайтара білетін,тыңдата білетін адам болғандығын аңғарамыз. Мысалға: Үйсін Бөлтірік батыр жайындағы тарихи аңыз-әңгімелер жоғарыдағы ойымызды айқындайды. Аңыз-әңгімеде оқиға желісі былай баяндалған: Ағыбай Үйсін Бөлтірік батырмен екі рет жекпе-жек шығып, екеуінде де батырлығы басым түсіп, аттан аударып тастайды. Бірақ Бөлтірік батырдың үлкен жасын, тауып айтқан сөзін сыйлап, өлтірмей жібереді. Кенесары болса: «Көсе, аяма, қазақтың намысын жыртпа, Бөлтірікті өлтіресің, не өлесің» - дейді. Бірақ Ағыбай қарсыласын өлтірмей, ақылға салып, аман-есен еліне қайтарады. Бас батырының бұл қылығына көңілі толмаған Кенесары күніне үш мезгіл «шауып алсаң не қылады» деп айта береді екен. Сонда Ағыбай: «Иә, Кене хан, ер жігіттің екі сөйлесе, өлгені,

Қара жерге тірідей көмілгені

Ұзын аққан Алатаудың төсінде

Менен қалған Үйсінде

Алыс-берісіміз жоқ еді ғой.

Бөлтірік секілді батырды өлтіргенде Арғын атам, бір қазақтың баласымыз. Бөлтірікті өлтірсем, Үйсіннің белі сынар, Ерді намыс, қоянды қамыс өлтіреді дегендей, қазақтың арын төгіп не қыламын» - деген екен (ҚР ҰҒА ОКҚҚ 1337-п).

Осы келтірілген мысалдан Ағыбай батырдың Кенесары алдында өз ойын еркін айта білгенін, әділ жолды нұсқай білгендігін пайымдаймыз. Бұл ойды «Ақжолтай Ағыбай батыр» атты халық жырында да:

Ағыбай аға батыр үлкен жасы,

Жөн айтар Кенекеңнің замандасы, -

деген сықылды жолдар арқылы орнықтыра түседі. Тағы да аңыз-әңгімелердің бірінде Кенесары айтты дейтін мынандай сөз бар: «Бұдан былай әскердің бірінші қатары «Абылайлап!», екінші қатары «Ағыбайлап!» шабатын болсын»,- дейді. Осындай уақиғалардың желісінен біз Кенесары ханның Ағыбайға деген көңілі, ризашылығы ерекше болғандығын көреміз.

Түйіндей айтқанда, әдеби мұралардың қайсысын алсақ та Ағыбай мен Кенесары, Наурызбай арасындағы байланыстылық жан-жақты қырынан көрініс тауып отырады. Ағыбай Қоңырбайұлының жеке образына келетін болсақ, әдеби мұраларды тұтастай зерттеп қарағанда батырлық қырлары жан-жақты ашылып отырады. Бірінде ашылмай жатқан жақтары екінші арқылы көрініс тауып жатады. Ағыбай батырдың әдебиеттегі образын даралай келіп, біз оның мынадай қырларын ашып алуымыз керек: 1. Қолбасшылық қабілеті; 2. Батырлық күш-қуаты, ақылдылық парасаты мен шешендігі секілді қасиеттері. Ағыбайдың батырлық образын аша білген туындылардың бірі – И.Байзақовтың «Қойшының ертегісі» поэмасында оның айбынды тұлғасын, атақ-даңқын былай бейнелейді:

Ертеде болған екен ер Ағыбай,

Ол кезде ер болмапты Ағыбайдай.

Баяғы Кенесары заманында

Ерлігін көрсетіпті елге талай, -

дегендей тұстарында Ағыбай Кенесары жасағындағы теңдесі жоқ атақты батыр болғандығын жыр етеді. Ағыбайдың батырлық қырлары кейбір жыр-дастандарда оның жеке ұрыстары арқылы да ашылып отырады.

Ағыбай қылды айласын,

Балтамен ұрып сындырды

Шанышқанда шалдың найзасын

Байет шалдың ұртынан, -

деген секілді тұстарынан көруімізге болады:

Батырда бес жүз кісі нөкер болған,

Соғысқа шеттерінен шебер болған.

Шықпайтын нояндары айтқанынан

Ағыбай не қыл десе соны қылған, -

дегенде, Кенесары батырларының Ағыбайдың қолбасшылық қабілетіне илана білгендігін аңғарамыз. Ағыбайдың парасаттылық, шешендік, тапқырлық жақтары «Көтібардың асы», «Бөлтірік батыр», «Ағыбайдың билігі» деген сықылды тарихи әңгімелер желісінен көрініс тапқан. (ҚР ҰҒА ОКҚҚ 1337-п. Ағыбай батыр жинағы. Жезқазған, 1992).

Түйіндей келгенде Ағыбай Қоңырбайұлы Кенесары батырларының ішінде халық ардақтысына айналған, әдебиет тарихында үлкен образға ұласқан басты тұлғалардың бірі. Зерттеуші ғалым С.Қирабаевтың тілімен айтқанда «Ағыбай өмірі аңызға, ерлікке толы, халық жадында ұзақ сақталатын батырлардың бірі» (Әдебиетіміздің ақтаңдақ беттері. Алматы, 1995. 107-бет)

Ағыбай образын бейнелейтін әдеби мұраларымызды зерттей түсу біздің басты мақсаттарымыздың бірі болмақ. Әдебиетте Кенесары мен Наурызбай тұлғалары зерттелген сайын Ағыбай образы да айқындала түспек.

Аманжол Әлтай.

ҚР ҒМ – ҒА Хабарлары

Тіл, әдебиет сериясы. 1997. №3, 44-48 б.

Жаңартылды 05.09.2012 10:30