Жеңіс Қашқынов Басып шығару
28.06.2012 09:32

Ағыбай батыр

Жезқазған облысының Ұлытау өңірінде дүниеге келген әке-шешесінен екі жасында айырылады. Әкесі Қоңырбай әйгілі батыр. Шешесі Қойсана да текті жерден шыққан. Атақты Наймантай батырдың немересі Байғозының қызы. Байғозы батыр Абылайханның ту ұстаушысы, сенімді серігі болған.

Патшаның елді қырып-жоятын отаршылдық саясатын Ағыбай жас кезінен көріп өсті. Дұшпанға деген кегі тұла бойында жанартаудай атқылауға шақ тұрды. Осындай әделітсіздік оны ерте есейтті. Ағыбай он үш жасында атқа қонды.

 

 

Ресей отаршылдарының Қазақ елінің ішіне бойлай кіріп, Көкшетау, Ақмола, Қарқаралы бекіністерін салуы халықтың ыза-кегін туғызды. Отаршылдарға бағынып, құл болуды ойламаған қара халық бас көтерді. Соның алғашқысы Бұғылы мен Тағылы өңірінде көрініс берді.

1826 жылы тамыз айында Қарқаралы бекінісіне шабуыл жасаған Ағыбай барымталанған малды қайтарып, тұтқындалған адамдар бостандыққа шығады.

1827 жылы көтерілістің алдын алып, басу мақсатында майор Мыңғыриев пен сұлтан Тұрсын Шыңғысовтардың басқаруымен тастай қаруланған 200 әскер Ағыбай батырдың ауылына келіп, қанды қырғын салады. Елу сегіз адамынан айырылған Ағыбай тобы ауылын қорғап қалады.

1832 жылғы бірінші наурызда Саржан, Есенкелді Қасымовтар Ағыбай батырдың әскерімен бірігіп, Қарқаралы бекінісіне екінші қайта шабуыл жасап, 1600 жылқыны отаршылдардың қолынан қайтарады.

1837 жылы Айыртаудың бөктеріне жиналған халық Кенесарыны ақ киізге отырғызып хан етіп, Ағыбайды бас сардар етіп сайлайды. Кенесары қай жорық, қай шабуылға шығар алдында Ағыбайдан ақыл-кеңес сұрап, майданның бағыт-бағдарын анықтап отырған.

1837 – 1847 жылдар аралығындағы он жылға созылған ұлт-азаттық қозғалысында жеңістің дәмін де татып, жеңілістің күйігіне күйген Ағыбай батыр ерекше көзге түсті.

Ағыбай бастаған жорықта ылғи да жолы болатындықтан, Кене Ақжолтай Ағыбай атаған...

Көкшетау шайқасында Ағыбай батыр өзінің батылдығымен де, айла-тәсілімен де ерекше көзге түседі. Ірі жеңіске жетеді. Сол ержүректілікті бағалап, Абылай хан атасынан қалған күмістелген қанжарды Кенесары Ақжолтай Ағыбайға сыйлайды.

1837 жылғы 5 желтоқсанда Ақтау бекінісінен Ташкентке хорунжий Рытов жасағы бастап бара жатқан керуенді Ағыбай мен Наурызбай батыр сарбаздары Қойлыбай Болат маңында тас-талқан етті.

Ел азаттығы үшін күрескендердің Ақтау өңіріндегі жұрт арасына аңыз боп тараған бұл атыс-шабыстары да халық ақындарының назарынан тыс қалған жоқ:

Ажал боп тиді Ақтауға,

Батырлардың келгені.

Есепсіз қалың дұшпанын,

Сауынан көп болды өлгені.

Көшесінен Ақтаудың,

Қып-қызыл боп қан ақты.

Мылтық атып бір жақтан,

Қолмен тартқан садақты....

Бір заматта сап болды,

Қарсылық етпей қалғаны,

«Мен сіздікпін деді де –

Құшақтады аяқты.

Ақтауды алды киелі,

Батырлар салған өнерді.

12 мыңдай қол болып,

Ақмолаға жөнелді.

Бастығы болған бәрінің,

Кенесары – Наурызбай,

Екінші батыр тағы да.

Арғыннан шыққан Ағыбай...

- деп асқақтата жырлауы сөзімізге толық дәлел бола алады.

Хан Кененің сенімді қолбасшылары Ағыбай мен Наурызбай Ақтау бекінісінің коменданты, әрі старшыны Симонов әскерлерін де қанға бөктіріп, бас сауғалап, қару-жарақтарын тастай қашуларына мәжбүр етті. Сол шайқаста қос батыр Кенесарыға он тапанша, 9 мылтық, 13 қылыш, 7 найза, 495 мылтық оғын, т.б. қарулар әкеп, табыс етті.

1838 жылы 7 тамызда Ресей империясының Ақмоладағы бекінісіне шабуыл жасайды. Подполковник Қоңырқұлжа Құдаймендин бастаған Сібір казактарының зәре-құтын қашырып, айласын асырып, қаланы басып алады. Қоңырқұлжа Құдаймендин зорға қашып құтылады.

1841 жылы үш жүздің басы қосылған Ұлытай бойындағы мәслихатта Кенесарыны қазақ халқының ханы етіп сайлайды.

1843 жылдың басында генерал-губернатор Горчаков әлеміне Кенесарының бәйбішісін тұтқынға түсіріп, көтерілісшілер «өзгеріс» жасауға әрекеттенді. Сол жылдың тамз айында полковник Бизанов пен А. Жантөрин, Б.Айшуақов сынды сқлтандардың басқаруымен бес жүз адамнан құрылған қол Кенесары ханның сарбаздарымен соғысуға бет алды. Олар Ырғыз өзенінің бойында Ағыбай мен Наурызбай бастаған көтерілісшілер жасақтарымен кездесіп, тағы бір қантөгіс болады. Осы шайқаста Наурызбай батыр қатты жараланады. Біраз сарбаздарынан айырылғанына қарамастан Ағыбай батыр басқыншылардың құрсау тобын тас-талқан етеді.

1844 жылы көктем шыға Ресей империясы қазақтың кең байтақ даласын тұтас басып алудың құйтырқы шараларын ойластырады. Генерал-майор Жемчужниковтың қол астына үш отрядтан тұратын қарулы қол жасақтады. Оның бірінші отрядына полковник Лебедев, екіншісіне сқлтан Ахмет Жантөрин, үшіншісіне жүзбасы Фалилеев басшылық етті.

Кенесары хан жоғары билік кеңесінің бас ақсақалы – Ханаби Серкеұлымен ақылдаса отырып, өз сарбаздарын төрт жасаққа топтастыру жөнінде әскери кеңестің шешімін шығарады. Бірінші жасақты Ағыбай батыр, екіншісін Наурызбай батыр, үшіншісін Ержан батыр басқарады да, төртіншісі – қосалқы жасақ резерв ретінде Кенесары ханды қорғайтын болды.

Осы тұста Наурызбай батыр өзінің тапқырлығын танытып полковник Лебедев басқаратын патша отрядын Ресей империясына жанымен берілген сұлтан Байқадамовтың ауылына қарай бұрып жіберді.

Кенесарының алдын ала жасаған жоспарына сай 1844 жылдың 20 маусымынан 21 маусымына қараған түнде Ағыбай батыр мен Ержан батыр сарбаздары Тобыл өзенінің жоғарғы сағасында Ахмет Жантөриннің отрядын қоршап алып, толық жойып жіберді. Ұрыс барысында көрнекті 44 сұлтан қазақ тапты. Бұл полковник Дуниковский басқаратын ауыр зеңбірікті түменге жасаған шабуылдың бастамасы болды.

Сол жылдың тамыз айының орта шенінде Ағыбай мен Наурызбай батыр бастаған қол Екатеринин бекінісін алады. Бұл – хан Кененің ең ірі жеңістерінің бірі еді.

Өмірінің соңғы кезінде Ағыбай елді отырықшы егіншілікке баулиды. Шу мен Жәмші өзендері бойындағы «Ағыбай тоғаны» осының айғағы.

Қазақтың көрнекті жазушысы Ілияс Есенберлин: «батырдың денелілігі соншалық биіктігі кішігірім түйедей, атақты Ақылағына мінгенде есекке мінген өзбектей, атының қолтық тұсын тізесі соғып отыратын.

Үсті-басы қара қоңыр, темір тор сауытты. Ағыбайдың түсі орасан суық, сонау шүңірек көздер қайтпас қайсарлық, таусылмас қайрат отындай жанады. Қандай жүректі жан болса да, Ағыбайды алғаш көргенде алпамсадай ызбарлы түрінен сескенбей қалған емес. Ал әлдеқалай түнде кездескен адам, ертегігінің дәуін көргендей жүрегі жарылып, өліп кете жаздайды.

Қызылжардың жерін біржола өлшеп алуға келген инженер және архиерей, генералдың келгенін көрген Кене хан біраз сарбаздарымен барып, оларды түріп айдап шықты. Олар І Ни- колайға: «Кене бастаған қазақ батырлары бізге қарсы шықты» - деп баяндады. Патша көп солдат жіберді.

Орыс солдаттарын Кене бастаған қол бері өткізбеске қанша қарсы тұрса да, олар қаптап келіп қалды. Арғыннан Ағыбай, төртуылдан Жанайдар, тама Танаш батырлар бастаған 250 қол ұрыс салды.

Қызылжар басында 7 күн, 7 түн керемет ұрыс болды. Екі жақтан да адамдар көп қырылды. Батырлар оңынан да кірді, солынан да кірді. Бірсыпырасын Кене әскері қырды. Әбден қызыл қанға бөктірді. Ақырында орыс солдаттары әбден жеңіле бастаған соң, зеңбірекпен атқылады. Кененің нөкерлері зеңбіректен қыңбады. Алға ұмтыла түсіп, бекіністерді алды. Көп солдаттарды қолға түсірді, 291-ден астамы қырылды. Кененің 500 нөкері қазаға ұшырады. Жарым-жартысы қалды.

Сонда Ағыбай батырдың Кенеге айтқан сөзі: «Орыс көп пе, орман көп пе» дейтін қазақтың мақалы бар еді ғой, мұның ар жағынан келе беретін ләшкерлері көп, санаулы-ақ ләшкеріміз қалды, елдегі дұшандарымыз да аз емес, «Ер жігіт қос табар» деген. Қызылжарды тастайық. Көкшетауды алайық. Төре:

- Мақұл, - деп Көкшетауға келді. Бұлар Бурабайға қоныс тепті.

Ат жақсысы мінілді, сауыт жақсысы киілді, ғаламға соғыс салғаны білінді, достар бұл іске серпілді. Николай жауыздың сөзін сөйлеген дұшпандар күйінді.

Осы арада Кене екі айдай әскерін тынықтырып, жабдықтарын сайлап, ел ортасында қалған, Арқада жатқан әскерін шақыртты.

Қайраты қара бастан қайтпаған алып ер тамадан Жолдыаяқ батыр, өмірзақ Тоғалақ батыр, шушақ Бәйтелі батыр, тарақты Құлжан батыр бастаған 10 мың әскер Кененің Көкшетаудағы бекініс қамалына қосылды. Әскері көбейіп, күші асқан ол енді патша өкіметіне қарсы ойран салуды ойлады.

Кеңесші Тұрлыбек жауыз кәпірлердің сөзін сөйлейтін сұмырай екен. «Кене ханның мыңдаған әскері келіп, менің Көкшетаудағы жерімді басып, қоныс салып, алып қойды» деп жоғарыға жансыз жібереді.

Кенеге өшіккен ақ патша Кененің әскерін қырып, өзін ұстап әкелуге 10 мың солдат аттандырады. Патшаның қару-жарақты солдаттары бекіністе жатқан Кененің әскеріне шабуыл жасайды.

Кененің қарулы қалың әскері жаудан беттері қайтпай зор майданға шығады. Майлыбек бастаған мың қол әскер мың қол әскер патшаның 700 солдатын қырып салады. Тама Танаш, Жолдыаяқ батырлар мен Ағыбайлар соғыста айласын асырып, орыс солдаттарын жусатып береді. Таудың тастары аспанға атылады. Тас қанға боялады. Керейлердің байтақ даласында өлген адамдар денесі тау болып қалады. Соғыста Кененің небір батырлары оққа ұшады.

Тұрлыбек патшаның жаналғыштарына ат та, ас та, күш те беріп көмектеседі.

Кененің Ағыбай бастаған әскері патшаға көмек көрсеткен Тұрлыбектердің жылқысын айдап алады. Патшаға көмектескен адамдарды қолға түсіреді. Керей ішіндегі Тұрлыбектің сілтеуімен кәпірлерге көмектескен байларды әлсіретіп, Николайдың жіберген 10 мың әскерінің 7300-ін қырып салады. Қалған солдаттар тым-тырақай жоси жөнеледі.

Кененің әскері Көкшетауға, Бурабайға орнықты. Көкшетаудың Оқжетпес биігіне Кенеке шығады. Көкшетауда Арқа жолы, Ағыбай жолы болады. Ханның қалың әскер бұл жерге қоныс алып, ит жүгіртіп, құс салады. Оның әскерлерінен басқа жан баласы Көкшенің биік шыңына көз жеткізбеген. Сонан да ол «Оқжетпес» атанды. Кененің әскерлеріне азық тасыған жол «Арпа жолы» делінді. Кенесары Бурабай тауында ит жүгіртіп, аң аулаған кезде де бір биік жартастың үңгіріне түнеп жүреді екен. Содан сол үңгір «Кенесары үңгірі» атанып кетті. Сол үңгірдің киіктің етін асып жеген, от жаққан орны әлі күнге сол қалпында қалған.

Кененің әскерлері Көкшетау, Бурабай жерінде бір жаз, бір қыс мекен етті. Бұлар демдерін алып, ат-тұрмандарын сайланып алысты. Азықтарын қамдады. Ел ішінде кімнің жау, кімнің дос екенін білді. Ақ патша Кененің әскерін қыру мақсатымен тағы да 15 мың солдат жіберді. Бұл жерде 13 күн қан майдан соғыс болды. Ағыбайдыі әскері Бурабай тауының биігіндегі солдаттарды таудан тасша домалатты. Сармантай Алшағыр, қареке Тоғанас батыр, Наурызбай, Жанайдар батырлар асқан қайратымен, зор айласымен есепсіз орыс әскерін қырды. Бірақ құмырсқадай қаптаған әскерді қырып біте алмады. Бақайшағына дейін қаруланған орыс солдаттары күш жинап, соғысқа өлген тірілгеніне қарамай кірісті. Кененің мың жарымдай әскері оққа ұшты. Кене ханның неше түрлі мерген, алуан айлалы, қайраты күшті әскері патша солдаттарының оғынан қаза тапты.

Беті қайтқан Кене әскері Ақмолаға қарай ойысты.

Ел ішіндегі байлардан, зұлымдардан, патшаның әкімдерінен қорлық көрген адамдар жан-жақтан ағылып, Кене ханның қолына қосылып кеп жатты. Хан Кене қорлық зомбылық көрген ержүрек ерлерді есепсіз әскер тобына ала берді. Ақмолада, Ақтауда, Қарқаралыда, Қызылжарда, Көкшетауда Кенені жақтайтын айтулы батырлар тобы құрылды. Кене ханның Ақмолаға келу қарсаңында ел ішіндегі батырлар Кенемен хабарласып, оның келетін күнін тосты. Бір жерден ұшырасты.

Кененің әскері қаптап келе жатқанын естіген Ақмоладағы Құдайменденің Қоңыры, дуанбасы Ыбырай, Шорманның Мұсасы, Жамантай төре, басқа орыс-қазақ бастаған адамдар Кенеге қарсы Ақмоланың күнбатыс жақ (Жекей қаласы дейді) шетінен қорған соғып, өздері қорғанның ішінде паналамақшы болды. Қорған соғылды. Кененің әскерлері күнге шағылысқан ақбоз, қылаң аттармен тамаша жарасымды сәулетпен шеру тартты, жыр жырлап, аспандағы аққуға ән қосқан неше алуан әншілермен жер қайыстырып келе жатты. Кененің әскерлерін жол үстіндегі ерлер қарсы алып, көп кісімен, салатанатпен алдын тосады. Жау жүрек батырлары Кенеден рұқсат алып, әскерге қосыла береді.

Осы салтанатты алапатпен жүре отырып, Кененің әскері Ақмоланың күнбатыс жағынан келіп кіреді. Кененің келуін тосып жатқан таяу елден Тілен батырдың 500 әскері Кенеге қосылады. Сансыз қалың әскер Ақмоладағы жауыз патшаның оң көздері мен орыс-казак ішіндегі сұмырайларға садақ тартты. Қамал соғып, берік бекінген жау мызғымады. Кененің ақылгөй қолбасшыларының бірі тапқыр, білгіш, айлакер, жолшыл ері шұбыртпалы Ағыбай батыр: «Мына сарттар мен орыс-казактардың шапанын киіп алып, май жағып, от тұтатып осы қала үйлерінің үстіне тастайық. Содан қала өртенеді. Қаладағы қамалдар еріксіз шығады. Оларды сол кезде жаусатамыз», - деді. Ағыбайдың сөзін Наурызбай да мақұл көрді. Басқа батырлар да құптады. Сонда Кене хан:

- Бәрің де сарттардың ала шапанын майлап, найзаның ұшына іліп, отқа тұтатып, үй үстіне тастаңдар! – деп бұйырады. Осы сөз Кененің аузынан шығуы мұң екен, қалың әскер қалаға лап қойды. Әрқайсысы үйге кіріп, қолдарына түскен шүберек заттарды отқа тұтаты.

Қала алай-түлей от шалып, айқай-шуға толып, азан-қазан болды. Кененің ең басты батырлары Сармантай Тоғалақ батыр, қыпшақ Басықара, бөрші Базар батырлар оққа ұшты. Қоңыр төренің, орыс-казактардың итаршы төбеттері де есепсіз қырылып өліп жатты.

Кененің әскері ақыры Ақмоланы жеңіп алды. Содан кейін өңшең ат құлағында ойнаған жас берендер Күйгенжарда тұратын дуанбасы Ыбырайдың тұқымдарымен де шайқасып, Күйгенжардың шетінен өрт салып, дуанбасы Ыбырайдың сөзін мадақтаған, сойылын соққан, қанды балақ қулар Кене ханның әскерлерінің тұзағына түсті. Кененің қалың әскері Күйгенжардың басына шатыр тікті.

Бойына күш-қуатын жинап алғаннан кейін, Ақмола байлары мен оларға болысқан орыс-казактар қару алып, атқа мініп, шошаңдап қайта шықты.

Бір жеті жатып тыныққан Кененің әскері сайланып, қайтадан сілімтіктерге қарсы шықты. Ақмола, Семей, Кереку, Қарқаралы, Ақтау аудандары мен ел ішіндегі қазақ байлары Кененің әскерлерін мүлдем құртпаққа бел буды. Дуанбасы Ыбырай, Тұрлыбек, тағысын тағылар бұған қол қойды. Үдеген соғыс ешкімнің өлген-тірілгеніне қарамады. Ержүрек Ағыбай бастаған 300 сарбазды әскер жаудың каптап жатқан қалың тобырын топырлата бастады. Батырлар темір құрсау киініп, сауыт-сайман, қару-жарағымен жаудың тобына садақтың оғын бұршақша жаудырды. Садақтың оқтар орыс-казактардың шиті мылтықтары мен сафы қанжарларынан басым болмаса, кем болған жоқ. Екі жақтан көп адам шығын болды. Наурызбай мен Ағыбай және тағы басқалары «Енді соғысты тоқтатайық» деген шешімге келді. Олардың бұл кеңесіне Кене құлақ асты. Бірақ әбден құтырған, иттей өршеленген Ыбырай мен Тұрлыбектің адамдары соғысты үдете бергісі келді. Осы соғыс Ақмола үстінде ұзаққа созылып, Кене ханның көптеген сарбаздары қаза тапты. Бұған қоса Сарыарқаға күн сайын қаптап келген солдаттар Кенеге тыныштық бермеді. Кене хан ешбір жерге түпкілікті қоныс теуіп, тұрақтай алмады. Енді ол Алатауға бет түзеп, қоныс аударды. Қырғыз хан Орманға: «Қырғыз бен қазақ халқы бір туыс еді, қазақтың басына туған қара күн ертең саған да келеді. Қазақ халқын орыс патшасының талау қысымынан босатуға жәрдем берсін», деген тілек білдірді. Бұған орыс патшасымен ауыз жаласып қойған қырғыздың Орман, Хантай деген манап-бектері көне қоймады. «Бізге орыс келіп тиген жоқ. Қазақтың жер ауып, қаңғырып келген төресінің сөзінің керегі жоқ» деп, барған елшіні ұстап алып өлтірді...

Кенесары хан бұл қорлыққа шыдамай қырғызбен еріксіз соғысты.

Ал тарихи шындық мынаны айтады.

Патша отаршылдарымен он жыл бойы шайқасып, қалжыраған Кенесары Арқадан сырғып, Мыңаралдың маңын қоныстайды. Шудың бойынан уақытша жер алып, қыстап шығу үшін қырғыз ханы Орманға хат жазып, елші жібереді. Кенесарының Бекбатыр бастаған елшісін қамауға алып, Орманхан мұз құрсанған Шу өзенінің үстінен өтіп, Орта жүз Аңдас әулиенің күмбезін талқандайды. Сөйтіп Шудың теріскей бетіндегі қазақтың жерін басып алуды ойлайды.

Қырғыз бен қазақтың соғысының басталу себебі, орыс пен қырғыз бірігіп, қазақ әскерін қоршауға алып, Қытайға хан Кенені өткізбеу болатын.

Ағыбайдың орнына таулы жердің жағдайын жақсы білетін шапырашты Бұғыбайды бас батыр етіп тағайындағанымен, қырғыз Алатауындағы соғыс сәтсіздікке ұшырайды. Бұғыбай батырға сенген Кенесары қырғыз-орыс қолдарына түскен соң, Ағыбай бас билікті өз қолына алып, қалған әскердің басын біріктіріп, жауды жарып бұзып өтеді.

Ал тұтқынға қырғыздардың қолына арамдықпен түскен Кенесары хан жауыздықпен өлтіріледі.

Ал жау қоршауынан шығып, еліне оралған Ағыбай батырды құшақ жая қарсы алған ешкім жоқ болатын. Ағыбайдың қолын Абакумов пен Черняев бастаған орыс патшасының әскерлері қоршап алып, америкадағы үндістерді қырған ағылшындардың қанды істерін қайталап, зеңбіректерден атқылайды. Қазақтардың көбін қырып салады. Қазіргі Жамбыл облысы, Мойынқұм ауданындағы «Айдарлы» мен «Көктерек» совхоздарының аралығында Шу өзенінің оңтүстік жақ беткейін біреулер «Арғын қырылған» десе, екіншілері «Арғын өткелі» деп әлі күнге дейін атап жүр.

Көтерілістен кейін, 1847 – 1849 жылдары Ағыбай орыс отаршылдарымен ашық соғысады. Абакумов пен Черняев және олардың соңдарына ергендерді үш рет шабады. Кенесары-Наурызбай кегі үшін қырғыз манабы Кәрбоздың басын шауып, Жантай мен Жаңғараштың алдына домалатады...

Ағыбай батыр Бетпақдалада, Шу бойында қоныстанып отырғанда, оған Түркістан шаһарынан хабар келеді. Хабар әкелеген жігіт: «Ақжолтай аға, хазірет сұлтан жатқан кесенені бұзамыз деп Түркістанды жау қоршауға алып жатыр. Орыстың айласын біледі, жинаған қазақ-өзбек әскеріне ақылшы болсын деп, Сыздық төре сізге сәлем айтты», - дейді. Ағыбай батыр ойлана отырып: «Кәпірлер Қожа Ахмет бабамызға жеткен бе? Аллаһ жар болсын, Сыздық балама айт: «Әлі атқа мініп, қолға мылтық мұршам бар», - дейді. Бұл кезде Ағыбай батыр 62 жаста еді. Ағыбай батыр Созақтан өтіп, Түркістанға бір күнде жеткен екен.

Әулие Арыстанбаб жатқан жерде Ағыбай әскері «Құран оқимыз» деп орыс отрядтарымен кездесіп, бір шайқасып қалады. Бетпақ даладан шабуылды күтпеген орыс солдаттары бытырап безген екен. Олжалы болған Ағыбай әскері бір зеңбірегімен, 20 шақты мылтықтарымен Сыздық төре мен Әлімқұл ханның жасағына қосылады.

Күні кеше Кене мен ер Ағыбай қазақ халқының тәуелсіздігі үшін күш-қайраттарын жұмсап, сол жолда өз ғұмырларын қиды. Ақжолтай батыр 1885 жылы Балхаш көлінде Тасарал қамалында қайтыс болды. Аты аңызға айналған батырдың денесін Түркістан жағына Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне қоюға орыс отаршылдары қарсылық білдіреді.

Бүгінде Ағыбайдың денесі Сарыарқа мен Бетпақдаланың шектескен жерінде Тайатқан-Шұнақта жерленген.

Жеңіс Қашқынов

Алдаспан, №3-4, 5-6, 2003

Жаңартылды 05.09.2012 10:30