Сапарғали Ысқақұлы Бегалин Басып шығару
06.04.2012 14:00

Сапарғали Ысқақұлы Бегалин 1895 жылы Шығыс Қазақстан облысы, Абай ауданы, Дегелең ауылында туылған. Қазақ балалар әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі, ақын әрі жазушы.  Сапарғали Бегалин алғаш ауыл молласынан оқып хат таныған. 1913 жылы Семей қаласындағы орыс-қазақ училищесіне түсіп сонда оқыған. Жасында жыршылардан терме, салт жырларын, айтыс өлеңдерін жатқа алған. Соның әсерімен шығармашылық жолын өлең жазудан бастаған.

Оның "Қазақ қыз-бозбалалары" деген тұңғыш өлеңі 1914 жылы "Айқап" журналында басылған.  "Қыран кегі" (1943) "Цимлян теңізі" (1953) "Таңдамалы" (1956), "Сырлы қайнар" (1963) т.б. өлеңдер мен поэмалар жинағы жарық көрген. Сонымен қатар балаларға арналған прозалық шығармалар, "Замана белестері" атты роман (1975 ж) жазған. Қазақ халқының ауыз әдебиеті үлгілерін жинау, зерттеу саласында  ұзақ жылдар   еңбек етті.

Дастан  1940 жылы жазылған.

Хан Кенеге ілескен қазақ қолын түгелімен құртуға аттанған  патша әскері мен қырғыз манаптарының біріккен қолынан  құтылуда көрсеткен Ағыбай батырдың ерлігі сөз болып, оның халықшылдық, адамгершілік тұлғасы сомдалып, дастанда Кенесары заманының шежіресі шертіледі.

Кенесары оқиғасына қатысты тың деректер кездеседі.  Дастанда кездесетін Кенесары оқиғасына қатысты деректер зерттеушілерді  қызықтырары сөзсіз.

 

 

ТАСАРАЛ

Балқаштың айдынында дауыл тұрып,

Көл жарып, бұйра толқын жалп-жалп ұрып,

Аспандап атой беріп жарқ-жұрқ етіп,

Жартасты құшақтап кеп жатты жұлып.

Тәкәппар кәрі жартас күле қарап,

Толқынға келемеждеп жатқан сабап,

Түбекте түн күзеткен кәрі батыр -

Сияқты баққаны оның үлкен алап.

Қақ жарып дүлей айбын толқын тауын,

Жартасқа тура беріп омырауын,

Бұрқылдап суды тіліп жүйткіп катер,

Келеді таң болғанда ала кеуім.

Катердің ролін ұстап жас Жәнібек,

Қасқайып толқын десе жиғандай кек.

Катерді тілеп ұшқан түз қырандай,

Катер де толқынды ұрад қарыштап кеп.

Алдына прожектор сәуле тастап,

Тасарал қайдасың деп көшін бастап,

"Бұлаңдап жортқан Ағыбай түлкісіндей",

Айдында сәуле ойнайды, от жарқылдап.

Катердің отырғанда арт жағында,

Көз салып суда ойнаған от жалынға,

Теңіздің соқпақ қылған тұңғиығын,

Байсалды балықшыдан кеңес тыңда.

Дегендей үлкен көзін бір төңкеріп,

Ширатып ұзын мұртын қасын керіп,

Кірісті Кенжеқара бір кеңеске,

Ұйқы ашар жолдастарға сөзден беріп.

Деп бастап: мынау Ағыбай Тасаралы,

Ер Ағыбай қоныстауға осы араны,

Келгенде әкем Таубай қасында екен,

Атамыз бәріміздің Шұбыртпалы.

Үркердей Шұбыртпалы болған кірме,

Арқаға Каракесек жайғанда ірге.

Құмдағы көп Қуандық жуан сойыл,

Өзге елді ығыстырып жібергенде.

Келіпті батыр сонда Тасаралға,

Жан-жағы теңіз қамау осы аралға.

Бір үйір азғана елге мекен түбек,

Болад деп жайлы қоныс малға-жанға.

Қыс болса жел жортпайтын қалың қорық,

Жаз болса айдын қоршап қамау болып.

Өшіккен жау да батып келе алмайды,

Деп батыр мекендепті бас боп қонып.

Аяғы басылмаған аламанның,

Кезі екен кеселі көп кер заманның.

Сыпатай, Рүстемдер тісін қайрап,

Әмірін күтулі олар Орман ханның.

Патшаның  қуғындап ед ұлықтары,

Кене мен патша арасы улыққалы.

Ағыбайға тым ерекше өшіккен-ді,

Осы еді қоркыныштың күшті жағы.

Айырылып арыстаннан Алатауда,

Ер Кене, барыс Науан түсіп жауға,

Ерлерден сонау кеткен хабар алмай,

Қайтқанға басын батыр етіп сауға.

Көретін үлкен қорлық соны өзіне,

Жас келіп жарқылдаған от көзіне.

Түксиіп жар қабағы ұртын шайнап,

Кененің тоқталатын бір сөзіне.

Қашқанда қалың дулат жауға тастап,

Тінәлі қастық қылып теріс бастап.

Өткелсіз өзенге әкеп ұрындырып,

Аз батыр қалың жаумен айқасқан шақ.

Елестеп көз алдына сонау бір кеш,

Қалмаған жан қысылып, толғанар ес.

Арты-жау, алды-өткелсіз тұңғиық су,

Асты лай атты тартып, кешу бермес.

Ұрысып ұзақ күнге жолын кернеп,

Көк сүңгі, алдаспанды қатар сермеп.

Жауменен жағаласып жалын кешіп,

Қырандар ат болдырып, қиналып ед.

Бұхарбай, Бұғыбайлар жараланып,

Толыбай, Шәкір, Жәуке қолда қалып,

Ағыбай, батыр Науан, Құдайменде

Сан рет шепті бұзып шықса да алып.

Қазақтың сан қыраны ұшып оққа,

Шоқтай ер төтей алмай жойқын топқа,

Күн де батып, қажығанда қалған батыр,

Кенекең әмір беріп деген тоқта.

Денелеп Орман қолы омыраулап,

Артынан Жантай тобы және қаулап,

Келгенін көргеннен соң ойшыл Кене,

Түскен-ді бір биікке жолдан аулақ.

Үстіне шықты дағы бір жартастың,

Орнығып салмақпенен қойып астын.

Жан-жаққа бір түнеріп қарады да,

Астынан көзі сөніп биік қастың.

Отырды ұзақ уақыт ойға кетіп,

Жер шарын жүйрік ойы дөңгелетіп,

Жортып ед жол таппады құтылатын,

Қолынан Орман, Жантай басқан жетіп.

Сатылып патшаның шен-шекпеніне,

Қырғыздың Орман, Жантай бектері де.

Рүстем, Сыпатайлар іштен жау боп,

Қамауға тастап бүгін кеткенінде.

Алдады артына ерген қалың дулат,

Өткен түн қайтқан қаздай қашты шулап.

Тінәлі қарасорға қамады әкеп,

Аз батыр айналамда, туды бұл шақ.

Дейді де кенеттен ер есін жиып,

Тұғырда сілкінгендей түнде ақиық,

Саңқ етіп батырларын қасына алып,

Отырды көп түнеріп айтпай қиып.

Деп бастап: - мен ырзамын батырларым,

Еш қайсың жаудан ығып тартынбадың.

Арқадан артыма ерген өңкей қыран,

Майданда алдаспандай жарқылдадың.

Ризамын, тағы ризамын, көкжалдарым,

Паналап ерген қаста көп жандарың.

Солардың не болмақшы көрер күні,

Егерде түссең жауға сендер бәрің.

Патшаның арланындай қарғы таққан,

Ахмет пен Солтанғазы бізге шапқан.

Талтүсте Тайманды ұстап анау Мұса,

Шен үшін өз ағасын байлап атқан.

Артта аз ба сонау қалған қалың елді,

Азғындар арам құлқын шенге сатқан.

Солардан елді қорғап ес болыңдар,

Қазаққа қиіз түңілік малын баққан.

Қашпауға мен Орманнан істедім серт,

Байладым басты ажалға болуға мерт.

Қаныма Орман, Жантай сусындасын,

Ер Науан тым жас едің сен дағы кет!

Дегенде тұрды орныннан батыр Науан:

- Бұл сөзді қалай айттың маған данам?

Қалдырып жау қолына жалғыз сені,

Жеңгеме жер үстімен не деп барам?

Деп және Арқадағы ардақты елім,

Бейіштей сонау Көкше туған жерім.

Көргенше жеңбей жауды майданда өлмей,

Барғанда тірлігімді ел не дер менің.

Ер ағам мен кетпеймін өз қасыңнан,

Көруші ем өзіңді артық өз басымнан.

Не көрсем бірге көрем өзіңменен,

Өлтірсін бізді бірге Жантай, Орман.

Батырлар бәрі келіп қатар тұрып,

Қия алмай ер Кенені мысы құрып.

Қалайша қалдырмақшы ерін жалғыз,

Қайтпақшы не деп елге бетін бұрып.

- Не дейміз ел сұраса Сізді бізден,

Жер болып, от шықпай ма жүзімізден.

Болса да қандай пәле алдық күтіп,

Боламыз біз де бірге өзіңізбен.

Жақындап Кенесіне келді Ағыбай,

Аяғын салмақпенен басты да жай.

Сұп-сұр боп аш жүзінен қаны қашып:

Хан данам, қоштастық па шын осылай?

Жас құрбы, жанда тұрғы қатар өскен,

Халық үшін қатар жортып, қамал кешкен,

Майырылып қалғаның ба жау қолында,

Оңқыңнан омырылып ер наркескен.

Шын сенен айырылып аттанам ба,

Өлсем көр, шықсам төбе бірге дескен.

Дегенде қаны қашып Кене жүзі,

Жалын боп жарқылдады отты көзі:

Мен жалғыз қалың қазақ жатыр қырда,

Соларды ойлаңдаршы - болды сөзі.

Халықтың өлерде де ойлап қамын,

Халқы үшін оқ өтіне ұстап жанын.

Жолбарыс маңдай төсеп қалды шөгіп,

Қайтарып ел қамы үшін батырларын.

Кенемен қоштасарда өңкей қыран,

Нысанбай төкті зарын қобызынан.

Солқылдап жылап тұрып кетті жырлап,

Үнінен мұңды қобыз күңіренді маң.

Нысанбай жырлағанда қобыз зарлап,

Көзіне жас алмаған болмады жан.

Жалғыз-ақ көк сұрланып отыр Кене,

Зар тыңдап Нысанбайдың қобызынан.

Таң таяу, жау мен ара жарты көш жер,

Ұйлығып ерді қимай бөгелгенде ел,

Ақырғы хан жарлығын берді Кене:

- Бұйырам, енді шапшаң жөнеліңдер!

Деді де төмен қарап қалды шөгіп,

Қасында батыр Науан жалын сөніп.

Туысы бір хан қаһарын қалды күтіп,

Жолбарыс жүректі оққа тосқан көніп.

Қарайып көпке дейін көз ұшында,

Қос қыран екі төбе секілденіп.

Түнеріп күн мен түн боп қала берді,

Жалғыз-ақ айналада жортқан желіп -

Жүйрік жел сумаң қағып күңіренеді,

Қобызынан Нысанбайдың зарлы үн келіп.

Батырлар елді бөліп ұрандасып,

Жөңкіліп Арқа, Сырға жөнелді асып.

Айырылып арыстаннан Алатауда,

Түнеріп, түн жамылып көңіл жасып.

Сыпатай Кенені алдап тастап жауға,

Патшадан шен алуға жасап сауда,

Жанқараш, Жантай, Орман, Рүстеммен,

Сөз байлап, мерт қылуға Алатауда.

Кенені жолсыз таумен барған бастап,

Қиынға қай-қайдағы салған қастап,

Жау қолын жансыз салып, әкеп жауып,

Азғырып дулат қолын алып қашпақ.

Болғанын сезіп қалып ер Ағыбай,

Айтса да Кенеге кеп күні екі ұдай.

Боп қалды ұстасуға Сыпатаймен,

Онан да түсір қолға амалдап жай!

Дегенде екі етер ме Кене әмірін,

Анықтап Сыпатайдың білген сырын,

Ағыбай айламенен аңдығанда,

Сыпатай сезіп қалып онан бұрын,

Жөнелген дулат қолын бөліп алып,

Дулаттың қолын ірітіп жансыз салып.

Ағыбайға бұрынғыдан қатты өшіккен,

Алдыңнан тосармын деп жолыңды алып.

Ағыбайға әуелден-ақ қайрап тісін,

Күншілдік күйдіретін үнемі ішін.

Әруағы Ағыбайдың асқан сайын,

Сыпатай сан сайлап ед қастық ісін.

Ағыбайды ардақтаса Кене сүйіп,

Сыпатай өртенетін іштен күйіп.

Бақ құмар, жауға жалтақ Сыпатайды,

Хан Кене сан жерлеген қабақ түйіп.

Кек қылып, ішке жиып соның бәрін,

Кенені шенге сатып, төгіп қанын,

Патшаның жансызымен қол ұстасып,

Айтқанын орындап боп манаптардың.

Сыпатай сол бетінде шолғыншы сап,

Отырды Кенелердің хабарын ап.

Қайтқанда тамам батыр Кене қалып,

Ағыбайдың жолын тосты тосқауылдап.

Арқа алыс, Шұбыртпалы аз артына ерген,

Ат қажып, жаралы өзі талай жерден.

Бір алар Ағыбайды кезең осы,

Талқандап талмау кезде аулақта елден.

Деді де жатты тосып батыр жолын,

Бекітіп бір ауыздан барлық қолын.

Бұл жолдан сезіктенген ер Ағыбай,

Құлап ед таудың тауып басқа жолын.

Ағыбай бетін қойып Алакөлге,

Басшы боп Арқа ұранды қайтқан елге.

Сол түнде суыт жүріп кетті құлап,

Таң атпай ілінбек боп Итжон белге.

Алған соң көңілі суып Кенесінен,

Асқан соң Кекілік таудың белесінен,

Жолбарыс бетін түзеп жортып еді,

Шығармай Кенесі айтқан елді есінен.

Суылдап таң алдында самал желі,

Алыстан көлбелеңдеп Итжон белі.

Түскен соң кең жазыққа бойын жазып,

Көсілді Ағыбайдың тұлпар кері.

Жортып ед ауыздығын қаршылдатып,

Күдірейіп көтеріліп көкке белі.

Қолының алдын созып, жолын бастап,

Артымнан жау қуад деп елемеді.

Қол құлап Алатаудан төгілгенде,

Тұяқтан тау көбесі сөгілгенде,

Бір тобы Арқа елінің  шанжаулатып,

Қуалай бір өлкені жөнелгенде,

Тұңғышы жеткіншегі Ағыбайдың,

Оғындай жарқылдаған түсер жайдың.

Он беске биыл шыққан жас көкөрім,

Аманжол қолында өскен Меңдібайдың.

Аулаған қадірлеумен көке көңілін,

Жандай боп бағыстаған барлық өмірін.

Жасынан бала болған үлкен үйге,

Ағыбайды әкем деуді көрген  өлім.

Аттаныс тырнақалды ұзын жолға,

Семсерін Байғозы ердің беріп қолға,

Әжесі үлкен үйден аттандырған,

Барсын деп бағын сынап осы жолда.

Ішінде о да бар-ды бөлек қолдың,

Жобасын абайламай жүрер жолдың,

Бөлініп Ағыбайдың жобасынан,

Бір сайды жортты құлдай жамылып түн.

Қол шағын, ат қажыған жортуылдан,

Алайда жазыққа өтпек білінбей таң.

Қойнауы Алатаудың қорқыныш боп,

Кайтқан ел сескенулі жол тосудан.

Шатқалдың жолы қиын, ойында су,

Сыңсыған екі жағы жел өтпес ну.

Желпінтіп қол алдында көк мойынын,

Аманжол ойнақтайды қолында ту.

Шатқалдың жалғыз ауыз қыспағынан,

Өтуге қол шоқтай боп атқанша таң.

Түйіліп келген кезде қиқу салып,

Жау қаптап қоя берді тұтқиылдан.

Жарқылдап айбалталар, найза, қылыш,

Қайрат қып азғана қол салса да ұрыс,

Қалың жау қапы жерден қаптап берген,

Жазыла қимылдауға бермеді күш.

Суырылып Көкмойынмен жас Аманжол,

Ойнатып көк сүңгісін қорғады қол.

Бір өзі қалай төзер қалың жауға,

Самсаған сойыл, найза оң менен сол.

Көкмойын көтеріліп шапқан сайын,

Аузынан қанды көбік аққан сайын,

Алысып ауыздықпен жерді сүзіп,

Аманжол көк сүңгісін найзадайын,

Ойнатып жан-жағына кезек толғап,

Барыстай бала батыр ұмтылды тап.

Сейіліп жаудың қолы жарылады,

Кей кезде қимылдайды ортасын ап.

Бір кезде ақ боз атпен зуылдатып,

Найзасын көкке сермеп суылдатып.

Сақалын желпілдетіп қолдан шыға,

Ат қойды Сыпатайлап құйындатып.

Екпіні дауылдай боп дүрілдеген,

Дауысы өзендей боп күрілдеген.

Астында арыстандай ақ боз аты,

Қияда арқарша орғып сүрінбеген.

Айқасты бара қарсы жас Аманжол,

Толғады көк сүңгіні шыныққан қол.

Денелі ақ боз атты үлкен батыр,

Найзаны кесе қақты қылышпен зор.

Көк сүңгі ортасынан опырылып,

Қайың сап қапылыста кетті сынып.

Сермеді енді найза ана батыр,

Алғанша қыннан  қылыш бала жұлып.

Түйреген болат найза сумаң етіп,

Сауыттан көктей өтіп етке жетіп,

Топшыдан көк етіне іліккенде,

Аманжол ақ семсермен шапты кертіп.

Найзасы оның дағы сынып түсті,

Қарт батыр жас баладан көрді күшті.

Алайда Аманжолдың оң жақ қолы,

Салбырап көтерілмей төмен түсті.

Сол кезде кәрі батыр Сыпатайлап,

Ұмтылды Аманжолға көзі жайнап.

Бұрып ап Көкмойынның басын бала,

Зымыратып ойға қарай жөнелді айдап.

Жабыла қуса дағы қаптаған қол,

Жатса да алдында жар өткелсіз ор.

Орғиды Көкмойыны көлденеңнен,

Артына бір қараса енді Аманжол.

Қалыпты әлде қайда жау қарасы,

Алдында Шудың жатыр кең даласы.

Тежеді аттың басын батыр бала,

Есіне тағы түсті көп жолдасы.

Қапыда душар болдым қалың жауға,

Болмады бойын жаза қимылдауға.

Қайырылып барғанменен оларды алып,

Шығарлық қайраты жоқ құр жан сауға.

Еткенім сүйегіме таңба болып,

Кетпей ме жалғыз өзім барам қайда?

Дейді де ойға езіліп жас Аманжол,

Ауырлап көтертпейді жаралы қол.

Салбырап жорта берді ойды бетке ап,

Арқаға бетін түзеп жобалап сол.

Бір кезде көз ұшынан шаң бұрқырап,

Жөңкіліп бара жатты бір қалың нор.

Жіберді аттың басын соған қарап,

Болар деп осы Ағыбай бастаған қол.

Таныды таянғанда қолдың туын,

Қол жөңкіп бара жатыр неше буын.

Аманжол артқы топқа киліккенде,

Басқандай жым-жырт еді қол да шуын.

Қушықтай Аманжолдан ешкім сұрап,

Білген жоқ қайдан келді жалғыз құлап.

Қол әлі жоқтаған жоқ қалған тобын,

Түгендеу жүргізген жоқ басын құрап.

Намысқып жауға тастап жолдастарын,

Шыққанын жалғыз өзі сақтап жанын.

Ешкімге Аманжол да білдірген жоқ,

Байлатты жарасының жуып қанын.

Алаң боп көз жазғанға Аманжолдан,

Жеке өзі бөліне алмай қалың қолдан,

Меңдібай тыным таппай қолды аралап,

Жалғыз сол Аманжол деп ойран болған.

Бір кезде Аманжолға көзі түсіп,

Өңінен сезіктеніп бір қолы ісік.

Сұрады қайда қалып, қайдан келді,

Оңаша алып шығып сырын қысып.

Намысқып шүу дегенде айтпай бала,

Адастым қалғып қаппын жалғыз ғана,

Десе де жалтартқызбай қоймай сұрап,

Меңдібай қолың қалай болды жара,

Деген соң айтты болған соғыс жайын,

Жол тосып, қолды алғанын Сыпатайдың.

Жеткізбей жалғыз өзі құтылғанын,

Қалғанын құтыла алмай бір топ қолдың.

Меңдібай Аманжолды қасына ертіп,

Ағыбайға оқшау жортқан келді жетіп.

Айтып еді оқиғаны бастан-аяқ,

Ағыбай Аманжолды ұрсып зекіп,

Қалдырып жан сауғалап жолдастарын,

Қорғаған жұрт болар ма адам жанын.

Қауқылдақ Сыпатайдан найзаға ұшып,

Жаралы жаман шірік кеп тұрғаның! -

Дейді де теріс қарап сұп-сұр болып,

Кек қайнап екі көзі жасқа толып,

Айтқаны одан әрі бір ауыз сөз,

Меңдібай көріп еді жауап торып.

Жағалап келед тартып Шудың бойын,

Ел қамы мазалайды батыр ойын.

Аз ауыл Шұбыртпалы жатыр алда,

Алда мал, аузында ас жоқ етер тойым.

Не болмақ көрер күні келешекте,

Кірме ауыл аз аталы жүрген шетте.

Қолайлы қоныс тауып орнықтырсам,

Алданар алдағы мал барған бетте.

Қазылып ойлағанда осыларды,

Есіне алып еді Тасаралды.

Тулаған балығы тайдай Балқашты емген,

Болар ма қашан болсын халқы жарлы.

Қонысқа бұдан артық жер болар ма,

Әрі азық, әрі бекін сақтар жанды.

Қондырып қосты Балқаш қабағына,

Балықты сүздіріп қол тамағына.

Дүкенді құрғызды да ұстасына,

Соқтырып көк жебені садағына.

Аттарын жайып Балқаш қорығына,

Ағыбай дайындалды жорығына.

Ешкімге айтпай сырын жатты батыр,

Кектеніп Сыпатайдың қорлығына.

Кенені қысылшаңда жауға сатып,

Халыққа осыншалық қаны қатып.

Сыпатай Рүстеммен қол ұстасып,

Ел шауып ен олжаға жатыр батып.

Ел қор боп ерін тастап күңіреніп,

Басшысын жау қолына қолдан беріп.

Қайтқанда қолды тосып олжа іздеген,

Сойқанын Сыпатайдың отыр теріп.

Жол тосып, лай судан балық аулап,

Қапыда қара түнек елді жаулап.

Сыпатай сан ауылды тағы шапқан,

Ағыбайға сан қуғыншы келді зарлап.

Алған соң ел тынығып, ат күйленіп,

Ағыбай қолға бір күн хабар беріп.

Жинап ап жорық жайын түсіндірді,

Қырық-ақ ер қасыма ер деп іріктеліп.

Байланып ер Кененің берген туын,

Сырыққа желек байлап жеті буын.

Ұстатып кенже інісі Меңдібайға,

Аттанды өрлеп батыр Шудың суын.

Алыста тұрды Алатау бұлтқа оранып,

Жортқанда ер Ағыбай бетіне алып.

Көзіне елестеп ед ер Кенесі,

Сол тауда ажал күтіп қойған қалып.

Сонда да бұлтқа оранып сол Алатау,

Төккендей тау  басынан Кенеге жау.

Тұрмап па еді осы қалпы өзгерместен,

Бүгін де кекірейіп тұрғаны анау.

Күле ме әлде асқар тау Ағыбайға,

Барасың батырым деп тағы қайда?

Кетпеп пе ең күні кеше көрместей боп,

Қалдырып ер Кенені  анау сайға.

Жоқ әлде күйзеле ме Кенені ойлап,

Өрінде күні кеше салған ойнақ.

Ойнатып қиясында жауға алдаспан,

Жолбарыс жас Науанын жасынша ойнап.

Шапқанын түсіре ме естеріне,

Алып тас асқар қия аспан бойлап.

Томсарып тұр ма салып әлде жүрген

Жас бұлттай көкте көшкен желмен ойнап.

Ой басып қорғасындай ер денесін,

Сергиді ауық-ауық жинап есін.

Алқымдап келіп қалды Алатауға,

Болғанда күн еңкейіп кіші бесін.

Түсіріп бір далаға батыр қолды,

Қалдырып көп дулатқа кірер жолды.

Тап басар Сыпатайдың бекінісін,

Білуге екі жігіт жүрмек болды.

Ағыны атқан оқтай ақ лақпен*,

Шіркейді ат үстінен тартқан жақпен*.

Алсары атқа мінді қасына оның,

Шаңтимес қосылып ед кер қаңбақпен.

Бұларға тапсырғаны Ағыбайдың:

Бейкүнә мен ешкімге соқтықпаймын.

Ауылын, жылқы өрісін дәл біліп кел,

Және өзі қайда екенін Сыпатайдың.

Сөз қысқа, батыр айтты барлаушылар,

Жыландай жылыстаған мініп тұлпар,

Бұта өңдес, ай ажарлас ақ пен керді,

Кезек сап ел жағына жортты бұлар.

Төсінде Ешкіліктің қанат жайып,

Көп дулат аламанмен алған байып.

Бел қылып Сыпатайын сырттаным деп,

Жатыр ед жауды ойлайтын ойдан айық.

Тұяғы тас қаға ма ақ лақтың,

Басқанын  ит сезер ме кер қаңбақтың.

Кісідей жалаң аяқ шөп сындырмас,

Тұяғы тіктеп басқан бұл екі аттың.

Екі ер дулаттың қалың елін,

Қақ  жарып ырғайлының төстек белін,

Ауылын Сыпатайдың шалды келіп,

Кірер жол, бөгет болар бекіндерін.

Айнала күзет салған ауылы сақ,

Самсатып кермесінде байланған ат.

Ордасын Сыпатайдың ортаға ала,

Жылқысын бағады екен тұйыққа сап.

Бақылап алды зерттеп барлық сырын,

Болсын деп осы жолы олжаға ырым.

Шаңтимес алды екі атты кермесінен,

Қиды да сулығынан қыл шылбырын.

Сақ  иті, сан күзетші қалды сезбей,

Екеуі таудан түсіп таңнан бұрын.

Батырға хабар берді күтіп жатқан,

Болад деп әлде қандай, алмай тыным.

Ағыбай арыстандай атып тұрып,

Қолына тез аттан деп әмір қылып.

Тиеміз үрпек басты найза қағып,

Тәуекел қимылдаймыз, қапыда ұрып,

Дегенде кім бұзады батыр сөзін,

Көргенде қатуланған кәрлі жүзін.

Иекте тікірейіп селдір сақал,

От шашқан жарқабақтан жалын көзін.

Кезеулі керін батыр жанып-жанып,

Алғанда жерді сүзіп ойнақ салып,

Қарғылап көкке шапшып түссе де ырғып,

Шайнайды ауыздығын қаршыл қағып.

Ойнатып тұлпарларын ескен желдей,

Екпіні Алатаудан құйған селдей.

Шоқтай боп Бесмойнақтың төскейінен,

Түскенде батырың сыр білдірмеді.

Түскен кез жылқышы аттан, шолғыншы ойға,

Ит жатып, күйіс тартқан түйе, қой да.

Мөлдіреп күміс кірпік жасыл шалғын,

Боялып таң шығымен ауыл ойда.

Алсары Шаңтимеспен алда жүйткіп,

Құйындай құбылады қол жарысса ұйтқып.

Жылқының өр жағынан шығарды әкеп,

Биіктен құлай тиген құланша орғып.

Кененің көтере ұстап берген туын,

Он оннан қолды бөліп төрт-ақ буын.

Болды да дүрілдетіп кетті тиіп,

Көтере қақты найза көңіл шуын.

Дүрілдеп қалың жылқы ойға осылды,

Будақтап аспанға ұшып шаң жосылды.

Жылқыны алға салып, артта Ағыбай,

Кес-кестеп қуғыншыға  жол тосылды.

Үрейді ап үрпек бастан шыққан аттан,

Сап-сақ ел қолдағы атқа міне шапқан.

Құйылып қуғыншы да келе жатыр,

Ат қойған өзі білген әруақтап.

Сыпатай көңлі орнығып шешіп белін,

Ақылмен қорғадым деп айқаста елін,

Қондырып төскейдегі төрге ауылын,

Жатыр ед таудың алып бекін жерін.

Кененің атын сатып елді олжалап,

Жазықсыз момын жұрттың малын талап,

Өрісін жылқы кернеп, қорасын қой,

Қол артып сүйенгені Жантай манап.

Енді жоқ мені алар жау, мен алмасам,

Түсірдім Кенені орға алдап қашан,

Қаңғырып қалған батыр қайтты еліне,

Дейді олар енді кіммен қарсыласам,

Осы оймен мейманасы іштен асып,

Жайланып жан бар демей көңілі тасып,

Қол артып Рүстемге ойын қосып,

Орманға жатыр іштей жақындасып.

Шыққанда өрден қиқу, ойдан аттан,

Тұрып ед Сыпатай да бейғам жатқан.

Қолына ап найза, қылыш, киіп сауыт,

Белдеуден ақ боз атын міне шапқан.

Жеткенін қуғыншының түйреп тастап,

Қорғанып қол тигізбей үнмен жасқап,

Ағыбай көлденеңдеп алдын бөгеп,

Жылқыны  өңгелері қуған бастап.

Жылқының жел қабызы іріктеліп,

Тай-тулақ, көбең, шойыр* зорға желіп.

Созылып қырқаяқтап қала берді,

Саңлақтар алға түсті желмен еріп.

Қиқулап найза қаққан қырық бөрі,

Дүрілдеп Қарғалының Тастақ өрі.

Бұлт шаңға, шаң бұлтқа араласып,

Ел мен жау бір-біріне көрінбеді.

Сібірлеп көтерілді көктем таңы,

Сәулесі аспанды өрлеп тарамдалды.

Шығысын Алатаудың шымылдықтап,

Өрттей боп қанатын бұлт нұрға малды.

Алыстан тарақталып шұбар белі,

Андыздап ақар-шақар төбелері

Шыңдары шырқап көкке тұрды қарап,

Шыққандай қарауылдап әлде нені.

Жылқының алды ойнақтап түсті етекке,

Ағыбай жалғыз өзі ел жақ шетте.

Қияда қуғыншының алдын бөгеп,

Келгенін шаншып тастап жекпе-жекте.

Сияқты қойға кірген аш арыстан,

Ақырса көп қуғыншы қайта ығысқан.

Кешуілдеп кер тұлпармен көлденеңдеп,

Жол бермей жолбарыстай алдын тосқан.

Ағызып ақ боз атпен, найза  үйіріп,

Сыпатай жеткен еді шапқан түріп.

Ақырып жау қайдалап шықты алдына,

Ұйлыққан қуғыншыдан шыға ұмтылып.

Ағыбай да қолға кірмей тоса шауып,

Кер тұлпар аузы арандай жерді қауып.

Құйылды көлденеңдей Сыпатайға,

Салуға көк сүңгіні ебін тауып.

Көтеріп көк сүңгіні, басын тежеп,

Кезеулі керін жанып, алды безеп.

Қосылған жау қайдалап Сыпатайға,

Ақырып арыстандай ұмтылған ед.

Жарқылдап жасыл желек ақ найзасы,

Қояндай ақ боз атты қолдың басы,

Желкілдеп екі иінін сақал жауып,

Ағыбайға ұмтылғанда қарама-қарсы.

Жалтарып орын емес бетін бұрар,

Кезең бе өткел айтып, кезек сұрар.

Бетпе-бет кетті айқасып а дегенше,

Сартылдап қарулары екі көкжал.

Екеуі бірін-бір кезек түйреп,

Дарытпай найзаларын қағысты кеп.

Шабысты алдаспаннан от жарқылдап,

Тамаша өзгелерге бұл жекпе-жек.

Ағыбай бір айқаста Сыпытайды,

Түйреп ед найза бармай ұшы тайды.

Қалшылдай тұла бойын ашу кернеп,

Кезеулі керге басты дыраубайды.

Алды да кер тұлпарын жанып-жанып,

Түк көрмей екі көзі тұманданып,

Ақырып Сыпатайға салды найза,

Көк сүңгі сумаң етіп кірді барып.

Найзасын Сыпатайдың сол қолменен,

Қаққанда түсті қырқып қайқы берен.

Сырғытып түсірді аттың сауырынан,

Бүкжитіп Сыпатайды бір қолменен.

Ақ бозы ойнақ қағып шыға берді,

Сыпатай найза ұшымен құшты жерді.

Іліп ап шылбырынан атты Ағыбай,

Меңдібайдың жетегіне әкеп берді.

Қамалап Сыпатайдың қалың қолы,

Ағыбай түсіргенде шаншып оны.

Көтеріп алды жерден жатқызсын ба,

Мінуге қосардағы ат дайын болды.

Көп Дулат үйірілді шуын басып,

Ағыбай Сыпатайдан қайраты асып,

Көрген соң түсіргенін жекпе-жекте,

Иірілді үрей ұшып, құты қашып.

Ағыбай ақырып көп қалған жауға,

Шық былай Сыпатайдан әуре болма,

Бар болса қапырығы* қалсын алып,

Елде емес менің кегім жалғыз сонда.

Ер болса шықсын былай жекпе-жекке,

Мен келдім басты байлап үлкен кекке.

Мал үшін ерді сатқан, елді шапқан,

Арамның күшін көрем жекпе-жекте.

Көп  дулат Сыпатайдан басқаларың,

Бар болса көп жылқыда кеткен малын,

Ұрыссыз қан төкпей-ақ қайтарып ал,

Сендердің  керек емес бір тайларың.

Алмайсың мені қуып күшпен жеңіп,

Талтүсте найза қаққан ортаңа еніп.

Қан қылам қарсы тұрсаң сертім осы,

Онан да қайт қырылмай әуре болып.

Аттандым Сыпатайға әдейі арнап,

Келген соң алдан шұбап халық зарлап.

Арқа мен Сыр бойының елін үптеп*,

Кенені күні кеше сатқан алдап.

Қанішер Рүстеммен қара жүрек,

Орман мен жауыз Жантайға арқа тіреп,

Қазақтың ер Кенесін,  елін сатқан,

Азғынды Сыпатайдай шығар бөлек.

Шық былай жазықсыз көп іріктеліп,

Малыңды ал, шыныңды айтып, танып, теріп.

Құрдымда Шу аяғы түсер жерім,

Ел малын екі сөз жоқ кетем беріп.

Көнбесең оған егер салам ойран,

Сан жаудың мен Ағыбай басын жойған,

Қырқыңды қылышпенен бір-ақ тартам,

Сан кісің садағым мен тартсам ойдан,

Саудырап сүйектері жатар жусап,

Көк сүңгі көбе бұзып жанды бойдан,

Суырар суылдатып мен түйресем,

Біріңді жер бетіне тірі қойман.

Дегенде қуғыншының үрейі ұшып,

Сүмірейіп Сыпатай да сұлқы түсіп,

Иіріліп жерге кіріп қала берді,

Ағыбай қойша иіріп тұрды қысып.

Қуғыншы тұрып қалды иіріліп,

Ағыбай аттың басын ойға бұрып,

Әрі сөз, әрі күшпен бірдей жерлеп,

Жөнелді Сыпатайды жерге тығып.

Қуат жоқ қолдан шығар суырылып,

Апшысы Ағыбайдан қуырылып.

Сыпатай қара басып қалды тұрып,

Ағыбай борт-борт желіп кетті жүріп.

Сыпатай аулына қайтып келіп,

Сол түнде көп дулатқа хабар беріп,

Көріп ед Ағыбайды қумақ болып,

Шыққан жоқ қорыққан ел қуғынға еріп.

Жөнелтті Рүстемге шапқыншысын,

Көрдім деп Ағыбайдан үлкен қысым.

Орманға, Жантай, Шәбден шапты кісі,

Берсін деп мылтық сайман, патша күшін.

Ағыбай жайылмасын Шуды құлдап,

Жылқысын бой жиғызып қорыққа сап.

Қалдырып қарауылын неше жерден,

Отырды арт жағынан хабарын ап.

Қария сөз байлаған топ ішінен,

Шоқтай боп іріктеліп аз кісімен,

Артынан жетті келіп Ағыбайға,

Жеріне сөз байлаған тосам деген.

Екі сөз болған емес Ағыбайда,

Құрмайды халықты алдап амал-айла.

Басқаның Сыпатайдан барлық малын

Қайтарып берді тимей жалғыз тайға.

Қарт қайтып қоштасарда Ағыбайға:

Батырым, қатты сақтан, қапы қалма.

Жантайға, Орман, Рүстем кетті кісі,

Барса да қоймаймын деп сені қайда!

Рүстем Алакөлден сені тоспақ,

Сол жерде Сыпатаймен басын қоспақ.

Балқашқа тіреп тұрып алдан қамап,

Әкетпек малдан бұрын өзіңді ұстап.

Ылажын тапсаң баспа Алакөлге,

Не қайта көл жағалап Ілені өрле.

Ер едің ер сарқытын елден ішкен,

Қолына жауыздардың түсе көрме.

Дейді де қадірлі қарт жайып қолын,

Болсын деп қайда жүрсең батыр жолың.

Бір тайды Сыпатайға берме батыр,

Қайнатқан қара жүзге елдің сорын.

Қарт қайтты, қалың ойға батты Ағыбай,

Аунатып құм, құраққа атты Ағыбай,

Құрдымда Шу аяғы Қызылқұмда,

Ат күйлеп екі күндей жатты Ағыбай.

Түнерген қара бұлттай қара тұман,

Басқандай Ағыбайды иығынан.

Бүктеліп ойға кетіп жатты батыр,

Сонау қарт қоштасарда айтқан бұған.

Ескерту ойлы қарттан тіпті текке

Айтылған жел сөз емес желпілдетпе.

Алды көл, арты қуғын, жан-жақ қамау,

Ашылмай тұр түйіліп барар бет те.

Алайда ойды жеңіп, орынынан

Ағыбай тұрды дағы жасатты қам,

Төрт кісі екі екіден аттандырды,

Бірі Іле, бірі Алакөл қиығынан.

Келуге жолды шалып, жауды барлап,

Солардан хабар алып бетті бармақ.

Шешуге барлады да айтты батыр,

Қолына қам жасатты жүріске арнап.

Шолғыншы қос-қос атпен құйындатып,

Бірі Іле, бірі Алакөл кетті тартып.

Келуге ертең түсте осы жерге,

Батырдан алысып ед қысқа жарлық.

Тірелген алды қамау - көл Балқашқа,

Іле мен Алакөлден жүрер басқа

Жолы жоқ, екі жақтан тосқауылды,

Салуға Сыпатай да жанталасқа,

Түсіп ед, қайтқаннан-ақ сонау түнде,

Жіберіп шапқыншысын Рүстемге.

Орманнан, Жантайдан медет сұрап,

Шығып ед о да аттанып келер түнде.

Ағыбай күтті асығып шолғыншысын,

Ешкімге әлі айтқан жоқ көрген түсін.

Атасы батырлардың ер Жидебай,

Жіберген басшы қыл деп жол түлкісін.

Сол түнде нағашысы ер Байғозы,

Түсінде сөйлесіп ед келіп өзі.

Жидекең бата берді қор болмайсың,

Балқашқа түс тайсалмай болды сөзі.

Осылай екі батыр кезек келіп,

Екеуі кезек-кезек бата беріп,

Қысылма, қор болмайсың, алмайды жау.

Жолыңды біз бастаймыз медет беріп.

Деді де екі батыр болды ғайып,

Оянса таң Балқашқа қанат жайып,

Айдында құлпырады қызыл шапақ,

Түн жатыр батыс жақта қоңырайып.

Таң желі сыбдырлатқан қалың қамыс,

Айдында балық ойнап салған жарыс.

Жарқылдап шортандары суда шоршып,

Жағада шабақ қуып салады алыс.

Жатыр деп Іле бойда бір  қалың қол,

Аралас орыс, қазақ қаруы мол.

Арқадан аттанып ед Кенені іздеп,

Поручик Құнанбай дейд бастаған жол.

Қарулы қазақ, орыс әскерлерін

Самсатып шыққан бастап, елдің ерін.

Ұстауға Алатауға Кенелерді,

Орманнан Шәбденменен алған сенім.

Қайқайса Іле барлап бұлар тоспақ,

Қалмады батыр өтер қырдан бос жақ.

Алды көл, арты Алатау асу бермес,

Батырға барар жол жоқ түсті қыспақ.

Ертеңге қалса жүріс, өмірі ғайып,

Жан-жақ жау қамау салған қанат жайып.

Қасында қалың елі халі мүшкіл,

Ағыбай ауыр ойда ел мұңайып,

Отырды көпте сөз жоқ, ерде лебіз,

Күтуде не десе ер біз дайынбыз.

Дегендей демі ішінде қалың қату,*

Барамыз кәні батыр бастаңыз сіз.

Ағыбай жауап күткен қарап көпке,

Ойлы көз төңкеріліп төңірекке.

Түнеріп бір түйіліп алды-дағы,

Түсті айтты, үнсіз тыңдап отыр көп те.

Ақжолтай Абылайға әуелде ерген,

Жидебай әрі батыр, әрі мерген.

Жорықты жортпай тұрып, түспен болжап,

Абылайға алдағы істен хабар берген.

Сәуегей басшы болған билеп жолын,

Бастаған сан жорықта қалың қолын,

Балқаштан бастап өткен өткелі бар,

Тұсында аян беріп айтқан соның.

Жолына осы кеште түсем бастап,

Нағашым ер Байғозы жолымды ашпақ,

Жалғыз-ақ қазір бәрің тал кесіңдер,

Артыңдар он айғырға ершік тастап,

Дейді де өзі бастап мінді атына,

Тал кесіп алды қиып он айғырға.

Елде үн жоқ екі етер ме ер жарлығын,

Суылдап толқын көшіп жатыр суда.

Шұбыра қалың жылқы қамыс жарып,

Ағыбай өзі бастап келді суға.

Тұңғиық түбі зымиян суға келіп,

Ағыбай қарайды да бір түнеріп,

Дүлейі көл Балқаштың жатты тулап,

Айдында ақбас толқын ашу беріп.

Қиырсыз көзден ұшып көл қабағы,

Түн басып тұр түнеріп арғы жағы.

Кер тұлпар ауыздығын қаршылдатып,

Арандай аузын ашып қарғылдады.

Ойланып көп тұрмауын ат тіледі,

Керр тұлпар жерді сүзіп жүрші деді.

Айқайлап суға бастап кетті түсіп,

Ел де кеп түсті, ешбір жан іркілмеді.

Жетектеп шыбық артқан он айғырды,

Меңдібай туды қолға ап бірге жүрді.

Шұрқырап қалың жылқы шүу дегенде,

Айдынға аяқ салмай иірілді.

Қиқу сап елдің үні қамалаған,

Арқырап тамам айғыр жетекке алған,

Шақырып үйірлерін кезек-кезек,

Сол үнмен жылқы түсіп кете барған.

Айдынға барған сайын су төмендеп,

Жел тынып толқын көшпей, басылған леп.

Аяқтап* қалың жылқы кетті жүріп,

Жылқы артта, алда Ағыбай жүріп келед.

Шұбырта талды шаншып өз қолымен,

Жүргізіп тамам жұртты өз жолымен,

Соқпағын су бетінен тартты батыр,

Бет қойып Тасаралға төтеменен.

Басқаға көрінбепті Ағыбайдан,

Бұлаңдап қызыл түлкі анадайдан,

Ағыбайдың алдын бастап жортқан екен,

Ізіне соның Ағыбай шыбық салған.

Сол түлкі Тасаралға тартқан тура,

Сәуле ойнап құйрығынан айдын суға.

Ағыбай соның ізін белгі қылып,

Жүріпті бір күн, бір түн осы суда.

Шығыпты бір тәулікте Тасаралға,

Кездеспей ешбір бөгет малға, жанға.

Жылқының алды келіп шыққан екен,

Жартастан сонау тұрған келер таңда.

Ағыбай әрі батыр, әрі жолды,

Есті екен ерте болжар оң мен солды.

Айтатын елдің түрлі аңызы бар,

Баспайтын батыр ед деп қазған орды.

Біреуі көп аңыздың осы жорық,

Жан-жақтан жау қысқанда қамап торып,

Қақ жарып Балқаш көлін елді бастап,

Алыпты Тасаралға келіп қонып.

Рүстем Сыпатаймен соғып санын,

Ағыбайдың бұл қамаудан құтылғанын,

Арманғып өмір бойы кетіпті деп,

Айтушы ед Тәукем бізге үлкен сырын.

Түйіліп Тасаралға бірнеше рет,

Сыпатай қолын жиып келсе керек.

Еліне жау айғайын салдырмаған,

Жазасын батыр талай берсе керек.

Кезеулі Керін мініп, көк сүңгісін,

Көлденең ұстап талай желсе керек.

Еңіреген елдің ері ер  Ағыбай,

Ертеде ел қорғаған талай-талай.

Сыпатай сан түйіліп келсе-дағы

Бермепті сол жылқыдан тағалы тай.

Әкелген Сыпатайдан сонау малды,

Бірдей қып малы кеткен ел бөліп алды.

Құм қызыл, бұйра шұбар шауқарлардың,

Тұқымы біздің елде сонан қалды.

Дейтін де аяқтайтын шал кеңесін,

Демеңдер айтып отыр оны несін.

Көкті жол, суды соқпақ етсек деген,

Айтқаным ертедегі ел дәмесін.

Итіншек ертеден-ақ ел қиялы,

Су жолын, аспан сырын сүйген жаны.

Ардагер Ағыбайдай батырына,

Берген бір қасиетті сыйы-дағы.

Елінің адал туған баласына,

Сыйымды сыр қалдырған санасына.

Оқ өтпес, суға батпас сипат беріп,

Кеңес қып кеткені ғой даласына.

Кеңесін аяқтады Кенжеқара,

Толқытып таң шұғыласын киіп қана.

Шығыста ақша бұлттар алуан түспен,

Тотының құйрығындай тарамдала,

Тоқсырып толықсыған сұлу шолпан,

Кішірейіп, өңі қашып атқанда таң,

Оранған көк торғынға ақ арудай,

Алыстан көзін қысып жымыңдаған.

Кеткенде көкке сүңгіп өңге жұлдыз,

Жалғыз сол күнді күтіп тұрып қалған.

Айдынға төгілгенде таң шапағы,

Алуан түс көз қытықтап құлпырады.

Толқындар таудай болып үйірілсе,

Ойын сап алабұға айдындағы.

Жарысып катерменен жарқ-жұрқ етіп,

Балықтар сауық құрып сайрандады.

Жартастың дәл түбінен шықты катер,

Манаурап малы оралып аралдағы ел.

Жадырап көтерілген көл буына,

Бөленіп күміс шықпен тершіген жер,

Балбырап жасыл шықпен жайқалады.

Ескенде қоңыр самал айдыннан жел.

Алуан құс алуан түрмен ән сызылтып,

Күй төгіп көмейінен жүз құбылтып.

Басталар сан нақышпен симфония,

Келеді құйқылжыса уілдетіп.

Үйрек, қаз сұңқылдаса, айдында аққу,

Жер сабап сусылдайды сылдырап су.

Колхоздың төрт түлігі таңмен өріп,

Қуанып алтын таңға көтерген шу.

Аралдың әсем тоғай гүлдерінде,

Өмірдің шаттық лебі үндерінде.

Сызылтып тәтті сазын бұлбұл, торғай,

Нұрына таңның шырлап жүзгеніне.

Сап түзеп командамен сауыт киген,

Сатырлап қару-жарақ бойына ілген,

Қайықты қатар мініп түсті суға,

Батырлар сүзгіні алып қайыққа үйген.

Бәріне жас Жәнібек команданы

Бергенде саңқылдайды айбынды үні.

Аралдың осы  өмірін қоштағандай,

Алыстан тағы естілед завод күйі.

Балқашпен мыс қайнатып Қоңыраттан,

Күніне шығаратын сан мың батпан,

Ерлерге азық үшін ақ сазанды

Команда үйден шыққан көлден тартқан.

Тулатып алабұға, ақ қайранын,

Туырылтып бұйра қазы ақ сазанын,

Тартқанда Тасаралдан балықшылар,

Аралап алар ерлер таңдағанын.

Балқаштың аты шулы алып кенін,

Кенелтіп керек азық, аспен елін,

Тасарал азық жиған қоймасындай,

Балықтың бал татыған еттерінің.

Тасарал тамаша, әсем, кең жазира,

Балқашта бұл бром, мыс сан қазына.

Ашылған әсем өмір сарайының,

Ұқсайды судан салған су бағына.

Өсірген ел байлығын, жер байлығын,

Тамаша тапқан талай кен байлығын,

Дәуірінде толықсыған гүлстан боп,

Тасарал құлпырады міне бүгін.

Түсініктемелер:

«Тырнақалды» - алғашқы олжа деген сөз.

«Ақ лақ» - жылқы аты.

«Жақ» - садақтың түрі.

. «Шойыр» - шойнақ, ақсақ деген мағанада келген.

«Үптеу» - тонау деген мағынада айтылады.

«Қату» - қаһарлы, ызалы, ашулы деген сөз.

«Аяқтау» - кешу, кешіп өту деген

"Абай-ақпарат"

Жаңартылды 05.09.2012 10:21