Ағыбай шал (Ертегі) Басып шығару
28.04.2012 12:24

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті

Филология факультетінің аға оқытушысы – Бисенбаев Пазылбек

Ағыбай шал

/ Ертегі/

Өткен заманда бір мерген болыпты. Ол мергенді «Қарамерген» деп атайды екен. Қарамерген аң аулап, көп жүріп, ақырында жайылып жүрген екі маралға кездесіпті. Қарамерген мылтығын алып, маралды атқалы көздепті. Сол кезде маралдар: «Атпа, бізді!» депті. Қарамерген маралдың адамша сөйлеп «атпа» дегеніне таңырқап тұрып «неге?» - деп сұрапты. Маралдар: «Неге екенін Ағыбай шалдан сұра!» деп қайырыпты.

Қарамерген атуды қойып, Ағыбай шалды іздейді. Неше күн, неше түн жол жүріп, арып-ашып ақырында Ағыбай шалдың ауылын табады. Ағыбай шалдың үйіне келсе, жағын жібекпен таңған бір шал отыр екен. Ағыбаймен көрісіп, амандасады. Ағыбай бұл жігіттің алыс жерден келгенін қалпынан сезіп, бәйбішесіне қымыз құйғызып алып, қонағын әйелі қымызбен сыйлайды, артынан шай келеді. Шайдан кейін семіз тоқтының еті де келеді. Ет жерде бас-аяғы табақта үш адам болады. Оның бірі – Қарамерген, екіншісі – Ағыбай шал (үй иесі), үшіншісі – Ағыбайдың қонақ күтетін жігіті.

 

 

Ет жегеннен кейін жататын уақыт болады. Ағыбай шал да қонағын жатқызады. Ертеңіне таң атады. Ағыбай шал бұрынғы қалпы тек қонағын күтіп, шай береді. Шай артынан қымыз беріп, түс мезгілінде қонағын аттандырмақшы болып:

- Ей, балам, алыс жерден келген екенсің, сөйле, - деді.

- Мен қашаннан аң аулап, кәсіп еткен мерген едім. Бір күні аң аулауға шықтым. Екі маралды көріп, атпақшы болдым. Оғымды енді кезеп атпақ болғанымда, маралдар адамша сөйлеп: «атпа мені!» - деді. «Неге?» дегенімде: «Оның мәнісін Ағыбай шалдан сұра» - деді. Міне сол жұмыс арқылы сізге келдім, - деп, сөзін аяқтады.

Ағыбай шал әрі ойланып, бері ойланып, еш нәрсені таба алмай: «Оны мен білмеймін» - деп жауап қайырды. Бұл жігіт келген жұмысы орындалмағасын жүргісі келіп, Ағыбай шалдын ұлықсат алып, өз жөнімен жүріп кетеді.

Ағыбай шал көп ойланумен үйде қалып, ақырында өз басынан өткен мынадай ертегі есіне түсіп, артынан бір жігітті шаптырып, Қарамергенді шақыртып алады. Қарамерген келгеннен кейін жас күнінде мынадай өз басынан уақиға өтіп еді, маралдың айтып жүргені де сол шығар деп өз ертегісін бастады.

Мен өзім бай баласы болдым. Сол ата рәуетінің арқасында атқа мініп, қыз таңдадым. Бір байдың 8 жасар сұлу қызын көріп, оған ашық болдым. Бұл жұмысты елге келгенннен кейін жеңгелерім арқылы әкеме сездірдім. Әкем маған ол байдың қызын 47 беріп айттырды. Тап сол кезде мен 14 жаста едім. Арада 8 жыл өтті. Мен 22 жасқа келдім, қалыңдығым 16 жасқа келді (шықты).

Бір күні ауыл абыр-сабыр болды. Бір жаққа жүруге ауыл жігіттері ат жаратты. Ол жігіттерге еріп, мен де «Боз ойнақ» деген атымды жараттым. Топтанып, түйеге қос артып, жүйрік аттарды жетелеп, бір жаққа жол тартты. Оларға мен де ердім. Былай шыққасын бұл жұмыстың мән-жайын бір жігіттен сұрадым. Ол маған жол мәнісін түсіндірді. Бақсам, біздің елден он күншілік жерде бір ел бар екен. Ол елдің бір байы әкесіне ас бермек үшін біздің елге бір ай бұрын хабар берген екен. Мен алаңғасарлықтың арқасында оны білмеппін, құр дақпыртпен жүре беріппін.

Бірнеше күн жол жүріп, байдың аулына жеттік. Бізге лайықтап қойған үйіне түсіп, сол күні қонақтың құрмет сыйын көріп, жатып тынықтық. Ертеңіне ас болды, одан кейін жұрт бәйге жазып шығарды. Мен де боз ойнақтып қостым. Боз ойнаққа өзім шаптым. Бәйгеден озып келіп, бас бәйгені мен алдым. Бас бәйгеге тіккені бір нар, бір ат, бір шапан екен. Оларды алумен менің жұмысым болмады, жанымдағы жолдасым пайдаланды. Мен бәйгеден атымның алдымен келген атағын ғана алдым.

Жұрт тарады. Менің көңілім жұрттың тарауында емес, бір басқа. Алдында, ас берген ауылға келе жатып, жолда баяғы өз қайнымның ауылын көргем. Менің жолдастарым қайтарда ол елдің үстімен жүрмей, басқа жолмен кетті. Мен жолдастарымнан бір түнде жасырынып, бөлініп, қайнымның ауылына қарай тарттым. Үш күн жол жүріп, төртінші күні көп қойға кездестім. Қойшыдан сол көп қойлардың кімдікі екенін сұрадым. Қойлар менің қайын атамның қойы болып шықты. Сол жерде ауыл жағдайын сұрадым. Атамның үйінің түсін сұрап алдым, қалыңдығымның қайда жататынын сұрадым! Қойшы жалғыз отауда бір өзі жататынын айтты. Елдің әлі бір күндік жер екенін айтты. Таңертең қойшыдан шығып, күн бата елге әрең жеттім. Ауылдың қарасын көріп, аттан түсіп, атамның үйін шамалап және қалыңдықтың жататын үйін де шамалап алдым. Менімен ешкімнің шаруасы жоқ. Түн ортасы болды. Атты сол жерде қаңтарып тастап, өзім жұрт ұйықтаған кезде ауылға келдім. Азырақ таңданып тұрдым да, ақырын басып қалыңдығым жатқан отауға кірдім. Қалыңдығымның сұлулығы сонша қараңғы үйді жарық қылып жатыр екен. «Жанына жақындап барып, оята бергенімде, үйдің іші шар-шұр етті, өзім есімнен танып қалдым. Бір кезде қара қасқа үлкен төбет болып шыға келдім. Үйден шығып жүре бердім. Бұл ауылда айналақтап үш күн жүрдім. Әбден қарным ашып, ұрлық қылуға кірістім.

Байдың ас үйіне кіріп, қазандағы сүтін іше бастадым. Осы кезде сырттан жігіттері сезіп, мені қамап ұрды. Сөйтіп жүргенде бір жігіттің қолына құрығым түсіп, ол құрықты жаным қысылғаннан үзіп құтылдым. Құрығым сол ұстаған жігіттің қолында қалды. Далаға босанып шыққаннан кейін, бетім ауған жаққа қарай жүгіре бердім. Бірнеше күннен кейін жапан далада көп керуенге жолықтым. Керуен басы мені шақыртып алып, тамақ бергізді. Түнде жұрт жатқаннан кейін күзетшімен қосылып, керуеннің мүлкін күзеттім. Бұл мінезім керуен басыға ұнады, сондықтан мені жақсы күтіп жүрді. Бірнеше күн өткесін керуен ауылына жетті. Мені ауылға келген соң керуен басы тағы тамақтандырып, тойдырды. Керуен басының үй-ішімен бір күнде танысып шықтым. Кешке таман мен қой шетіне барып, қой күзеттім. Бұл кезде қасқардың да қатты кезі еді. Сондықтан қойға тиген төрт қасқырды өлтіріп, бір шетке үйіп қойдым. Ерте тұрған керуен басы мұны көріп, менен келген іс екенін анық білді. Менің қадірім бұрынғыдан да артты. Ослайша арада 2 жыл өтті. Басқа бір елге ұзатқан керуен басының қызы бар екен. Ол жынданып ауырыпты. Дүниеде бақсы, молда қалдырмай жидырғанмен, оның ауруын жаза алмапты. Ақырында байға бір адам келіп айтыпты: «Құдаңда бір қадірлі ит бар, сол ит бұл ауруды жазар» депті. Сондықтан маған бір пар ат келді. Керуен басыға болған уақиғаны айтқаннан кейін менің мойныма жіп байлады. Керуен басы өзі бір пар ат жегіп, мені жетектеп алып жүрді. Мені барысымен жынды жатан үйдің босағасына байлады. Біраздан соң жынданған әйел аспанға қарап шыңғыра бастады. Мен де аспанға қарасам, бір қарақұс қалықтап, шаңырақтан түсіп келеді екен. Тұра ұмтылдым. Сол кезде бір жігіт менің жібімді шешіп қоя берді. Қарақұсқа тұра бас салдым, оны талай бастадым. Ол да маған қарсылық білдіріп, менімен алысты. 4 сағат шамасы алыс болды. Ит жынданды деген үйдегілерден дауыс естіліп жатты. Көп уақыттан соң қарақұсты алып ұрып бауырыма басып жаттым. Менің де саған үлкен керек жерім болар, сондықтан мені босат деді. Мен оны босаттым. Ол мұнда айналмай, өз бетімен ұшып кетті.

Байдың келіні тәуір болып, тұрып кетті. Енді менің атымды бақсы ит деп атады. Екі күн жатқасын ат беріп, шапан жауып, біщді қайтарды, менің ием мені арбаға мінгізіп алды. Ауылға келдік. Түндегі әдетпен қой шетіне жаттым. Көп ойлар түсіп, туған елім көз алдыма елестеді. Енді бүйтіп жүргенше неді не болса да, қалыңдығыма тағы барып көрейін,ол маған мүмкін жібір, ит қылған сол еді ғой , мені әлі де адам қатарына түсірер деген ниетпен мен орнымнан тұрып, қалыңдығымның ауылына жеттім. Қалыңдығым жатқан үйге келсем, қараңғы үйді жарық қылып ұйықтап жатыр екен. Жанына жетіп барғанымда, қалыңдығым оянып кетті. Үйдің іші шар-шұр етті. Бұрынғы қалпымнан айырылып, бозторғай болып шықтым.

Бұрынғыдан да күнім қараң болды, енді мені құстың ең жаманы жапалақ та жеп қоюға әлі келеді деп жылап келе жаттым. Бір кезде бір үлкен шаһардың үстінен шықтым. Көшенің ортасында төгіліп жатқан тарыға кездестім. Қарным ашып қалған мен сол тарыны жей бастадым. Көп ұзамай аяғымнан қыл дұзаққа ілініп, талпынып біраз тұрдым. Бір мезгілде бір топ бала келіп, мені ұстап, аяғыма ұзын жіп байлап, торғай-торғай деп әуеде ұшырып, аяғымдағы жіпті жібере тартып жүрді. Ол тары сол балалардың құсқа құрған дұзағының тарысы екен. Бұл балаларға бір шеттен бір кемпір кездесті, мені көріп ол кемпір балалардан торғайыңды маған сат деп сұрады. Кемпірге мені балалар 5 тиынға сатты. Кемпір мені үйіне апарып алдыма жем, су қойды, аяғымнан арқандап қойды. Күнде кемпір мені бір ұстап: «О, торғайым, жеттің бе?» - дейді.

Мен одан жаман қорқып, жемімді жемеуге тырыссам да, қарным ашқасын жей баастаймын. Ақырында бір күні маған кемпір келіп: « Е, торғайым, жеткен екенсің» деді. Бұл сөйтіп жейді екен деп мен жаман қорықтым. Бірақ кемпір олай ойламады, маған ақылын айтты: «Шырағым, сен құс емессің, адамсың. Сенің ит болып жүргеніңде мен қарақұс болып кездестім. Менің жанымды қиып, сен мені ажалдан босаттың. Сондықтан мен де саған жақсылық істейін» деді. «Осыдан ұшып, қалыңдыққа бар. Жұрт жатқан кезде ақырын, пырылдамай үйге кір. Бұрымында алтын сақина бар, ол сақинаны сиқыр қылып мен бергем, оны шешіп ал. Сол кезде баяғы адам қалпыңа түсесің. Есіңді жиып, адам қалпыңа түскеннен кейін ел-жұртыңды көрерсің. Бірақ мені ұмытпа. Бір жыл өткесін қайтып орал, осы жерден бір күндік жерде менің түпкілікті мекен үйім бар. Сол үйде бойжеткен сұлу қызым бар. Соны саған қалыңсыз берем, маған мал қажет емес. Дүниені тағы берем» - деді. «Баяғыдан сені аңдып жүр едім. Қызға сиқыр мен сақина беру, келіншекті жындандыру – бәрі сені қолға түсірудің амалы еді» - деді.

Бұл сөзді кемпірден естігеннен кейін қалыңдығымның ауылына ұштым. Барсам ауыл тегіс жатқан екен. Ақырын ғана қалыБарсам ауыл тегіс жатқан екен. Ақырын ғана қалыңдығым жатқан үйге мен де кірдім. Ақырын тісіммен сақинаны бұрымынан шешіп алдым. Үйдің іші тарс-тұрс, сарт-сұрт етті. Қалыңдығым шошқа болып кетті. Үйден шыға сала бір жүген тауып алып, жүгіріп жылқыға бардым. Көп айналмадым. Бір семіз құр атты ұстап міндім де, Темірқазық жұлдызын маңдай алдыма қойып, терістіктің қараңғысына шомылдым. Жайдақ атпен бірнеше күн жол жүріп, ақырында бір обаның басына шықтым. Көп ұзамай маған қасқырдың даусы естілді. Енді елдің жақын екенін білдім. Үлкен обаның да басына шықтым. Ар жағында жайылған көп қойды көрдім. Ақырын аяңдап, қойшыға келдім. Қойдың кімдікі екенін сұрадым. Әкемнің қойы болып шықты. Ауыл алыс емес екен. Қойшыға мен өзімді таныттым. Қойшы менің әке-шешемнен сүйінші сұрамақ болып, менің өой басында қалғанымды сұрады да, өзі елге кетуге талап етті. Мен бұұл сөзге қарсы болғаным жоқ, ұлықсат еттім. Өойшы шапқылап, сүйінші сұрап, ауылға барыпты. Жұрт тың қайсыбір білгішсінгені үш жыл болған Ағыбай келуші ме еді деп сөгіпті. Қойшы өзеуреп, мен жаңа көріп келдім, Ағыбай менің қойымның қасында қалды деп, жұртқа бой бермей, сүйіншісін сұрай беріпті. Ақырында сөзін байқайық, мүмкін рас шығар, бұрын өтірік айтпайтын еді деп, менің әке-шешем көп жұртты соңынан ертіп, қойдың қасына келді. Қой жанында жүрген мені әкем алыстан танып, тұра ұмтылып келіп, мені құүшақтап сүйді. Оның артынан шешем келіп амандасты. Ел-жұртқа тегіс амандасқасын, мені ауылға алып жүрді. Әкем үш жыл сұрау салып таба алмаған соң, менен күдер үзіп ас беріп жатыр екен, ол асы тойға айналды.

Той өтті. Ел-жұрт, туысқандар менен қайда жүргенімнің мән-жайын сұрады. Жасырмай бастан өткен уақиғаның бәрін айттым. Ақырында кемпірдің қызын алам дегенді де айттым. Кемпірмен уәделі уақытым болған кезде әкем той істеп, маған бірнеше жігіт қосып, мені қайныма жіберді. Біз кемпірдің өзім көрген шаһарына жеттік. Кемпір де алдынан тосып жүр екен. Бізді құрметтеп қарсы алып, ол шаһарда түсірмей, өзінің мекеніне алып барды. Қалыңдығымды көрдім. Асқан сұлу екен. Үш күн жатқаннан кейін мені қайным жүргізбекші болды. 60 нарға кілем жайып, алтын-күмістен жиһаз тиеп, қалыңдығымды қоргаулы бір нарға мінгізіп жөнелтті. Міне, жасымда осындай оқиға көріп, мына бәйбішемді солай алдым. Қазірде жасым тоқсанға келді. Сол сақинаны былтыр көшкен жұртта жоғалттым. Саған айтқан да сол болар, - деп қарт сөзін аяқтады, - дейді. Сонымен осындай уақиға естіп, ауылға қайттым, - деп Құламерген сөзін аяқтады.

Қ. 121. № 2 «Ағыбай шал» (Ертегі)

6-13. латын, 1940

жин. тап. Тұртаев Сұлтан

Жаңартылды 05.09.2012 10:26