Ағыбай күмбезі (Сырбай Мәуленов) Басып шығару
30.05.2012 14:21

АҒЫБАЙ КҮМБЕЗІ

(Сырбай Мәуленов)

 

Қазақтың маңдай алды мақтаулы ері,

Тайатқан-Шұнақ оның жатқан жері.

Ол жайлы айтыс-тартыс көп болса да,

Келеді көкірегінде сақтап елі.

 

 

Екпіні тау селіндей сарқыраған,

Қас дұшпан үрейі ұшып қалтыраған.

Қолында шолақ найза қол бастады,

Астында Ақтангер ат арқыраған.

 

Ежелден ата-баба қоныстанған,

Жауларға кең жайылым, өрісті алған.

Ағыбай ашу буып, айбат шегіп,

Абылай туы астына соғыс салған.

 

Дұшпанға арыстандай атылатын,

Атаған Ақжолтай деп Батыр атын.

Жол тартып, қара түнде жорық шегіп,

Таңдарын ат үстінде атыратын.

 

Он үште арғымақтың жалын түйіп,

Көтерген батырлықтың бағын биік.

Найзасын найзағайдай жарқылдатқан,

Науанды ардақтаған жаны сүйіп.

 

Көмілмей оныменен бір адырда,

Өзінің өлді қоныс тұрағында.

«Хош» деген Наурызбайдың жалғыз сөзі

Өлгенше кетпей тұрды құлағында.

 

Тулаған талай жауы тақымында

Ерекше жаратылған батыр тұлға.

Алыстан менмұндалап шақырғандай

Мазары Ағыбайдың жатыр қырда.

 

Баяғы сарынындай қанды жорық,

Қаратал күркірейді жарды соғып.

Батырдың зәулім биік мұнарасын,

Тұрғандай торуылдап, жауды шолып.

 

Жаңартылды 05.09.2012 10:17