Жер дауы Басып шығару
16.07.2012 14:30

Жер дауы

1849 жылы Ағыбай батыр Тоқырауын басындағы әлтеке-сарым елінде отырғанда жалжал көбейіп, войсковой сотник Әлтеке Дүйсембай батырмен соғысып-қағысып қалады.

Ел ішінде «Ағыбай – қашқын, ақ патшаға қарсы, Ағыбайды ұстаймыз.  Ол Жамантай, Құсбек төреге қарсы» деген қауесет тарайды. Бұрын ешқандай тізімде болмаған шұбыртпалының 200 түтін үйлерін патшаның өкілдері тез арада есепке алады. Аға сұлтан Құнанбай Өскенбайұлы Ағыбайды Қарқаралыға шақыртады.

 

Қарқаралыға келген Ағыбай батыр Ақбай Жандаркеұлы үйіне түстенеді. Үйге кіріп келсе тақтайдың үстінде бір кісі қолын басына қойып, шалқасынан жатыр, батырға қарамайды дейді. Батыр оның қолын алмапты. Ақбай Жандаркеұлы Ағыбайға қызмет көрсете беріпті. Ақбай мал сойдырып, табақ ұсыныпты. Әлгі жатқан кісі Ақбайға: «мен тоңдым», - депті. Сонда Ағыбай батыр:

Көмістерің тоңды ма,

Тоңдының бәрі сорлы ма.

Жөнін тауып сөйлесең,

Тоқтамас кім бар жолыңа.

Кедейдің бірі – пайғамбар

Әзелде осал болды ма?

Өзін-өзі зор тұтқан,

Басқаларды қор тұтқан.

Әзәзіл сұлтан оңды ма –

деп өлеңдете жөнеліпті.

Ағыбай асын жеп, аттанып кетіпті. Аздан соң әлгі жатқан кісі басын көтеріпті. Ақбай: «Сіз Ағыбай батырды білмеуші ме едіңіз!» - депті. «Қап, білмей қалдым!» - деп артынан адам шаптырып, өзі де барыпты. Барса бұған Ағыбай басын бұрмапты. Сөйтсе бұл бағанағы жатқан тобықты Құнанбай екен.

 

Жаңартылды 05.09.2012 10:20